«Жасымық» операциясы
Шешендер мен ингуштердің Қазақстанға жер аударылғанына 82 жыл
1930-1949 жылдары Шешен-Ингуш АССР-інде кеңестік саясатқа қарсы жаппай наразылықтар басталды.
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда олардың саны арта түсті. Билік қарсылық білдірушілерді «бандалар» деп атады.
1942 жылдың күзінде республика аумағының бір бөлігін неміс әскерлері басып алды, бірақ 1943 жылдың қаңтарына қарай ол толық азат етілді.
Осыдан кейін кеңес басшылығы вайнахтарды* депортациялауды жоспарлай бастады.
*Вайнахтар — шешендер мен ингуштердің, сондай-ақ оларға туыс Солтүстік Кавказдың байырғы халықтарының ортақ атауы.
1944 ЖЫЛҒЫ ҚАҢТАР
29 қаңтарда Ішкі істер халық комиссары Лаврентий Берия «Шешендер мен ингуштерді көшіру тәртібі туралы нұсқаулықты» бекітті. Операцияға «Чечевица» (Жасымық) деген құпия кодтық атау берілді. 31 қаңтарда «Өте құпия» белгісімен «Арнайы қоныс аударушыларды Қазақ және Қырғыз ССР-і аумағына орналастыру іс-шаралары туралы» қаулы шықты.
1944 ЖЫЛҒЫ АҚПАН
1944 жылғы 21 ақпанда НКВД-ның шешендер мен ингуштерді көшіру туралы бұйрығы шықты. «Жасымық» операциясы басталар алдында Сталинге есеп жолданды, онда Шешен-Ингуш АССР-і басшылығымен жүргізілген келіссөздер сипатталған:
«Шешен-Ингуш АССР Халкомкеңесінің төрағасы Молаевқа үкіметтің шешендер мен ингуштерді көшіру туралы шешімі баяндалды. Молаев көзіне жас алды, бірақ өзін ұстап, өзіне жүктелген барлық тапсырмаларды орындауға уәде берді».
1944 ЖЫЛҒЫ 23 АҚПАН
«Жасымық» операциясы 1944 жылғы 23 ақпанда таңертең ерте басталды. Халықты көшіру үшін 14 200 вагон мен автокөлік дайындалды. Сағат таңғы 11:00-де Сталинге алғашқы есеп түсті: республиканың елді мекендерінен 94 741 адам шығарылды. Куәгерлер
«...Наразылық білдіргенің үшін — ату. Қашуға әрекет жасағаның үшін — ату. Бұйрықты дұрыс түсінбегенің үшін — ату...» - деп еске алады (Дереккөз: «Шешендер мен ингуштерді көшіру: бұл қалай болды», М.М. Ибрагимов, 2018)
1944 ЖЫЛҒЫ 7 НАУРЫЗ
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы «Шешен-Ингуш АССР-ін тарату туралы» Жарлық шығарды. Құжатта депортацияның себебі былай тұжырымдалды:
«...көптеген шешендер мен ингуштер Отанға опасыздық жасап, фашистік басқыншылар жағына шығып кетті».
Алайда, «сатқындық» туралы айыптаулардың ешқандай негізі болған жоқ: вайнахтар Қызыл Әскер қатарында шайқасып, ерлік көрсетті, ал тылда қалған ерлер, әйелдер, қарттар мен жасөспірімдер елді азық-түлікпен және ресурстармен қамтамасыз етті.
АЖАЛ ЖОЛЫ
Белгілі ингуш жазушысы Идрис Базоркиннің қызы — Аза Базоркинаның естелігінен:
«Жарты миллион адамды мал таситын вагондарға тиеді. Саңылаулардан ақпанның суық желі соғып тұрды. Әйелдер мен балалар еденде отырды. Жастар тікесінен тік тұрып тұрды. Кейбір отбасыларды төсегінен тұрғызып әкеткен. Жазық далада сирек тоқтап, 18 тәулік бойы жол жүрдік».
Депортацияланған Хамид Арапиевтің естелігінен:
«Ығы-жығы адам толы, жарығы мен суы жоқ «бұзау вагондарында» бір айға жуық белгісіз бағытқа кетіп бара жаттық... Сүзек ауруы басталды... Ем-дом жоқ, соғыс жүріп жатыр... Адам аз тұратын бекеттерде қысқа аялдама кезінде қайтыс болғандарды пойыздың жанына жерлеп кете бердік...»
Архивтік құжаттар бойынша Қазақ және Қырғыз ССР-іне 180 эшелонмен барлығы 494 456 адам келген.
Кейінірек бұл санға майданнан оралған вайнах ерлері, соның ішінде соғыс батырлары қосылды.
НКВД мәліметі бойынша жолда 1 361 адам қайтыс болған, бірақ зерттеушілер нақты шығынды қоныс аударушылардың үштен бірінен жартысына дейін жетеді деп бағалайды.
1945 жылғы қазан айының басында Қазақстанда арнайы қоныстарда 405 900 шешен мен ингуш есепте тұрған.
ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӨМЕГІ
«Жазаланған халықтар» ауыр жолдан кейін, дүние-мүлкісіз, баспанасыз және малсыз қатал қазақ даласынан бір-ақ шықты. Өздері де соғыс жылдарында аш-жалаңаш, қиын жағдайда өмір сүрген қазақтар жер аударылғандармен баспанасын да, бір үзім нанын да бөлісті.
1944 жылы Қазақстанға депортацияланған Ахмед Докаевтың естелігінен:
«Егер біз қатыгез адамдарға тап болғанымызда, жер бетінде шешен мен ингуш қалмас еді. Олар бірден жоқ болып кетер еді».
ТАРИХИ ОТАНҒА ОРАЛУ
1956 жылы 16 шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесі №942 Жарлық шығарып, соғыс жылдарында көшірілген шешендер, ингуштер, қарашайлар мен олардың отбасы мүшелеріне қойылған шектеулерді алып тастады.
Жарты жылдан кейін, 1957 жылы 9 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы РСФСР құрамында Шешен-Ингуш АССР-ін қалпына келтіру туралы жарлық қабылдады. Күштеп көшірілген халықтарға тарихи отанына қайтуға рұқсат берілді.
Өмір Шыныбекұлының парақшасынан алынды
Түпнұсқа: Qalam History
Abai.kz