Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2206 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 13:13

Бақытгүл БАБАШ. «Балам менің жоғалды, жоғалғанда кім алды?»

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнің назарына!

Онсыз да жергілікті ақ халаттыларға деген сенімдері азайып, арысы Астрахань, берісі Ақтөбенің емханаларын жағалап жүрген атыраулықтар тағы бір сұмдық жайттың куәсі болып отыр.
Айдың-күннің аманында құрсағын жарып шыққан шаранасынан айырылып отырған ана жүрегі сәбиінің не өлі, не тірі екенінен бейхабар қалыпта сергелдеңге түсіп жүр. «Өлі туылды» деп қолдарына ұстатқан шарананың биологиялық ата-анасы өздері емес екеніне бір жылдан кейін барып қана көздері жеткен бейбақтар енді не істеуі керек?

 

ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнің назарына!

Онсыз да жергілікті ақ халаттыларға деген сенімдері азайып, арысы Астрахань, берісі Ақтөбенің емханаларын жағалап жүрген атыраулықтар тағы бір сұмдық жайттың куәсі болып отыр.
Айдың-күннің аманында құрсағын жарып шыққан шаранасынан айырылып отырған ана жүрегі сәбиінің не өлі, не тірі екенінен бейхабар қалыпта сергелдеңге түсіп жүр. «Өлі туылды» деп қолдарына ұстатқан шарананың биологиялық ата-анасы өздері емес екеніне бір жылдан кейін барып қана көздері жеткен бейбақтар енді не істеуі керек?

Ата-ана үшін баланың аласы жоқ. Бәрі бірдей. Бірақ он бес жылдан кейін екі ұлдың соңынан көргелі тұрған сәбилерінің қыз бала екенін білген Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылының тұрғындары Ашықбаевтар әулеті үшін бұл қуаныштың орны бөлек еді.
Өткен жылдың ақпан айында кешкі сағат 8-дер шамасында айы-күні жеткен ананы аудандық перзентханаға әкелген. Ондағылар толғағы ұстап, алдын ала медициналық сараптамалар көрсеткендей, дені-қарны сау баланы дүниеге әкелмек анаға тыныштандыратын дәрі егіп, толғақты басуға тырысқан. Түні бойы жаны көзіне көрінген анаға «ақ халатты абзал жандардың» қандай «көмек» көрсеткендерін бір Алла біледі. Ертесі күні түс әлетінде «денсаулығы жақсы, сәбидің дамуы да бірқалыпты, алаңдайтын негіз жоқ» деп жүктілік кезіндегі медициналық кітапшаға мөр басқан дәрігерлер ананы кесарь тілігі арқылы босандырып алады.
Әп-әдемі қыздың әкесі боламын деп армандап жүрген отағасына суыт хабар жетеді: «Бала өлі туылды. Анасының жағдайы ауыр. Гемоглобин 30-ға түсіп кеткен. Аман қалу-қалмасы екіталай». Сарсаңға түскен әке тума-туыстарын жинап, жұбайына бір күнде 25 адамның қанын тапсыртады. Ал өлі туған нәрестенің денесін жер қойнына тапсырады. Атын қойып, діни жоралғысын жасайды.

Бірақ неге екенін, жүрегі қан жылап, сәбиін қара жерге көмген әке сол түні көз ілместен таң атырады. Одан кейін де кірпігі айқаса кетсе болды, нәресте қыз түсінен шықпай қояды. Көрер жарығы болып, аурухана төсегінен аман-есен үйіне келген Сәуле-ананың да жүрегі бір сұмдықты сезгендей, жаны тыныштанбайды.
Ақыры отағасы «алыстағыны жақыннан болжап біледі» деп ел-жұрт аузынан тастамайтын Демеу көріпкелге жол тартады. Демеу де, одан кейін барған балшы да жаттап алғандай: «Көмген сәбиіңіз өз балаңыз емес», - дейді.
Аудандық  құқық қорғау орган­­­­­-
д­арының рұқсатымен баланың тіндік (ДНК) сараптамасын жасатпақ ниетпен облыс орталығына барғанымен, ондағылар «мәйітті ашу керек» дегенді айтады. Ақыры бір ойға бас тіккесін, аяғына жетуді діттеген ата-ана мәйітті ашып, төрт пакетке салынған мүрдені Алматы қаласындағы ҚР Әділет министрлігінің сот-сараптама орталығына апарады. Алайда сараптама ата-ананың үш ұйықтаса түсіне енбейтін жайтты айтады: зерттеліп отырған мәйіттің жынысы ұл бала, ал ерлі-зайыпты Ашықбаевтар сәбидің биологиялық ата-анасы емес!
Әзірге белгілісі - 2008 жылдың 17 ақпанында Сәуле босанған нәрестенің қыз бала болғаны және не себептен шетінегені жайлы анықтамаға қол қойған дәрігер Мәмбетова.
Ал басқа біреудің ұл баласын дәрігер «сенің балаң» деп қолына ұстатқасын, өз қызы деп ойлап атын қойып, жер қойнына тапсырған Ашықбаевтар әулетінің шарадай басы шақшадай болып отыр: Кімнің баласын көмдік және біздің баламыз қайда? - деп.
Ал жарық дүние дидарын көрместен періште қалпында жаны көкке ұшқан бейкүнә сәби, бір жылдан соң мүрдесі төрт пакетке бөлініп, сараптамадан сараптамаға өтердей не жазып қойып еді? Ол да бір ата-ананың сарылып күткен сәбиі шығар. Мүмкін оның да айналасында қайғы мен қасірет бұлты үйіріліп жүрген шығар...
8 маусым күні Жылыой аудандық соты ҚР ҚК 134-бабы бойынша «бала ауыстыру» деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Дегенмен тап қазір күдікті мынау деп көрсетердей негіз жоқ. Тергеу амалдары енді басталып жатыр.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын Атыраудағы облыстық перзентхананың бас дәрігері Жәнібек Көшәлиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, бейкүнә сәбилерді бірнеше мың долларға сатып келген дәрігер ҚК 133-бабы бойынша жеті жылын темір тордың ар жағында өткізуге кесілген.
Әлбетте, балық басынан шіриді. Бірақ дүниеге әкелмек сәбиінің амандығына кепіл болады дейтін дәрігер осындай «сый» ұсынса, ел енді кімге сенуі керек?

 

 

Атырау облысы

«Жас қазақ» газеті, №24, 19.06.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5525