Ауылдық жерде мұғалім жетпейді, ал пединституттар «жұтылып» жатыр
Бізде бір қалыптасқан жаман әдет бар. Жоғары жақтағылар ешбір негізсіз бастамалар мен мағынасыз эксперименттер жасауға келгенде алдына жан салмайды. Ал мұндайлар елімізге қажет пе, оның қайтарымы қандай, түпкі нәтижесі неге әкеліп соқтыруы мүмкін деген секілді «ұсақ-түйек» мәселелерге мүлдем басын ауыртпайды. Көзге түсіп, жақсы атты атанып қалуға тырысқан министріміз аяқ астына басқа жұмысқа ауысып кетеді де, әлгі «керемет жаңалық» өзінен-өзі ұмытылып, екінші бір «тамаша бастамаға» даңғыл жол ашылады.
Бұл жаман үрдіс әсіресе біздің Білім және ғылым министрлігін түгел жаулап алды десек, артық айтқандық болмас. Өзгесін былай қойғанда оқулықтардағы өрескел қателіктер, оқу процесіне енгізілген есепсіз «толықтырулырдың» өзі неге тұрады? Жақында тағы бір «өзгеше бастама» дүниеге келіп, елімізді тағы бір шулатып кетті. «Жоғары оқу орындарының санын қысқарту керек» деген сылтаумен еліміздің ұстаздар дайындайтын оқу орындары құрбандыққа шалынды. Алдымен Жамбыл және біздің Қостанай педагогикалық унивеситеттерін өзге университетеке қосып, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Бұл «жаңалық» та әдеттегідей үн-түнсіз жүзеге асып, талай дүниені бүлдіріп тынар ма еді кім білсін, егер сентаор Еділ Мамытбеков Парламенттің кезекті отырысында осы мәселені көтеріп, шыр-пыр болмағанда.
- Мұндай біріктірудің аяғы неге әкеліп соғуы мүмкін? - деп алдымен сауал тастайды ол. - Біріншіден, мектептерге арналған мұғалімдер мен бала бақша тәрбиешілерін тек қана осы оқу орны дайындайды. Ал университеттер филология мен жағрафия саласындағы ғылыми қызметкерді әзірлейді. Әрине, олар да мекептерде сабақ бере алады. Алайда педагог - ерекше мамандық иесі. Олардың беретін пәндері де айрықша, бағадарламалар да өзге. Жалпы, бұл екі оқу орнының мақсаты мен мәні де бөлек. Бір-бірлеріне мүлдем қауыспайды. Меніңше, мұғалімдердің қызметін білім министрлігі емес, өзге де дамыған елдердегі секілді ағарту министрлігі басқаруы тиіс.
Шындығында да, Мамытбеков мырза айтқандай, бізде осы білім саласында жыл сайын дерлік жаңа реформалар басталады. Бірдеңелерді өзгертеміз, екінші бірдеңелерді жетілдерміз. Ал айналып келгенде сол білім деңгейі жыл сайын құлдырап барады. Мәселен, қазір мектептерде енгізіліп жатқан білім деңгейін тексеретін СОЧ пен СОР дегендерің шын мәнінде мұғалімдерге ғана емес, бүкіл елге сор болды. Енді мектептерде баяғыдай баға қойылмайды. Демек, балалардың сабақ үшін басы ауырмайды деген сөз. Қысқасы, енді балалар мұғалім алдында жауапты емес, ал мұғалімдерге балалардың қалай оқып жатқандығы мүлдем алаңдатпайды. Мұның атын білім беру саласының мүлдем құлдырауы демегенде не деуге болады?
Екіншіден, бұл оқу орындарын біріктірудің аяғы міндетті түрде кадрларды оңтайландыру деген атақты процесске ұласады. Мұндайда, әрине, мұғалімдерді дайындайтын тәжірибелі оқытушылардың жаппай қысқартылатындығы айдан анық. Яғни, түптеп келгенде, ЖОО-лардың қосылуы пединституттары қызметкерлерінің қызметінен жаппай қуылуына әкеліп соқтыратындығы тағы да сөзсіз. Сонда осынау кезекті реформаның түпкі мақсаты тағдырын мұғалімдер даярлауға арналған аса білікті мамандардан мүлдем құтылу болғаны ма?
Мен, әрине, Жамбыл университетітін жайлы онша хабардар емеспін. Алайда біздегі педуниверситеттің мүлдем орны бөлек. Өзіндік бай тарихы бар. Ол сонау 1939 жылдан бері мұғалімдер дайындап келеді. Университет мәртебесін былтыр ғана алып, оның үстіне бұл оқу орнына Қостанай топырағынан шыққан атақты ғалым, талай жыл Қазақстан Ғылым академиясын басқарған Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімін биылғы жылы ғана беріп, бір жасап қалып едік. Енді не болды? Сұлтанғазиннің әруағынан қорықсақ қайтеді? Енді оның да аты жойылары сөзсіз. Сонда бұл не мазақ па? Мазақ демекші, бұл оқу орны Қостанай мемлкеттік университетіне кезінде бір рет қосылып, сосын ірге ажыратқаны бар. Енді бұл күн қайтадан туып отыр.
Мамыр айында ғана бұл ескерткіш осылайша үлкен қуанышпен ашылып еді
Бізді мазалағаны бір ғана бұл емес. Бізді қынжылтқаны - Мамытбековтің өз туған жеріндегі әлгіндей әлетсіздікті көре тұра шыдамай, жаны шырқырап жатқанда сол Сенаттағы біздің Қостанайдың депутаттарының бұл мәселенің оларға еш қатысы жоқтай үн-түнсіз қалуы. Әсіресе, сондағы сенаторымыз Серік Бектұрғановтың кезінде өзі бітірген оқу орнының өзгеге жұтылып кету қаупі туғанда одан сырт айналғандық түр танытуы тіпті де түсініксіз. Оның үстіне Бектұрғанов мырза кезінде олбыс әкімінің осы салаға бақылау жасайтын әлеуметтік сала бойынша орынбасары болып, ондаған жылдар бойы қызмет атқарды. Бұл мәселенің аса нәзік тұстарын бір адам білсе, сол білуге тиісті еді. Ал ол болса, жаманатты болғысы келмеді ме, кім білсін, бұл дауға араласуды жөн санамапты. Тіпті Мамытбековтың үкіметке үндеуіне де өзге депутаттар секілді қол қоюға да жарамады. Сірә, Сенатта ұзағырақ отыру да ойында болса керек.
Жалпы, біздің Қостанай жұртының ел парламентіне сайланған бес бірдей депуттарымызға деген өкпесі қара қазандай десек, артық айта қоймаспыз. Біздің «халық қалаулылары» облысымыздың проблемалары жайлы аса белсенділік таныта қоймайды. Олар негізінен «Аш құлақтан тыныш құлақ» деген ұстанымды мықтап ұстанатын секілді. Әйтпесе, ең болмаса, ана Мамытбековты қолдап әкетуге жарамағандығын немен түсіндіруге болады?
Жайберген Болатов
Abai.kz