Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
2565 0 пікір 1 Қараша, 2019 сағат 10:27

Жастарға берері мол жиын

Қазан айының екісі күні Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі «Қоғамдық келісім және Ұлттық бірегейлік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Мектеп оқушылары мен ұстаздар көптеп жиналған кітапхана залында шақырылған қонақтар өз ойлармен бөлісті.

Алғашқы сөзді Қазақстандағы белгілі тіл жанашыры, бауырлас әзірбайжан ұлтының қызы Асылы Осман алды. Асылы Осман өзінің Қазақстанға сталиндік қуғын-сүргіннің салдары арқылы келгенін, қазақ ұлтының өкілдері әзірбайжандарды қалай қарсы алғанын, соның арқасында көптеген адамдардың тірі қалып, өсіп-өнгенін, Қазақстанда тұрып өздерін осы елдің азаматы сезінгенін айтып берді. Ол кісі қоғамдық келісім жөнінде көптеген мысалдар, қазақтың мақал-мәтелдерін келтіре отырып өте қызық етіп баяндады. Асылы Осман қай жерде сөз сөйлесе көпшіліктің назарын өзіне аударып баурап алатын тұлға. Сол кісінің сөздері көпшілікке өте ұнады.

Жиналысқа қатысып отырған қонақтардың бірі «Қазақ Кәріс достығы» ұйымының төрайымы Клара Александрқызы сөз алды. Клара Александрқызы нәресте кезінде Қиыр Шығыстан Кеңес билігінің күштеп Қазақсанға жер аударылған мыңдаған кәріс ұлтының өкілдерімен бірге мал тиейтін теміржол вагондарымен келген екен.

Қызылорда аймағына келген соң, әкесінің досының әке-шешесі «Енді біздің үлкен ұлымыз болдың» деп қарсы алыпты. Кәрістің ұлы Александырдың кішкентай қызын, өздерінің қолына алып, әкесі оқуда жүргенде өз баласындай асырап, бағып-қағып мектеп жасына дейін қолдарында өсірген екен. Кішкентай Клара мектепке барғанша орысша сөз білмеген екен.

Міне, Қазақстанға Қиыр Шығыстан тағдыр айдап келген Клара Александрқызы үлкен тұлға болды. Оның қазақ еліне деген шексіз махаббаты, көпшілікті тәнті етті. К.Хан қазақ тілін білу керектігіне көп сөз арнады.

Дөңгелек үстелге қатысқан басқа да қонақтар, мектеп оқушылары өз сөздерінде Қазақстандағы қоғамдық келісім және Ұлттық бірегейлік туралы келелі ойларымен бөлісті.

Жиын соңында мектеп оқушылары мен қонақтар суретке түсті. Бұл жиын өте бір мазмұнды әрі жастарға берері мол болып өтті.

Бердалы Оспан

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1973