Сәрсенбі, 18 Қараша 2026
138 0 пікір 18 Қараша, 2026 сағат 22:46

Боқаев тісін емдетті, бірақ сотқа келмеді

Сурет: baq.kz сайтынан алынды

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Алайда бұл жолы айыпталушы процеске қатысқан жоқ.

Бір күн бұрын сот тісінің ауырып тұрғанына шағымданған Боқаевтың өтінішін қанағаттандырып, оған медициналық көмек алуға мүмкіндік берген болатын. Сот отырысы барысында емдеу шараларының толық көлемде жүргізілгені анықталды. Сотқа ұсынылған ресми медициналық қорытындыға сәйкес, айыпталушының денсаулық жағдайы сот талқылауына одан әрі қатысуына мүмкіндік береді. Соған қарамастан, Боқаев сотқа келуден бас тартқан.

Мемлекеттік айыптаушы Боқаевтың әрекетіне құқықтық баға беріп, сот тарапынан медициналық көмек алу үшін барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

«Бәріміз көріп отырмыз, тісі емделген. Оның үстіне, Боқаев сот отырысына қатыса алады, алайда өзі келмей отыр. Оның келуден бас тартқанын растайтын құжат бар», – деді прокурор. Айыптау тарапы Боқаевтың басты сот талқылауын созу мақсатында процескекелмегенін алға тартып отыр.

Айыпталушының қатыспаған отырыста адвокат Асқаров төрағалық етіп жатқан судьяға кезекті рет қарсылық білдірді. Алайда жаңа құқықтық уәждер келтірілген жоқ. Қорғау тарапы бұған дейінгі өтініштерінде айтылған дәлелдерді қайталады. Сонымен бірге, Қылмыстық-процестік кодекстің нормаларына сай, қарсылық білдіру туралы өтінішті басқа судья қарай бастағанда, адвокаттар сотқа Боқаевтыңқатысуын талап етті. Бұл талап дәлелді себептермен қанағаттандырылмаған соң, қорғаушылар іске мүдделі болуы мүмкін деген уәжбен екінші судьяны да ауыстыруды сұрады.

Аталған әрекеттерге қатысты мемлекеттік айыптаушы қорғау тарапының Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларын бұрмалап отырғанын айтты.Прокурордың түсіндіруінше, судьяға қарсылық білдіру туралы өтініш оны мәлімдеу кезінде қатысып отырған адамдармен қаралуы тиіс. Ал Боқаевтың сот отырысына келуден бас тартқаны аталған өтініш берілгенге дейін ресми түрде тіркелген. Бұдан бөлек, судьяға қарсылық білдіру туралы мәселені қарайтын судьяның осы кезеңде айыпталушының келуін қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылдауға өкілеттігі жоқ.

Төрағалық етіп жатқан судья қарсылық білдіруді негіздеме келтіру барысында адвокаттар дәлелдемелерді зерттеу тәртібіне, бірқатар материалдардың жария етілмеуіне және куәгерлердің сотқа келмеуіне қатысты бұрынғы уәждерін қайта айтты. Мемлекеттік айыптаушы бұл дәлелдерді бірінен соң бірін жоққа шығарып, дәлелдемелерді зерттеу тәртібі процестік заңнама талаптарына толық сәйкес келетінін атап өтті. Куәгерлердің сотқа келмеуіне қатысты прокурор оларды мәжбүрлеп әкелуді қамтамасыз ету ішкі істер органдарының құзыретіне жататынын, бұл соттың міндетіне кірмейтінін еске салды. Сонымен қатар сот қорғау тарапының өз дәлелдемелерін ұсыну құқығын еш шектемеген.

Айыптау тарапының ұстанымы бойынша, адвокаттар соттың процестік шешімдерімен келіспеушілікті соттың біржақтылығы ретінде көрсетуге тырысып отыр, алайда бұл тұжырымдарын растайтын нақты дәлелдер келтірмеген.

«Бәлкім, қорғаушылардың қорғауға дайындығы жоқ шығар, қорғау тактикасы әлі қалыптастырылмаған. Олардың осы уақытқа дейін не себепті дайын еместігі түсініксіз. Мәлімделген қарсылық негізсіз», – деп түйіндеді прокурор.

Abai.kz

0 пікір