Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2277 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 13:27

Өркен КЕНЖЕБЕКОВ. Шырмауық

Қайбір күні көңілім құлазып, өр ақынымыз Мақатаевтың көшесімен өрлеп келе жатқанмын... Ойымда түк жоқ. Бір сәт алдымды екі жігіттің кесе-көлденеңдей қалып, қолыма бір тілім қағаз ұстата салғаны. Басында жай ғана жарнама парақшаларының бірі болар деп назар салмаппын. Кейінірек әлгі қағазды қолыма алып, оқып шықсам - «қабілет-қарымыңызды бағалап, бағасын шығаратын тестіге шақырту» екен. Әрі тегін. Алайда осы шақыртудың артындағы майда қаріппен жазылған «Саентология шіркеуі» деген жазу арқамнан мұздай су құйып жібергендей болды..

Торғай тұзақ

Қайбір күні көңілім құлазып, өр ақынымыз Мақатаевтың көшесімен өрлеп келе жатқанмын... Ойымда түк жоқ. Бір сәт алдымды екі жігіттің кесе-көлденеңдей қалып, қолыма бір тілім қағаз ұстата салғаны. Басында жай ғана жарнама парақшаларының бірі болар деп назар салмаппын. Кейінірек әлгі қағазды қолыма алып, оқып шықсам - «қабілет-қарымыңызды бағалап, бағасын шығаратын тестіге шақырту» екен. Әрі тегін. Алайда осы шақыртудың артындағы майда қаріппен жазылған «Саентология шіркеуі» деген жазу арқамнан мұздай су құйып жібергендей болды..

Торғай тұзақ

Араға екі апта салып, әлгі жерде тағы сол екі жігіт ұшыраса кетті. Жолжиекпен өтіп жатқан адамдарға «тегін шақыртуларын» таратып жүр. Менің қолымдағы билетті көріп, «Сіз семинарға келдіңіз бе, әлде...» деп сақал-мұртын сыпыра алған біреуі сұрақтарын бастырмалата жөнелді. Өзін Қайратпын деп таныстырды. Қолымнан жетектей отырып, кішкене ауланың ішіндегі бірқабатты үйге кіргізіп жіберді.
Тест... Алдымда 200 сұрақ жатыр. Оны берген орыс әпкей «ойланбастан сұрақты қалай түсіңдің, солай жауап қат» деп осымен үшінші рет айтты. Мақұл, оқып көрейік. «Сіздің тырнақ кеміретін, не болмаса қаламның ұшын жейтін әдетіңіз бар ма?»  «Сіз біреумен сөзге келіп қалғанда, қандай сезімде боласыз?»  Осылай сұрақтар легін жалғастыра беруге болады. Қанша минут өткенін қайдам, бір кезде бәріне жауабымды бердім-ау дегенде, орыс әпкем де келе қалды. Толтырған жауаптарымды компьютер тексеретін көрінеді. Ары кетсе, бес минут күтесіз. Сол аралықта саентология ұйымының «сырын» ашатын бейнеролик көріп үлгердім. Дұрысы, көрсетті. Өзін Аля деп таныстырған талдырмаш қыз: «Жауабыңыз дайын, менімен жүріңіз», - деп, шағын бөлмеге ертіп апарды. Бөлме ішінде - мен және Аля. Бір жағынан, «журналист екенімді біліп қойып, төбемнен ұрып, талдырып тастамаса болғаны» деп ойлап қоямын. Сөйткенше болған жоқ, Алямыз сартылдатып, менің мінезім, өмірім жайлы «асқан көріпкелдікпен» айта бастады. «Нағыз досыңыз жоқ, депрессиялық күйде жиі боласыз» т.т. дегендей, айналдырып әкеліп, әңгімені «өміріңіздегі өкінішті сәттер болашағыңызды жасауға кедергі келтіреді, одан айығу үшін біздің арнайы курстарымыз бар» дегенге тіреді. «Негізі үш курс бар, біріншісі - «Шарықтау мен құлдилау», оның бағасы - 1500 теңге, «Тұлғаның толық­қандылығы» - 1500 теңге, ал «Қарым-қатынас, сөйлесу» курсы  800 теңге тұрады. Ал енді қашан келесіз, қазір ақшаңыз бар ма?» - деп Аля менің демімді жұтуға жетерлік жерге дейін жақындады. Сасқалақтағаннан «ертең, ертең...» дей беріппін. Шіркеуден шықтым. Кәлиманы бір қайталап, артыма бір қарап... Аляның арбауынан құтылғаныма қуандым.

Сіз кімсіз, Хаббард мырза?

Алдымен саентология деген қандай ұйым деген сұраққа жауап бермес бұрын, осы ілімнің «әкесі де шешесі» Лафайет Рон Хаббард жөнінде сөз қозғасақ. 1911 жылы АҚШ-тың Небраска штатында туған Л.Р.Хаббард мектеп қабырғасында «пайғамбарлық» қасиеттерін танытпаған. Партаның соңында сөлпиіп отырып, «үш те болса күш» деп көптің бірі болған бала университетте де жарытып оқымаса керек. Ақыр аяғы бір дипломға да қолы жетпеген Рон өз бетінше ақша табудың түрлі жоспарларын жүзеге асыра бастайды. Алайда оп-оңай олжаға кенелтеді деген жобалары құрдымға кеткен соң, ол ғылыми-қияли жанрдағы кітап жазуға кіріседі. Рон Хаббард өз өмірінде 500-ден астам шимай-шатпақ жазып үлгерсе, оның «Өлім карнавалы», «Адам өлтіргіштер патшасы» секілді кітаптарының аттары-ақ Ронның адами көзқарасын бағалауға мүмкіндік береді. Ал саентология саласында ол ақырғы үрім-бұтағына дейін жетерлік мұра қалдырған. Айталық, бұл мұра - 3000 лекция, 84 фильм, 3 энциклопедиялық сериядан және 40 миллионнан астам сөзді құрайды. Осы жерде Рон Хаббардтың әскер қатарында болған кезінде контр-адмирал Брайсеттің оның қызметке сәйкессіздігі жайында жазған рапортын еске алып өтуге болар. Мұнда «...Бұл офицер қалып­тасқан жағдайды бақылау, көшбасшылық және біріккен қимылдарға икемділік секілді қасиеттерден мүлдем ада. Ол өз қадамдарының қандай сал­дары болуы мүмкін екендігі жайында еш ойланбайды» делінген. Әскери «диагноздың» тура екеніне оның замандастары кейіннен көз жеткізді. Дианетика мен саентологияны ойлап шығарғаннан кейін де оның жаны еш тыныштамады. Әлемнің біраз елдері оның келуіне тыйым салса, өз Отаны - АҚШ-та салық органдарының қудалауынан бой тасалаумен болды. Оған көзі тірісінде-ақ «патологиялық суайт, өтірікші, бопсалау­шы» деген айыптар тағылып, талай мәрте сотқа шақырылған болатын. Осындай ит тіршілік кешкен Рон Хаббард 1986 жылдың қаңтарында көз жұмды. Оның 1938 жылы өзінің сол кездегі әйелі Маргаретке: «Мен өз атымды тарихқа қалдырамын деп үміттенемін.  Және жер бетіндегі барлық кітап жойылып кетсе де, атым аңызға айналатындай күшпен қалдыруым керек», - деп айтқаны шынға айналды. «Атың шықпаса, жер өртенің» керін келтіріп, Хаббард өзінің өтірігінің арқасында әлемдегі жағымсыз болса да, жұрт танитын тұлғалардың біріне айналды.

Даудың басы - дианетика

1950 жыл. Гипноз техникасы мен Фрейдтің психоанализі бойынша кейінірек бас тартқан ескі тәсілдерін қосып, әлгі суайтымыз өткен ғасырдың ең өтімді тауары - «Дианетиканы» жазып шықты. Осы жылдан бастап саентологтардың жыл санауы да өзгерді. Қазір (2009 жыл) оларда «Эй-Дидан кейінгі 59 жыл» (Эй-Ди - дианетикадан кейін). Бұл мезетте біраз кітап жазып, қолы жаттығып қалған Рон Хаббард енді «ақша табудың оңай жолы - дін ойлап табу» деген ұйғарымға келген-ді. Осылайша, тек Фрейд­ті тонап қоймай, Корзибский, Отто Ранк, Нандор Фодор және Дж.Седжер секілді ғұламалардың еңбегінен ұрлап-жырлаған туындысы шығар-шықпастан талай сыншылардың, ғалымдардың қарсылығына ұшырады. Бұл кітапты оқып отырып, әлемдегі дін мен философияның ұлы ұстаздары уақыттарын бекерге зая еткен секілді болып қалады. «Адамның бұл өмірдегі басты міндеті - тірі қалу» деген тұжырымдамасы арқылы-ақ оның ойының орашолақтығы, өзін-өзі сақтау үндеуіне барлық этикалық құндылықтарды бағындырған жабайы биологизмнен ары аса алмағаны көрініп тұр. «Дианетика» ағылшынның «Лондонс Ивнинг Стандарт» газетінің 1999 жылғы рейтінгісі бойынша өткен ғасырдың ең нашар жазылған 11 кітабының көшбасшысы екен. Ал енді саентологияға келсек, бұл сөз лaтынның scio (білу) және гректің logos (ғылым атауы) сөздерінен құралған. Былайша, «Сaентология» білім жайындағы білім деген мағына береді. Саентология дианетиканың одан әрі дамуы барысында 1952 жылы пайда болды. Осылайша, «дін құрсам, діттеген мақсатыма жетемін» деген Хаббард саентологияны жалпақ жұртқа жария етті. Ақиқатында, саентология арбаушы тәсілдер арқылы сізге эйфория (жан рахаты) сезімін беретін сеанстар негізінде жұмыс жүргізеді.

Сектанттардан оларға қарсы бүкіләлемдік қастандық ұйымдастырылғаны, өзінің «таңдаулы» екендігі, сынға қарсы бірден жаугершілік көзқарас танытуды және ұйымға шексіз адалдық талап етіледі. Олардың айтуынша, «ақиқат соларда, қалған адамдар адасып жүр». Хаббард ізін қуғандардың жымысқы саясаты әлемдік билікті басып алу және жаһандағы барлық діндерді, ағымдарды түп-тамырымен жою арқылы саентология үлгісі бойынша қайта құру болып табылады. Саентологияға сенсек, бұл ілімнің емдемейтін ауруы, жазбайтын кеселі жоқ. Адамның ақылын толыстырып, кез келген қабілетін арттыруға септесіп, толық рухани бостандық пен бақытқа жол ашатын көрінеді. Тіпті депрессия, стресс дегендерің былай тұрсын, наша мен алкоголь­дік тәуелділіктен де алып шығады. Саентологияны қанша жерден ғылыми дін дегенімен, көптеген елдерде жүргізілген сараптамалар Хаббард әдістемесінің адам ағзасына және оның психикасына қиратушы әсері бар екенін дәлелдеді. Саентологиядан іздегенін табамын деген талай сектант айықпас жүйке ауруына шалдығып, кейбіреуі өз-өзіне қол жұмсауға шейін барғаны деректерден белгілі. Сөйткен саентологиямыз - бүгінде қыруар қаржыны жамбасына басқан, әр елде мығым тіректері бар мықты халықаралық ұйымға айналды. Ордалы жыланның бас отауы - халықаралық Саентология шіркеуі Лос-Анджелес қаласында орналасқан. Саентологтардың қазіргі көсемі Дэвид Мискевидж сырттай қатал көрінгенімен, тықыр етсе, көрпе астына тығылардай қорқақ әрі секемшіл көрінеді. Қашанда суы бар стаканын пластик қақпақпен жауып жүретін Дэвид жау деп санайтын адамдарының суреттерін 45-iнші калибрлі пистолетпен атуды жақсы көреді.

Қаржылық қақпан

Мәселесін шешуге келген адамның «шаригін» айналдырып, ақыр аяғында оқуын, жұмысын тастау­ына, туысқан­дарымен, отбасы мүшелерімен байланысын үзуге дейін апаратын ілімдегі адамдар «ғаламшарды құтқару жолында ұлы іс тындырып жүрмін» деген пікірде болады. Осылай сендіреді. Адасқан адамды саентология жарығымен ағарту­ға тырысқандардың барлығы - «дианетика бізге көмектеседі» деп келгендер. Мұнда сізден «супермен» жасаймыз деп уәдені үйіп-төгіп, миыңызды су қылып, қалтаңызды қағып барып, өзіңізге білдіртпей деструктивті культтің бар нышаны сақталған «діннің» бағыныштысы қылып жібереді. Осының барлығы "Оксфорд" тестін толтырудан басталады емес пе? Бұл - мен жауап беруге тырысып көрген 200 сұрақ. Алайда қанша жерден ақылыңыз тасып, дарыныңыз дамыл бермей тұрған жан болсаңыз да, тест теріс нәтиже береді. Мұның бәрі сізді алдын ала қазылған орға құлатудың амалы екенін сезіп отырған шығарсыз.

Ал теріс нәтижені түзеу үшін солардың сөзіне сенгендер өз мойындарына өздері қарғыбау байлайтыны анық. Енді өзіміз көзбен көрмесек те, жаһантордағы ақпарат­тар арқылы сеанстарды сипаттап көрейік.
Қарым-қатынас курс­ын­да бірінен соң бірі қайталанатын жат­тығулар (мысалы, үстелде бірнеше сағат бойы ешбір қимыл-қозғалыссыз отыру) орындалады. Одан әрі - аудитинг... Аудитинг деген - сіз бен басқа кәсіби саентологтың бір-біріңізге қарама-қарсы отырып, сұрақтар қоюы. Көбіне-көп бұл мақсатта «жан жүгін» анықтайтын электрометр деген аспап қолданылады. Сіз бұрын-соңды басыңыздан өткен жаман жағдайларды еске түсіріп отырғанда, «көріпкел» құрылғы қай жеріңізде ол ойлар жүк болып жинақталғанын көрсететін көрінеді. Мұнда сізге тиімді қатынас дағдыларын игеру, бұрынғы жаман қылықтардың жүгінен босануды уәде етеді. Бірақ аудитингтің «командалық» гипноз екенін Австралия зерттеушілері әлдеқашан дәлелдеген. «Таза айқындылық марафонында» сіздің, шынымен де, «тазарған-тазармағаныңызды» анықтайды. «Тазалығыңыз» расталса, әлеммен қайта таныстырамыз деп қаланы аралатады. Сізге осыдан 75 миллион жыл бұрын имплантацияланған адамдар жайындағы ойларды айтады. Бар болғаны - осы.

Түйін: Джин Ричидің «Діндердің жұмбақ әлемі» атты кітабында тоталитарлық сектадан шыққан адамның әсерден толық арылуы үшін қанша уақыт жұмсайтыны жайлы мағлұмат бар. Мысалға, бұрынғы кришнаитке 11 айдай, бұрынғы мунитке  16 айдай уақыт керек болса, ал саентологқа  25 жарым ай керек болады екен. Осы дерекке қарап-ақ, саентологияның қаншалықты қауіпті екенін аңғаруға болады. Қып-қызыл өтіріктің үстіне құрылған Хаббард «империясы» әлі де өз илеуіне талай адамды топ-тобы­мен әкетуде. Атының өзінен ат үркер ұйымның өкілдіктері бізде де өрісін кеңейтіп жатыр. Хаббардтың космологиялық қияли сандырағын Құдай сөзіндей қабылдап, ақыл-есін аудитинг­ке айырбастаған жандар көбеймесін деп тілеу аздық етеді. Олардың бір қолымен гүл беріп тұрып, екінші қолына жасырған жалған діні, шатыспа идеологиясы барын ұмытпаңыз. Негізі, наным-сенім бостандығы өз алдына, «ата дін, салт-дәстүр» деген киелі ұғым барын да ұмытпаған жөн.

 

 

«Жас қазақ» газеті, №24, 19.06.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5528