Амалбек Тшанов: Біз айқай-шумен емес, Заңмен жұмыс жасаймыз!
Жақында порталымызда «Тшановтың бұл шешімі жас спортшылардың болашағына балта шабу емес пе?» атты мақала жарияланды. Онда Алматыдағы Республикалық спорт колледжінің жеті шәкірті оқудан шығарылғаны жайлы баяндалған еді. Бізге пікір білдірген Сымбат есімді ата-ана мен Төлеген деген жаттықтырушы колледж басшылығы тарапына біраз сын айтқан.
Мақала қоғам талқысына түсті. Содан біздің редакциямызға аталған колледждің директоры Амалбек Тшанов мырза бастаған кісілер келіп, өз уәждерін айтты. Директорға еріп келген ата-аналар мен жаттықтырушылар алғашқы мақала спикерлерінің сөзін жоққа шығарды.
Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы болғандықтан, ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Әуелгі мақалада есім-сойлары аталған азаматтар бізден мінбер сұрап, пікір айтуға ниет білдірді. Біз бүгін екінші тараптың пікірін жариялап отырмыз.
Амалбек Тшанов, РСК директоры:
- Ең алдымен айтарым, бұл оқушылар мен ата-аналар орынсыз талап қойып отыр. Мемлекеттік мекеме саналатын мектептер мен колледждерде шәкірттер мұғалімді, бапкерді өздері таңдамайды.
Оның үстіне, бұл кісілер үш жылдан бері осындай шу шығарып жүр. Қолымда 2017, 2018 жылдан бергі мәселелерге байланысты бір қалта құжат бар. Бұл құжаттар бәрін заңды істеп отырғанымызды дәлелдейді. Бізде интернатта балаларды тек жексенбі күні ғана үйіне жібереміз. Ал қалған күндері рұқсатсыз ешқайда кетуге болмайды. Алайда осы бір топ, ата-ана келіп шу шығарып, балаларын алып кетеді. Бір ай, екі ай бойы сабаққа, жатақханаға келмейді. Сол үшін бұл балаларды оқудан шығарып жіберуге болатын еді. Әдетте 10-12 күн сабаққа келмесе, оқудан шығарылады. Бұл менің ойдан шығарған ережем емес, Заң! Менің бұл сөздерімді дәлелдейтін құжаттарды көрсетіп отырмын. Жатақхананың жауаптылары жазып берген қағаздар, аталған балалардың жатақханада қонбағаны жайлы дәлел.
Ал биылғы дау май айында басталды. Сол кезде ата-аналар келіп, «Төлеумұратовты аға жаттықтырушылыққа қоясыз» деп талап қойды. Ал мен бұл талаптан бас тартқан едім, «қоймасаңыз, арыз жазамыз, президентке барамыз» деп қорқыта бастады. Ал мен «арыз жазу өз істеріңіз, бара беріңдер, қой дей алмаймын» дедім. Олар айтып жүрген «Тшанов қайда барсаң онда бар» деді деген әңгіме осыдан шығып отыр.
Бұдан кейін олар қыркүйек айында қайта келіп, маған қысым жасай бастады. Не айтқандары, не ісегендері жайлы менде дәлел бар. Оларды сотқа беруіме де болар еді. Бірақ бір топ әйелдермен соттасып жүр деген менің атыма лайық емес, сол үшін тартынып отырмын. Олардың әрекеті шектен шыққандық, барып тұрған. Мені жасы үлкен адам, ер адам ретінде сыйлап тұрған жоқ.
Оған дейін маусым айында маған басқа бір ата-ана келіп, «сізде оқитын қызымның «кока-коласына» өзге бір қыз психатроп дейме бірдеңе құйып жіберіпті. Оны Төлеген ұйымдастырып жүрген көрінеді. Сол үшін оны жұмыстан шығарыңыз» деді. Мен ол ата-анаға дәлелсіз ешкімді жұмыстан шығара алмайтынымды айттым. Олар да мені Төлегенді жұмыстан шығармасаңыз, үстіңізден арыз жазамыз деп қорқытып кеткен. Олардың айтуынша, «кока-колаға» бөтен зат қосу ісі мамыр айында болған. Ал бұлар маған 24 күннен кейін, маусым айында келіп отыр. Ол кезде бізде шәкірттер де, жаттықтырушылар да демалыста жүрген. Сол үшін бұл істі демалыстан келген соң шешетінімізді айттым.
Ол ата-аналар арыз жазып әкелген екен. Оны біз алып қалып, ресми жауап жаздық. Ол істің анық-қанығы былай болған көрінеді: мамыр айының жиырмалары шамасында жаңағыдай қақтығыс болған. Сол кезде ата-аналар Төлегенді шақырып айтқан. Ал ол бұл істі колледж басшылығына айтпай, өзі шешкісі келген. Арада жиырма неше күн өтіп, Төлеген шеше алмаған соң ата-аналар бізге келген. Ресми хат берген соң, мен демалысқа кетіп қалғам. Қайта келгенде білдім, мен жоқта ата-аналар кеңесі өтіп, Төлегеннің кінәлі екені айтылған екен.
Осы қазан айының соңына маған полиция бөлімшесінен хат келді. Ол құжат міне қолымда тұр. Онда «Тергеу ісін жүргізуімізге кедергі келтіретін болғандықтан, Төлемұратовты уақытша жұмыстан босатыңыз» деп анық жазылған. Сосын мен оны шақырып алып, Заң талабына сай, жұмыстан уақытша шеттетілетінін айттым. Ал ол араға екі сағат салып, бір топ ата-аналар мен балаларды бастап келіп, шу шығарды. Бұл әрекеттері мүлде негізсіз болды. Бізде олардан бөлек 500 бала оқиды. Соның бәрінің тыныштығын бұзып отыр.
Осы шуды тоқтату үшін біз прократураға, министрлікке хат жаздық. Бізде жұмыс істейтін 64 жаттықтырушы қол қойып, министрлікке жазған хатымызда, үш жылдан бері жалғасып келе жатқан дау-дамайдан шаршағанымызды айттық. Ол құжаттардың бәрі міне қолымызда тұр. Бітпейтін шудан шаршаған өзге бір топ ата-аналар да бұны тоқтатуды сұрап жүр. Осында да екеуі келіп отыр.
Осыдан кейін жасап жатқан жұмысымыздың заңдылығын білу үшін Білім және ғылым министрлігі, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне хат бердім. Ол хат міне. Олардың жауабы да қолымда тұр. Олар біздің жұмысымыздың толықтай заңды екенін мәлімдеді.
Біз мемлекеттік мекемеміз. Бәрі Заң бойынша атқарылады. Мен өзім сол Заңның басында тұрған адаммын. Әркімнің айқайына, шуына қарап жұмыс істемейміз. Бәрін Заң бойынша істейміз. Колледжді басқарып келе жатқаныма 11 жыл болды, бұлардан өзге бірде-бір ата-ана арыз айтып, жеке бапкер сұраған емес. Осы бір топ адам үш жылдан бері жөнсіз талап етіп жүр.
Тіпті олар сұрап жүрген Төлеген Төремұратов спорт шебері де емес. Құрама команда да өнер көрсетпеген. Нағыз спортшылар міне отыр. Жаттықтырушылар осы. Ал оның жетекшілігіндегі балалар нәтиже көрсетті деген әңгімеге келсек, жаттығу жасаған екен барлық жерде нәтиже болады. Бізге онсыз да дайын балалар келеді. Ол айтып жүрген Азияда жастар арасында алған медалдері біз үшін нәтиже емес. Мәселен, жастар арасында жүлде алып жүрген балалар ересектер қатарына қосылғанда жоғалып кететіндері болады. Ал кейде жасөспірім, жастар арасында мүлде көрінбеген спортшылар ересектер арасында үлкен жетістікке жетіп жатады. Спорт деген осы. Жас кезінде нәтиже көрсеткенмен, үлкейгенде түкке жарамай қалады. Сол үшін оның әңгімелері бос сөз.
Сонымен балалар оқуға келмеді, ата-аналар талап қойып отыр. Төлегенді әкелмесеңдер жаттығуға қатыспаймыз, бірақ оқуға келеміз дейді. Бірақ біз спорт колледжі болғандықтан, оқу мен жаттығу егіз ұғым. Егер олар спортпен айналыспаса бізге не керегі бар. Басқа қарапайым мектептерге барып оқи берсін. Осыны шешу үшін министрліктен комиссия шақырдық. Бізде оқыған, Олимпиада жүлдегерлерін шақырдық. Жиналыс жасап барлығын шақырдық. Шу шығарып жүрген, жаңағы ата-аналар келмей қалды. Бұл енді олардың ісі.
Жиналыс біткеннен кейін, жаттығуға келмей жүрген сегіз баланы жаңағы чемпиондармен кездестірдім. Олар балаларға бұл әрекеттерінің дұрыс емес екенін түсіндірді. Нәтижесінде жеті баланың үшеуі жаттығуға баратын болып келісті. Ал қалған төртеуі алған бетінен қайтқан жоқ. Одан кейін де бір-екі күн күттік. Сонда да келмеді. Сөйтіп төртеуін оқудан шығарып жібердік.
Бұл кезең балалардың нағыз жанып тұрған шағы. Отқа салса да тайынбайды. Ал ата-аналар үш жыл бойы оларды ертіп шу шығарып жүр. Осы әрекеттерімен өз балаларына зиян тигізіп жатыр. Сөйте тұра кінәні өзгеден іздейді.
Біз барлық жұмысымызды заң бойынша істеп отырмыз. Қай шешімді қай заң тармағына сүйеніп істегенімізді түгел жазып әкеліп отырмыз, осында. Төрт оқушы оқудан шығарылды деп отырмыз, оның алдында үш колледж студенті кеткен. Енді үш оқушы қалды. Оның ішінде Шудан келген бір бала бар. Биыл ғана келген. Ол тіпті Төлегеннің қандай бапкер екенін де білмейді. Солармен бірге еріп жүр. Бұларға да үш күн уақыт беріп отырмыз...
Есбол Сұлтанов, жаттықтырушы:
- Есімім Есбол. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жоғары дәрежедегі жатытқтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші деген атағым, 15 жылдық жаттықтырушылық тәжірибем бар. Жеткен жетістіктерім де жетерлік. 80-нен аса Қазақстан чемпионын, 100-ден аса спорт шеберін, 2 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 1 әлем чемпионын, 2 Азия чемпионын және 20-дан аса жүлдегерлерді тәрбиеледім. Бұдан өзге де жетістікке жеткен шәкіртетрім бар.
2015-19 жылдары Алматы қаласының құрама командасын жаттықтырдым. Бес жыл бойы Алматы командасы Республика бойынша бірінші орында тұр. Қазақстан спартакиядасын екі рет жеңіп алдық. Конфедерация кубогын екі жыл қатарынан жеңдік. Кадеттер арасында Қазақстан құрамасы бас бапкерінің көмекшісімін.
Колледжіміздегі таэквондо бөлімі үшін Амалбек ағамыз көп жұмыс істеді. 2008 жылы бұл кісі алғаш келгенде жаттығу залымыз 100 m² еді. Кейін үлкейіп 500 m²-ге дейін жетті. Осыған сай балалардың көрсетшісі де көрнекті өсті. Қазақстан құрамасының 40-50 пайызы бізден шығады.
Енді әңгімені сәл әріден айтайық. 2017 жылғы жаттықтырушылар арасындағы кикілжің жайлы. Төлеген бастаған ата-аналар 2017 жылы екі жаттықтырушы балаларды ұрды, Төлегенді ұрды деп жүр. Бұның бәрі бос сөз. Балаларға ешкім тиіскен жоқ. Тек Төлеген екеуміздің арамызда қақтығыс болғаны рас. Екеу ара ерегес қол жұмсауға дейін жетті. Онда да Төлеген өзі бастады. Алдымен қол жұмсады, мен қарымта қайтардым. Бары сол. Ал ол бүкіл ата-аналарды жинап, шу шығарды. Екі жаттықтырушы жабылып мені ұрды, балаларды ұрды деп.
Бұл істен кейін екеуміз де уақытша жұмыстан шығарылғанбыз. Бірақ кейін екеуімізді де Амалбек аға қайтадан жұмысқа алды. Өкініштісі, бұл кикілжік біздің бөлім аумағынан шығып, бүкіл колледжді шарпи бастады. Төлеген оқу орнындағы барлық жауапты қызметкерлермен ұрысып шықты. Соңында директордың өзіне қарсы шығып отыр.
Үш жыл болды, Төлегенге жоламаймыз. Таэквондо бөлімінде 40 шәкірт бар. Соның 15-ін Төлеген бөліп алып, бөлек дайындайды. Басшылық бізге «оған жақындамаңдар, өзі дайындасын» деп тапсырма берген. Негізі барлық баланы ұжымдағы барлық жаттықтырушы бірге дайындайтынбыз. Біреуіміз физикасына, біреуіміз техникасына, енді біреуіміз тактикасына қарап дегендей. Ал кейін осы ұжымдық жұмыс Төлегенге ұнамай қалды. Шу шығарып, өз балаларын бөліп алып бөлек жаттықтырып жүрді. Үш жыл бойы. Ол жұмыстан шыққанда жаттығудан бас тартқандар осы балалар болатын.
Төлеген айтып жүрген 2017 жылғы оқиғалардың, «Барыс клубының» оның осы жолы жұмыстан шығарылуына ешқандай қатысы жоқ. Осы жолы екі қыздың арасындағы қақтығысқа қатысы болғаны үшін қылмыстық іс қозғалып, жұмыстан шығарылды. Ал ол шу шығару үшін өткен оқиғаларды қайта көтеріп, өзін ақтаудың амалын етіп отыр. Оның жұмысына ешкім кедергі келтірген жоқ. Жаттығу залы бар, сағаты бар, өзінің тобы бар. Жарыстарға барып тұрады. Биыл жазда ғана Оңтүстік Кореяға команда бастап барып қайтты.
Жетістіктері жайлы айтып жүрген әңгімесін де құптай алмаймын. Оның шәкірттерінің арасынан ешқандай да әлем чемпионы шыққан жоқ. Биыл ғана бір қыз Азия чемпионатынан қола медаль алып қайтты. Жеке қақтығысымызды есепке алмай, таза кәсіби тұрғыдан қарасам, оқудан шығып кеткен балалардың деңгейіне орташа деген баға берем. Арасында жалғыз жақсы спортшы бар. Ал қалғаны орташа, тіпті орташадан да нашар спортшылар бар.
Ал балаларды жарысқа алып бару үшін машинасын кепілге қойып, кредит алды деген де бекер әңгіме. Бізде кез-келген жарысқа баруға колледж қаржы бөледі. Оған жеке жаттықтырушының қалтасынан ақша шығаруы мүмкін емес. Бұл әу бастан белгілі дүние.
Төлеген олимпиадалық даярлау орталығында да, спорт басқармасында да шу шығарды. Қалалық 10-шы мектептің директорымен де, Алматы қалалық федерацияның басшысымен де қақтығысты. Төлеген тудырған кикілжіңдердің кесірінен біздің колледжде жаттықтырушы жиі алмасады. Айнұр деген жаттықтырушы қыз кетті, Медеухан Мирас, Нүсіпов Ермек, Қырғызбаев Қайрат ағамыз (Мұстафа Өзтүріктің шәкірті, Қазақстан таэквондо құрамасын баптаған) да жұмыстан кетіп қалды. Жалпы үш жылда жеті жаттықтырушы жұмыстан өз еркімен кетіп қалды. Соңғы кездері арыздарына мені де қоса бастады...
Айнұр Ермаханбетова, ата-ана:
- Қызым таэквондодан қара белбеу иегері. Төрт дүркін Қазақстан чемпионы. Үшінші курс студенді, стипендия алып оқиды. Мектептен бастап осы колледжде оқып келеді. Бүгін сөз болып отырған бапкерлердің бәрін танимыз. Төлегенді де, Айнұрды да, жұмыстан кетті деген жеті жаттықтырушыны да танимыз. Менің қызымның айтуынша, Төлеген жаттығуда балаларды бөлетін көрінеді. «Қай жаттықтырушыға барасың, маған ба, анаған ба» дегендей.
2017 жылғы дау-дамай кезінде Төлеген бізді ата-аналар жиналысы болып жатыр деп шақырды. Бірақ бізді ішке кіргізбей, сыртта кездесті. Сонда айтқаны, мені жабылып ұрып тастады, телеарнадан көрдіңіздер ме? Мені Мырзағали мен Есбол жабылып ұрды деп осы кісілердің атын атады. Дәл осы төбелес орын алған кешкі жаттығуда менің қызым болған. Қызымнан сұрадым. «Жаттығу жасап жатқан кезде Есбол ағайды Төлеген ағай шақырып алды. Не айтқандарын білмеймін, сыртқа шығарып алды. Содан кейін сырттан кіріп келді де, мені ұрып жатыр деп қанын көрсетті» дейді.
Осы төбелес орын алған кезде де бізді шақырған. Мен ол кезде келе алмадым. Ал кейін келгенімде бізді өзге бапкерлерге қарсы қоя бастады. Бұл сөздерді Төлегеннің көзінше де айта алам. Менің қызымды да «маған қосыл» деп үгіттеп көрген. Оның үстіне Төлеген ата-аналардан ақша сұрайтын. Менің өзімнен бір рет балаларды жарысқа апаруға ақша жетпей жатыр деп 80 мың теңге сұраған. Ал одан кейін Есбол ағаймен, Мырзағали ағайлармен жаттығып жүрміз, олар бірде-бір рет ақша сұраған жоқ. Мен білсем Төлегеннің осы істерді істеуіне көмектесіп отырған адам бар. Ол Арман Шалманов деген таэквондо федерациясында істейтін азамат.
Қайрат Қырғызбаев, таэквонда спортының ардагері, Мұстафа Өзтүріктің шәкірті:
- Бейтарап адам ретінде тыңдап отырмын. Осының алдындағы сұхбаттарды да оқып шошыдым. Бұл үлкен ұят іс. Ертең федерацияға барғанда осының бәрін ортаға салам. Балаларды «Нұрсұлтан атаға, Президент Тоқаевқа» деп сөйлетіп тұр. Бұл не деген бетсіздік. Бұл таэквондо спортына үлкен кесірін тигізіп отыр. Амалбек аға анығын айтып отыр: «сотқа неге бермейді» деп. Демек, бұл кісінің ісі таза деген сөз.
Сіздердің сұхбаттарыңыздан кейін маған қаншама адам хабарласып жатыр. Не деген масқара! Осының анық-қанығын білейін деп әдейі келіп отырмын. Менің байқағаным, мына ата-аналардың істеп отырғаны ұят іс. Егер шын жапа шегіп отырса сотқа бермей ме? Бұл таэквондо Мұстафа Өзтүрік, Бесейіт Түлкиев сынды тұлғалар айналысқан спорт. Олардың ізін ала біз жүрміз. Бәріміздің жақсы атымыз бар еді. Таэквондо спорты тазалғымен мақтанар еді. Мына бала сол таза өнерге кір жағып отыр. Бұл колледждің де үлкен жетістігі бар. Соның бәрін жоққа шығарғаны өкінішті.
Осыған дейін ақпарат құралдарындағы сұхбаттарды оқып, Президентке жасаған үндеулерін көріп, бұл жігіттің де өз шындығы бар шығар деп жүргем. Бүгін де соның анығын білгім келген. Бұнда сөз сөйлеу үшін емес, тыңдап кімдікі дұрыс, кімдігі бұрыс екенін бағамдайын деп келген едім. Амалбек аға «сотқа берсін» деп отыр. Өзіне сенімді болса, бос сөзді қойып, сотқа жүгінер еді. Қайталап айтам, осы жолы федерацияға барып, істің шын мән-жайын айтатын болам...
Қуаныш Қаппас
Abai.kz