Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 7187 11 пікір 22 Қараша, 2019 сағат 12:51

«Әбішев ісі» іс жүзінде жоқ боп шықты...

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, «Ислам Әбішев ісіндегі» былықтың шыңын бүгін, сот құрамы іс материалдарын зерттегенде көрдік.

«Әбішев «Қазбайлықтан» пара алуға оқталды, оған Түкиев көмектесті» деп «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» ұлттық бюросы «шедевр» сценарий жазды. Ол сценарийінің басты рөліне Азамат Шаймерденовті алды... Алайда, басты рөлдегі азамат та, қосымша рөлдердегі тергеушілер де, прокурор да өз рөлдерін «мінсіз» ойнау үшін сауаттары да, таланттары да жетпеді...
Олардың «ойындарына» Станиславский айтқан «не верю!» деген сөзді алғашқы күннен бастап адвокаттар да, біз де айтып келеміз...

Өтіріктері бірінен соң бірі ашылып, масқара боп жатыр.

1. Айыптау жағы шақырған жиырма шақты куәнің бәрі де Әбішев пен Түкиевтің пайдасына жауап берді. Яғни ол кісілердің қылмысын дәлелдейтін бірде-бір сөз айтқан жоқ. Керісінше, қылмыскер емес екенін айғақтайтын әңгімелер айтылды.

2. Айыптау жағының ең негізгі, басты куәгері Асылжан Жампозов та өз жауабында ұлттық бюро қызметкерлерінің қитұрқылықтарын дәлелдеп берді.

3. Арызданушы Азамат Шаймерденовтің өзі адвокаттардың сұрақтарына дәлелді жауап бере алмай, әбден састы. Бүгін тергеу материалдарын зерттеу барысында адвокаттар Шаймерденовтің әр хаттамада әртүрлі жауап бергеніне сот назар аударуын өтінді.

4. Ең қызығы, пара бергісі келген «Қазбайлық» фирмасының директоры Мәкішевтің ол фирмаға мүлде қатысы болмай шықты.

5. Тергеу жұмысы кезінде аттап басқан сайын заң бұзушылыққа жол берілгендігін тізіп жазып тауысу мүмкін емес!

6. Ұлттық бюроның арандатушылықпен айналысқанын, о бастан Әбішевке тұзақ құруға жоспарлы түрде кіріскендерін айтпай-ақ қояйық...

7. Бәрін айт та, бірін айт - бүгін онсыз да «шокта» жүрген бәрімізді одан сайын «шок» қылған жаңалық - «Қазбайлықтан пара алуға оқталғаны туралы» Шаймерденовтің арызы ЕРДРда (единый реестр досудебного расследования) тіркелмеген боп шықты. Тіркелгені - «2014 жылы 1 млн доллар пара алды» деген арызы. Ол арыз дәлелденбегендіктен, «қылмыс құрамы болмауына байланысты» қысқартылған. Бірақ «Қазбайлықтан пара алуға оқталды» деп, екі зейнеткерді 8 ай бойы қапаста ұстап отырған 50 млн теңгелік іс бойынша арыз «Сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестрінде» тіркелмеген.

Ал бұл жерде анау-мынау азаматтық не әкімшілік іс емес, қылмыстық іс қой!
Тіпті, Шаймерденовтің «пара алуға оқталғаны туралы арызы» тіркелмеген де!

Ал санкция аларда тіркеліп, қысқарып кеткен іске алған да, тіркелмеген іс бойынша қамауға алған!

Бірақ тіркелмеген, түбірі жоқ іспен ұлттық бюро, одан кейін прокуратура, енді міне, сот - 8 айдан бері айналысып, елге ерен еңбегі сіңген екі арысымыз 8 айдан бері түрмеде отыр!

Бүгінгі іс материалдарын зерттеу барысында және адвокаттардың айтқанынан менің түсінгендерім, қысқаша айтқанда, осылар.

Шіріген жүйе емей немене?!.. Алдыңғы тікелей эфирде (видеода) адвокаттар түсіндіріп айтты. Тыңдап көріңіздер...Қандай бассыздықтар орын алып жатқанын халық көптеп білгені дұрыс.

Сәуле Әбединова

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379