Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 6228 6 пікір 27 Қараша, 2019 сағат 13:41

«Астана» басшылығы «алданып қалған» жанкүйерлердің ақшасын қайтара ма?

28 қарашада «Астана» футбол клубы Еуропа Лигасы топтық кезеңі аясында англиялық «Манчестер Юнайтед» командасын қабылдайды.

Бұл топтық кезеңдегі 5-ші матч. Елордалық команда алғашқы 4 ойында да жеңіліп, плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен ерте айырылған болатын.

Алғашқы ойында құрамында жалғыз қазақстандық ойыншы бар «Астана» сырт алаңда дәл осы «Манчестер Юнайтедтен» 1:0 есебімен жеңілген. Ол кезде «Олд Тра́ффордта» жеңіске жете алмайтынын біле тұра, 35, 37 жастағы сербиялық, ресейлік ойыншыларды алаңға шығарып, 90 минут бойы қорғанғаны үшін «Астана» бапкеріне реніш білдірген едік. Футбол мамандары назар аударатын осындай ойында Юрий Перцух сынды жастарымызды алаңға жіберіп, тәжірибе жинауына, мамандардың көзіне түсуіне мүмкіндік жасауымыз керек еді...

Осыдан кейін өз алаңында сербиялық «Партизан» клубын қабылдаған «Астана» тағы жеңілді. «Астана арена» таблосында 1:2 есебі тіркелді. Біздің команда сапынан жалғыз голды исландиялық легионер Рунар Мар Сигурьонссон соқты.

Бұл басы ғана екен. Масқараның көкесі осыдан кейінгі екі ойында орын алды. Голландиялық «Алкма́р» командасы «Астананы» аяған жоқ. Екі ойында жауапсыз 11 гол соқты! Алдымен Гаага қаласында 6:0 есебімен талқандады да, араға он күн салып Қазақстан астанасында 0:5 есебін тіркеді.

Екі ойында да отандық жанкүйерлер «Астана» командасының жігерсіздік танытқанына күйінді. "Ел чемпионатында маңызды ойындар күтіп тұр" деген сылтаумен АЗ-ге қарсы кездесулерге жүрдім-бардым қарады. «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук әр сұхбатында "екі жақты күрес жүргізуге ойыншыларым жетпейді" деп еңірегенде екі етегі жасқа толып жүрді. Сол үшін Еуропа лигасын құрбан етіп, ішкі біріншілікке күш салатынын білдірді.

Ресми дерек бойынша, «Астананың» жылдық бюджеті 9 миллиард 800 миллион теңге. 10 легионер ойыншы бар (екеуі жаңа қазақ). Бапкері украиналық. Алатын жалақылары жайлы айтсақ жан шошыйды. Бұлардың арасында айна 50-100 мың, жылына 1 млн долларға дейін жалақы алатындар бар. Осынша қаржыны құмға құйып отырғаны аздай, екі турнирде тер төгуге шаршаймыз деген сылтаумен, Еуропа лигасындағы 4 ойында қақпаларына 14 гол жіберіп отыр. Өздерінің соққаны жалғыз гол. Бұл жерде ұпай жайлы айтудың өзі артық.

Жә, бұлар өткен оқиғалар. Енді алда екі ойын қалды. Алғашқысы ертең «Астана аренада» өтпек. Қарсыласы атақты «Манчестер Юнайтед». Бұл жерде атақты деген сөзді амалсыз қолданып отырмыз. Әйтпесе, біздің астанаға атақты «Манчестер Юнайтед» келе жатқан жоқ.

«Манчестер Юнайтед» бапкері «Астанаға» қарсы матчқа төмендегі ойыншыларды алып келді:

Қақпашылар: Ли Грант, Матей Ковар;

Қорғаушылар: Люк Шоу, Макс Тейлор, Аксель Туанзебе, Теден Менги, Дишон Бернард, Итан Лейрд;

Жартылай қорғаушылар: Джесси Лингард, Дилан Левитт, Итан Галбрейт, Арнау Пуигмал, Джеймс Гарнер, Тахит Чонг, Эйнджел Гомес;

Шабуылшылар: Мейсон Гринвуд, Ларджи Рамазани, Д'Мани Бугейл-Меллор.

Кімді таныдыңыз? Футбол десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлердің өзі екі-үш ойыншыны әрең танитын болар. МЮ сапында бірнеше жылдан бері доп теуіп жүрген қорғаушы Люк Шоу мен жартылай қорғаушы Джесси Лингардты айтып отырмыз. Тахит Чонг, Мейсон Гринвуд секілді жас балаларға бас-көз болу үшін осы екеуі ғана келіп отыр. Өзге жас футболшылардың есім-сойын әлі ешкім білмейді...

Жас футболшылар келсе не бопты демеңіз. Мәселенің бәрі осында. Қара күзде жеребе тартылып, біздің топқа «Манчестер Юнайтед» түскен бетте, елордалық клуб басшылары ел күтпеген әрекетке барған. «Астана» - «Манчестер Юнайтед» ойынында ең қымбат билет 55 мың теңге болып бекітілді.

«Манчестер Юнайтедке» қарсы ойын:

1-ші категориядағы орындардың билет бағасы - 55 000 (елу бес мың) теңге;
2-ші категориядағы билеттер - 40 000 (қырық мың) теңге;
3-ші категориядағы билеттер - 25 000 (жиырма бес мың) теңге;
4-ші категориядағы билеттер - 16000 (он алты мың) теңге;
5-ші категориядағы билеттер - 11,000 (он бір мың) теңге;
6-ші категориядағы билеттер - 4000 (төрт мың) теңге;

Футбол көруге ыңғайлы орындардағы ең арзан билет 16 мың теңге. Ал 5-6-шы категориядағы орындардан ойын тамашалау өте ыңғайсыз. 5-ші категория қос қақпаның арт жағы. Ал 6-шы категория стадионның төрт бұрышында орналасқан. Алайда олардың өзі 11 мың және 4 мың теңге екен.

Отандық ақпарат құралдарының жазуынша, билет бағасы бұл сандармен шектелмеген көрінеді. Аяқ-қолы жеңіл алып-сатарлар билетті кассаға түсірмей сатып алып, көтерме бағамен сатып жүр екен. Тіпті кей билеттің құны 120 мың теңгеге дейін жеткен.

Ендеше осынша ақша жұмсап, Маркус Рэшфорд, Давид ДеХеа, Поль Погба сынды жұдыздарды көрмек болған жанкүйерлер қайтпек?! «Астана» басшылығы "алданып қалған" жанкүйерлердің ақшасын қайтара ма? Жоғардағы жұлдыздар келеді демесе, 18-19 жастағы бала-шағаның ойынын көру үшін ешкім де мұнша қаржысын қалтасынан шығармас еді ғой...

Сөз соңында айтарымыз, Қазақстан чемпионаты аясындағы ойындарда «Астана Аренада» билет бағасы 200-500 теңгеден. Ал Еуропа лигасында баға 100 есе қымбаттап отыр. Бұны "тонаушылық" деп бағалаудан басқа амал жоқ.

«Астана» онсыз да халықтың есебінен күн көріп отырған клуб. «Астанаға» ел бюджетінен бөлінетін қаржының қанша екенін жоғарыда айттық. Ендеше, «Самұрық-қазынаның» сан миллионын сарып етіп отырған команданың билет бағасын шарықтатып, халықты тағы тонауға қақысы жоқ еді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383