Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 8680 4 пікір 5 Желтоқсан, 2019 сағат 11:51

Сұлтанбек Қожанов қазақ жерін жинаушы

Сұлтанбек Қожанов Қазақ республикасында 1924 жылдың соңынан 1925 жылдың күзіне дейін – он ай ғана істеді. Ол Түркістан Республикасы басшыларының бірі ретінде, өлкедегі мемлекеттік құрылымдарды ұлттық-мемлекеттік тұрғыда қайта жіктеп-межелеу кезінде, Орта Азия мен Қазақ республикаларын экономикалық тұрғыдан қауымдастыру және солардан Ортаазиялық Федерация құру арқылы Советтік Республикалар Одағының құрылтайшылары қатарына кіру, Федерация құрамында ұлттық бірліктердің даму деңгейін теңестіріп алғаннан кейін ғана дербес республикалар ретінде түтін түтету дұрыс болмағы жайында мәселе көтерген еді.Ташкент қаласын Қазақ Республикасының астанасы ету үшін күрескен болатын. Межелеу науқанында осы бағытта жүргізген күрестері нәтижесіз аяқталғаннан кейін,  Түркреспубликадан бөлінген қазақ аумақтарын қазақ еліне қосу арқылы Ұлттық Республиканы рәсімдеу басталатынын мәлімдеген-ді.  Осы мәлімдемесін жүзеге асыру үшін саяси басшылық жасауға ол Ресей Компартиясы Қазақ обкомының екінші хатшысы лауазымында кіріскен еді.

Қожанов ең алдымен: «Қазақия партия ұйымдарында қазақ коммунистерінің 6 пайыз (568 адам) ғана» екенін, олардың дені орыс пролетариаты ошағында отырып, «баяғыда жерленген алашорданы күніне үш қайтара қайта жерлеумен, яғни өлі ұйыммен күресуде қаһармандықтың небір үлгісін көрсетіп, қызыл сөз революционері болумен жүргенін», іс жүзінде бұқарамен байланысы жоқтығын айтып, республика орталығын қалың қазақ арасына көшіруге күш салды. Сонымен бірге жер-суы мен халқы бір шаңырақ астына біріккен Үлкен Қазақстанның дербес партия ұйымын құрып, Орталық комитетін сайлау қажеттігін көтерді. Бұл реттердегі табанды түрде қойылған мәселені орталық, әрине, өзінше шешті.  Мәскеу Қазақ компартиясының орталық комитетін емес, Ресей компартиясының Қазақ өлкелік комитетін құру жөн деп тапты. Қазақ астанасын Орынбордан Шымкентке емес, Ақмешітке көшіруге пұрсат берді.

Сұлтанбек Қожанұлы іргесі кеңейген республиканың тұңғыш кеңестер съезін жаңа астанада өткізу жұмыстарын ұйымдастыра келе, съезд алдында, 1925 жылғы 9–11 сәуірде өткен Қазөлкеком пленумында  «Кеңестер съезінің мәселелері» атты арнайы баяндама жасады. Осы тарихи құрылтайда талқыға қойылатын мәселелерді әзірлегенде, өлкепарткомның нені назарда ұстағанын және съездің жұмысы барысында қандай көзқарасты қорғайтыны жайында тарата баяндады. Кирреспублика деревнялары мен ауылдарын советтендірудегі, жалпы кеңес құрылысындағы, жекелеген ведомстволардағы іс ахуалын, алда тұрған міндеттерді шолып, халықты жерге орналастыру мәселесіне   ерекше тоқталды. Жерге орналастыру жұмыстарының негізіне қандай принципті ережелер қабылданғаны жайында съезде ерекше мәселе қойылатынын айтты. «Жерге орналастыру жөніндегі комиссия хаттамасын» көрсетіп, оның «жер органдарының қатардағы қызметкерлеріне түсінікті болатындай етіп деталіне шейін жетілдіріліп» жатқанын,  құрылтайда жерге орналастыру жөнінде жасалатын арнайы баяндамаға сол негіз болады деді.  Қазақияда шаруашылықты өркендетудің зерттеліп-жасалған перспективасы жоқтығын сынады. «Жылдан жылға, күннен күнге ешқандай да перспективалық жоспарсыз өмір сүріп келеді. Бар айтатындары – өткен жылы пәлен бас мал болды, енді оған жиырма шақты мың қосылды дегендер ғана. ...қайткенде жағымды әсер етудің амалы. Енді осындайдың жолын қию керек. Осы съезде біз бірер перспективалық жоспар конспектімен сөйлемекпіз. Сосын жер мәселесін практикалық міндет етіп қоямыз» деді. Одан кейін ирригация мәселесін сөз етті. Сосын оқу-ағарту ісінің жай-күйіне тоқталды. Қазақстанда бұл мәселе жылдан жылға күн тәртібіне шығарылып отырғанмен, оны күні бүгінге шейін әлде-бір деңгейде қанағаттандырарлықтай етіп шешілді деп есептеуге болмайтынын ескертті. Қазақстанбыз дей тұра, бірінші басқышты мектепте қазақтар бар болғаны 10% ғана екенін сынға алды. «Бірінші басқышты мектеп – бұл сауат ашу мектебі. Ал екінші басқышта қазақтардың 1%-ға да жетпеуі ықтимал. Орта оқу орындары мен жоғары кәсіби техникалық мектептерде қазақтардан ешкім жоқ. Қазақстан кәсіби оқу орындарында – бар болғаны 1%. Жалпы, ағарту саласында іс өте нашар жүруде», –дей келе: «...бізде Ұлттық Республика болса да, мектептеріміз қазақтарға қызмет көрсетпейді», – деп   қорытты. Мұндай ахуалдың орын алуына ол Пленумға республиканың шартарабынан келіп қатысып отырған партия саясатын жүргізуші қызметкерлердің тікелей айыпты екенін былай білдірді: «Сіздер интернационалистсіздер, сіздерге мектептерде кімнің оқытылып жатқаны маңызды емес. Сонда да, егер қазақтан оқу жайы қалай екенін сұрай қалсаңыз, ол партияның бұл тұрғыда өзін айналып-алдап кеткенін айтады ғой деп ойлаймын». Бұл – әр 100 коммунистің 94-і еуропалық ұлттар өкілі боп тұрған сол кез үшін батыл мәлімдеме болатын. Мектептердің қанат жаю ауқымы мен оқу сапасындағы жартымсыздықтарды айта келіп, оның себептерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырушы күш бола алмай отырғанын сынады. Сынаған, көтерген жіцттердің бәрін зерттеп, ұлттық ағарту мәселесін барша көлемімен көтеру – Наркомпростың міндеті. Оқу ісін, әрине, «орыстар пайызын қысқарту бағытында емес, қазақтарды іс жүзінде жаппай ағарту   бағытында» жолға қою керектігін, бұл жайлы тезистердің   Кеңестер құрылтайында таратылып берілетінін айтты.  Жаңадан тағайындалған Ағарту халық комиссары Смағұл Сәдуақасов өз баяндамасында тиісті мәлімет беретініне сенім білдірді.

Сосын Қазақстандағы кеңес құрылысы жайы Қазатком мен Халкомкеңестің баяндамасында толық ашылатынын хабарлады. Онда «олар пәлен тиын алып, түген тиын жұмсадық деп есеп бермеуге тиіс, – деп ескертті Қожанов, – олардың баяндамасының басты мән-мағынасы – кеңес құрылысын қалай басқару жайы болуға керек... Мұнда атқарылмаған істің көптігі Бюроға белгілі, істелмегені өз алдына, оны қалай жасауды да білмейміз, ол да Бюроға мәлім. Қазақ Республикасының бесінші-алтыншы жылында да осы мәселе ізденістер мен дискуссия сатысында тұр. Тіпті, кеңестену керек деген принципті көзқарасты есептемегенде, бекем бағыт та жоқ». Құрылтайда осыны кеңінен талқылау қажеттігіне назар аударды. «Сайлауға сақтаған күш-куатты» осы мәселеге шығындау жөн болмағын айтты. Ал сайлауды ұйымшылдықпен, бекер сөз таластыруға жол бермей, мейлінше қатаң тәсілмен жүргізу керек, әсіресе топтық «демократияларға» жол бермеу керек, Өлкеком Бюросы топшылдықпен күресу бағытын ұстанып отыр деді. «Алты жыл бойы жылма-жыл құрылып-ұйысып келе жатқан, пайдалы іске жоқ, өсекке оң иығын берушілер қабатының барлық қулық-сұмдығына, Қожановты, Меңдешевті, Нұрмақовты, Сейфуллинді, қысқасы, кімді қайда және қайтіп отырғызамыз деген арнайы астыртын әрекеттеріне балта шабылу керек», – деді. Қазақ қызметкерлерінің осындай кемшілігін пайдаланып, «отаршылдар өздерінің отаршылдық пікірлері мен пиғылдарын өткізіп жүр» деді. Осылай, алауыздықтың залалды салдарын да ашық еске салды.

Сосын ұлттық мемлекеттік үшін күрес мазмұнын: «Кирреспублика орталығын жаңа астанаға ауыстыру арқылы біз Ұлт Республикасы жолындағы күресімізді аяқтағанымызды атап өтеміз. Біз, баяғыда жарияланғанына қарамастан, ұдайы ұлттық республика үшін күресуге  мәжбүр болдық. Ұлттық республика үшін күрестің соңы – оның біткені ғана емес, сонымен бірге – осы Республиканы жасау мақсатындағы жұмыстың басталғаны, – деп тұжырымдады да, алдағы міндетті белгіледі: – Республиканы жасау – сөз жоқ,  «оның басына мені қой»   дегенді емес, бұрыш-бұрышқа жүгіріп, «анаған дауыс бер, мынаған дауыс бер» деп   сыбырласуға орын қалмайтындай, тиісті ахуал жасау керектігін, жанды кеңес жұртшылығын, партия жұртшылығын жасау қажеттігін білдіреді. Ұжымшылдықты жасауға тиіспіз, ал ол халықтың ұжымдық мүддесіне қызмет ету негізінде пайда болады.   ...Миллиондаған бұқараны ояту қажет, ахуалды сергіту керек,   бұқараға жан кіргізу ләзім, содан соң  – сол бұқараны  игеріп,   билеу жөн».   Осылай,   саяси  басшы ретіндегі бағдарламалық сөзімен,   Сұлтанбек Қожанұлы Кеңес құрылысындағы өзгертулерде ұстаным  болатын негізгі принциптерге  назар аударып, бұл бағытты коммунистердің толық қуаттайтынына   сенім білдірді.

Екі аумақтың бірігуін, Үлкен Қазақстанның құрылуын паш еткен  Ақмешіт құрылтайы жаңа болашаққа жол ашты. Қазақ Республикасына Орта Азиядан Сырдария және Жетісу облыстарының және бауырлас Қарақалпақ автономиялық облысының қосылуы оны, іс жүзінде қазақ жерін жинаушы болған ұлт қайраткері Сұлтанбек Қожанов мәлімдегендей, «Қазақ Ұлттық Республикасы» деп рәсімдеп, кеңес тұғырындағы ұлттық мемлекет ретінде жаңа сапалық деңгейге көтеру мүмкіндігін туғызды. Қазақ жері мен ел-жұртын бір шаңырақ астына жинаған 1925 жылғы тұңғыш құрылтайдың қарарлары елдің экономикасын, әлеуметтік және мәдени жағдайын көтеру, қазақ халқын өз атамекеніне  шын мәнінде лайықты түрде орналастыру, т.т. елдік мәселелерді ескерген-тін. Алайда Мәскеудегі орталық партия-кеңес билігі жалғыз-ақ шешімді мойындады, ол – құнын тарихи оқиға ретінде ешқашан жоймайтын, қабылдануы Қожанов есімімен байланысты  маңызды қаулылар еді. Оның   құрылтайдағы тарихи ұсыныстары өмірге қалай келгені жайында мен алғаш рет кеңестік құпия полиция жүргізген тергеу материалдарынан білдім. Саяси тұтқын Дінше  Әділов ОГПУ тергеушісіне 1928 жылғы желтоқсан айында берген көрсетуінде шағын топтың түскі ас кезіндегі сұхбатын еске алыпты: «Съезд аяқталуға тақалған... Үкіметтің Ақмешіт қаласына көшіп келуіне байланысты, оның   атын өзгерту мәселесі көтерілді. Ат ойластыра бастадық. Қызылорда деген атауды әуелі Қожықов ойлап тапты... ...қос есім, екі жақты да қанағаттандырады деді ол. «Қызыл»... большевиктерге ұнайды, ал «орда» – ұлттық атау. Осылай атағанда екі жақтан да талас тумауға керек. Бұндай дәйектемеге бәріміз келістік... Содан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік. Қожанов президиумға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақмешіт қаласының атын Қызылордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады». Бесінші съездің стенографиялық есебін қарағанда көз жетті: Сұлтанбек Қожанов ұсыныстарын шынында «сценарийден тысқары», бірақ орайын келтіре жария еткен.

Өлкекомның екінші хатшысы Қожановтың ықпалымен Сәдуақасов  1925 жылдың басында әуелі «Еңбекшіл Қазақстан» газетінің редакторлығына, одан  Ағарту халық комиссары лауазымына  тағайындалған. Ұлттық мемлекеттік үшін күрес жолында ісімен де, қаламымен де танылып келе жатқан Сәдуақасовтың өзімен жақсы үзеңгілес боларына Қожанов сенсе керек. Белгілі-бір мезгіл солай болған да. 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне Әділовтің берген жауабында: «Қазақ қызметкерлері ішінде Сәдуақасов пен Қожановты екі зор тұлға, екі кит деген пікір жүретін-ді», – деген жолдар бар. «Ұлтшылдар олардың келісімге келіп, Қазақстанды бірлесіп басқаруларын қалап еді, – деді ол одан әрі. – Тілектері орындалмады, Қожанов мұндағы қызметінен орталыққа шақыртып алынды. Қожановты Қазақстаннан шақырып әкету ісіне Сәдуақасов зор үлес қосты десетін жұрт».  Академик-жазушы Сәбит Мұқанов та әйгілі «Өмір мектебінде» олардың республикадағы ең қабырғалы тұлғалар ретінде негізгі мәселелерді бірлесіп шешіп отырғанын айтқан.  «Қазақстанды ендігі билеуші екі адам ғана: Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов», – дей келіп, Голощекиннің Сәдуақасовтың жәрдемімен әуелі Қожановты, одан соң оның өзін қуғанын куәландырады. 1925 жылғы 19 қазанда Голощекин Бюроға өзінің Мәскеуге барып қайтқан іссапарының нәтижесін хабарлап, Орталық Комитеттің Ұйымдастыру бюросының   қаулысын оқыды, онда «Қожанов жолдас Өлкеком Хатшысы міндетінен босатылсын да, РК(б)П Орталық Комитетінің қарамағына жіберілсін» делінген-ді.

Қазақ Республикасында он-ақ ай белсенді қызмет атқара алған Сұлтанбек Қожанов Қазөлкекомның  Бюросына  соңғы мәрте 1925 жылғы 25 қазанда қатысып, сөйлеген сөзінде: «Топтар негізінен мансаптық сипатта құрылады, – деп атап көрсетті, – топтарда мансапқорлық элементтер молырақ, ал саяси және рулық элементтер, былай айтқанда, мансап мүддесіне қызмет жасарлық рөл ғана ойнайды». Қалай десек те, мансап құлқынына ұлт мүддесін қиып жіберу, Қожанов көктемгі пленумда атап көрсеткендей, қазақы індеттен арыла алмаған қазақ қайраткерлерінің «кемшілігін бетке ұстап, отаршылдардың отаршылдық ойлары мен науқандарын жүргізулеріне» кең жол ашты. Мәскеу эмиссары Филипп Голощекин Қазақстандағы болашақ іс-әрекеттеріне ең басты кедергі болуы ықтимал «жікшіл» Сұлтанбек Қожановты Мәскеуге аттандырды да,  «топшылдық» символы іспетті «қожановшылдық» деген айдарды қазақ коммунистерін өзара қырқыстыруға, өзімен тайталасуға қауқары барларын қызметтен қууға, қалғандарының сана-сезімдерін орталық ойына сәйкес біркелкілендіруге пайдаланды да, қазақ халқын Отыз екінші жылғы жасанды ұлттық апатқа жетелей берді...

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345