Біздің қоғам әлі дайын емес...
Театрда беймарал отырып қойылымды тамашалау мүмкін емес. Без-без, жарқ-жұрқ еткен сотка, самп-самп қытыр-қытыр, сыбыр-сыбыр еткен адамдар. Бізде көрермен мәдениеті қалыптаспаған. Адамдар әлі дайын емес.
***
Ғылыми ортада сын айту деген жоқ. Дипломнан, докторлыққа дейін кез келген еңбек жазылса тек мақтау қажет сияқты. Плагиат десе аяқтан шалу деп ұғады. Сын айта қалса, жау көреді. Бізде ғылыми орта мәдениеті қалыптаспаған. Уақыт керек, әлі дайын емес.
***
Әлеуметтік желіде де ырду-дырду. Өмірде адамның бетіне тіктеп қарай алмайтын бейшара желіде дал-дұлыңды шығарады. Бұл өмірде бары-жоғынан бейхабар біреу мессенджерден қарғанып-сіленген аудио жолдайды. Бізге технология келді, мәдениеті әлі жетпеді. Дайын емес екен әлі коммуникацияға.
***
- Билык барын былып ыстеп отыр.
- Жасандылықтан, жемқорлықтан мезі болдық.
- Өз өңешінен өзгені ойламайтын өңшең қарны жуандар...
- Мына жүйе құрып бітті. Құлдырау шегіне жеттік. Бұл түптің нағыз түбі.
- Бізге өзгеріс керек. Бірдеңе жасайық та?
- Біздің қоғам әлі дайын емес...
Белла Орынбетованың әлеуметтік желідегі парақшасынан
Abai.kz