Олар өткен аптаның соңында ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділмановтың аталған екі қазақ Қытайға қайтарылатыны жайлы сөзіне наразылық білдірді.
Өздерін "Қазақстанның демократиялық партиясын құрушы бастамашыл топ" ретінде таныстырған қоғам белсенділері "Қастер мен Мұрагерді Қытайға қайтаруға болмайды, олар Қытайда өлім жазасына кесілуі мүмкін", - деп санайды.
Жанболат Мамай 2009 жылы Шыңжаңдағы этникалық ұйғырлар қарсылығы күшпен басылғаннан кейін Қазақстаннан пана сұрап келген ұйғыр азаматы Аршидин Исраилдың хабарсыз кеткенін еске салды.
- Аршидин Исраил телефон, интернет арқылы Шыңжандағы бассыздықтар туралы әлемге ақпарат таратты. 2010 жылы басына қатер төнгеннен кейін Қазақстан шекарасынан заңсыз өтті. Қазақстан оны дереу түрмеге қамап, 2011 жылы Қытайға қайтарып берді. Ол азаматтың содан кейінгі тағдыры белгісіз, - деді Мамай.
Саясаткер Төлеген Жүкеев "екі этникалық қазақты қорғау – қазақ қоғамының борышы" деп санайды.
- Егер қазір оларға қорған бола алмасақ, кейін өзімізді де қорғай алмаймыз. Біз Сайрагүл Сауытбайды қорғай алмадық. Олар шекараны еріккеннен кесіп өтпейді, амалсыздан заңсыздыққа барады, - дейді ол.
Баспасөз жиынын өткізгендердің айтуынша, этникалық екі қазақтың ісі сотқа жетпей тұрып ҰҚК-нің мәлімдеме жасауын құптауға болмайды.
Желтоқсанның алтысына ҰҚК төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлының Қытайға қайтарылатынын хабарлаған еді.
Abai.kz