Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаш арысы 15091 10 пікір 13 Желтоқсан, 2019 сағат 12:54

Т. Рысқұлов - әлемдік деңгейдегі танымдық тұлға

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған «Әлемдік деңгейдегі саяси тұлға» атты тарихи-танымдық дәріс өтті. Тарихи-танымдық дәрісті ұйымдастырған - университеттің «Ұлы дала тұлғалары» орталығы. Жиында қайраткер Тұрар Рысқұловтың қоғамдағы орны, тұлғалық қасиеттері бойынша баяндамалар жасалып, ол туралы зерттеулердің болашақта жалғасу қажеттігі сөз етілді.

- Тұрар Рысқұлов туралы айтар болсақ, ол біріншіден, ұлт қайраткері, қазақ халқын ашаршылықтан құтқарып қалған бірден бір саяси тұлға. Азық-түлік жеткізу туралы Сталинге жазған хаты, Қазақстан-Сібір жолдарын салудағы белсенділігі оның қайраткерлігін айқындай түседі. Ол Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде еңбегі еленген тұлға екенін ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан, келешек ұрпаққа Тұрар Рысқұловтай қайраткерді таныстыру біздің парызымыз. Тұлғаларды терең тану біздің бүгінгі тәрбие жұмыстарымыздың негізі болуы керек, - деді іс-шара кіріспе сөзін бастаған, модератор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың бірінші проректоры Мақтағали Бектемесов.

Одан кейін «Т.Рысқұлов және оның замандас-отандастары Қазақстандағы Советтік құрылыс туралы» тақырыбында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Т. Рысқұловтың замандастарына тоқтала келе: Т.Рысқұловтың негізгі идеясы – жалпытүркілік идеясы. Түркістандық тұлға. Тұтас Түркістан идеясын әлемге мойындатқан тұлға. Ол туралы бірнеше пікірлер бар. Ол, біріншіден, таза большевик, коммунист болды деген ұғым бар. Екіншіден, пантуркистік ұйым жетекшісі деген ұстаным, үшіншісі белгілі бір рудың, жүздің, аймақтың өкілі ретінде ғана тану. Айтылған пікірлердің үшеуі де әлсіз, Тұрар Рысқұлов бұлардан әлдеқайда биік. Кезінде ол туралы М. Тынышбаев пен М. Дулатовтың еңбектерінде айқын айтылған, деді.

Сондай-ақ, ғалымдар Т. Рысқұловтың біз білмейтін сан қырына тоқталды.

Шара барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков Т.Рысқұлов: «түрікшілдікке», «ұлтшылдыққа» айыпталған және ұлтты қорғауға арналған күрделі тағдыр» тақырыбында келелі тарихи сәттерден үзінді келтіріп, Ресей құрамындағы орталығы Ташкент болған Түркістан автономиялы кеңестік социалистік республикасы құрылғанын айтты. Ол 1918 жылдың 30 сәуірі болатын. Жаңа республика құру шешіміне тікелей қатысы бар, Тұрарды сол кезде ұлттық ауытқушылық істерге араласты деп айыптаған болатын. Сол кездері Т.Рысқұлов, С. Қожанов, Д. Жайнақов, Қ. Сармолдаев сынды 1920 жылдардағы қазақтың көрнекті қайраткерлерінің есімдері тарих сахнасына шыққан болатын. Олар халық үшін тер төгіп, еңбек етті. Солардың арасында Т. Рысқұлов Түркістан жерінде Түркі кеңес республикасын құру керек деген бастама көтергенімен, ол бастаманы үстемшіл пиғылдағы Мәскеу коммунистері қолдамады.Ол шындықты бетке айтатын адам болған. Оны қолдағандар М. Тынышбаев пен

М. Шоқай еді, деді. Сондай-ақ, шара барысында Т. Омарбеков «Ашаршылықты тоқтатқан Рысқұлов» атта мақала жазғанын тілге тиек етті.

Танымдық дәріс соңында жазушы, тарихшы Бейбіт Қойшыбай, журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай ұлт қайраткерінің болмысы мен баспасөздегі орны, мұрағатта сақталған суреттерінің негізінде оның тарихи кезеңдері туралы тұшымды ойларын ортаға салды.

Жиынға оқытушылар мен аталмыш оқу орнының студенттері қатысты.

Әсел Назаралы,

«Ұлы дала тұлғалары» орталығының ғылыми қызметкері

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475