Жұма, 22 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 10544 21 пікір 16 Желтоқсан, 2019 сағат 12:44

Қалдыбай Әбенов: "Аллажарды" көтеруге көмектескен - Иманғали Тасмағамбетов!

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республи­касы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутатта­ры "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Заң қабылдады.

Ал 1986 жылдың осы күндері қазақ жастары қазаққа - қазақтан басшы керек деп талап қойып, Мәскеуге қарсы көтерілді. Сол алаңда қазақ жастарының қаны төгілді.

1986 жылғы 16-18 желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі - қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы сан ғасырлық күрестің ең нәтижелі де салмақтысы болды. Дәл осы күндер, қазақ халқының егемендігін еңсеруде, тәуелсіздігін өз тұғырына қондыру жолында темірқазық болды және өз намысын ешбір жанға ешқашанда таптатпайтынын дәлелдеді. Желтоқсанның ызғары Алматыдан бастау алып, сол кездегі Қазақ КСР-нің облыс, аудан, ауыл жастарының, көрші өзге де мемлекеттер жастарының қолдауына ие болды. Бұл КСРО-ның тоталитарлық режиміне, аз ұлттарды жоюға бағытталған жымысқы саясатына қарсы ең алғашқы ашық қарсылық әрі билікке соққы болғанын айту парыз.

Себебі, осы оқиға Бакуде, Вильнюсте, Тбилисиде, Мәскеуде және өзге де ірі қалалардағы толқуларға ұласып, соңында алып тоталитарлық империяның құлауына алып келді.

Осы бір қастерлі де қасиетті датаның қарсаңынды Желтоқсан ақиқатын ашып көрсеткен "Аллажар" фильмінің режиссері Қалбыдай Әбенов ағаны сөзге тартып, сұхбат құрған едік...

- Қалдыбай аға, бар қазақтың рухын оятып, санасын сілкіндірген Желтоқсан көтерілісі екені ақиқат. Сіз сол 1986-ның қасіретті күндері қайда болдыңыз? 

- Мен 1986 жылы Мәскеудегі Бүкіл Одақтық Кинематография институтының (ВГИК) соңғы курсында оқып жүргенмін. Сол жылы қараша айында Алматыдағы "Дом Кинода" менің студенттік фильмдерімнің тұсаукесері болатын болды. 14 қарашаға жоспарланған тұсаукесерге мен Мәскеуден бірнеше фильмімді алып келдім. Ол кезде Кинематографистер одағының төрағасы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз болатын.

Тұсаукесерден кейін фильмдерімді қайтадан Мәскеуге апарып тапсыру керек. Сөйтіп, мен алдын-ала билет алып қойдым. Жақын күндерге билет қалмаған соң, олар маған билетті 17 желтоқсан, кешкі сағат 6-ға берді.

Бір айдан соң, яғни, 16 желтоқсан күні сол "Кино үйінде" менің башқұрт досым, режиссер Мәлік Яшимбетовтың деректі фильмінің тұсаукесері болды. Біз сол жерде бәрімізге ауыр тиген жаңалықты естідік. Дінмұхаммед Қонаевты алып тастап, оның орнына Ульяновскіден келген Геннадий Колбин деген біреуді қойыпты. Бұл жаңалық әрбір қазақтың жүрегіне оқ боп қадалды. Әрбіріміздің көкейімізде қазақ еліне қазақ басшы табылмағаны ма?!, деген сұрақ тұрды. Мәскеудің бұл шешіміне менің қырғыз бен башқұрт достарымның да ызасы келді. Сөйтіп, тұсаукесерден кейін "Қазақ телефильм" студиясының директоры Кәрім Танаев екеуміз түнгі сағат 11-де Абай даңғылымен Фурманов көшесінің қиылысындағы Кәрім ағаның жездесінің үйіне келдік. Жездесі көп жыл Ішкі Істер Министрлігінде істеген екен. Дәрежесі полковник. Жақында ғана зейнетке шығыпты. Сол кісінің үйінде көпке дейін қазаққа соққы болған осы жаңалықты талқылап, не істейміз деген кеудеміздегі сұраққа жауап іздедік.

Желтоқсан көтерілісі кезінде Асекең Мәскеуде болған. Бұл факт!

17-сі күні түске таман қазіргі Қонаев көшесінің бойымен топтасқан жастардың алаңға қарай бара жатқанын көрдім. Оларға ілесіп мен де алаңға бардым. Біз барғанда бәрі тыныш болды. Онда жиналған жастар бейбіт түрде Мәскеудің шешіміне қарсы екенімізді айтамыз деді. Бірақ, алаңда қырғын болады деп ешкім ойлаған жоқ.

Сосын мен кешке Мәскеуге ұшатын болғандықтан, сағат 4-тердің шамасында чемоданымды алып, аэропортқа бару үшін үйге қайтып кеттім.

Аэропортта белгілі актер Асанәлі Әшімов ағамызды жолықтырдым. Ол да Мәскеуге "Дермене" деген фильмін тапсыруға бара жатыр екен. Асекең екеуміз самолетке қатар отырдық.

Мәскеуге барған соң, кешкі жаңалықтарда "Алматыда маскүнем, басбұзарлар алаңға шығып, бұзақылық жасады" деген ақпарат таратып жатты. Біз сенбедік.

Ал, мен 18-і кешке қайтуым керек еді. Бірақ, билетімді ауыстыруға тура келді. Өйткені, ол күндері Мәскеуден Алматыға бірде-бір самолет ұшырған жоқ. Тек, 24 желтоқсан күні ғана Алматыға қайтуға мүмкіндік алдық. Сөйтіп мен 24-і күні Алматыға ұштым. Ал, Асекең 25-і ұшатынын айтты. Мұнда ескеретін бір жайт, сол кезде Асанәлі Әшімовты желтоқсандықтарға қарсы қол қойған деп айыптап жатты. Бірақ, Асекең Желтоқсан күндері Алматыда болған жоқ. Себебі, Мәскеуден Алматыға қайтар ұшақтың бәрі тоқтатылғандықтан, ол кісі 25-іне дейін Мәскеуде болды. Бұл факт!

Сөйтіп мен таңғы 4-те Алматыға ұшып келдім. Келсек, аэропорт қап-қараңғы. Әскерилер, омондар қаптап жүр. Бір сұмдықтың болып жатқанын сездім. Содан бастап, Желтоқсан көтерілісін зерттеуге кірістім. "Аллажарға" апаратын алғашқы жол осылай басталды.

Сегізбаевтың қолхаты менде әлі күнге сақтаулы

 - "Аллажар" демекші, сол "Аллажардың” алғашқы сценарийі мүлде басқа болыпты...

- Иә, мен бұл фильмді әу баста Нұрлан Сегізбаевпен бірге түсіремін деп ойлағанмын. Ол менің жақсы досым еді. Екеуміз, 87-жылдың аяғында фильмнің атын шамамен "Аллажар" деп жобалап қойғанбыз. Сөйтіп, бір күні Нұрлан екеуміз жолықтық. Нұрлан бұл тақырыпқа сценарий жазып, бастап кеткенін айтты. Менде де біраз ойлар жүрген. Бірақ, әлі бастамаған едім. Сөйтіп мен оған жазғаныңды алып кел дедім. Оның сценарийімен танысқан соң, бірден "Нұрлан, Желтоқсан оқиғасын бұлай бастауға болмайды" дедім.

- Нұрлан Сегізбаевтың сценарийі қандай еді? Қалай басталатын?

- Онда ауылдан келген бір жігіт қалада жұмыс істейді. Сөйтіп, 17-сі күні арақ ішіп алаңға шығып, полицейдің машинасын өртейді. Алаңда жүріп орыстың бір әйеліне күш көрсетеді. Содан ауылына қашып барады. Онда да өз үйіне бара алмай тауға кетеді. Сонда қар көшкіні болып, әлгі жігіт сонда өледі. Қысқаша осылай. Бірақ, мен ол жерден ешқандай Желтоқсанды көрмедім. Өйткені мен алаңда болдым ғой. Сондықтан Сегізбаевтың позициясы біздің ұлтқа қарсы болды. Оның үстіне Нұрлан "Аллажар" дегенді түсінбей "Аллаяр" деп жазыпты. Менің түзетуіме "соның не керегі бар" дегендей кіжіне сөйледі. Орыс тілді ғой... Одан бөлек, бірнеше жерде екеуміздің ұстанымдарымыз сәйкес келмеді. Сөйтіп, ол "Аллажардан" бас тартамын деп қолхат жазып берді. Сегізбаевтың сол хаты менде әлі күнге сақтаулы.

- Содан кейін, фильмнің сценарийін өзіңіз жаздыңыз... 

- Иә. Мен сценарий жазбас бұрын Ләззат Асанова туралы естіген едім. Сосын бірден Ләззат туралы "Долгое дорога домой" деген эссе жаздым. Сол эссе арқылы "Аллажардың" сценарийін бастадым. Сөйтіп Мәскеуден Александр Лавшин деген драматургты шақырттым.

Лавшин екеуміз Алматының ЖОО-ларын аралап жүріп сол көтеріліске қатысқан қыз жігіттер туралы сұрастыра бастадық. Алғаш барған оқу орнымыз қазіргі Жүргенов атындағы өнер инстуты еді. Сол жерден Әсия деген актриса қызды жолықтырдық. Ол қыз да алаңда болған екен. Сөйтіп Әсияның көмегімен бірнеше желтоқсандықтарды таптық. Сол тапқан қыз-жігіттердің айтқанын қаз-қалпында қағазға түсіріп, соның негізінде сценарий жазып шықтық.

Мұңайтпасова деген апамыз юбкасына тығып КГБ-ның төрт каропка пленкасын берді

- Сіз "Аллажардың" жұмысын бастаған 1988 жыл. Сол кезде билік басында жаңағы Колбин болды. Фильмнің жұмысына кедергі, қысым көп болған шығар?

- Иә. 1989 жылдың маусым айында әртүрлі кедергілердің салдарынан фильмнің жұмыстары тоқтатылды. Бірақ, біз сол уақытқа дейін едәуір жұмыс істедік. Біраз ақиқатқа көз жеткіздік. Алаңда болған оқиғаны түсірген КГБ-ның бейне материалдарын таптым...

Ол кезде барлық пленкалар пленка өңдеу цехында (ЦОП) болатын. Біздің "Қазақфильмдегі" кинопленкалар да сол ЦОП-та жасалады. Оның бастығы Жанна Мұңайтпасова деген апамызбен жақсы араласатын едім. Сол кісі маған юбкасының арасына тығып  КГБ-ның төрт каропка кинопленкасын берген.

Сол кезде КГБ алаңда болған оқиғаны өздері түсірген ғой. Кейін көп жастарды сол кадрлер арқылы ұстады. Бірақ, олар өздері түсіргенімен, пленканы сақтайтын, өңдейтін жер болмаған соң, ЦОП-қа берген. Сол кадрлерді алу үшін Жанна апамыз маған үлкен көмек көрсетті. Мен фильмде сол КГБ-ның материалдарын пайдаландым.

Жанна апа менің Желтоқсан туралы кино бастағанымды білетін. Оның үстіне мен сол жылы "Аллажармен" бірге Шәкәрім туралы деректі фильмді қатар түсіріп жүрдім. Ал, Жанна апамыз сол Шәкәрімнің тікелей ұрпағы.

Мен ол кісіні соңғы рет 2009 жылы "Дом кинода" көрдім.

 Ақан Сатаевты 2 мың жігіттің ішінен басты рөлге таңдап алдым

- Ал, осы фильмде басты рольді ойнаған Ақан Сатаев. Айтыңызшы, Ақан Сатаев бұл фильмге қалай таңдалды?  

- Иә, ол қазіргі өте талантты режиссарлардың бірі. Мен Ақанды "Аллажарға" екі мың жігіттің ішінен таңдап алдым. Ол кезде кастинг деген фотопроба деп аталатын. Мен бұл фильмнің басты рольіне Ақан мен "Балкон" фильмінде ойнаған жігітті қатар қойып қойдым. "Балкондағы" жігіт өте мықты актер болды. Бірақ, оның түрі мен ойлаған кейіпкерге келмеді. Ал, Ақанға тоқтауға бата алмай жүрдім. Өйткені, ол кезде Ақан 10-сыныпты енді бітірген бала еді. Сосын іздеуді жалғастыра бердім. Бірақ, бір жылдан соң Ақан маған қайта келді. Бір жылда едәуір есейіп, жігіт болғанын байқадым. Сөйтіп, қайталап түсіріп көрдім. Актерлығы керемет. Сөйтіп бірден рольге бекітіп, сьемкаға шығып кеттік.

Нұрсұлтан Назарбаев "Аллажарды" екі рет көрген екен

- Осы "Аллажар" фильмін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев көрді ме?

- Көрді. Ол былай болды. Біз 1996 жылдың 17-мамыры күні "Арман" кинотеатрының қос залында (қызыл, көк) "Аллажардың" тұсаукесерін жасадық. Презентация аншлагпен өтті.

Сол тұсаукесерде мен бірінші залда актерларды таныстырып жатқан кезімде, қасымдағы кинотеатрдың директорына киномеханик келіп, "екінші залдағы (көк зал) пленканы президент әкімшілігінен бір кісілер сұратып жатыр. Мұны режиссерға айтпаңыз" депті. Алайда, директор фильмнің авторына айтпасақ ұят болады деп, маған кинодан шыққаннан кейін болған жайтты ескертті. Мен директорға көк залда көрсетілген пленканың бір-екі жері жыртылғанын айттым. Ол бірден "сен Иманғалимен хабарласып пленканы ауыстырып бер, ұят болар" деді.

Сосын мен президент аппаратындағылармен байланысып, "бұл пленканы кім сұратты?" дедім. Олар президент Нұрсұлтан Назарбаев сұратып жатқанын айтты. Мен оларға пленканың жыртылғанын айтып, "менен басқа пленка алыңыздар" дедім. Олар бірден келісіп, 10 минутта барамыз деді. Менің адресімді де сұраған жоқ. Ал, мен жаңадан көшіп барған пәтерді көп адам білмейтін. Бірақ, президент аппаратындағылар дәл 10 минутта үйіме келіп, пленканы алып кетті.

Ол "Аллажардың" тұсаукесерінен кейін, 4-5 сағаттың ішінде болған жағдай.

- Ол кісі фильмді қалай қабылдаған екен? Сізбен өзі кездесті ме? Әйтпесе, жаңағы әкімшілік адамдары арқылы хабарласты ма?

- Жоқ. Бірақ, көмекшілері "Аллажарды" алып кеткеннен кейін екі ай бұл фильм Оның кабинетінде жатады. Ол кезде Назарбаев шет елде жүреді. Сөйтіп екі айлық жұмыс сапарын бітіріп келгеннен кейін, "Аллажарды" көрмек болады. Киноның басшылары Назарбаевтың қасына кеңесші ретінде өз адамдарын жібереді. Талғат Теменов сол кеңесшілердің бірі боп отырады. Тәкеңнің маған деген көзқарасы дұрыс емес еді. Теменовтен бөлек бірнеше адам отырады. Бірақ, Талғат менің фильмдегі қателіктерімді өте "әдемілеп" көрсетеді. Және, "ол Үкіметке қарсы, оппозиционер" деген сияқты әңгімелер айтады. Нұрекең оны тыңдады ма, тыңдамады ма білмеймін, бірақ, көргеннен кейін ол кісі Иманғалиды шақырып алып, "Мен "Аллажарды" екі рет көрдім. Өте жақсы түсірілген. Бірақ, бұл фильмде біраз қысқартатын жерлері бар екен" дейді. Мұны маған Иманғали арнайы кездескенде айтып берді.

"Аллажарды" көтеруге көмектескен - Иманғали Тасмағамбетов!

- Ол кісімен қашан, қалай жолықтыңыз?

- Сол тұсаукесерден екі айдан кейін. Біз Бішкекке барар жолда, көлдің жағасында Мұхтар Шаханов ағамыздың туған күнін тойлап отырғанбыз. Сол жерге қара көлік келіп тоқтады. Келе салып: "Қалеке, жүріңіз" деді бір кісі. "Қайда" деп едім, "Сізді вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов күтіп отыр" деді. Мен: "Кешіріңіздер, біз мұнда Мұхаңның туған күнін тойлап жатыр едік. Мен қазір Мұқаңды, Желтоқсандықтарды тастап кетсем ұят болады ғой. Кейінге қалдырсақ қайтеді" дедім оларға өтіне қарап. "Вице-премьер Сізді жедел жеткіз деген! Дайынсыз ба, дайын емессіз бе, біз оны білмейміз. Жүріңіз! Имекең күтіп отыр" деді.

Сөйтіп, Үкімет Үйіндегі Иманғали Тасмағамбетовтың кеңсесіне келдім. Екеуміз стол басына жайғастық.

Мен Иманғалиға:

-Имеке, кешіріңіз, үсті басым шаң, бүгін Сізбен жолығуға дайын емес едім,-дегенімде, ол:

-Оқасы жоқ, Сіздер өнер адамдарысыздар ғой, -деді.

Сөйтіп Иманғали Тасмағамбетов маған:

-Қалеке, фильміңізді көпшілік жақсы қабылдап жатыр. Бұл фильмді келешекте мемлекеттік сыйлыққа ұсыну ойымызда бар. Президентіміз де "Аллажарды" жақсы бағалады. Бір емес, екі рет көріп фильмді ұнатып отыр. Бірақ, бұл фильмде біраз қысқартатын жерлері бар екен дейді.

Сосын, Имекең маған фильмді қысқарту туралы президентіміздің кеңесі жазылған қағазды көрсетті.Онда Нұрекең фильмде алып тастауға тиіс кадрлердің тізімін беріпті.

Мен қағаздағы жолдарды қарап шығып, ол кісіге:

-Сіз өзіңіз айттыңыз, Нұрекең фильмді ұнатып отыр деп. Фильм несімен ұтымды? Өйткені, көрермен қуанатын жерде қуанады, мұңаятын жерде мұңаяды. Намысы оянған кезде, рухы көтеріледі емес пе?! Сондықтан, Имеке, қысқартуға менің батылым бармайды, деп, қысқарту туралы көрсетілген қағазды Иманғалидың алдына сырып қойдым.

Имекең біраз үнсіздіктен кейін:

-Ойланып көріңіз...- деді маған. Қағаз екеуміздің ортамызда қалды.

Ал 10 мамыр күні Президент әкімшілігінің ішкі сыртқы саясатындағылар мен КГБ МВД ның адамдары көрді. Сол кездесуде Уәлихан Қалижан ағамыз да болды.

Қажыгелдин "Аллажарға" бірден қарсы болған адам

Шын мәнінде маған "Аллажарды" көтеруге көмектескен - Иманғали Тасмағамбетов. Имекең сол кезде Қажыгелдиннен кейінгі үшінші адам ғой. Бірақ, Қажыгелдин "Аллажарға" бірден қарсы болған адам. Ал, Имекең сол кезде Қажыгелдинді айналып өтіп Назарбаевқа тікелей шығыпты.

Жалпы, Иманғали қазақ саясаткерлерінің арасындағы еліне жанашыр азамат. Өзім оның еңбегін жоғары бағалаймын. Ол 2006 жылы Желтоқсанға 20 жыл толғанда да, бізге көп көмегін тигізді.

Әрине, сол жылы болған Шаңырақ оқиғасы Имекеңнің үлкен қателігі болды. Мен ол кезде Иманғалиға тікелей қарсы шықтым. Сол оқиғада менің досым Арон Атабек сотталды ғой. Мен оның қоғамдық қорғаушысы болдым. Бірақ, сол қарсы шыққанымда көмекшісі Аида Балаева "Сіз бекер істедіңіз. Ол кісі сізді жақсы көреді" деді.

Ресейдің түпкі мақсаты - бүкіл түркі мемлекеттерін құрту!

- Қазір біз сол Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызын егжей-тегжейлі түсіне алып жүрміз бе, осы?

- 1986 жылы Мәскеу Колбинді таққа әкелу арқылы шын мәнінде қазақсыздандыру саясатына тікелей кірісті. Меніңше, Ресейдің әрідегі түпкі мақсаты - бүкіл түркі мемлекеттерін құрту. Себебі олар пантүркизмнен қорықты.

Өйткені мұның алдында КСРО құрамындағы түркі елдеріне эксперимент жасап көрген болатын. Сөйтіп, "Узбекское дело",  "Кыргызское дело" басталып кеткен еді. Енді олар біртіндеп Қазақ мемлекетіне шабуылды бастады. Бірақ, оған қазақтар басқаша мінез көрсетті.

Менің ойымша, Желтоқсан көтерілісі дегенде осы бір түпкі мәніне бойласақ, бұл көтерілістің маңызы бұрынғыдан да арта түседі. Сондықтан біз бұл көтерілістің түркілік түп тамырына әлі бойлай қойған жоқпыз.

- Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?

- Ең әуелі өз арымның алдында таза болғым келеді. Екіншіден, ер азамат болғаннан кейін намыс деген ұғым мен үшін өте қастерлі. Біздің қазақтың азаматтары сертіне берік, батыл болған. Оны Желтоқсанда көрдік қой. Сосын, өз жұмысыңды тиянақты істеп, өзіңнен кейінгі ұрпаққа жақсы із қалдыру.

Болатхан Тайжан ағамды сағынамын

- Кімдерді сағынасыз?

- Мен қазақтың белгілі тұлғаларымен көп араластым. Болатхан Тайжан деген ағамыз болды. Ары таза, саясатта алдыңғы қатарда жүрген тұлғаларымыздың бірі еді. Ол кісі осы үйде талай қонақ болды. Маған көп ақыл-кеңесін айтқан. Мен кейде сол кісіні сағынам.

Сосын Мәскеуде білім берген ұстазым Юрий Николаевич Озеровты сағынамын. Ол кісі маған әкемдей жанашыр болды. Бір қызығы ол кісінің айтқанының бәрі менің өмірімде тура келді. Бірақ, мен ұстазымның ақылдарын аса тыңдамадым.

Өз тілінде сөйлемеген адам рухани мүгедек!

- Сіз кешірімшілсіз бе?

- Мен ешкімге ренжімеймін. Бәріміз адам баласымыз. Өкінішке қарай, қазақ киносында жүрген кейбір кісілердің маған жасаған кедергілері көп болды. Оларға әріптес ретінде ренжитінім рас. Бірақ, адам ретінде ол азаматтарды да түсінемін.

-Тәуелсіз Қазақстанның жастарының бойынан сонау Желтоқсан жастарының қайратын көресіз бе?

- Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліне қырын қарайтын жастарды байқап қаламын. Өзінің тілінде сөйлемеген адам рухани мүгедек болады. Олардан ештеңе күте алмайсың.

Бірақ, біздің қазіргі үмітіміз Димаш Құдайберген сияқты жастар болып тұр. Димаш біздің рухымызды көтеріп, абыройымызды асқақтатып жатыр. Мен осындай елін сүйетін жастарға сенемін!

- Риясыз әңгімеңіз үшін көп рахмет аға...

- Өздеріңе де рахмет!

Әңгімелескен Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5180