Кеңес отырысында Қазақстан президенті елде парламенттік оппозиция институты қажет екенін айтты. Ол үшін, үкіметке тиісті ұсыныстар мен заң жобасын әзірлеп, парламентке енгізуді тапсырды.
- Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты баламалы көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек.
Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуге атсалысты.
Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың басы емес, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет, - деді Тоқаев.
Президент ол үшін басқа партия өкілдері парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымын иелене алатындай жағдай жасау керек екенін айтты.
Президенттің айтуынша, бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.