Сенбі, 23 Қараша 2024
Бір сауал 5610 6 пікір 24 Желтоқсан, 2019 сағат 15:16

Семейді дамыту үшін «мәртебе» берілуін күту міндет пе?

Өткенде Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының жетекшісі Азат Перуашев Семейге «ерекше маңызы бар қала» статусын сұрап, Үкіметбасы Асқар Мамин мырзаның атына үшбу хат жазды. Перуашевтың бұл ұсынысы ақпарат құралдарында жарияланды. Жұрт оны әжептәуір талқы қылып, көпшілігі қолдап жатты.

«Кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізіп, иісін танытқан, Абай  рухының ордасы - Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймыз. Біздің ойымызша, Семей қаласы - ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан, оған ерекше мәртебе беру жөнінде Мемлекет Басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», деген еді ұсыныс хатта.

Азат Перуашев бастаған депутаттар тобының бұл ұсынысын біз де хош қабылдап, құп көрдік. Президент пәрмен беріп, келер жылы еларалық ауқыммен атап өтетін Ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында, Алаштың астанасы болған Семейге – республикалық, онда да «ерекше маңызды қала» дейтін дәудей мәртебе сұралуы керек-ақ еді. Сұралды да. Сұраған – Азат Перуашев пен «Ақ жол» депутаттары. Басқаларының бас шаруасы басқада болды ма, әйтеуір, Семейдегі жұрттың жара-қотыр жағдайына тікелей қатысты бұл мәселеде өзгелерінің үнін естімедік...

Жә, әңгімеміз ол емес. Семейге арнайы мәртебе керек пе? Болса, ол қандай мәртебе болуы керек?

Семейдегі ішкі еңбек миграциясы...

Семейде қазір 320 мыңнан астам халық тұрады. Сол 320 мыңның 72 пайыздан көбі қазақтар дейді ресми статистика. 70 пайыз қазақтілді қала дейді және. Бізше болса, Семейдегі қазақтар мен қазақтілділер саны бұдан едәуір көп. Шамамен 80-85 пайыздың төңірегінде болса керек-ті. Мақұл, ресми сандармен сөйлейік...

1997 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен Семей облысының территориясы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының құрамына қосылды. Енді мына деректі қараңыз... Тәуелсіздік алған 1991 жылы Семейде халық саны 345 мыңға жуық болса, 1999 жылы 269 мың, 2005 жылы 273 мың, 2010 жылы 301 мың, 2015 жылы 313 мың, қазір 320 мың адам екен.

1991 жылмен салыстырып сөйлесек, 28 жылдың ішінде Семейде адам саны 25 мыңға кеміген. Бұған әсер ететін өлім-жітім факторы бар екені, рас. Десек те, Семейдегі халық санының кемуіне себеп болатын негізгі факторлардың бірі – ішкі еңбек миграциясы екені жасырын емес. Ел-халықтың күйбең-тіршілігінің жағдайы, жұмыссыздық пен қаланың, қала халқының экономикалық тұрмысы – ішкі миграцияға ықпал етпей қоймайтыны қисынды.

Әлгінде, қаланың қазіргі түр-сипатын, «Семей облысының орталығы бұзылған қаланы Өскеменге қосқаннан кейін тарихи мекеннің сиқы бұзылған. Жастар арасында жұмыссыздық көп. Жолдары шұрық-тесік. Аяқ бассаң ломбард, букмеккерлік кеңсе, шағын несие беретін ұйымдар...», деп сипаттапты «Еуразия» арнасы. Бұл да жаңағы біз айтып отырған мәселенің нақ өзі. Көп сөзді көбігі шыққанша сапыра бермей, бірлі-жарым мысал айтайық...

;feature=emb_title

Жабылып қалған жұмыс орындары һәм жалақы дауы

2019 жыл. 130 жылдық тарихы бар Семей тері өңдеу комбинаты банкрот болды. Жабылды. 200 адам жұмыссыз қалды.

2019 жыл. «Семей су» кәсіпорыны сатылымға шығарылды. 1996 жылы ашылған кәсіпорынға бүгінге дейін 100 миллион доллар инвестиция салынған. Кәсіпорында 2200 адам жұмыс жасаған. 2005 жылы кәсіпорын жұмысы тоқтаған. Оның басшылығы салықтан жалтарған үшін айыпталып, 7 жылға сотталған. Ал кейін бұл зауыт қарызын қайтара алмағаны үшін банктің меншігіне берілген.

2018 жыл. Семейдегі «Теплокоммунэнерго» МКК 1300 жұмысшыға жалақа бере алмай, қарыз болғаны ақпаратта жария болды. Қарыздың жалпы сомасы 149,8 миллион теңге болған, сол кезде.

2018 жыл. «Семей ет комбинаты» ЖШС өз еңбеккерлеріне 31,8 миллион теңге қарыз болған. Бұл 388 адамның жалақысы. Кейін құзырлы органдар арақасқаннан кейін, қарыз сомасы 14 миллионға дейін азайған.

2018 жыл. «Қазэлектромонтаж-С» АҚ 115 жұмысшыға жалақы төлей алмаған. Қарыз сомасы 62 миллион теңгені құраған.

2018 жыл. «Жаңа-Семей шпал зауыты» ЖШС банкке берешек болып, салдарынан 57 жұмысшы жалақысыз қалған. Қарыз сомасы 24,8 миллион теңге болған. Кейін құзырлы органдар араласып, мәселе шешілген. Айта берсең, мысал көп...

Ірілі-ұсақты кәсіпорындар – қала тұрмысына қан жүгіртудің, оны дамытудың, елді жұмыспен қамтудың негізгі құралы екені түсінікті. Жоғарыда, біз Семейде 2018-2019 жылдар аралығында қаржылық қиындыққа ұшырап, жұмысшыларға жалақа төлей алмай қалған бірлі-жарым кәсіпорынды мысал етіп айттық.

Семейді дамыту үшін оған статус берілуін күту міндет пе?

Мәселе статуста ма? Рас, Семейді дамыту үшін міндетті түрде оған арнайы статус берілуін күту керек пе? Немесе алда-жалда арнайы статус берілмейтін болса, Семейді дамусыз қалмақ па?  Бізше болса жоқ. Семейге арнайы статус беру мәселесі қазақ қоғамында алғаш рет талқыланып отырған жоқ. Семейді қайтадан облыс етіп құру, қаланың атауын ауыстыру мәселелері БАҚ-та бұған дейін де жазылды. Дұрыс-ақ!

Мақұл, Семейге республикалық статус берілсін делік. Алайда, ондағы кәсіпорындарға, ел қазынасына салық төлейтін өндіріс орындарына жергілікті және республикалық бюджеттен қолдау болмаса, шағын және орта бизнес өкілдеріне, жеке кәсіпкерлерге, шаруашылықтағы жұртқа жағдай жасалмаса, жаңа жұмыс орындары ашылмаса, жұрт баяғыдай күнкөріс қамымен басқа қалаларға кететін болса, ендеше жаңағы  – республикалық статустан пайда не?

Бұл мәселенің екінші жағы. Республикалық статус беріп қою – көңіл жұбатар, күшті-ақ, жұмыс. Алайда, Семейді дамыту – статус беру ісімен шектелмейтіні тағы рас. Статус беру – елдегі онсыз да көп шенеуніктің санын және көбейтуге ыңғайлы екені тағы бөлек мәселе. Әсілінде, қалаға «ерекше көңіл» бөлу – шенеуніктердің санын көбейтіп, олардың айлығын өсіру үшін жасалмауы керек-ті. Әуелі халықтың тұрмысын түзеу үшін нақты жұмыстар қолға алынуы керек. Қаланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, жолдарды жөндеу т.б. бірқатар кезек күттірмес шаралар қолға алынуы, ол үшін Үкіметке арнайы «Семей қаласын дамыту бағдарламасы» ұсынылуы керек-ақ. Яғни нақты іс-жоспар керек.

Іс-жоспар демекші, биыл Семейге арнайы барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңына дейін «Семейдің даму бағдарламасы - 2025» жоспарын түзуді тапсырған еді. Ендеше, сол арқылы субвенцияны көтеруді талап қылу керек.

Үкіметтен көзбояушылық пен формалды бюрократия емес, нақты істер талап етілмей, өңірде өзгеріс болуы екіталай. Нақты іс. Ол – мектептерге, денсаулық сақтау мекемелеріне тиісті қаражат бөліп, қаладағы авто және жаяу жүргіншілер жолдары мен тұрғын үйлерді қайта жөндеуден өткізу, заман талабына сай тұрғын үйлер салу, қаланы жылумен және арзан электр қуаттарымен қамтамасыз ету, спорт және мәдениет сарайларын салу т.б. шараларды жүзеге асыру деген сөз.

Бастамашыл топ Семейге статус сұрағанда келер жылғы Ұлы Абайдың 175 жылдығына орайластырған екен. Рас, Семей – Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды туған қала. Алаштың астанасы болған – Алаш қаласы.

Сандарға көз сүзсек, Семейдің жылдық бюджеті 30 миллиард теңгенің төңірегінде екен. Ал келер жылы Абайдың 175 жылдығын республикалық масщтабта атап өтуге байланысты, бұл сома аз-маз ұлғайыпты. 49 миллиард теңгені құраған. Бізше болса, Семейді дамыту үшін бұл бір жыл жеткізіксіз. Түйін сөз. Семейдің тұрмысын түзу ісі – оған арнайы статус берілуін күтіп қалмауы керек! Ендеше, Семейге статус сұрау ісі – шенеуніктерді көбейту емес, қалаға бөлінетін қаржының сомасын көбейтуден басталғаны жөн-ақ!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5385