Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
4603 4 пікір 27 Желтоқсан, 2019 сағат 12:54

Парламент педагог мәртебесі туралы заңды қабылдады

Сенат отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстырған білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құжат еліміздің Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында әзірленгенін және педагогтердің құқықтарын кеңейтуге, оларды өздеріне тән емес қызметтен босатуға, жүктемені азайтуға, мұғалім мамандығына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталғанын, жұмыс істейтін мұғалімдерді материалдық тұрғыда ынталандыру тетіктерін, сондай-ақ жастарды педагог мамандығына тарту мәселелерін көзделіп отырғанын атап өтті.

Құжатта жұмыс берушінің еліміздің еңбек заңнамасына сәйкес педагогке кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі ережелер бекітіледі.

Бұл ретте, педагогке еліміз заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәсіптік міндеттермен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға; одан білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етуге; заңдарда көзделмеген тексерулерді жүргізуге; оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі міндет жүктеуге; мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының педагогтарын олардың кәсіби қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік емес ұйымдардың шараларын өткізуге тартуға тыйым салу арқылы түсетін жүктемені қысқарту жөніндегі нормалар нақты белгіленген.

Заң жобасының ережелерімен педагогтарға әлеуметтік кепілдіктер, оның ішінде: ұзақтығы 56 күнтізбелік күн төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы; педагогтардың балаларына мектепке дейінгі ұйымдарда тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезекте орын беретіні белгіленген.

Сенатор Бақытжан Жұмағұлов педагог мамандығының артықшылықтары туралы шынайы, қызықты мақалалар мен фильмдердің жетіспеушілігіне білім министрінің назарын аударды. «Педагог мамандығын насихаттау бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажет.  Педагогтарға арналған бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын қайта жалғастыру керек. Ол үшін бүгінде қандай жұмыстар, оның ішінде қандай заңнамалық тетіктер қажет екенін ойластыру керек», - деді сенатор. Б.Жұмағұлов сондай-ақ жоспарланған жаңалықтар, білім беру жүйесіне енгізілетін жаңа әдістер бойынша қоғамдық талқылау жүргізу қажет деп санайды.

Сенаторлар жан-жақты талқылаудан кейін педагог мәртебесі туралы заңды және оған ілеспе құжатты қабылдады.

Сенат отырысында заңнамаға Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, кредиттеу және білім беру мәселелері бойынша түзетулер екі оқылымда қаралып, қабылданды.

Түзетулерді таныстырған ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, заң жобасы Қазақстан Республикасы Президенті Жарлықтарының жекелеген тапсырмаларын іске асыруға және:

- Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы;

- фискалдық орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының түсімдерін жергілікті бюджеттерге беруге;

- Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі мен Қазақстан Республикасы «Сырбар» сыртқы барлау қызметіндегі қайта ұйымдастыруға;

- 90 күн өткеннен кейін мерзімі өткен кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша қызмет көрсеткені үшін екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл), комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге және талап етуге тыйым салуды белгілеуге;

- республикалық маңызы бар қалалар мен астананың құзыретін кеңейтуге;

- білім беру мекемелерін басқару және бюджеттік әкімшілендіру міндеттерін аудандық деңгейден облыстық деңгейге қайта бөлу мәселелерін шешуге арналып әзірленгенін хабардар етті.

«Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізу ұсынылып отыр, оған сәйкес жастардың кадрлық резервіне алынған адамдар «А» және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тиісті іріктеусіз ие бола алады», - деп атап өтті сенатор Сергей Плотников.

Сенаттың баспасөз қызметі

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1977