Қазақстан дағдарысты еңсере ала ма?
Қазіргі елдегі экономикалық дағдарыс кезінде “Субсидия халық шаруашылығында жұмыс істейтін жұмыскерлерге, болмаса “экономикалық талдауды күтіп отырған кәсіпорын басшыларының қалтасына беріле ме?” — деген сауал төңірегінде қатты ойлануға тура келеді. Қазақстанда сонау КСРО кезінің өзінде дәл қазіргідей қаржылық-экономикалық дағдарыс болған жоқ-ты.
Рас, сирек болса да табыссыз кәсіпорындар болатын. Өзім Қазақстан түсті металлургия министрлігінде қызмет істегендіктен, сол кездегі біраз жайдан хабарым бар. Мысалы, Павлодар тотықты топырақ зауытында (ПАГЗ), Балқаш тау-кен-металлургиялық комбинатында Лондонның кінәсінен мысқа деген баға төмендетілсе, ПАГЗ-да жұмысты қайталаушылық орын алған еді. Кешенді комиссия бір ай бойы мұқият тексеру жүргізіп, ақыры осы себептің сырын ашу арқылы кәсіпорындағы 300 адамды қысқартып, соның арқасында зауыт қайтадан табысты болғаны әлі есімде. Олай болса, қазіргі күні де талдау жасаған кезде (аудит, экспорттық комиссия, т.б.) тексеру қорытындысына сүйене отырып, кәсіпорындар мен белгілі бір шаруашылық салаларында экономикалық және қаржылық дағдарыс шын мәнінде орын алып отыр ма, жоқ па, соны негіздеп, дәл анықтап алған жөн. Біріншіден, Елбасы бастаған билік бұқара халық пен кәсіпорын ұжымдарына дағдарысқа қарсы бағдарламаны іске асыру үшін кімнің жауап беретінін алдын ала хабарлап, қалың жұртшылық экономиканың қандай салаларында жағдай ауыр екенін, оның салдары қандай болатынын біліп отыруы тиіс. Егер біз: “Халықты демократиялық басқару —халық арқылы халық үшін жүзеге асырылуы тиіс” (автор),— деп түсінсек, халықтан тұратын қоғам мүшелері ештеңемен ісі жоқ, дарынсыз тобыр болмауы қажет. Себебі, ұлы дағдарыс осы дағдарысқа дейін мемлекеттің экономикалық тұрақтылығының кепілі болған үлкен шығынды — капиталды талап етеді. Екіншіден, кешенді комиссия тау-кен өнімдері өндірісі саласында істейтін барлық шетелдік инвесторлар мен өндірістік кәсіпорын басшыларын тексеріп, олар басқарып отырған өндірістік салалар шынында да экономикалық дағдарысқа ұшырап отыр ма, оның себептері мен факторлары қандай, ол кімнің кінәсінен болып отырғанын, яғни: Үкіметтен бе, корпорация иә фирма басшыларынан ба, ескірген құрал-жабдықтардан иә бөлінген қаражаттың жетіспеушілігінен бе, еңбекті нашар ұйымдастыру мен ауыр еңбек жағдайынан ба, “шикізат-зауыт-байыту фабрикасы” маршрутына шығынның көп шығуынан ба, солардың бәрін анықтап, тиісті қорытынды шығаруы керек. “Кәсіпорын — банкрот, Қазақстанның экономикалық саласының бәрі дағдарысқа ұшырады”,— деп ұрандату шетелдік инвестор үшін оңай. Олар мұны алдымен экономикалық, қаржылық, адамдық, экологиялық, транспорттық, шикізаттық ресурстар тұрғысынан дәйектесін. Осылай етсе, Үкіметтің столына ұжым қол қойып, АҚ иә фирма мөрі басылған меморандумды қойып, өздерінде капитал жоқ болса, биліктен сонда ғана көмек сұрауға болады. “Взгляд” газетінің 1.01.09 санында жарияланған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, республикада 25 кәсіпорын толық тоқтаған екен. 72 мыңнан астам адам мәжбүрлі демалыста жүр немесе толық емес жұмыс күні режимінде еңбек етуде. Елдің ең басты байлығы ақша, тіпті ресурстар да емес, адам мен оның тіршілігін қамтамасыз ететін өнеркәсіптік өндіріс десек, артық айтқандық болмайды. Ақша құнсыздануы мүмкін, ал, ресурстарды өнеркәсіптік өнімдерге айырбастауға болады. 70 жылдары Батыс елдері (Бразилия, Германия, т.б.) өнеркәсіптік өндірістерін жедел ел сыртына шығара бастады. Бұл белсенділік Батыстан емес, “салық гавані” саналатын Багама, Бермуд, Виргиния, Кайман аралдарында орналасқан оффшорлық фирмалар мен трансұлттық корпорациялардың “жыртқыш” басшыларынан туындаған еді. Бұл Батыс жұртын шошындырмай тұра алмады. Сол себепті де жаһандануға қарсы қозғалыс ең алдымен осы Батыс әлеміне кең тарай бастады. Бұл жүйе құрып барады, бірақ, оны неге екені белгісіз, тек қазақтар ғана жиі айтады. Мен АҚШ пен Батыстың, басқа да өзара бір-бірімен байланысты капиталистік, дамушы және Еуропа елдерінің экономикасын құлдыратып, әлемдік қаржылық жүйені күйреуге алып келген нақ осы жүйе деп есептеймін. АҚШ-тың қазіргі сыртқы қарызы триллион долларды құрайды.
Инвесторларга талапты қатайту керек
Қазақстандағы тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу өнеркәсіптерінің 80 пайызға жуығын шетелдік инвесторлар басқарады. Нақ солар Монако, Панама, Бермуд, Виргиния, Кайман аралдарында орналасқан трансұлттық компаниялардың өкілдері “жыртқыштық оффшорлық салықтық гавань” арқылы Қазақстаннан өндірген тауарларды сыртқа тасиды. Мұндай шағын мемлекеттердің жері бұрынғы колонияда болған не дамыған елдерден азаттық алып, өзін-өзі басқаратын территорияға айналған елдер (мысалы, Лихтенштейн, т.б.) болып табылады. Бұл кезде пайданы тауарды нағыз тұтынушылар әлемдік бағамен солардан сатып алатын еншілес кәсіпорындар көреді. “Үшінші әлемнің” үлкен пайдасы “ана” компаниялар бойынша бөлінеді. Қазақстандағы шетелдік компаниялар дәл осылай жұмыс істейді, оған күмән келтірмесе де болады. Іскер адамдар мен өндірісшілер 1990-1992 жылдары Қазақстанға Сэм Кислинг, Марк Цейтлин, ағайынды Рубендердің қалай келгенін жақсы біледі. Бірақ, олар 1997 жылы Н.Назарбаев “Қазақстан алюминийі” АҚ-ы мен “Қазхром”, “ССГПО”, “Евразиялық корпорация” АҚ-ын 120 миллион долларға 3 жылға сатып алуға рұқсат бермегеннен кейін, елден кетуге мәжбүр болды. “Қазақстан алюминийі” АҚ-ының басшысы А.Ибрагимов та олармен жұмыс істеуден бас тартты. Бұдан шығатын қорытынды — шетелдік инвесторларға сенуге болады, бірақ, жоғарыдағы секілді оффшорлық аймақтарда олардың еншілес кәсіпорындары бар-жоғын үнемі тексеріп отыру қажет. Өйткені, мұндай оффшорлық аймақтарда орналасқан еншілес фирмалар мен кәсіпорындар табыс салығын 1-2 пайыз мөлшерінде ғана төлейді, ол жылына бар болғаны 100-150 долларды ғана құрауы мүмкін. Ең бастысы — оффшорлық компаниялар еш түсіндірусіз кез келген валютада шет ел банкінде депозит ашып, төлем ақшаларын ала алады. Оффшорлық бизнес сондықтан да өте тиімді. Олай болса, Қазақстан Үкіметі біздің елімізде жұмыс істеп, миллиондаған, миллиардтаған долларды күреп алып, миллиардер атанған шетелдік компаниялардың корпоративтік іс-қызметін тексеруге құқылы. Біздің өнеркәсіп оларға өз үйлеріндегіге қарағанда, 5-6 есе артық пайда береді. Өйткені, олар үшін ақырғы өнімнің (металл, мұнай, уран,т.б.) өзіндік құны көп көрсеткіштер бойынша анағұрлым арзанға түседі. Біздіңше, бұдан Үкімет үш рет ұтылды. Біріншіден, зейнеткерлік қорды, екіншіден, банкті (акция, несие, т.б.) пайдаланды, үшіншіден, шетелдік инвесторларға салықтық жеңілдіктер жасады. Үш көрсеткіш бойынша субсидиялауға “үйдегі капитал” пайызы кетті. Бұл Атлант-тынық мұхиты аймағында қолданылған тиімді әдіс. Ол инвесторлар тығырыққа тірелген жағдайда ғана жақсы. Бірақ, олардың “аралдардағы” есепшотын кім тексеріпті? Әлбетте, олар үшін Үкіметтің қаржы бөліп, субсидия жасағаны тиімді әрі пайдалы. Қазақстан Үкіметі болса, біздің елде 1992-і жылдары жұмыс істей бастаған инвесторларды 10 жылға дейін салықтан босатты (шет елдерде ол 5 жыл). Десек те, жақында теледидарда Н.Назарбаевтың шетел инвесторларымен кездесуінде Қазақстанда жұмыс жасау барысында олардың естеріне 10 жылға дейін ешбір пайыз салықты төлемегендерін салғаны рас. Сол-ақ екен “Евразийский банктің” басшысы А.Машкевич өзі қызмет істейтін “Қазақстан алюминийі” АҚ өндіріс орнында ешбір адам жұмыссыз қалмай, экономикалық дағдарыстан шығатындықтарына Президентке уәде берген еді. Шын мәнінде, шетелдіктер басқаратын кәсіпорындар ауыр экономикалық, қаржылық жағдайға тап болғанда одан шығудың жолын алдымен солардың басшыларының өздері іздеп, шет елдегі есепшоттарынан өз өндірістеріне ауқымды қаражат аударып, салықтық жеңілдікті ҚР Үкіметінен содан кейін сұрауы керек. Қазір олар Үкіметтен тағы да бірнеше рет субсидия алудың басқа әдістерін ойластыруда. Кезінде Қазақстанның 27 қара және түсті металлургия кәсіпорындарында жұмыс істеген жұмысшылар мен инженерлер аса ауыр еңбек жағдайында еңбектенгендеріне қарамастан, Қазақстанда өндірілетін сирек кездесетін металлдардың 18 пайызын Одаққа беріп отырды. Олар арзанға алуға үйренген. Бүгіндері осы кәсіпорындар өнімдерін сыртқа экспорттайды. Қарапайым жұмысшылар өздері өндірген өнімнің сыртқа қандай бағамен сатылып жатқанынан бейхабар. Г.Марченко доллардың айырбас бағамын 1х150-ге дейін көтерді. Мұның плюсі де, минусы да бар. Плюсі — сыртқа шығарылатын тауарлардың бағасы қымбаттады. Одан түскен доллар ағыны Қазақстан “есепшотына” келіп түседі. Өнеркәсіптік тауарларды сұраныстың жоқтығына байланысты кенет бірде-бір ел сатып алмаса, сонда не істейміз? Бұл да уайым. Өйткені, доллар бағамын көтергенімізбен, тауарларымызды экспортқа жаңа бағамен өткізе алмасақ қалай болмақ? Бұл, әрине, жұмыссыздықтың белең алуына тағы негіз болады. Бұдан шығатын жол қандай? Біздіңше, ол жол — көптеген жылдар бойы іске асыра алмай келген ойларымызды жүзеге асыру, яғни қосалқы еңбек орындарын ашу, жұмысшыларды басқа мамандыққа үйретіп, кәсіпорындарда қосалқы цехтар мен қызмет түрлерін, бюролар мен лабораториялар ұйымдастыру. Ең бастысы — шағын және орта кәсіпкерлікке “даңғыл жол” ашып, оларды 3-5 жылға дейін салық төлеуден босатқан жөн. Біз кезінде шетелдіктерге 10 жылға дейін салықтық жеңілдік бердік емес пе, онда өзімізден неге аянамыз? Үкімет отандық өнім өндірушілердің тауарына баға өспейді деп отыр. Жергілікті өндірушілер ұн, сүт, жұмыртқа, жеміс-жидек өнімдерін шығарса, қалған тауарлардың бәрі Орта Азия мен Қытайдан, Ресей мен алыс шет елдерден әкелінеді, сол себепті олардың бағасы қымбат. Бұл — минус. Мұндай жағдайда жалғыз зейнетақы мен шәкіртақыға қарап отырған зейнеткерлер мен студенттер, жәрдемақыға иек сүйеген қоғамның әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтары қайтіп күн көрмек? Сондықтан, халықтың жағдайын жақсарту үшін Қазақстанда бұрынғыдай егін мен мал шаруашылығын дамытуымыз керек.
Кәкима Нысанова
«Қазақстан Заман» газеті 18 маусым 2009 жыл