Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылады
Бүгін Қазақстан Президенті «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысы аталған мақаласында ұлы ақынның 175 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралар жөнінде атап өтті.
Республика бойынша ұзын-ырғасы 500-ден астам шара ұйымдастырылады. Солардың бірсыпырасы Президент мақаласында айтылған. Енді рет-ретімен жазайық...
1. Ең басты шара - «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция
Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады.
2. «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық конференция
Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.
3. Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылады
Ұлы ақынның шығармалары он тілге аударылып, басып шығарылады. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады.
4. «Абай» телесериалы түсіріледі
Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.
5. Мемлекеттік сыйлық енді «Абай атындағы мемлекеттік сыйлық» деп аталады
Ақын тойына орай Республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналады. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық енді «Абай атындағы мемлекеттік сыйлық» деп аталатын болады.
6. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» құрылады
Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасады. Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отыр.
7. Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады
Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Абай тұлғасын жоғары дәрежеде дәріптеу үшін Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.
8. Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді дамыту жұмыстары қолға алынады
«Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын», делінген Президент мақаласында.
9. Жидебайда «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салынады
Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалатын болады.
Сонымен қатар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру қолға алынады.
«Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу қажет», делінген мақалада.
10. «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі
«1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек», деді Қазақстан Президенті.
Осы және басқа да ауқымды шаралар ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткізілмек.
Abai.kz