Сенбі, 8 Тамыз 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 97829. Жазылғандар — 71609. Қайтыс болғандар — 1058
Жағымды жаңалық 1230 3 пікір 14 Қаңтар, 2020 сағат 14:57

Қарағандыда қай көшелердің атауы өзгерді?

13-қаңтар күні Қарағанды қаласының тұрғындары шаһардағы 10 көшенің атауын өзгерту туралы көпшілік тыңдауға қатысты. Жиында сөз алғандар қала көшелерінің өзгеруін қолдап, дауыс берді,- деп хабарлайды Qrtalyq Qazaqstan сайты.

Қоғамдық талқылауда қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Баян Сейтбекова сөз алып, тұрғындар ұсынысын ортаға салды.

Сонымен Қарағанды тұрғындары:

Ленин көшесін – Абай Құнанбайұлы,

Приканальная көшесін – Сарыарқа,

Кривогуз көшесін – Қасым Аманжолов,

қазіргі Қасым Аманжолов көшесін – Балқантау,

Защитная көшесін – Григорий Потанин,

Зональная көшесін – Александр Затаевич,

Олимпийская көшесін – Нарманбет Төлепов,

Волочаевская көшесін – Камали Дүйсенбек,

Кувская көшесін – Қазыбек Нұржанов,

қазіргі Қазыбек Нұржанов көшесін – Мерей көшесі деп өзгертуді ұсынған.

Қала тұрғындарының басым көпшілігі бұл ұсынысты қолдағанымен, «ескі атаулар біздің тарихымыз» деп сөйлегендер де болды.  Ал кейбір тұрғындар мұндай қадам бюджетке қосымша салмақ болады дегенді де алға тартыпты.

Белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы ұлы Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ақынның атында бір көше болу керек деген ұсыныс айтқан.

Жиын барысында, тұрғындардың бірі әлеуметтік желіде көше атауларын ауыстыруды құптамағандардың саны басым болғанын алға тартқан. Алайда, қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов интернетте жүргізілген сауалнамада дауыс санаудың анық болмайтынын түсіндіріп, жиынды жалғастырған.

Жиында сөз алғандар құжат рәсімдеудегі кедергілер туралы да айтты. Яғни, тұрғындар үйінің, жерінің құжатын ауыстырып әуре-сарсаңға түсе ме? Ол қаражатты кім төлейді деген мәселе қаралды. Алайда, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Сейтбекованың айтуынша, құжат рәсімдеуде еш қиындық болмайды.

- Қазақстан Республикасының «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Заңының 6-бап, 2- тармағында «Жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларының өзгеруі мемлекеттік органдардың шешімі бойынша болған жағдайда, оның ішінде елді мекендердің атауы, көшелердің аты, сондайақ үйлер мен өзге де құрылыстардың реттік нөмірлері (мекен-жайы) өзгерген кезде немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысын реформалауға байланысты кадастрлық нөмірлер өзгерген кезде мұндай өзгерістерді тіркеу құқық иеленушіге жүктеле алмайды және өтеусіз жүзеге асырылады» делінген. Яғни, «көше атауы өзгерсе қаншама қаражат жұмсалады, халық құжат ауыстыру машақатына ұшырайды» деген пікір – орынсыз. Барлық шығынды мемлекет өз мойнына алады. Тұрғындарға құжат ауыстырып, әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Үйдің немесе жердің құжаттары алып-сату немесе басқа адамның иелігіне берілген жағдайда ғана жаңа дерекпен рәсімделеді, – деді Баян Сейітбекова.

Бұл дегеніміз тұрғындардың қалтасына қосымша қаржылық салмақ түспейді дегенді білдіреді. Қаражат көше бойындағы мекен-жай тақтайшаларын ауыстыруға ғана жұмсалмақ. Әрі, ол желге ұшқан ақша емес. Яғни, атауын ауыстыру ұсынылған көшелердегі мекен-жай тақтайшалары ескірген. Олар көше аты өзгерсе де, өзгермесе де ауыстырылуы тиіс. Сондықтан да, «сіз бен біздің салық желге ұшты» деп алаңдауға еш негіз жоқ. Әрі бұған жергілікті кәсіпкерлер де қолдау білдірмек.

Ал, көше атауларына кететін шығынды кәсіпкер, «Нәтиже» компаниясының жетекшісі Ерлан Әшім өз мойнына алуға уәде берді.

Ерлан Әшім, кәсіпкер:

- Сіздер салық туралы айтып жатырсыздар. Мен кәсіпкер ретінде республикалық бюджетке жыл сайын 250-300 млн. теңге, ал, облыстық бюджетке 50 млн. теңге көлемінде салық төлеймін. Егер көше атаулары өзгеретін болса, бұдан да көп соманы төлеуге дайынмын. Көше бойындағы тақтайшаларды ауыстыру шығындарын өз мойныма аламын, – деді.

Сонымен, бір сағаттан астам уақытқа созылған тыңдау барысында барлық тараптың пікірлері тыңдалып, мәселе дауысқа салынды. Зал толы адамның басым көпшілігі көше аттарын өзгертуді қолдап, қолдарын көтерді.

Ал, қалалық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Бексұлтанов жиын соңында бұл тыңдаудың нәтижесі алдағы уақытта қалалық мәслихаттың сессиясында қаралып, бұдан соң республикалық ономастикалық комиссияның қарауына берілетінін, яғни, әлі жан-жақты қаралатынын айтты.

Abai.kz

3 пікір