Сенбі, 28 Желтоқсан 2024
Аңыз Абай 4296 8 пікір 23 Қаңтар, 2020 сағат 14:34

Абай тойы флэшмоб деңгейінде өтпесін десек...

21 қаңтарда Абайдың 175 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі елордадағы «Астана Опера» театрында өтті. «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты мерекелік концертке қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде өтетін мерекелік шараларды ресми түрде бастап берді.

Енді бір жыл бойы еліміздің әр өңірінде ұлы ақынның мерейтойы аясында 500-ге жуық іс-шара өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің есебінше, осы шараларды өткізуге 3 млрд теңге жұмсалады екен. Бұл туралы вице-министр Нұрғиса Дәуешов айтқан болатын.

«Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған шаралар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 3 млрд теңге көлеміндегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді. Мысалы, Абай атындағы Опера және балет театры гастрольдік сапарларына бөлінген жыл сайынғы қаржыны Абай жылына арнап, Мәскеу, Түркия, Қытайға барып өнер көрсетеді», - деді Нұрғиса Дәуешов.

Қазір әлеуметтік желіде болсын, ақпарат құралдарында болсын басты назар осы 3 млрд теңгеге ауып тұр. Адамдардың бәрі Абай тойы аясында қандай игі шаралар өтетініне, ол шаралардың елге қандай пайда беретініне емес, осы бір «азын-аулақ» ақшаны сөз етіп жүр. Бұл жердегі «азын-аулақ» деген сөзді біздің шенділердің бюджет қаржысын жұмсаудағы «тәбетіне» салыстырмалы түрде айтып отырмыз.

Қазақ шенділерінің саусағының ұшы қимылдаса болғаны миллиондар мен миллиардтар «атқа қонатыны» әуелден белгілі. Бас-аяғы екі-ақ күндік жиналысқа (XII Астана экономикалық форумы) республикалық бюджетпен 1,4 млрд теңге жұмсайтын біздің билік, бір жылдық мерейтойға 3 млрд бөліп «сараңдық» танытып отыр бұл жолы. Биыл Дубайда өтетін ЭКСПО көрмесіне 9 миллиард теңге жұмсағалы отырмыз. Оны аз десеңіз, 2017 жылы өз елімізде өткен ЭКСПО-ға бақандай 565,1 млрд теңге бөлінген.

Тіпті бұндай бір реттік шараларды айтпаған күннің өзінде, жыл сайынғы спорттық, мерекелік, мәдени шараларға да миллиардтар бөлініп жатады. Біз бұған дейін Шымкенттегі стадионды қайта жөндеуге 44 млн еуро (18,5 млрд теңге) жұмсалатынын жазған едік. Ал Қостанайдағы шағын жабық алаң - «Тобыл-Аренаны» салуға 4,5 млрд кетті. Футболдан премьер-лигада бақ сынайтын 12 командаға ел бюджетінен жыл сайын 30-40 миллиард теңге бөлінеді. 2018 жылы дәл осы футболшыларға жалақы төлеуге 80 млн еуро (33,5 млрд теңге) жұмсалған көрінеді. Ал елордалық «Барыс» хоккей клубына 2019 жылы 3,6 млрд теңге жұмсалған. Әрі бұл сандар жыл сайын қайталанып отырады...

Сондықтан назарымызды Абай тойына бөлінген қаржыға емес, мерейтой аясында өтетін іс-шараларға аударғанымыз жөн. Әрине 3 млрд теңге емес, 3 мың теңге болса да ел қазынасынан шығып отырғандықтан, оның есебін сұрауға халықтың қақысы бар. Есебін ғана сұрамай, қаржының халық пайдасы үшін жұмсалуын талап етуіміз керек.

«Биыл осы мерейтой аясында 500 ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Олардың ішінде ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар, ғылыми, ағартушылық іс-шаралар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары және өзге де іс-шаралар бар», - деді мерейтойға арналған іс-шаралар туралы баспасөз мәжілісінде вице-министр Нұрғиса Дәуешов.

Вице-министр атап өткен іс-шараларға көз салсақ, көбі көне сүрдек конференциялар мен жаттанды жиналыстар екенін байқаймыз. Әрине бұлардан өзге игі шаруалар бар екенін жоққа шығармаймыз. Бірақ бір жыл бойы бұндай есеп беруге арналған дөңгелек үстелдер мен пайдасы аз пленэрлер өткізуден ештеңе ұтпаймыз. Егер тағы да бұрынғыдай конференциялар мен флэшмоб шеңберінде қалып кетсек, нағыз көк шығын сонда болады. Жастардың жырын жырлай алмаған «жастар жылындай» бар мен жоқтың арасында өте шығады...

Сол үшін ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойында Абайды шын ұлықтауға, Абайды ұлықтай отырып халыққа пайдалы іс жасауға атсалысқанымыз оң. Ол үшін көп болып кеңес айтып, ұсыныс білдіруіміз керек.

Біздің ойымызша, Абай мерейтойының қазақ халқына берер ең үлкен пайдасы - ұлттық идеологияның қалыптасуына әсер етпегі. Ұлтты ұйыстыра алатын ұлық идеяның жоқтығынан, халқымыздың жартысы араб, жартысы орыс, жартысы кәріс болып жүргені жасырын емес. Сол үшін Президенттің өзі ұйтқы болып отырған мерейтойдың арқасында Абайдың ұлы парасатын жалпыұлттық идеология деңгейіне көтеруге күш салу керек.

Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жатқа айтудан жарыс ұйымдастыра бергеннен гөрі, Абайтану курстарын оқытуды қолға алған жөн-ақ. Абай ілімін мектеп қабырғасынан бастап тереңдей үйретудің пайдасы мол. Әйтпесе, ұлы Абай жастардың назарында конференциялар мен мүшайраларда ғана еске алатын ескі ұғымға айналып кетуі мүмкін.

Тағы бір аса маңызды мәселе, ұлы ақын туып-өскен өңірдің ауыр экологиялық ахуалы. КСРО-ның қанды қылмыстарының бірі, қазақтың қасіреті - Семей полигоны осы аймақта орналасқан. Ядролық сынақ алаңына айналған аймақта өмір сүріп жатқан халықтың денсаулық мәселесіне баса назар аудару қажет. Ядролық сынақтан жапа шеккен өңір тұрғындарына көмекті көбейтіп, аймақтағы полигон зардаптарын толықтай жою керек.

Сөз соңында айтарымыз, Абайдың 175 жылдық мерейтойы қатардағы көп мерекенің бірі болып қалмаса дейміз. Мемлекеттік тіл деп сарнағанымызға 30 жыл болса да, тіліміз тұғырына қонған жоқ. Оның басты себебі, нақты шаралар қолға алынбай, заң қабылданбай, конференция-жиналыстар мен арзан ұран деңгейінде қалғандықтан. Егер Абай тойында да нақты іс істемей, бос мақтанға салынсақ, баяғы жартас - сол жартас күйінде қаларымыз сөзсіз. Сол үшін бір күндік шараларды емес, өміршең жобаларды жолға қояғанымыз жөн...

Абай тойында Абай еліне пайдасы тиер іс-шаралар атқарлысын десеңіз, өз ойларыңызды пікір алаңына қалдырсаңыз болады. Немесе ұсыныстарыңызды жазып, біздің сайтымыздың электронды поштасына жолдаңыздар...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2065