Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Ғибырат 11057 31 пікір 21 Қаңтар, 2020 сағат 09:30

Ұлттық мұратты мақсат тұтқан қаламгер

Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, аса көрнекті жазушы, айтулы ғалым Мұхтар Мағауиннің «Менін» оқыған кейбір оқырман оны менмен деп ойласа, қатты қателеседі. Мен дегені менмендік емес, өзгені менсінбеушілік емес, мен арқылы біздің қамымызды ойлау, мен арқылы елді бірлікке шақыру деп түсінген лазым.

Мен – кез келген адамның талантын танытатын философиялық категория болса, ол өзін өзі тану ғана емес, өзін өзгеге де таныту, жекенің мені арқылы көптің мінін көрсету, қоғамдағы келеңсіз көріністердің себеп-салдарын зерттеу.

Күні кеше Бұқар жырау: «Сен бұзау терісі шөніксің, мен өгіз терісі талыспын» десе, Махамбет: «Мен, мен едім, мен едім» десе, оның не өрескелдігі бар. Керісіңше, сол сөздерді айтушының қайтпас-қайсар мінез-құлқын көрсетіп тұран жоқ па?!

«Мен» –ғұмырбаяндық хамса. Бүл автордың ғана емес, қазақ елінің белгілі бір кезеңдегі ғұмырбаяны. Кітаптың; «Қаламға және оның жазуына серт!» деген эпиграфы Құраннан (68 сүре, 1-аят) алынуы да тегін емес. Сөзді «Бисмиллаһ ир-рахман ир-рахимнен» бастаған жазушы мақсаты ақиқатты жеріне жеткізе айту.

«...Менің еншілі өмірім мен таңбалы жазуым. Бастан өткен ғұмырдың көңілдегі суреті. Қаламға ілінген жазудың жүректегі жүгі. Тұтас ғұмыр емес, бедерлі белестер ғана. Бар жазу емес, дертті толғаныстар ғана. Өмір - арқау, жазу - өрмек. Екеуінің тумысы бір - Менің өзім. Мен. Мен… Кіммін? Ешкім білмейді. Өз ұғымым да бұлдыр. Анық ақиқаты: тегім - кісі, дінім - ислам, нәсілім - түрік, ұлтым - қазақ, ұраным - Алаш, есімім - Мұхтар, сойым - Мағауин...» Жазушы осылай дейді.

Жазушы өзінің кім екенін жақсы біледі. Сондықтан да «Менге» жүгінеді. Мен арқылы өтіп бара жатқан баянсыз ғұмырдың қуыс-қалтарысын зерттейді, фәнидің жақсылығы қайсы, жамандығы қайсы, досы кім, дұшпаны кім, соларды ажыратып алу үшін жүрегінің түбіне үңіледі.

«Мен» - қаламгердің өткенге деген естелігі, «Мен» - қаламгердің келешекке деген сенімі. «Мен» - жазушының  наным-сенімі ғана емес, тәні, қаны, жаны. «Мен» оның автопортреті ғана емес, қоғамдағы рухани болмысы, айқын көрінісі. Демек, «Меннің» ішінде мен де, сен де, ол да, барлығымыз да бармыз. Яғни, «Мен» дегеніміз мына біз. Жеткен жеріміз қайсы, тапқан олжамыз қайсы, сүрінген, жығылған кезіміз бар ма – «Мен» соның барлығын көрсететін бейнебаян тәрізді.

Алланың қалауымен, аруақтың аманатымен қолына қалам ұстаған жазушының: «Мен дегенім - өзім, Мұхтар Мағауин. Осылай деп сендім. Қазақ деген - мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен - ұлттық мұрат. Мен - Алаштың жолы» деген жолдарынан оның авторлық кредосын, мақсат-мүддесін көреміз.

«Меннің» бірінші кітабы «Шытырман немесе жазушының жан азабы» деп аталса, екінші кітап «Қия жолдар немесе ғылымдапғы машақат» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай, шығармада жазушы әрі ғалымның ғұмырындағы жаптым жала, жақтым күйе, аяқтан шалу, етектен тарту, жағаға жармасу секілді жағымсыз қылықтар суреттеледі, суреттеліп қана қоймайды, ақиқаты айтылып, лайықты бағасы беріледі. Оқырман жиренетін, тіпті жиіркенетін жайлардың беті ашылады.

Шынында да жазушының тастан емес, қасиетті сөзден қаланған, құламайтын, тозбайтын, өшпейтін, мәңгі жасайтын, қазақ халқының мерейін өсіріп, мәртебесін асыратын алтын сарайын ешқашан да тат басуы мүмкін емес.

Ғабит Мүсірепов («Қазақ әдебиеті» газеті, 1984 жыл, 27 маусым)  «Мұхтар Мағауин қай шығармасында болсын еркін отырады. Тақырыптары ұсақ-ұлаң емес, бүгінгі күніміздің іргелі сауалдарына толымды жауап береді. Атүсті емес, терең жауаптар. Алған тақырыптарын терең зерттеп алатыны байқалады» – деп бағалаған қаламгер қалыпты жүрісінен танған жоқ. Ақиқатты ашып көрсетті, бояма жапсырған жоқ. Шындықты шыңғыртып жазды, жалған қосқан жоқ.  Романдағы барлық хамса автордың өз сөзімен айтсақ; «өшпес ақ қағаз бетіндегі куәлік». Шынында да  «қаламды нық ұстады, қолайын тапты, қиялай шауып, қапысыз сілтеді. Аруақтың аманатын ақтады». Бұл роман жазушының жан азабы ғана емес, тұтас бір дәуірдің келбеті. «Мен» - мен, сіз бен біз  ғұмыр кешкен заманның, сол замандағы қоғамның айнасы.

«Мен» роман-эссесі осымен аяқталды деп ойлайсыз ба? Жоқ! «Меннің» заңды жалғасы тарихи танымы жоғары, дәйекті және дәлелді жазылған «Ұлтсыздану ұраны», «Ғаламат апат шындығы», «Қазақсыз Қазақстан», «Қан төгілді!», «Жер қазақтықі!», «Жармақ», тағы басқа туындылар. Осы шығармалардың барлығында да автордың мені «мен мұндалап» тұр. Тіпті оның кезінде әртүрлі басылымдарда жарық көген «Қол қоя салып едім» секілді мақаласын немесе «Подонок», «Бесінші түлік» секілді әңгімелерін оқысаңыз да ойыңызға «Мен» келеді. Қаламгердің «Естеліктер» кітабында  да барлық образдар «Мен» арқылы ашылады.

Жазушының әр сөзінен терең мағына іздейсің. Әрбір әңгімесінен ел құлағын елең еткізетін жақсы жаңалық, ізгі лебіз күтесің. Мұхтар Мағауинның қанатты сөздері жетіп артылады. Бір ғана мысал келтірейін. Абай айтқан уәжді одан әрі жалғап: «Қазақтың «Жақсылыққа – жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа – жақсылық ер адамның ісі» деген мақалымен келіспеймін. Былай деп өзгертер ем: «Жақсылыққа – жамандық әр адамның ісі. Жақсылыққа – жақсылық ер адамның ісі» – дейді.

Біз көптеген жазушыларды орыс әдебиетінде Гогольдің шинелінен шыққан, қазақ әдебиетінде Би-ағаның (Майлин) шапанынан шыққан деп жатамыз. Осы орайда Мұхтар ағамен Прагада кездескенім есіме түседі. Ағаның иғындағы костюмін Бақытжамал жеңгеміз «жұғысты болсын» деген ырыммен иғыма жауып еді. Өз басым ұлт мүддесі тұрғысынан Мұхтар ағаның шапанынан шыққым келді. Ел арманын Мұхтар аға секілді ұққым келді.

Елге келген соң аға туралы өлең жаздым:

Жем болғанда  кездейсоқ көлдеңенге,
Жақсы сөзге қаталап шөлдегенде,
Сізді таптым.
Ақиқат сөзді таптым
Айызымды қандырған «Мен!» – дегенде.

Бүгінгі ісі ертеңге қайшы келген,
Қазағымды ұстайсың қай шідермен.
Заман болды текелер төрге шығып,
Қойшылардың қызығын тойшы көрген.

Бағынса да Жаратқан жарлығына,
Төбеттердің төзсе де зорлығына,
Байлаудағы қасқыр да өліп кеткен
Шыдай алмай канденнің қорлығына.

Ұлттың рухы атойлар келбетінен,
Бар жазғанын қалдырған елге түгел,
Бағалы сөз санада жүрері хақ,
Жалғыз  қазақ көшкенше жер бетінен.

Ел болмасын елінің ерте сезген,
Шәкәрімдей қайғы ойлап, елден безген,
Айттың. Жаздың. Күйіндің.
Шер байланды.
Алла Сізді сақтасын тіл мен көзден!

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған қайсар ағаға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!  Оның жазғаны көп. Шетінен шедевр!  Таңдай қақтырады. Толғантады, тебірентеді. Жазу мәнері ырза қылады.  Ендігі тілек – Алла денсаулық берсін, алтын қаламы іркілмесін, жазары таусылмасын!

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048