Сенбі, 23 Қараша 2024
Жалқы сұрақ 5381 6 пікір 22 Қаңтар, 2020 сағат 16:03

Келесі елші кім?

Бір айдан аса уақыт өтті. Қазақстанның Ресейдегі елшісі тағайындалған жоқ. Әлгінде ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев елші тағайындау тәртібін түсіндіріп, сөз сөйлепті.

Вице-министрдің айтуынша, елші қызметіне үміткер бар екен. Тек, қарсы тараптың келісімі керек. Қазақстанның Ресейдегі елшісін тағайындау белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асады.  Алайда, үміткерлердің кім екенін Ашықбаев мырза ашып айтпапты. Тengrinews.kz солай дейді.

- Бәрі де агреман алғаннан кейін белгілі болады. Ол Ресей тарапынан сұралады (французша agrément - мақұлдау, келісім). Агреман - бұл іс жүзінде адамды тағайындауға қабылдаушы тараптың келісімі. Сондықтан, барлық әрекеттер белгіленген тәртіп бойынша орындалады,- дейді вице-министр.

Естеріңзге сала кетейік, осыған дейін ҚР Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарған. Ал 2019 жылдың 18 желтоқсанында Иманғали Нұрғалиұлы Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен босатылды. Сыртқы істер министрлігі оның отставкасын өз өтініші бойынша және зейнетке шығу жасына байланысты деп түсіндірген.

Ал, оставкаға кеткен Тасмағамбетовтың орнына Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің кеңесшісі Нұржан Қажыақбаров уақытша тағайындалған. Сыртқы Істер министрі Мұхтар Тілеуберді елші тағайындалғанға дейін Нұржан Қажыақбаровтың осы қызметте болатынын айтқан.

Ресми деректерге көз жүгіртсек, Ресей қазақ Тәуелсіздігін 1991 жылдың 17 желтоқсанында мойындапты. Ал екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылдың қазанынан бастап орнай бастаған. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі де сол 1992 жылы ашылған екен. Қазір Мәскеуде Бас Елшілік, Петербор мен Қазанда Бас консулдық, Астрахан мен Омбыда консулдықтар орналасқан.

Осыған дейін кімдер елші болды?

1994-2002 жылдар аралығында - Тайыр Мансұров,

2002-2003 жылдар аралығында - Алтынбек Сәрсенбайұлы,

2003-2006 жылдар аралығында - Қырымбек Көшербаев,

2006-2007 жылдар аралығында - Жансейіт Түймебаев,

2007-2008 жылдар аралығында - Нұртай Әбіқаев,

2008-2009 жылдар аралығында - Әділбек Жақсыбеков,

2009-2012 жылдар аралығында - Зауытбек Тұрысбеков,

2012-2014 жылдар аралығында - Ғалым Оразбақов,

2014-2017 жылдар аралығында - Марат Тәжин,

2017-2019 жылдар аралығында - Иманғали Тасмағамбетов Ресейдегі елшілікті басқарды.

Қазақ пен орыс географиялық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да жақын қарым-қатынастағы елдер. Кедендік одақ бір бар. Еуразиялық одақ екі бар. Жеті мың шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара тағы бар. Әлбетте, мемлекетаралық дипломатиялық қарым-қатынас елшілерге тікелей байланасты екені сөзсіз.

1994 жылы Мәскеудегі дипкеңсеге алғаш болып барған Тайыр Мансұров еді. Ең ұзақ уақыт елші болған да сол - Тайыр Мансұров. 8 жыл. Үкіметте аз ғана қызмет қылған Ғалым Оразбақовтан басқасының барлығы да елдегі беделді саясаткерлер. Алтынбек Сәрсенбайұлы, Қырымбек Көшербаев, Нұртай Әбіқаев, Жансейіт Түймебаев, Әділбек Жақсыбеков, Зауытбек Тұрысбеков, Марат Тәжин, Иманғали Тасмағамбетов...

Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар бұл қызметке баратын келесі адам кім? Жоғарыда вице-министр нақты үміткердің бар екенін айтты. Ол кім? Кадрлық дипломат па, әлде саяси салмағы бар қайраткер тұлға ма? Келесі елші ұлттық, мемлекеттік мүддені ойлайтын, Ресеймен арадағы қарым-қатынаста тең құқықты саясат жүргізе алатын адам ба?

Иманғали Нұрғалиұлы отставкаға кеткелі де бір айдан аса уақыт өтті. Ресейдегі Қазақстан елшілігіне кім тағайындалатыны туралы нақты ақпарат жоқ. Тіпті, үміткерлердің кім екендіктері де белгісіз... Біздегі жалқы сұрақ - келесі елші кім болады?

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437