Сенбі, 23 Қараша 2024
жазылған жайдың жаңғырығы 11837 53 пікір 23 Қаңтар, 2020 сағат 14:19

«Қабдештің қырық өтірігі...»

немесе Қабдештің шығармаларындағы жалалар:

1. «Орды тауып алып сенсациялық мақала жариялады» дегені – өтірік.

1975 жылы ондай мақала жазғам жоқ, «Ордың бұлағы» туралы «Жайлаудағы жиырма күн» деген шығармамда жорамал жасадым. Бірақ, онымды ешкім елемеді. 

2. «Окоп» деген сөзді мен Орбұлаққа қатысты ешқашан айтқан емеспін. Бұған да дәлелі жоқ.

3. «Орбұлақ шайқасы» тарихта болған емес», -  дейді. Болған орны ғылыми да, іс жүзінде де анықталған.

4. Орны Жаркент өңірінде емес дейді. Бірақ оған ешқандай дәлелі жоқ. Тағы былай дейді: «Ойбай, салқам Жәңгір Белжайлауда алты жүз адаммен-ақ елу мың қалмақты қырып тастапты», деп жүргені осы соғыстар», - дейді /10 - том, 607 бет/. Ешбір дерек те, мен де елу мың қолды түгел қырып тастағанын айтқан емеспіз. 

5. Ондағы ор аң аулау үшін қазылған аран, дейді. Өтірік. Соғыс үшін қазылған.

6. Қонтайшымен соғыс 1643 – жылы Қарқарада өтіпті-міс. Дәлелі жоқ. Ол өзінің 10 томының, 606 бетінде былай дейді: «Ежелден ойраттардың қазақ даласына кіретін дағдылы жолы болған: Ертіс бойы, Еміл аңғары, әйгілі Жоңғар қақпасы немесе Ілені бойлап-ақ тарта берген». Ал енді Жаркент өңірі Іленің бойында емегенде, қай жерде? 

7. Ұлы жүз қолын Қабанбайға Ескелді, ... Райымбек бастап келіпті-міс. Мүмкін емес. Атасы Ханкелді батыр тірі тұрғанда, боз бала Райымбек Ұлы жүз атынан бара алмайды. /«Дарабоз» романы, 2 - том, 454 – бет/.

8. Қабанбай соңғы жекпе-жекке шыққан қалмақтың батыры Арқауыл Қабдеш жазғандай, белгілі батыр емес, белгісіз жас жігіт.

9. Тауасарұлы Қазыбек бек Сүйінбайдың аузына ілікпепті-міс. Өтірік. Сүйінбай айтқан, өлеңі бар, оны Қабдеш оқымаған. 

«Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза атамыз,
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз.
Бөрілі байрақ астында
Ту түсіріп, жау алған,
Қазыбек, Қастек атамыз», - дейді Сүйінбай /Сүйінбай шығармалары, Алматы, 1990, 18 бет/.

10. Жамбыл да Қазыбек бек туралы айтпапты-міс. Ол да өтірік. Ол да атасы туралы Ораз Жандосовқа айтқан өлеңі бар. Қабдеш оны да оқымаған. 

Қ. Тауасарұлы - «халық жауы» Ораз Жандосовтың атасы, 1723 жылдан 1729 жылға дейінгі аралықта Ұлы жүз әскерінің қолбасшысы болған. Өзінің де, Ұлы жүз батырларының да ұзақ жыл бойы айтылмай келуінің басты себебі де сол.

Жамбыл Жабаев «Оразға» деген өлеңінде:

«Қазыбек арғы атаң жауды қуған,
Дұшпаннан бір тайпа елді қорғап тұрған.
Сен дағы бабаңа ұқсап батыр тудың,
Қасына, қаһарланса, қармақ құрған», - дейді /2 - том, 1982, 15 бет/.

Ол аз десеңіз Құлмамбетпен айтысында:

«Түстік жерге тоқтамай,
Орынсыз мылтық оқтамай,
Өтеген, Қазбекке баратын», - деп батыр Қазбекті атайды /1 - том, 1982, 88 бет/.

11. Өмірде Қазыбек бек деген адам болмаған дегенді айтады. Бекер. Баласы Қасқары, немересі Молдабай туралы Бұқар жырау айтып тұрса, қалай ол өмірде болмайды. П. Румянцев те Қазыбек бекпен Өтеген батырдың болғанын өзінің «Верненский уезд» деген кітәбінде жазған  /Санкт-Петербург, 1912/. Қазыбек бектің бейітін өзім барып көрдім. Алматы облысының, бұрынғы Күрті ауданының Ақши деген жерінде өзінің досы Мүйізді Өтеген батыр екеуі қарама-қарсы екі шоқының баурайында жерленген. 

12. Қазыбек бек шапыраштыларды, сол рудан шыққандарды ғана жазыпты-міс. Жала.  Ондай рулық көзқарас оның шығармасында жоқ. Өзі сол рудан шығып отырған соң, сол рудың атақты адамдарын тарихи шындыққа сай жазған.  Егер Тауасарұлының бұл кітәбі болмаса, Орбұлақ шайқасының Жәңгір мен Жалаңтөстен басқа Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай мен Қомпай, Найман Көксерек, Дулат Жақсығұл, Қаңлы Сарыбұқа, әйгілі жырау кіші жүз Жиенбет, Суан Елтінді бабаларымызды, қырғыз батырлары Көтен мен Табайды білмес едік. 

13. Қазақ пен қалмақ ешқашан окоп қазып соғысқан емес дейді. Біздің дәуірімізге дейінгі II – ғасырда құндардың ор қазып соғысқаны қытай деректерінде бар екенін түрік ғалымы, синолог Бахиддин Өгел өзінің «Ұлы Хун империясы» деген кітәбінде келтерген. Демек ор қазу әдісі бабаларымыздан қалған.

14. Орбұлақтың 350 – жылдығына бізді шақырған жоқ дейді. Шақырылды, өйткені үкімет тізімінде болды. Алайда ол айтысып қоймаған соң, мен де шақырдым. «Қабдеш қайда барасың?» /«Жас алаш» газеті, 03.08.2006/ деген мақаламда: «Сен шынында да, тек ақиқатқа көз жеткізгің ғана келіп жүрсе, бір кез мені де тыңдасаң, екеуміз бүйтейік: сен өзің сенетін 5-6 адамыңды, мен өзім сенетін 5-6 адамымды алайық, ішінде тарихшы да, депутат та, демеушілерің мен кітәбіңді шығарушыларың да, мүмкіндіктері болса, сол 350 жылдықта Орбұлақты көрген, қызмет жасаған, сөйлеген, соғысқа, соғысты таңдаған жерге баға берген генералдар, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов пен Бақытжан Ертаев та – бәрі болсын... оларды сен өзің көрген Орбұлаққа, мен өзім «жар салып жүрген» Орбұлағыма алып барайық. Көріп келген соң еліміздің гәзет-журналдарының бетінде солар өз көрген-білгендері мен түйгендерін айтсын. Осыған көнсең, онда тұрысатын жеріңді айт!» дегем. Бірақ ол бармады, жауап та жазбады. 

15. «Әйтседе кейін сол маңды  мен де барып көрдім. Бұл тіпті «окоп қазып» қорғанатын жер емес», - дейді /«Таңғажайып дүние»,   ғұмырнамалық роман, 10 – том, 606 бет/. Өтірік. Барған да, көрген де емес. 

16. «Қазір жауапты кадрлар көбінше президент шыққан өңірден іріктелетін болған» /«Қылкөпір» романы, 11 – том, 373 бет/. Солай ма?

Бір қарағанда, бұл батырлық сыйақты. Бірақ, осыдан ел бірлігі нығая ма, бұзыла ма? Қабдеш үшін бәрібір ме?  Мен Қызылордаға барып: «Неге басшыларыңның ішінде бірде-бір шапырашты жоқ?» - десем, соным дұрыс бола ма? 

Демократиялық мемлекет болған соң, президент жайында өз пікіріңді айта беру дұрыс та шығар. Бірақ: «Өзінен басқаны адам деп санамайтын ұрда-жық мінезінен-ақ қай жердікі екені байқалып тұрған жоқ па?!», - деп бүкіл елге күйе жағуға бола ма? /11 - том, 373 бет/ 

17. Бүкіл тарихқа тек рулық, тайпалық тұрғыдан қарайды. Елдік мүдде ескерілмейді.  

18. «Түп-тұқиянды» Б. Қыдырбекұлы жазыпты-міс. Жала. Сондағы дәлелі кітәптің тілі жиырмасыншы ғасырдың тілі екен. Бес рет көшірілген кітәптің аудармасы кәзіргі тіл болмағанда, қай кездің тілі болмақ. Өзі бармаған, көрмеген жерлерді, адамдарды, сонау Арқадағы кәзіргі қытайға қарап кеткен қара Ертістің бойындағы ұрысты Балғабек қалай дәл жазады. Тауасарұлының кітәбіндегі негізгі тарихи оқиғалар мен соғыстар академик Златкиннің «Джунгарское ханство» деген кітәбіндегі деректермен дәлме-дәл келеді. Демек, Тауасарұлының деректері – тарихи шындық.  

Қабдеш Жұмаділов 10 том, 605 бетте: «Егер қолжазба осыдан елу жыл бұрынғы қағазға, сол кездегі сиямен, елу жыл бұрын жазылғаны анықталса, мен өз пікірімді қайтып алуға әзірмін. Кітапты «тарихи мұра» деп қабылдайық! – деген едім», - депті. 

Міне, уәжке тоқтау, тоқтамау осы арадан анықталады. Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбеков былай дейді: «Мен бұл кәтаптан бір ауыз өтірік таба алмады. ... Бүгінде Қазақстанда екі тарих институты бар. Сол екі институттың тарихшыларын, біздің Қазақ Ұлттық университетінің тарихшыларын, оның ішінде мен де бармын, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің тарихшыларын, осылардың бәрінің басын қосып осындай кітап жазып шық десеңіз жаза алмайды. ... Мұның қолжазбасын мен көзіммен көрдім. Қазір ол қолжазба кітап музейіне өткізілген. 1944 жылы Халметов деген башқұрттың бесінші рет көшіргені»  / «Аңыз адам» жорналы, 2019, № 20 (224), 21-25 беттер/.

Бұл қолжазбаны мен де әлденеше рет көрдім. Қолымда «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» латын әрібімен жазып кеткен әкемнің 1939 жылғы қолжазбасы бар, соның қағазымен Халметов жазған қағаз бірдей, сиясы да сондай.

19. Тауасарұлының:  «Бұқар жаңғалақ сорлы» деген сөзі жоқ.  Ол Қабдештің өз ойы /10 - том, 600 бет/. 

20. Қабанбайды мақтаншақ, ұшқалақ етіп көрсетіпті-міс. Ол да Қабдештің өз ойы. «Ұшқалақ, мақтаншақ» деген сипаттама Қабанбай жайында ол кітәпте айтылмайды.

21. Бөгенбайды да «қолтоқпақтай» деп кемсітеді. Жалған. «Мен оларға – Қабанбайға, Бөгенбайға, Наурызбайға – қазақтан шыққан арыстандар деп қарадым, құрмет тұттым», - деп отырған адам қалай оларды төмендетеді? / «Түп-тұқияннан өзіме шейін», 2019, 323 бет/.

22. Балғабек Қыдырбекұлымен менің арамда «бір одақ бары байқалады» екен. Әлдеқашан өліп қалған кісімен менің арамда қандай одақ болмақ? Жаладан да жаман нәрсе.

23. Хандар мен билерді жек көреді екем. Мені кеңес заманында «Өзендер өрнектеген өлке» деген кітәбінде хандар мен алашордашыларды жазды деп 1987 жылы Жазушылар Одағында талқылағанда, өзі мені жақтап сөйлеген. Сонысын ұмытып қалған-ау, сірә?!

24. Мені рушылдардың қатарына жатқызыпты. Оған дәлелі қайсы? Орбұлақты насихаттаудың руға қандай қатысы бар? Ол бір ғана рудың емес, қазақ мемлекетінің жері емес пе және Орбұлақты сол жерде тұратын Суандар ғана емес, бүкіл қазақтың батырлары қорғамады ма? Мені айамай-ақ қойсын, өз халқын айаса қайтеді.

Қабдеш: «... сөйтсем, Нұрсұлтан Назарбаев – Шапырашты руынан екен ғой. Кітапті шығарушылар да дәл осы жағдайды қалқан ғып ұстағаны көрініп тұр», - дейді /10 - том, 604 бет/. Мен ол кітәпті, шынын айтқанда, Назарбаев үшін емес, Орбұлақ үшін шығардым. Ол менің рушылдығымды да, оған қарсы болу Қабдештің рушыл еместігін де дәлелдемейді.  Әйткенмен, тұңғыш Президент шыққан жерді /«Қылкөпір» романы, 373 бет/ «алтын шыққан өңір» деп әлденеше рет кекету неге жатады? Кәзіргі заманда Президентті сынау үрдісі барлық елде де бар, бірақ, ол шыққан өлкені, өңірді беталбаты жіктеу ешбір елде жоқ. Өйткені, жер, өңір бір адамдікі емес, халықтікі. Өзіне өзі «классик» /11 - том, 446 бет/ деп баға беріп отырған адамға осы пікір лайық па?  

25. Жікшіл депті. Дәлелі қайсы. Қабдешті жақтамағаным жікшілдікке жата ма? Әлде шындықты қорғағаныма жата ма?  Ондай жікшілдіктеуге Қабдештің «Таңғажайып дүние», «Қылкөпір» романдарын оқыған адам қарық болады.

26. Өз руымды жақсы көреді екем. Өз ата-бабасын жек көретін қай қазақты біледі екен, Қабдеш? Бірақ мен өз руымды өзге рудан ешқашан артық қойған емеспін. Бұл күйе жағу.

27. Өзге руды жек көреді екем. Оған дәлелі бар ма екен? Мен барша қазақты үш бауырдан тараған халық деп түсінем. Және оның ғылым жағынан да, шежіре жағынан да өте дәлелді шындық екеніне сенем. «Арыс» деген мақаламда солай деп дәлелдеп жаздым. 

Ал, Қабдеш былай дейді: «Басқа рулар қырғынға ұшырап жатқанда, Шапыраштылар еш қиындық көрмейді. Өйткені, «Шапырашты – аса жауынгер ел. ... жауды қынадай қыруға Шапырашты батырларының өзі-ақ жетіп жатады», -  деп, Шапыраштылар қазақ еместей кекетеді. /Қ. Жұмаділов, 10 - том, 599 бет/.  

Сол кітәптің басқа жерінде (599 бет): «1730 – жылғы Аңырақай соғысында да Ұлы жүз қолына Тауасарұлы басшылық етеді. Бұл соғыстарға Орта жүз, Кіші жүз батырлары мүлде қатыспайды»,  - дегені өте өтірік. Ұлы жүз қолын Ұлы жүзден шыққан Қазыбек бек бастамаған да, кім бастау керек еді? Бұл соғыстың бас қолбасшысы Бөгенбай батыр болғанын, оған ақылшы болып Қазыбек бидің де келгенін, ал  Кіші жүзден Қабай ұрпақтары Тайлақ, Байрақ, Қайрақ батырлардың қатысқанын да Қазыбек бек анықтап жазған. Соның бәрін айтпау, әдейі жасалған жікшілдікке жата ма, жатпай ма, халықтың өзі ажыратады. Мен оны шындықты бұрмалаудың көкесі деп түсінем.  

28. Сөзге, уәжге тоқтамайды екем. Уәж деген - дәлел. Қабдештің қай уәжіне, дәлеліне тоқтамаппын. Жала. Ол ешқашан уәж, дәлел айтқан емес. 

29. Абылай туралы Қазыбек бектің кітәбі табылмай тұрып М. Мағауин құрастырған «Бес ғасыр жырлайды» кітәбінде Бұқар жыраудың былай дегені келтіріледі: 

- Шешеңді және сұрасаң,
Қайда алтынның буы еді?
Оны да мен білуші ем,
Түрікпеннің төрінде
Қашып жүріп күнелткен қара күң еді. /1989, 92 бет/. 

Абылайдың күмәнді тегін осы өлеңнің өзі-ақ айтып тұр. Ал, Бұқардың бұл өлеңі бізге толық жетпеген. Толық нұсқасын жеткізіп отырған – сол кезде жазып алған Қазыбек бек Тауасарұлы. Сол өлеңде тағы мынандай жолдар бар:

- Үйсін Төле бидің
Түйесін баққан құл едің.
Оны да көрген жерім бар,
Жаныс Қарабайдың қолында
Түнде туған ұл едің. 

Қазыбек бек Қарабайдың Төле биге туыстас адам екенін айтады. Сондықтан, бар жаланы Тауасарұлына жаба беруге болмас. Мәшһүр Жүсіп шежіресінде /Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі», 1993, 68-69 бет/ Абылайға қатысты «сарт» деген сөз айтылады. Соның бәрі Абылайдың арғы тегінде бір құпия бар екенін көрсетеді. Оны даумен емес, тек ғылыми жолмен шешкен дұрыс болады. Әбілқайыр ханның Жолбарыспен, Абылаймен араздығының түбінде де осы бір кілтипан жатқан болу керек.

30. Қонтайшы қырғыздарды көшіріп әкету үшін 50 мың қолмен келеді. Өтірік. Ондай дерек ешбір тарихта жоқ. Жәңгір қонтайшыны қырғыздарға бара жатқан жолда тосты  дейді. Өтірік. Әуелі қырғыздарды, Тоқмақты шауып, он мың тұтқын алып, сонан соң қазаққа келеді, оны Жәңгір кәзіргі Орбұлақтан тосады. Барлық дерек те солай.

31. Ор қазылған жердегі соғыс ұзаққа созылды деген дәлелі шындыққа сай келмейді. Бір-ақ күнде біткенін орыс елшісі Г. Ильин 1644 – жылы Тобол әскербасы Р.С. Куракинге анықтап жазған. Ал ол жазба бұл оқиғаның түпнұсқа дерегі саналады. Оған басқаша көріпкелдік жасау – қылмыс. Елді алдау.

32. Жалаңтөс Жәңгірге көмекке қырғыз жерінде келіпті-міс. Олай жазылған ешқандай тарихи дерек жоқ. Г. Ильиннің мәліметтерінде қонтайшы қазақтарды шапты деп анық жазылған. Бұрмалау. 

33. Қарқара жерінде ешқандай ордың, Қабдеш айтқандай, «окоптың» орны жоқ. Оны қайдан алғанын бір құдай біледі. Мұны ол 1993 – жылдан бері жалықпай жазып келеді.

34. «Жас алаш» газетінің сайтында «Түп-тұқиянды» Қ. Тауасарұлының «шапыраштылар туралы» кітәбі депті. Қабдеш бір өзі туралы «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық роман жазса, бір тайпа туралы неге кітәп жазбасқа? Алайда оның айтып отырғаны – жала. Тауасарұлы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қазақ тарихындағы осы зобалаң кезеңді және өз көзімен көргендерін ғана жазған. Ол жағынан бұл кітәп теңдесі жоқ құнды. XVIII – ғасырдың адамын рушыл етіп көрсету үшін, Қабдеш осындай қыянатқа барып отыр. Өзі айтпақшы Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Қазыбек би, Төле би туралы жазып отырған адам, қалайша бір ғана шапыраштыны жазған болып шығады.

35. «Орбұлақ шайқасы» атты телесериалға соншама шамдануын түсіну өте қыйын. Сол фильмнен көріністерді бере отырып, өз мақаласын Самат Құдайберген деген даусы әдемі кісіге оқытыпты. Мақсаты – сериалды да, мені де өтірікші етіп көрсету. Алайда телесериал мен Орбұлақтың шындығын саралап талдау қажет емес пе еді? Кезінде марқұм Қадыр Мырза-Әлі ағамыз «Арқа сүйейтін ақиқатың болмаса, айтысып нең бар?» деп Қабдешке қарсы мақала жазып еді. Қоймайтын адам қоймайды екен ғой. Менімен алысам деп, елінің тарихымен алысқанына жөн болсын! 

Киносериал ғана емес, Орбұлақ жайында роман жазам, Қабдеш. Себебі ол – елімнің тарихи мақтанышы. Ұлы бірліктің ұлы дәлелі. 

36. «Түп-тұқиянды» шығару үшін, Терещенконың өз қолынан фин қағазын «босатып бергені» де Қабдештің кезекті жаласы. Кітәпті шығаруға оның ешқандай қатысы болған жоқ.

37. Кітәпті шығару үшін үкімет қаржы жұмсады деген арыз кезінде ҚР қауіпсіздік комитетіне түсті. Сол мекеменің сол кездегі бастығы Сәт Тоқпақбаевтың тапсырмасымен болса керек, Ақпарат министрі Алтынбек Сарсенбаев менен жауап алды. Он бес миллионды облыс әкімі Сағымбек Тұрсынов, он бес миллионды Панфилов ауданы бергенін айттым. Ол кезде менің туған ауданым еркін экономикалық зона болатын. Алтынбек көзімше С. Тоқпақбаевқа телефон соғып жағдайды түсіндірді де, арызды жапты. 

38. Орбұлақтың 350 – жылдығын мемлекет өзі өткізді. Оған кеткен шығынға «ішім удай ашиды» дейді Қабдеш. 300 үй тікті дейді. 518 үй тігілді. Халықтың қуанышында шек болған жоқ. Тәуелсіздігіміздің тұңғыш мерекесінің бірі еді ғой. Біріншісі Ордабасыда өтті.

39. Орбұлақ, Қабдеш айтқандай, менің «рулық», «жікшілдік» мақтанышым емес, ұлттың мақтанышы. Сондықтан ол жайындағы да тапқаным халық пен тарих қазынасына қосылатын құндылық деп ұғам. Ізденістің арқасында, ол шайқасқа найман Бөдес батырдың, Суан Ұзынмұрат Ұзақ батырдың, Дулат Сырымбет батыр мен қырғыз Бурайкенің де қатысқанын шежіре бойынша анықтадым.

40. Қабдештің айтуынша, орды «таптым!» деп мен ғана қуаныппын. Жоқ, олай емес, бірі Ұлы Отан соғысының, екіншісі Ауған соғысының ардагері, қазақтың қос әскери генералы Сағадат Нұрмағамбетов пен Бақытжан Ертаев та көрді. 

1993 – жылы Орбұлақ басында сөйлегенде генерал Нұрмағамбетовтың дәл қасында 7-8 қадам жерде тұрдым. «Үш жарым ғасырдан кейін де қанды шайқас орнында қазылған ордың айқын іздерінің қалу фактісі қазақ жауынгерлерінің шайқасқа түбегейлі дайындалғандығының айғағы», - деген-ді ҚР қорғаныс министрі. 

«Анау көбең жылқының сауырындай жалтылдап жатқан көкмайсаның арасында бір кезде айлап-апталап бастарын ажалға тіккен ардақтардың жанына түскен жыртықтай, тәніне түскен тыртықтай оқпана шұқырлары әлі жатыр», - деп еді Әбіш Кекілбаев. «Мына жер қонтайшы тұрмақ құдайдың өзіне қыймайтын жер екен», - деп бастап еді ол сөзін, ол арасын газеттер қыйып тастапты. Сүйсінгеннен, тебіренгеннен аузынан еріксіз шығып кеткен сөз еді.

«Соғыс өнеріндегі соны тәсіл», - деп еді соғыс ардагері, жазушы ағамыз Қалмұқан Исабаев. 

Әлденеше барып көрген тарихшы Қойшығара Салғарин Елтінді батыр туралы әңгіме де жазған болатын.

Бүгін енді соның бәрін көрмегендей, білмегендей, бүгінгі жастарға кілең жала мен жалғандықты бірнеше сайт пен бірнеше газетке жария ету Қабдештің қай мақсаты?

Қазақстан Үкіметінің Орбұлақ жеңісінің 350 – жылдығын тойлау жөніндегі ұсынысты ҚР тарих және этнология институтымен бірлесе отырып, Қазақстан Жазушылар Одағы екеуі жасаған болатын. Сол ұсыныс бойынша, Үкімет 1993 жылы 7-інші маусымда қаулы шығарған. Ел мүддесінен гөрі Қабдештің мүддесі қымбат болғаны ма?

«Соңғы отыз жылда жоңғарға қарсы азаттық соғысының негізгі ауыртпалығы Орта жүздің мойнына түскені – тарихи факт. Оған ешқандай дау болмауға тиіс» /Қ. Жұмаділов,10 - том, 581 бет/. Олай емес. Соғыс Балқаштың оңтүстік жағынан басталып, осы жақта аяқталғаны белгілі, ауыртпалықта сол өңірге түсті. Ондағы халық 35 жыл бойы қалмақтың қол астында қалды. Ал, Албан жерінде ол 1770 жылға дейін созылды.   

Қысқасы, Қабдештің қырық (40) өтірігінің сұрқы осы. Осындай өтіріктің бәрі  Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітәбін оқымағандарға арналған. Ал, Қабдештің мақсаты – ол кітәпті басқаларға оқытпау. Себебі, Қазыбек бек – Қабанбайдың қасында жүріп соғысқан адам. Сондықтан, Тауасарұлының жазғандары «Дарабоз» романындағы жалғандықтың бәрін әшкерелейді. 

Бексұлтан Нұржекеев

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

53 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5384