Сағынтаев жасай алмаған жұмыс Маминнің қолынан келді ме?
Ертең Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізетін болды. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.
Сөйтіп, Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Оны Президенттің өзі өткізеді. Өткен жылдың есебі тыңдалады. Экономикалық-саяси ахуал жайы айтылады. Ел-халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы есеп тыңдалады. Атқарылған, атқарылуы тиіс шаруалар талқыға салынады.
Ақорданың мұндай алқа-қотан жиыны өтерде жұрт арасында «Үкімет отставкаға кетеді екен» деген гу-гу әңгімелердің айтылуы әдетке айналғалы қашан... Бұ жолы да. Сол сөз. «Үкімет отставкаға кетеді екен», «Мамин кетеді екен», «Мәсімов келеді екен» т.с.с. Уәжге бірнеше себепті сөз қылады. Соның бірі – көршілердегі ауыс-түйістер...
Ресей мен Өзбекстандағы Үкімет отставкасы
Өткенде, 15 қаңтарда, Ресей президенті Конституциялық реформалар туралы Жолдау жолдап, артынша премьер-министр Дмитрий Медведьев бастаған Ресей Үкіметі отставкаға кеткен еді.
Арада апта өтпей жатып, Өзбекстан Үкіметі де отставкаға кетті. Одан бері орыстар да, өзбектер де премьер сайлап үлгерді. Ресейде Михаил Мишустин, Өзбекстанда Абдулла Арипов премьер-министр болды. Екеуі де ескі һәм жаңа министрлер отрядын жиып, Үкімет жасақтады.
Бұрынғы одақтас елдер арасындағы «Үкімет отставкасы» челленджінің кезегі енді бізге келді ме? Әлеужелідегі әңгімелер солай дейді. Әлгінде орыс телеарналары «қазақтар наурызда сайлау өткізеді» деп әлем жұртқа әңгіме таратқан еді. Енді, міне, Президент Үкіметтің есебін тыңдайтыны белгілі болды.
Сағынтаев отставкасы. Мамин не істеді?
Естеріңізде болса, былтыр ақпанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті оставкаға жіберді. Сағынтаев Үкіметі берілген тапсырмаларды орындай алмады, деп сөкті. Экономика өсім көрсетпеді, ЖІӨ көрсеткіші тек шикізат есебінен жасалды, мембағдарламалар сәтсіз болды, қазынаға табыс түспеді, деді. Сөйтті де Бақытжан Әбдірұлының Үкіметін орнынан алған. Содан кейін, Бәкең аз уақытта бірнеше қызмет ауыстырып жүріп, Алматыға әкім болып келген.
Ал оның орнына Үкіметті басқаруға Асқар Мамин тағайындалды. Сол Мамин Үкімет басқарғанына да жылға жуықтапты. Ертең Асекеңдер есеп береді. Сағынтаев жасай алмаған іс Маминнің қолынан келді ме? Ертең еститін боламыз.
;feature=emb_titleАсқар Ұзақбайұлы Бақытжан Сағынтаев Үкіметінің отставкасынан кейін 21 ақпанда уақытша Үкіметті басқарды. Ал 25 ақпанда ҚР Премьер-министрі болып тағайындалды. Ол 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бергі Қазақстан Үкіметін басқарған оныншы адам.
Осы уақытқа дейін кімдер премьер болды?
1.Сергей Терещенко (1991 жыл 16 желтоқсан – 1994 жыл 12 қазан),
2.Әкежан Қажыгелдин (1994 жыл 12 қазан – 1997 жыл 10 қазан),
3.Нұрлан Балғымбаев (1997 жыл 10 қазан – 1999 жыл 1 қазан),
4.Қасым-Жомарт Тоқаев (1999 жыл 1 қазан – 2002 жыл 28 қаңтар),
5.Иманғали Тасмағамбетов (2002 жыл 28 қаңтар – 2003 жыл 13 маусым),
6.Даниял Ахметов (2003 жыл 13 маусым – 2007 жыл 10 қаңтар),
7.Кәрім Мәсімов (2007 жыл 10 қаңтар – 2012 жыл 24 қыркүйек),
8.Серік Ахметов (2012 жыл 24 қыркүйек – 2014 жыл 2 сәуір),
9.Кәрім Мәсімов (2014 жыл 2 сәуір – 2016 жыл 8 қыркүйек),
10.Бақытжан Сағынтаев (2016 жыл 8 қыркүйек – 2019 жыл 21 ақпан),
11.Асқар Мамин (2019 жыл 21 ақпан – күні бүгінге дейін).
Әрісін айтпағанда анау Ахметовтің Үкіметін жұрт – «Үндемейтін Үкімет» деп атады. Мәсімов тізгінші болған тұста «Мағдыры таусылған Мәсімов Үкіметі» деген баға бердік. Сағынтаевтың Үкіметі қазақ тарихында – «әйелдер кетірген Үкімет» деген атпен қалды. Ал Маминнің Үкіметі ше?
Мамин қызметке кіріскелі 11 ай
Асқар Мамин Үкімет басқарғалы тұп-тура 11 ай. Ал Қазақстан премьерлерінің қызметтік хронологиясына көз жүгіртсек, әр премьер орташа 2-3 жыл Үкімет басқарған екен. Солардың ішінде ең ұзақ уақыт Үкімет тізгіндеген – Кәрім Мәсімов. Екі реткіні есептегенде 7 жылға жуықтайды.
Сонымен, Үкімет ауыса ма? Жалпы дәл қазір Үкімет ауыстыру қаншалықты қажет? Орыс пен өзбектің премьер жаңарту «челленджін» қазақ та қайталасын деген қағида жоқ-ты.
Жоғарыда айттық, осыған дейін 11 рет Үкімет «жаңарттық». 10 адам премьер-министр креслосына отырды. Балғымбаев қайтыс болды. Қажыгелдин шетелге кетті. Серік Ахметов сотталды. Тасмағамбетов пен Терещенко зейнетте. Д.Ахметов пен Сағынтаев әкім болды. Мәсімов ҰҚК-да төраға. Ал Тоқаев – Президент!
Статкомның ресми сандары не дейді?
Ары айт та, бері айт, Асқар Маминнің Үкіметі әлі күшінде. Ертең есеп береді. Есеп демекші, Статистика комитетінің Мамин Үкіметіне қатысты бірлі-жарым дерегін қараңыз...
1.2019 жылдың соңғы 9 айында экономикалық өсім 4,3%-ға артқан екен. Бұл Сағынтаев Үкіметінің көрсеткішінен 0,2%-ға жоғары нәтиже. Ал 2015 жылмен салыстырғанда 2,3%-ға жоғары көрсеткіш. Мамин экономикасының негізгі драйверлері – сауда-саттық, транспорт, байланыс және ақпарат саласы деп көрсетіліпті.
Асекеңнің алдындағы Сағынтаев Үкіметі ел экономикасын шикізатқа тәуелді етті деп сөгіс естіген еді. Ал Асекең сауда-саттыққа көңіл бөлген көрінеді.
2. 2019 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша тұрғындардың нақты ақшалай табысы 5,8%-ға өсіпті. Бұл 2012 жылдан бергі ең максималды көрсеткіш екен. Минималды жалақы екі мәрте көтеріліпті. Соның ішінде, ауылшаруашылық саласында 13,1%, қаржы және сақтандыру саласында 25,9%, ғылым мен техника саласында 9,9%, мембасқару мен қорғаныс саласында 9,7%, білім саласында 13,9%, денсаулық сақтау саласында 12,7%, өндірісте 5,3%,сауда-саттықта 5,6%, құрылыста 4,2%.
3. 2019 жылы мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 4 мақсатты индикатордың тек екеуіне қол жеткізілген екен. Өндірістің (қайта өңдеу өндірісі) негізгі капиталына құйылған инвестиция 4,89 триллион теңгені құраған. Ал меже - 4,50 триллион теңге болған. Бұған қоса, тауар экспорты 8,2%-ды құраған. Әуелгі меже 19% деп көрсетілген. Сондай-ақ, еңбек өндірісі 4,2% болыпты. Ол жоспар бойынша 22% болуы керек екен.
Бұл ҚР Статистика комитетінің ресми ақпараты. Десе де, МИИД бағдарламасының қорытындысы бойынша Асқар Мамин Үкіметін бағалау және әделетсіздік болар еді. Өйткені, бұл бағдарлама Бақытжан Сағынтаев тұсында басталып, аяқсыз қалған. Алайда Асекең де қарап отырмады. МИИД бағдарламасының үшінші кезеңін бастап жіберді. Ол 2020-2025 жылдар аралығын қамтымақ екен. Ал ол бағдарламаға баға беру үшін Мамин Үкіметінің кемі 2-3 жылдық жұмысын жиып-теру керек.
Ахметовтың жұмысы үшін Мәсімовке, Мәсімовтің жұмысы үшін Сағынтаевқа, Сағынтаевтың жұмысы үшін Маминге баға береміз. Бұған дейін де солай болған. Бұдан кейін де...
Санауға саусақ жетпейтін мемлекеттік бағдарламалар бар. «Қазақстан 2050», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Қазақстан 2025 Стратегиялық даму жоспары», «Үдемелі индустриалық-инновациялық даму», «Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы», «Мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы», «Туризмді дамытудың 2025 жылға арналған бағдарламасы», «Латын графикасына көшудің 2025 жылға жоспарланған бағдарламасы», «Бизнестің жол картасы 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020», «Өңірлерді дамыту 2020», «Ақпараттық Қазақстан 2020» т.б.
Бұл бір премьер-министрдің кезіндегі қолға алынған шаруалар емес. Ал осылардың есебін кім береді?
Қазіргі таңда, ел-халықтың көңілін алаңдатқан мәселелер аз емес. Сыртқы саясаттағы конюктура, соның ішінде алыс-жақын көршілермен арадағы мемлекетаралық ахуалды айтпағанда, ел ішіндегі көп балалы аналарға берілетін атаулы әлеуметтік көмек пен тұтынушылық тауарлар бағасының өсуі, шетелдік көліктерге салынған шектеу, баспана мен басқа да әлеуметтік мәселелерді шешу маңызды-ақ. Ал оны шешудің жолы – ай сайын министр ауыстыру емес екені әбден анық. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін – теорик саясаткер емес, шаруашылық маман қажет. Әуелі экономист керек. Ал премьерлігіне 11 ай болған Асқар Мамин сол категорияның адамы дейді сарапшылар.
Премьерді жиі ауыстыру қаншалықты эффективті?
Үкімет басқарғанына 11 ай болған Асқар Ұзақбайұлы мен оның Үкіметі отставкаға кеткеннен дүние жаңарып, осыған дейінгі он премьер таппаған бапанқұйрық табыла кетсе кәне? Жыл сайын премьер ауыстыру Үкімет жұмысының драйвері бола ала ма? Бұл қаншалықты эффективті тәсіл? Талқылайық...
Abai.kz