Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
Абай мұрасы 10753 5 пікір 28 Қаңтар, 2020 сағат 12:20

«Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге!..»

(Абайдың «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңіне түсінік)

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» (1889) – жаңа ақындық туралы, оның ерекшелігі халықтың мұңын мұңдау екенін ұқтырған өлең.  Алғаш рет 1909 жылғы жинақта басылған. Ақындық өнердің жаңаша мақсат, міндетін Абай бұған дейін де («Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол») сөз еткен.

Бірақ жастар жағы өлеңді ермек үшін жазуды қоя алды ма? Жоқ-барды терген діни қиссаны азайтты ма? Жоқ, олай болмаған. Өлеңнің басы:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін, -

болуы содан.  Ескі ақындық іргесі мығым, ол жаңаға жол беруден аулақ. Жаңашыл Абайға енді не істемек керек? Сөзді осыдан бастайық.

Тұрағұл өлеңге себепкер үш ақын деген. Олар: кәрілікті жамандап, бозбалалықты дәріптеп өлең жазған – Шәкәрім, Әзірет Әлі айдаһармен алысыпты деп өлең жазған – Көкбай және «Зияда» деген дастанында сұлу қызды «алтын иек, сары-ала қыз» деп сипаттаған – Әріп.  Тұраш естелігін 1930 жылдардың басы, қаһарлы уақытта жазған, осыны ескеруіміз керек. Бүгінгі күн тұрғысынан қарасақ, өлең жазылуының шынайы тарихы өзгерек. Абай сын найзасы ұшын тікелей Шәкәрімге бағыттаған. Бірақ мұны жалпақ жұртқа жария қылмай, жасырып-бүккен шеберлігіне таң-тамаша қаласың...

Бірден айтайық, Абай «Мен жазбаймын...» өлеңімен Шәкәрімнің «Жастық пен кәрілік» атты өлеңіне жауап берген. Неге десеңіз, «Сегіз аяқ» елге енді ғана таралған тұста 30 жастағы Шәкәрім ағасы Абаймен жарысып, көлемі дәл сондай (200 жол), ұйқасы мен шеберлік жағы да кем соқпайтын  өз өлеңін жұртқа жаяды. Бірақ аталмыш екі туындының сыртқы порымы  ғана дәлме-дәл, ал ішкі мазмұны жер мен көктей алшақ. Ел ағасы Абай халық қамы деп күңіренсе, еріккен бұла жас Шәкәрімдікі әзіл-қалжың, яғни ермек үшін өрілген өлең. Осылай деп атой салып тұр.

«Сөзбен емес, қанмен жазылған» (Әуезов) өлеңді ұғу, қабылдау тұрмақ, оны күлкі еткен Шәкәрім қылығын – Абай, әрине, кешіре алмаған. Ашу-ызаға булыққанын түсіну қиынға соға қоймас. Өстіп «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген әйгілі туынды шапшаң дүниеге келген. Бірақ Абай ащы тіл Шәкәрім үшін екенін сездірмеуге күш салған. Неге? Өйткені, бұл ағалы-інілі екі ақынның қақтығысы емес, екі көзқарастар жүйесінің айтыс-тартысы екенін жақсы білген. «Көнбеді ешкім сөзіме, Әдетіне қарысып» деп өзі айтқандай, бұл Абай жалғыз, ал ескішіл жандар көп кезең еді.

Орайы келген соң айтайық, «Ақылды әдет жеңбегі» деген үш шумақ өлеңін де Абай осы 1889 жылы жазған. Кейіннен табылған (Оразке деген адамның қолжазба дәптерінен) өлеңнің әуелгі шумағында:

Ақылды әдет жеңбегі -

Есер жұрттың көптігі.

Ердің еш болса еңбегі -

Шағар жанның жоқтығы, -

деп қапаланған. Екінші шумақта «Өз сөзімшіл елерме, ойланар байып, ақыл жоқ» деп өзі құраптастарын шенеген. Соңғы шумақта «Жаяу шалға жас қозы, Жайса тоқтау берер ме» деп жас буынды қағытып өтеді. Бұл өлең де «Сегіз аяқты» бағалай алмаған қауымға өкпе-реніші екені сөзсіз.

«Мен жазбаймын...» өлеңіне қайта оралайық. Ортаңғы шумақта Көкбайдың, Әріптің   сәл-пәл сынға ілігуі – Шәкәрімді   бүркемелеу амалы ғана. Сын найзасы тек өзіне тіктелгенін Шәкәрім білген, жақсы ұққан.

Сондықтан өлеңдегі «есер», «бәңгі», «тасыр», «қисық-қыңыр», «арсыз жігіт», «әуре жан», «сәнқой, даңғой, керім-кербез» деген көп сипаттың Көкбай мен Әріпке еш қатысы жоқ, осының бәрі «мен өзім» деп қатты күйзелген. Баласы Ахатқа «Отыз жас шамасында бір айдай тілім байланды» деп осы жайлы сыр ашқан. Ақырында өз айыбын мойындап, аға алдына келеді. Оған дәлел – «Жастарға» атты ұзақ толғауы.

Онда Шәкәрім қазақ баласы ішінде алғаш болып Абайға «данышпан» деген биік бағасын береді. Және «Жалынайық, Абайға, жүр баралық!» деп жар салады. Бұл ағаның қатты сынын, «Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге» деген өтінішін шын көңілмен қабыл алғанының көрінісі еді.

Бұл 1889 жылы болған оқиға. Осы оқиғадан Абай ақындық мектебінің қалыптасуы бастау алған деп тұжыруға толық негіз бар. Өйткені, Абай шәкірттері ішінде ең жасы үлкені, беделі мен таланты жағынан озығы Шәкәрім еді. Ол ақын ғана емес, шежіреші, дін білгірі және киімді ешкімге ұқсатпай, өзі тігетін, ер-тұрманын өзі сайлайтын аса ісмер жан болған. Абай: «Өлеңі бар, өнерлі інім» дегені осы жәйтке меңзегені. Інісі бойында сәнқой, даңғой, керім-кербездік мінез де байқалған ғой. Шәкәрімнің өзіне жүгінелік: «Ардақты кенже жетім деп, Әлпештеді мені көп», «Киімді бөтен кигенім, Ұқсатпай орыс, қазаққа», «Шеберлікке де бет қойдым, Сурет жасап, түр ойдым» («Мұтылғанның өмірі» өлеңінен).

Сөз болып отырған Абай «мәдени-ағартушылық бағыт» делінетін тың өрісті игеріп, түбі терең талай өлең сөзін айтқан шақ. Үшінші шумақта:

Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз,

Мұнда жоқ алтын иек, сары ала қыз.

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз,

Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз,  -

дейтіні сол.  Соңғы алты жол шумақта ақын:

Өлеңі бар өнерлі, інім, сізге,

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге!

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге.

Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез

Қанша қызық болады өзіңізге? –

деп түйін түйеді. Бұл да жалпыға емес, жалқыға айтқаны. Дәлелге Шәкәрімнің жаңағы «Жалынайық, Абайға, жүр баралық!» өлеңіне үңілейік:

Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты,

Бұрын ондай көргем жоқ жаман атты.

Қайырусыз, қағусыз өскен басым,

Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.

 

Естіген соң, жүректе түйін жатты,

Сол түйін тыныштатпай көп ойлатты.

«Неге мұндай қатты айтты?» деп ойласам,

Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!

Көрдіңіз бе, Шәкәрім «Сегіз аяқ» өлеңінің тек сыртын танып, сырын көрмедім, сол үшін Абай маған қатты айтқан деп отыр. Өлеңді ермек үшін жазба, сөздің сырын терең түсін, қадір-қасиетін ұқ! Іні ақынның: «Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!» дегені осы ұлағатты ұққаны.

Шәкәрімнің: «Шиқанымды езгендей шықты жаным, Айтқанда естігендер ұғып келіп» деген сөзіне бақсақ, Абайдың  сынға алғаны кім екені дос-жарандарына аян болған.  Мұхтар Әуезовке ше? Мұхаң аталмыш «Мен жазбаймын...» өлеңін талдау барысында «халық жауы» атанған Шәкәрімді даралай алмаған. Бірақ «өзгеше мәні бар өлең» деген астарлы сөзімен-ақ көп жайды аңғартады. Бұл «Өлеңі бар өнерлі інім, Сізге, Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге» деп Абай кімді меңзегенін жақсы білген деген сөз.

Енді екі жылға созылған екі ақын арасындағы тартысқа толы «диалог»-ты рет-ретімен пысықтап өтелік. 1887 жылы Абай жаңа ақындық шарттарын алғаш «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деген өлеңіне өзек етті. Шәкәрім ондағы «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап», «Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деген сыни көзқарастарды жөн көрмей, Абайға қарсы «Ескі ақындық» өлеңін жазды. Онда өз ұстанымын айтып, жыраулар поэзиясын үлгі еткен. Абай қайтіп үнсіз қалсын? «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол» деген әйгілі өлеңіне қалам тербеген. Ондағы «Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау, Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау» деген өлең жолдарын бүгінгі оқырманға ұғымсыз, «бұл қалай?» дегізеді. Мұның сыры – ағаның ініні көндіріп, алған бетінен қайыруды көздеуінде еді. Өзі бала кезінен бойына сіміріп өскен жыраулар мұрасын сынаудың өзгедей себебі жоқ.

Келесі 1889 жылы Абай феномен өлеңі – әйгілі «Сегіз аяқты» дүниеге әкелгенде,  Шәкәрім тағы «қырын келген» еді – «Жастық пен кәрілік» атты өлеңімен. Мұны еріккендік я тентектік деуден гөрі өз ұстанымы үшін күрес, яғни идеялық тұрғыдан бұлқыну десек дұрыстық. Ілкіде Абай «Жастық пен кәрілікке» шапшаң түрде «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңімен жауап берген дедік. Бірер ай өтер-өтпесте Шәкәрім «Жастарға» өлеңінде айыбын мойындап, данышпан ағасы Абай соңына еруге ант етеді.

Бұрын көрмей, естімей келгендіктен айтылған жәйттерге құлағың тосаңсуы мүмкін. Бірақ, өзіңіз де ойлаңыз, жақын айналасы (Тәкежан, Көкбай, Көжекбай, Ақылбай, Әйгерім және т.б.) мінездерін үш-төрттен өлең еткен шыншыл Абай өлеңі бар, өнерлі інісі Шәкәрімді баулып, тағлым беруі заңды нәрсе емес пе. Оған бұлтартпас дәлел –жаңа тексеріс жасалған Абай өлеңдері. Осы заман адамдары, біздерге, мұны ескермеу жараспаса керек.

Тұрағұл: «Менің әкемнің өз еліне, ағайын-туыстарына арнап айтқан сөздері жалпы қазаққа жағып, көкейіне қона түседі» дейді. Рас-ау. «Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей» деген сияқты Абай сынын әр қазақ баласы   жеке өзіне айтқандай қабылдап келді. Анық деп айтарлық тағы бір жәйт,  қазақ руханияты дамуының сенімді бағыт-бағдары осы кезеңде айқындалған болатын. Келешек екі ұлы тұлғамыз арасында болған талас-тартысты мән бере тексеруіміздің себебі де сол.

Қорытынды: рухани көсеміміз хакім Абай – қазақтың санасын жаңа сатыға көтерді. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп өзі айтқандай, хакімнің сөзі исі қазақты тәрбиелеп, мінезін түзеді. Кейінгі барлық қаламгер ойшыл ақын шекпенінен шықты. Шәкәрімнің сана-сезіміне қатты әсер етіп, тура жолға салған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңі соның бір тамшыдай мысалы ғана.

Асан Омаров,

зерттеуші.

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1988