Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2177 0 пікір 16 Қыркүйек, 2011 сағат 05:42

Қазыбек Иса. Ата заңды өзгертпей, тілді үйрену – суға түспей жүзуді үйрен дегенмен бірдей...

 

АУЫЛДЫҢ  КЕЗ-КЕЛГЕН ҚАЗАҒЫ БІЛЕТІН ОСЫ АҚИҚАТҚА  АҚОРДАДАҒЫ  ЕРТІСБАЕВТЫҢ МИЫ ЖЕТПЕСЕ,  ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТКЕ КЕҢЕСШІ БОЛЫП ЖҮР?!.

 

Ұлы ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығын тойлап, Қарағандыдан келіп, үйге кірген бетім еді, телефоным шырылдады. «Әлеу» дегенімде ар жақтан: «Қасым Аманжолмын» деген дауысты естіп, аңырып тұрып қалдым. Сәлден соң барып, белгілі тележурналист інімізді танып: «Қасым Аманжолдың 100-жылдығынан  келгенде Қасым Аманжолдың хабарласқаны қызық сәйкестік болды ғой»,- деп, күлісіп алдық. «Стан тв» телеарнасынан келіп отырған тәуелсіз журналист Қасымның алғашқы сұрағы: «Елді шулатып жатқан ұлт зиялыларының үндеуінің мәтінін сіз жазыпсыз. Әсіресе, Конституцияның 7 бабының 2-ші тармағын алып тастау туралы талап елдің көптен күткен қадамы еді...»-деген   сөз болды...

ЕЛДІ ЕКІГЕ БӨЛГЕН, ЕЛБАСЫ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ  ЕРТІСБАЕВТАРҒА ЕЖІКТЕЙТІН ЕРЕЖЕ

 

АУЫЛДЫҢ  КЕЗ-КЕЛГЕН ҚАЗАҒЫ БІЛЕТІН ОСЫ АҚИҚАТҚА  АҚОРДАДАҒЫ  ЕРТІСБАЕВТЫҢ МИЫ ЖЕТПЕСЕ,  ҚАЛАЙ ПРЕЗИДЕНТКЕ КЕҢЕСШІ БОЛЫП ЖҮР?!.

 

Ұлы ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығын тойлап, Қарағандыдан келіп, үйге кірген бетім еді, телефоным шырылдады. «Әлеу» дегенімде ар жақтан: «Қасым Аманжолмын» деген дауысты естіп, аңырып тұрып қалдым. Сәлден соң барып, белгілі тележурналист інімізді танып: «Қасым Аманжолдың 100-жылдығынан  келгенде Қасым Аманжолдың хабарласқаны қызық сәйкестік болды ғой»,- деп, күлісіп алдық. «Стан тв» телеарнасынан келіп отырған тәуелсіз журналист Қасымның алғашқы сұрағы: «Елді шулатып жатқан ұлт зиялыларының үндеуінің мәтінін сіз жазыпсыз. Әсіресе, Конституцияның 7 бабының 2-ші тармағын алып тастау туралы талап елдің көптен күткен қадамы еді...»-деген   сөз болды...

ЕЛДІ ЕКІГЕ БӨЛГЕН, ЕЛБАСЫ САЯСАТЫНА ҚАРСЫ  ЕРТІСБАЕВТАРҒА ЕЖІКТЕЙТІН ЕРЕЖЕ

Иә, мемлекеттік тіл мүддесін қорғап,   елге белгілі зиялылар түгелге жуық қол қойған Ашық хат қоғамда зор сілкініс туғызды.  Бұл Ашық хат Тәуелсіз елдің 20 жылдан бергі темір төзімінің шегіне жеткендігін көрсетеді. Тіл туралы заңнан бері есептесек, 22 жыл! Осы уақытқа дейін шыдаған елге  біздің шет тілді отандастарымыз көп алғыс айтуы керек. Мен бұл жерде шет тілі деп Ресей мемлекетінің тілін айтып отырмын. Ашық хатқа әрқайсысының артында жүздеген мүшелері бар көптеген қоғамдық ұйымдар басшылары қол қойғанын есептесек, қолдаушылардың саны он мыңдаған адамға жетіп қалатыны анық. Қол қою жалғасуда. Оған көптеген өңірлерден хабарласып, атсалысушылар қарасы күннен күнге молайып келеді. Әр аудан орталығының өзінен қол қоюшылар саны 2-3 мыңға жетіп жатқаны қуантады. Қорытындысы 25 қыркүйекте Алматыда өтетін Мемлекеттік тіл мерекесінде айтылады.

Ал енді ел неге шулап жатыр? Қарапайым жұрт қуануда. Ал  мемлекеттік тілге миы жетпесе де, мемлекеттік қызметте отырған қазақтар бастаған орыстілділердің ой-өресі төмендері  жанталаса қарсылық жасауда. Мемлекеттік тілге, яғни мемлекеттік мүддеге қарсылық жасайтын мемлекеттік қызметкерлер әлемде тек біздің Қазақстанда ғана жазаланбайды, қайта қолдау көреді...  Негізі ел Конституцияда атап көрсетілгендей, 7 баптың 1 тармағында жазылғандай, «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл - қазақ тілі» деген бап неге орындалмайды? Оның орнын орыс тілі туралы 2-ші тармақ неге заңсыз басып алады?»- деп шулау керек еді, 20 жылдан бері... Енді ғана, қазақта ғана болатын темір  төзімнің өзі сыр бере бастағасын бас көтеруде. Онда да бұл қазақ тілінің ертісбаевтары есіп жүрген билікке де, болат- жармаханы, алдамжаровы бар алдамшы оппозицияға да, бибігүл-қыдырәлілері қыдырып жүретін өнер өкілдеріне де керек емес екенін, тек намысты  зиялылар мен қалың қазаққа, Асылы Осман, Клара Хан секілді асылдарға ғана керек екеніне көзі жеткесін... Ал 7 баптағы 2-ші тармақ Ашық хатта да, талай мақалаларымызда да атап айтылғандай, Конституциялық Кеңес дәл анықтап бергендей, «Орыс тілі ресми тіл қатарында қолданылады»  деген сөз - «Орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген сөз, яғни, статус емес. Яғни, Орыс тілі екінші мемлекеттік тілдің қатарында бола алмайды. Бұл  Конституциялық Кеңестің Парламент депутаттарына берген ресми жауабы, қосымша қаулысы.. Ал бұл Атазаңның 7 бабы, 2-тармағына  берілген соқырға таяқ ұстатқандай анықтама Ертісбаев секілділерге ежіктеп түсіндіретін ережеге айналса, ол заманның ғана емес, қоғамның ғана емес, екі жердегі екінің неше болатынын түсінбей ешкікөзденген ертісбаевтардың сауатсыздығының  айқын дәлелі. Қоғамды екіге бөліп отырғандар, Президент кеңесшісі айтқандай,  Конституциялық мемлекеттік тілдің орындалуын талап етіп отырғандар емес, қайта сол ертісбаевтар. Сонда қаншама айтулы академиктер мен әйгілі ғалымдар, қайраткер-қаламгерлер, білімдар зиялылар Ашық хатқа  қол қойғанда, ежіктесең де ережені түсінбейтін кеңесші Ертісбаевпен  «кеңесуі» керек екен де... Дәл осы 7 баптың 2-ші тармағы  егер Конституцияда жазылмаған болса, Ресей тілінде сөйлейтін Қазақстанның  мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрлері мен әкімдері ғана емес,  мемлекеттік қызметкерлері ғана емес,  кез-келген қарапайым азаматтары да мемлекеттік тілді  баяғыда біліп алар еді. Елбасы Жолдауларында айтылғандай, қоғам  мемлекеттік тілдің айналасына бірігу үшін, Тіл туралы мемлекеттік бағдарлама мен «Ел бірлігі» доктринасы талаптары орындалуы үшін  ең алдымен осы 7 баптың 2-ші тармағы алынып тасталуы тиіс. Ертісбаевтың арандатушылық сөздері ең алдымен Елбасының осы тіл саясатына қарсылық болып табылады. Өйткені, Атазаңды өзгертпей,  тілді үйрену - суға түспей жүзуді үйрен дегенмен бірдей...Ауылдың кез-келген қазағы білетін осы ақиқатқа Ақордадағы Ертісбаевтың миы жетпесе, қалай Президентке кеңесші болып жүргеніне таңым бар?!. Мысалы, өзгелерді қайдам,  мен Ертісбаевты ешуақытта өзіме кеңесші қылып алмас едім... қанша жалынса да...

Бұл жерде ертісбаевтарды алаңдатып тұрған елдің жағдайы емес. Ең алдымен Конституцияны, Конституциялық Кеңес жауабын түсінбегені былай тұрсын, мемлекеттік тілге миы жетпейтін өздерінің және балаларының тағдыры. Егер бізден басқа өзін сыйлайтын кез-келген мемлекеттердегідей, мемлекеттік тілді білмесе, мемлекеттік қызметке алынбаса,  ертісбаевтарға еш жерде ешкім жұмыс бермейді, жеке фирмаларда болмаса... Ресей тілінде сөйлейтіндердің ең басты қаупі осы, ел қамы емес... қарабастарының қамы. Ашығын айту керек, Мәдениет министрлігінің мемлекеттік тілдің мүддесін қорғаған заң жобасына қарсы шыққандардың көбісі орыстар не өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің орыс тілді қазақтар. Қарсы шықты деген  5 мыңға жуық адамның көбісі таңнан кешке дейін компьютерде отыратын мемлекеттік тілге миы жетпейтін мемлекеттік қызметкерлер. Және олардың ішінде  бір өзі бір-екі сөзін өзгертіп, көптеген пікірлер жазатын  тролльдарға айналып кеткендері де жетеді. Сонда біздің Мәдениет министрлігі қарап жүріп, үркіп жүрген 5 мыңы 500-ге де жетпей қалады... Оның үстіне ол пікірлердің бәрі тек қана қарсы пікірлер емес... Бұл туралы  Жанұзақ Әкім жақсы дәлел келтіреді: «Егер Астанадағы шенеуніктердің (қатардағылардан бастап Премьер мен Президенттің көмекшісіне дейін) компьютерлерін екі күнге сөндіріп тастаса, заң жобасына қарсылар 70%-ға азаяды. Қалған  20% - ол болашақта оқырмандарынан айырыламыз деп қорыққан орыстілді БАҚ иелері. Бір тәулікте бес мың қол жинаған осылар. «Күшік асырап, ит еттім, ол өзімді қапты»- деген осы. Жауды шеттен іздеудің қажеті жоқ! Ресейдің Сыртқы Істер министрлігі, тағы басқа ресми органдары ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл заң жобасына Ресейдің ешқандай қатысы жоқ. Бұл заң жобасының Қазақстанда тұрып жатқан орыстарға да қатысы шамалы. Себебі мемлекеттік қызметкерлердің 90% қазақтар. Бұл заң жобасы осыларға арналған. Ресейді құбыжық жасаудың қажеті жоқ! Президент Конституцияның кепілі ретінде және мемлекет қауіпсіздігіне жауап беретін бас қолбасшы ретінде заңның орындалуына қарсылық жасаған шенеуніктерді жазалап Конституцияның қағидаларының іске асуын қамтамасыз етуге тиіс.» ( www.qazaquni.kz )

Иә, Президент мемлекеттік мүддеге қарсы шығып, арандатушылық әрекет жасағандарды жазаласа, ең алдымен өзінің кеңесшісі Ертісбаевтан  бастау керек. Осы жерде  егер тірі болса,  биыл  49 жасқа толатын   мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының Ертісбаев туралы ертеде айтылған сөзін келтіре кетуге болады:  «Президентке дос емес, жау іздеп жүрген кеңесшіден Алла сақтасын дегеннен басқа не айтуға болады. Меніңше, мемлекет басшысына саяси жағынан арандататын адамның түкке керегі жоқ, керісінше, Президенттің қасында ұлтты ұйытуға, қоғамды топтастыруға шама-шарқы бар адал адамдар жүруі тиіс. Оның үстіне, қазіргідей алмағайып заманда жау іздеудің ұпай әпере қоймасы және анық. Саясатта қара көрсеткеннің бәрінің бойынан күдіқ іздеу, қандай да бір белсенділік танытқан қоғам мүшелерінен себепті-себепсіз жаулық көру, ел арасынан дұшпандық іздеу бұрын да болған, бірақ, түптеп келгенде,сондай жағдайлардың ақырының орны толмас өкінішке, қайғы-қасіретке ұшырап келгенін тарихтан жақсы білемін...»- депті саясаткер осыдан 9 жыл бұрын... Сонда оншақты жылдан бері тек арандатудан басқа іліп алар ісі жоқ Ертісбаевтан басқа Президентке кеңесші болатын  сауаттылау адам табылмаған ба деп таңғаласың...  Тіпті Ертісбаевың өзінің нан тауып отырған  ең негізгі жұмысына - Президент кеңесшілігіне жауапсыздықпен  қарағанының айқын көрінісі - қоғамда сілкініс тудырған осы зиялылардың Үндеуін оқымаған да... Өзінің сауаты жетпегесін, анау айтты-мынау айттымен Президентке жауапсыз да, сауатсыз ақпар бере салуға   бола ма? Егер оқыса, «хатты президент пен премьерге жазбайды, парламентке жазу керек еді. Оған олардың сауаты жетсе...» деп қарап тұрар ма еді... Ашық хат парламентке де арналғанын, онда қос палатаның да төрағаларының аты-жөндері жазылғанын сауаты бар мектеп оқушыларына дейін біледі, тек мемлекеттік тілге миы жетпейтін Президент кеңесшісі Ертісбаевтан басқа... Сондықтан да ол «қатаң шаралар» (строгие меры)  дегенді «крайные меры» деп «түсінген». Міне, бұл жерде тағы да қайталап айтамыз, білдей Президент кеңесшісін масқараға ұшыратып отырған ең алдымен Конституцияның 7 бабының  2-ші тармағының кінәсі зор. Ол болмаса, баяғыда ертісбаевтарың есіп сөйлеп отырар еді қазақ тілінде... Мемлекеттік тілге жетпеген миларын ауыстырудың да керегі болмайтын еді  экс-министр ыдырысовтарға... ( «Ана тіліне миы жетпегендер қалай министр болады?»www.qazaquni.kz)  Ертісбаевтың өзінің бүкіл елге әшкере болған сауатсыздығын білмей, Үндеу авторларын, әйгілі тұлғаларды  «сауатсыз» деуі... кешірерсіздер,  маймылдың маралды сұрықсыз дегеніндей екен...

Ал мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне реформа жасауға кірісіп кеткен Әлихан Бәйменов мәлімдеген болатын... Сонда мемлекеттік  тілде нан сұрай алмайтындар мемлекет тағдырын шешетін мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік тілге - мемлекеттік мүддеге қарсы қызмет етіп  отыр...  Қорқынышты емес пе, сіздерге... Ендеше, осыған жеткізген Конституцияның 7 бабы 2 тармағын тезірек алып тастау үшін Үндеуге үн қосыңыз!..

"Неге мемлекеттің ақшасына шығып жатқан, немесе үкіметтен мол тендер алатын «Казахстанская правда», «Литер», «Мегаполис», «Время», «Караван», «Экспресс К», т.б. басылымдар мен интернет порталдар мемлекеттік тіл мүддесін ауызға алмайды? Сынауға бар да қолдауға жоқ. Мемлекеттік тілге қарсы шығып, арандатушылық мақалалар басатын «Мегаполис» секілді басылымдарды қаржыландырудан бас тартатын кез әлдеқашан жетті"-деп Үндеуде айтылғандай, қойған қолынан айныған 3-4 жалтаққұлға  бола  қол қоюшылардың бәрін тап бір әлдекім алдап соғып, орға түсіргендей етіп көрсетіп жатқан басылымдар бар. Дамбалсыз «демократ» Ерғалиеваның  сайты осылай деп, "Почему затлел языковой костер?" атты мақала жазыпты. Бірақ елдің басым пікірі мемлекеттік тілді қолдауда екенін ол сайттың сауалнамасы да жасыра алмапты, құдайға шүкір...  "Как вы относитесь к инициативе исключения статуса русского языка как второго официального языка в Казахстане?" деген сауалға қатысушы 600-ге жуық адамның 497-сі, яғни, 90 пайыздайы "қолдаймын" деп жауап берген. Яғни, біздің Үндеуді қолдайды. Осы жерде сайттың сауалы да сауатсыз екенін айта кету керек. Өйткені Конституцияның 7 бабы 2-ші тармағы орыс тіліне екінші ресми тіл статусын бере  алмайтынын Конституциялық Кеңес айқындап берген.

Осы мемлекет мүддесін қорғаған Үндеуді ең бірінші басуға тиіс "Егемен Қазақстан" газетінен бастап, мемлекет қаржысына шығып жатқан барлық мемлекеттік басылымдар "Казахстанская правда", "Айқын", "Литер", "Ана тілі", "Қазақ әдебиеті", "Түркістан", "Дала мен қала", "Экспресс К" және ресейлік басылымдардың Қазақстаннан қаржыландырылатын қосымшалары түгел жариялауы керек. Өйткені бұл Шаханов бастаған зиялылардың жеке шаруасы мен жеке мүддесі емес, Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдан бері күтіп келе жатқан тарихи да, заңды да конституциялық әділеттілікті талап етуі.

«Біздің тілімізге қарсы шығуға ешкімнің қақысы жоқ. Өйткені Қазақстанның мемлекеттік  тілі - қазақ тілі.  Ал қазақ тіліне  қарсы шықты деген сөз, ол қазаққа  қарсы шықты деген сөз» - дейді заңғар заңгеріміз, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаев «Жас қазақ үні» газетіне берген сұқбатында.  Мүмкін, мемлекеттік тілді түсінбейтін,  Ата заңды білмейтін, ата жолды көзіне ілмейтін, Конституциялық Кеңесті тыңдамайтын, Президенттің өзіне қалай болса, солай ақпар бере салатын Президент кеңесшісі Ертісбаев заңгер-академиктің заңдық сауаты туралы да   бірнәрсе айтар...

БИЛІКПЕН АУЫЗ ЖАЛАСҚАН ОППОЗИЦИЯ

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ ҚАРСЫЛЫҒЫН КӨРСЕТТІ...

 

Қазір Қазақ тіліне қарай жасалған әр қадамды қуана қарсы алуымыз керек. Қандай да шенеунік не саясаткер, не кез-келген ұйым мен жеке азамат болсын, қазақша сөйлеуге тырысса, қазақ мүддесіне болысса, қақпайламай, қолдау керек. «Ақ жол»  нақты қадам жасауда.  Партиялардың ішінде бірінші болып мемлекеттік тілдің рөлін өсіру туралы және Үндеуді  толық қолдайтыны жөнінде Президиум Мәлімдемесін жариялады. «Ақ жол» сөзден іске көшті. Азат  Перуашев сөзінде тұратын істің адамы, іскер саясаткер екенін көрсетуде. Ау, қаптаған мәдениет пен өнер өкілдерінің, зиялылардың, қазақ тілімен нан тауып отырған қазақ жазушыларының, журналистерінің, кейбір қазақ басылымдары бас редакторларының  өзі қашып отырған жоқ па, Үндеуге үн қатудан және қол қоюдан...  «Руханият» партиясы басшысы Серікжан Мәмбетәлин Үндеуге қол қойғанын және саясаттағы әріптес ағалары секілді тайып кетпейтінін  айқын мәлімдеді. Билік партиясы «Нұр Отанда» ұлттық мүддеге келгенде үн жоқ немесе әдеттегідей қарсы шығады.  «Азат» партиясының жетекшілері жетекке де ерер емес.. кері тартуда... Болат - Жармаханның Конституцияның 7 бабының 2-ші тармағын алып тастауға қарсы болып, қойған қолдарынан тайқып кетуі  олардың шын бет-бейнелерін көрсетеді. Жоғарыдағы аты аталған саясаткерлер секілді Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы Ғазиз Алдамжаровтың үндеудегі қолынан тайқып кетуіне  немесе мемлекеттік тіл мүддесін шешетін Конституциялық бапты өзгертуден ат-тонын ала қашуына қарап, баяғы кеңестік коммунистік пиғылдан алшақтай қоймағандар Алдамжаров қана емес екеніне көз жеткіземіз. Ал осы өздерін оппозиция жетекшілері санайтын саясаткерлер мен Әблязовтың қамқорлығындағы радикал партиялардың, басылымдар мен интернет порталдардың  биліктің сұрқылтайы,  Президент кеңесшісі Ертісбаевпен «үндеушілердің антиконституциялық әрекеті» туралы сөздері мен ойлары бір жерден шығып, билікпен ауыз жаласа қалуын  қалай түсінеміз? Конституцияға реформа жасау керек деп ертелі-кеш жалықпай айтатын М.Әблязов енді неге мәлімдемесінде   мемлекеттік һәм ұлттық мүддені қорғайтын Конституциялық өзгеріс жасауға шақырған Үндеуге  қарсы «азаттықтар» сияқты ертісбаевтың алдына түсіп алып, шабалана  шабады? Олардың ұлттық мүддеге қарсы пиғылдары әшкере болған сайын, онсыз да оңып тұрмаған сайлаушылар алдындағы саяси рәпеттері қандай болады?

Мәжіліс депутаттары  М.Тінікеев, И.Елекеев, Б.Сыздықова сияқты өз тіліне, ұлтына қарсылар бүкіл елге әшкере болуда.  Ал В.Нехорошеев,  Ж.Сүлейменов секілді депутаттар нағыз мемлекетшіл саясаткерлерге тән қайрат көрсетуде... Тіпті, қазақ тілді басылымдардың  тұрақты сынына ілініп жүретін  депутатымыз Т.Бердіоңғаровтың да беті бері оңғарыла бастап, «балабақшалар мен мектептер 100 пайыз қазақша болуы керек» деп жатқанда, И.Елекеевтың «Ақ жол» партиясының Үндеуге қол қойғанына, қазақтың жартысы қырылған зұлмат ашаршылыққа Кеңес Одағы мен коммунистердің кінәлі екендігін   мәлімдеуіне қарсы шығуын мемлекет пен ұлт мүддесіне қарсылық дегеннен басқа не деу керек? Билік бишігін көтерсе, Конституцияға  бірер минутта қалай өзгеріс енгізе салғанын білмей қалатын  парламенттің қос төрағасы да жарыса жағымпаздықтың үлгісін көрсетуде. Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджанов енді  мемлекеттік мүддеге келгенде: «Не надо лезть в Конституцию!» деп қалыпты...  Ал Сенат төрағасы  Қайрат Мәми тіпті орыс журналистерін жинап алып, «Парламент биыл да, таяу болашақта да Конституцияға өзгеріс енгізіп, орыс тіліне қиянат жасамайды» деп «ант» беріпті... Ұлт мүддесіне келгенде құлдық саналы Парламент төрағалары Оралдың оралымсыз, Қайраттың қайратсыз екені бұрыннан белгілі ғой... Жалпы, билік «жат» десе - жататын, «тұр» деуді ұмытып кетсе, жата беретін жалтаққұл парламенттен, қазақ тілі мен қазақ мүддесіне қарсылығымен белгілі нұротандық парламенттен  бірнәрсе күтудің өзі күлкілі...Алда, байғұстар-ай дегенді...  осы біздің депутаттарға қарап айтқан ғой деймін атам қазақ... Ал «еркектер көп әйел алса, мен де көп байға тиемін» деп парламентте мәлімдеген (біліп қойыңыздар, бізде осындай да депутаттар бар), екі қолы алдына сыймағасын «Екі жұлдызда» ербеңдеп әндетіп жүретін Бақыт Сыздықоваға сөз шығындаудың да керегі жоқ шығар...

Премьер-министрдің орынбасары - Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев бастаған бірқатар лауазымды шенеуніктер шет тілін - Ресей тілін қолдау арқылы  өз тіліне - мемлекеттік тіл мүддесіне қарсы шығуда.  Таразының бір басын бассаң, екінші жағы жеңілдейтінін кез-келген дипломсыз жандар да  біледі. Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетов:  «Қоғамның мүддесі керек қой. М.Шахановтың мүддесі емес. Қоғамның мүддесі болуға тиісті. Иа, ол рас қазақ тілін дамыту керек. Бірақ, оның бірінші жолын табу керек» - дейді 7 арнаның сауалына жауабында.  Ресей тілінде аузымен құс тістеген Құсдәулетовтың өз мемлекетінің тілінде шатып-бұтып не айтқысы келгені түсінбедік...Мемлекеттік тіл мүддесі тек Шахановтың мүддесі деген соқыр түсінікте жүріп,  сондай жоғарыда қызмет істеу, Әділет министрлігі басшылығында отырып, әділетсіз сөз айту біздің елде ғана болатын жағдай, мырзалар.

Кеше ғана даңқты әншілерінің қолын Үндеуден көріп, қазаққа болысқан қадамына қатты  қуанған қарапайым халыққа бүгін айнып кеткен Бибігүл Төлегенова апайымыз не дейді? Кеңес Одағының әртісі кеңес кезіндегі қожайын тілі - орыс тілінен айрылғысы келмейтіні неліктен?.. Өзінің орыс тіліне деген адалдығын дәлелдеу үшін баспасөз мәслихатын өткізіп, немерелерімен жасты намысты ұл-қыздардың қарсылығына ұшырап, «дүбара» деген ат алып,  масқара болу, 80 жыл жинаған абыройдан 8 минутта айрылу қандай қасырет еді десейші... Ең ауыры Қазақ бұлбұлы атанған әншіміздің , бүгінде билік "бұлбұлдарының" әуеніне қосылам деп,,   сарай бұлбұлына  айналып кеткенін көру қандай аянышты еді...

Еліміздегі бірінші коммунист Ғазиз Алдамжаровта да,  бұрынғы қызыл коммунистер, Мәжілісте қазақ тіліне қарсы шыққан Жармахан мен "ұлтты төлқұжаттан алып тастайық" деп, орыс тілінің шашбауын көтерген Болатта да, бесіктен белі шықпай жатып, билікке жағымпаздықтан бірінші орынды бермейтін Қыдырәлі  Болманда да баяғы отарлық езгіден қалған құлдық құлқын ұлттық рухқа орын қалдырмаған секілді...

Ал қазақ тілі туралы қазақтардан жақсы айтып жүрген Г.Бельгердің де жеме-жемге келгенде Үндеуге қол қоймағанымен қоймай,  «Қазақ тілін қос қолдап қолдаймын» деген «Айқындағы» айқын пікірінен айнып кетіп, басқаша сайрап отырғаны қалай? Сонда «екі қолдап қолдаудың»  екі жүзділікке  жалғасып кеткені ме бұл?..

 

ҰЛТШЫЛ ЗИЯЛЫЛАРҒА ЖАЛА ЖАБУШЫЛАР - ҰЛТҚА ҚАРСЫЛАР!

Өздерін оппозицияшылдармыз деп көрсеткісі келетіндер ел алдында ұлттық мүддеге қарсы шын мәніндегі пиғылдары әшкере болғасын,  оны қалай бүркемелеу керектігін әдеттегі жолмен айқындап алыпты... Өздеріне қосылмағандарға қолданатын ескі әдістері: «олар биліктің тапсырмасын орындап отыр» деген жала таратуды енді ұлт зиялыларына да қолдануда. «Тіл туралы үндеуді  Шаханов тобы  биліктің тапсырмасын орындап,  негізгі күрделі мәселелерден, Маңғыстау мұнайшыларының ереуілі  т.б. оқиғалардан ел көңілін аударып алып кету үшін жасап отыр», т.б. неше түрлі өсектерді соғуда. Тіпті, тісі саясатпен сарғайған сақа саясаткерлердің ішінде де өзім хабарласқан кейбіреулері  «мен осылай ойлаймын» деп, үндеуге қол қоюдан бас тартуда...  Бұған не дерсің? Сонда олар үшін мемлекеттік тіл мүддесі - мемлекет мүддесі - тұтас  ұлт тағдыры мен намысы екінші, үшінші кезектегі мәселе екен, әйтеуір негізгі емес екен...  Ғасырлар бойы күткен Тәуелсіздіктің ең басты белгілерінің  бірегейі - әркім қастер тұтуы тиіс мемлекеттік тіл туралы бұндай сөз айтқан саясаткерлерді, мейлі билікте болсын, мейлі оппозицияда болсын,  өзге елдерде, мысалы Өзбекстанда ит қосып қуады... Оларға айтарым, «қарынының ашқанына емес, қадірінің қашқанына жылайтын қазақ» екенімізді ұмытпайық. Осыдан 25 жыл бұрын бүкіл Кеңес одағының керегесін күйретуге бастама болған Желтоқсан көтерілісі қарынның қамын ойлап шыққан жоқ алаңға... Ұлттық намыс, Ұлттық мүдде мен Ұлт тілі үшін ұрандады!

Қасым Аманжол бастаған журналистердің де маған  негізгі қойған сұрақтары осы «биліктің тапсырмасы»  туралы болды. Мен бұған таңғалдым. Тілім  деп, ұлтым деп шырылдап жүрген әлемге әйгілі ақын Мұқтар Шаханов қалай биліктің тапсырмасын орындайды, егер ең бірінші ол кісіге мен шығып, Үндеу жайлы ұсыныс жасасам...  «Орыс тіліндегі екі-үш басылымның сынына бола Мәдениет министрлігі тіл туралы заң жобасынан негізгі бапты алып тастады. Біз қайта қостыру үшін осы күйіп тұрған мәселеге үн қатайық» деп телефон шалдым. Мұқаң өзінің шаршап жүргенін айтып, «Онда өзің жаз мәтінін, кейін талқылап, зиялыларға қол қойдырамыз» деді.  Осылай басталды Үндеу жариялау бастамасы. «Жалын» журналы редакциясында ел зиялылары жиналып, үндеу мәтіні талқыланды. Маңызды деген  мәселелер қосылды. Бар болғаны сол. Бұл жерде мені «билік» деп ойламасаңыздар, ешқандай жоғарының нұсқауы болған жоқ деп кепілдік бере аламын.  Егер билік өзі тапсырма берсе, Үндеуге Президент кеңесшісінен бастап, тайлы-таяғына дейін қарсы шыға ма?  Шахановтың үстінен неше түрлі жала материалдар да қаптап жатқанын жақсы білесіздер... Өтірік болса да,  қисын деген болсайшы? Ал біреудің   тапсырмасын орындайтындай  Мұқтар Шаханов «Алжасқан» жоқ...

Кейде маған ой келеді, осы Мұқтар Шаханов болмаса, қайтер едік деген... Ел кімнің артынан ерер еді... Біздің білдей саясаткерлер үшін «кейінгі кезектегі мәселе» - тілдің, ұлттың зарын айтқан қайраткерлерді кім бастар еді?.. Бұл менің ғана емес, билікте де жүрген ұлтшыл саясаткерлердің де ойы  болса керек... Елдің бәрі Ертісбаев емес қой...

Мемлекеттік тілге қарсы, бір кездегі қожайын тілді - орыс тілін қолдаушы құлдарды қазір бәрі біліп отыр. Кезінде 2004 жылы қазақ тіліне қарсы шыққан депутаттардың (90 пайызы қазақтар) қара тізімін жариялап, қоғамда сең қозғаған «Жас қазақ үні» газеті   мемлекеттік мүддеге қарсыларды әр санында әшкерелеп отырады. Ертең ұрпақтары «өз тіліңе де қарсы шығуға бола ма? Бұл елге деген ең үлкен сатқындық қой» деп, беттеріне басу үшін барлық қазақтілді басылымдар солай ететініне сенемін.

Мемлекеттік тілге қарсылар - мемлекетке қарсылар!  Мұндай құлдық құлқынмен бейшара болып отырған біздің мемлекеттен  басқа өзін өзі сыйлайтын барлық елде солай саналады. Сондықтан Конституцияның 7 бабы, 2-ші тармағын алып тастау керек!

Құл болмай, ұл болсаң,  Үндеуге үн қат,  қол қой!  25 қыркүйекте Алматыда өтетін Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отырған Қазақ елінің  Мемлекеттік тіл мерекесінен табыл!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5552