Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Анық-қанығы 8317 3 пікір 30 Қаңтар, 2020 сағат 14:03

Коронавирус Жаркентке жетті ме? (Ресми жауап)

«Алматы облысындағы Жаркентте Қытайдағы қауіпті коронавирусты жұқтырған бір адам анықталыпты. Қазір вирус жұқтырған адам ауруханада жатыр екен» гу-гу әңгіме кешелі-бері әлеуметтік желіні желдей кезіп жүр. Вирус жұқтырған адам Қытайдан Жаркенттегі шекара арқылы өтіпті-міс.

Қытайдың Ухань қаласынан таралып, бүгінде мұхит асып, АҚШ, Канада, Франция, Австралия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея аумақтарына дейін тараған әлгі вирустың Қазақстан аумағына таралуына жол бермеу үшін Үкімет бірлі-жарым шара қабылдады десек те, мемлекеттік шекара толық жабылған жоқ-ты.

Ал әңгіме болып отырған Жаркент (Панфилов ауданы) Қытаймен шекараласады. Онда Алтынкөл шекара бекеті бар (теміржол бекеті), Нұр жол шекара бекеті тағы бар (Қорғас). Сондай-ақ, Қорғас еркін сауда аймағы (МЦПС) және бар.

Біз әлеуметтік желідегі әлгі ақпараттың анық-қанығын білмек болып, Алматы облысы Панфилов ауданы әкімдігіне хабарластық. Аудандық әкімдіктің баспасөз хатшысы Нұрбол Ханағатұлының айтуынша, ыстығы көтерілген екі адамның шекарадан өткені рас. Алайда толық тексеруден кейін олардың вирус жұқтармағаны анықталған.

Нұрбол Ханағатұлы суреті.

Нұрбол Ханағатұлы, әкімінің баспасөз хатшысы:

- Біздің ауданда коронавирус жұқтырған адам анықталды деген жалған ақпарат. Екі күн бұрын «Нұр жолы» пунктінен өткен жолаушыларды тексеру барысында екі азаматтың дене температурасы 37,5 градус екені анықталды. Бұны арнайы құрылғы анықтады. Мамандар сол сәттің өзінде азаматтарды емханаға жеткізіп, толық тексеруден өткізді. Ол тексерудің нәтижесі кеше шығып, азаматтардың вирустан аман екені белгілі болды.

Бұл екі жолаушы да Қазақстан азаматы. Бірі Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Ал бірі алматылық студент, Гуанчжоу қаласында оқиды. Екі азамат та толық тексеруден өтті, бүгін емханадан шығады. Ал олармен қарым-қатынаста болған өзге 19 жолаушыны да арнайы мамандар қарап, тексерді.

«Қорғас» шекара маңы халықаралық ынтымақтастық орталығы 22 қаңтардан бастап жабылды. Ал кешеден бастап (29 қаңтар) өткізу пунктінен жолаушыларды тасымалдайтын автобустардың қатынасы тоқтатылды. 

Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі Қытайдан 21 Қазақстан азаматының елге қайтарылғанын хабарлаған. Аталған хабарламада екі екі азаматтың дене температурсы жоғары болғандықтан, емханаға жатқызылғаны айтылған.

«Қазақстанның 21 азаматы ҚХР-дан эвакуацияланды. Қазақстанның 20 азаматы Гуанчжоу және Құлжа қалаларында болды. Олардың барлығы Панфилов ауданында орналасқан «Нұр жолы» өткізу пункті арқылы шекарадан өтті. Тексеру кезінде тепловизер екі азаматтың жоғары температурасы (37,5) барын көрсетті. Олар Панфилов ауданының ОАА жұқпалы аурулар бөлімінің палатасына оқшауланып, ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер олардан зертханалық талдаулар алды. Сонымен қатар, автобустан 19 адам обсервациялық госпитальға орналастырылды», – деген еді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кейін әлеуметтік желілерде Алматы облысы, Панфилов ауданында коронавирус жұқтырған бір адам анықталып, ауыруханаға жатықызылыпты деген ақпарат тарады.

Ал кеше Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссияның отырысында қауіпті вирустың таралуының алдын алу үшін барқатар шаралар қабылданған болатын:

1. 2020 жылдың 29 қаңтарынан бастап Қазақстан мен ҚХР арасындағы жолаушылар тасымалдайтын автобус қатынастары,

2. 2020 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстан мен ҚХР арасындағы барлық жолаушылар пойыздары,

3. 2020 жылдың 3 ақпанынан бастап Қазақстан мен ҚХР арасындағы әуе асымалдары тоқтатылады.

4. ҚХР азаматтарына виза беру тоқталды.

5. ҚХР Дунгуан қаласында өтуі тиіс Халықаралық теннис Федерациясы Кубогының іріктеу кезеңін Нұр-Сұлтанға ауыстыру туралы өтініш қанағаттандырылмады.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3286
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5850