Кураторлықтан кемеңгерлікке дейін...
Бүгін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тұңғыш Президент аудиториясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғылым докторы Намазалы Омашевтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Еліміздің медиакеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.
1977 жыл. Алматының жаймашуақ күзі. Киров көшесіне орналасқан КазГУ-дің бас ғимараты (Кешірерсіздер, ол кезде ешкім ҚазМУ деп атамайтын). Қазақстанның маңдайындағы жалғыз журналистика факультетіне түскен 50 жас жігіт пен қыздың қуанышында шек жоқ. Ең бақытты күн. Бір айы бойы Алатаудың етегінен сан алуан тәтті алмаларды теріп қайтқан болашақ журналистер жаңа оқу жылын бастамақшы.
Сол жылдары журфактің студенті атану қиын ғана емес, азапқа тең болатын. Бір орынға 11-13 абитуриент таласатын. Басқа оқу орындарына түсушілер төрт сынақ тапсырса, мұнда алты сыннан сүрінбей өту керек. Шығармашылық байқау екі кезеңнен тұратын: алғашқысы – таңдап алған тақырыбың бойынша жазушылық қабілетіңді таныту болса, екіншісі – белгілі ғалымдар мен мерзімдік баспасөз жетекшілерінің сауалдарына жауап беру.
Бір жақсысы, екі сыннан сүрінгендер басқа оқу орындарына құжат тапсыруға үлгеретін. Олардың көбі филология факультетін қалайтын.
Деканат елу студентті екі топқа бөліпті. Бізге жиырма жеті жастағы көрікті жігіт Намазалы Омашев куратор боп тағайындалыпты. Мәдениетті, салмақты, қақ-соқпен жұмысы жоқ, үнемі күлімсіреп жүретін. Ақырын сөйлейтін, дөрекілігі байқалмайтын. 25 студенттің сегізі ғана ұл бала болғандықтан ба, әйтеуір, Намазалы ағамыз қыздарға ерекше ілтипат білдіріп, жымиып күліп келіп, жарқылдап шығатын аудиториядан. Қыздар да оған ә дегеннен бауыр басқандай, өз ағаларынан кем көрмеді. Қысқасы, куратормен арамызда табиғаттың тамылжыған тамаша күніндей әдемі де, әсерлі, көзге көрінбейтін, тек көңілдерде күй боп шертілетін шынайы сезім пайда болды. Өз басым Нәңкеңнің бір ұлға, не қызға дауыс көтергенін, не ренжіткенін көрген де, естіген де емеспін. Жасыратыны жоқ, сабаққа қатыспаған кездеріміз де, ептеген бұзақылығымыз да болды ғой. Бір қызығы, соның бірде-біріне куратор араласқан емес. Есесіне сазайымызды факультет деканы, профессор Темірбек Қожакеев беретін. Кезінде ол кісінің қаталдығына ренжіп те жүрдік. Тіпті оны жек көргендер де кездесті. Дегенмен уақыт өте келе «Темкеңнің тепкісі-ай!» деп сағынатын болдық.
«Егерде, - деген еді 20 жылдық кездесуімізде сөйлеген сөзінде сол кездегі ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім, ақпарат министрі Мұқтар Құл-Мұхаммед, - Темкеңнің қаталдығы болмағанда ауылдан Алматыға топ етіп түскен аңғал жастардың көпшілігі тағдырдың басқа жолына түсіп кетер ме еді?!».
Әлгінде топта небәрі сегіз жігіт оқыдық дедім ғой. Атап берейінші: старостамыз Мұқтар Құлмұхамедов, Жағыппар Қарабалаев, Орынбасар Әлжіков, Ғалым Әріпов, Нұрғали Оразов, Қонысбек Ботбаев, Қуантай Байжолов және осы жолдардың авторы. Қыздардан Айгүл Хасенова, Нұржан Мұхамеджанова, Қаршыға Есімсейітова, Қатира Нұрбаева, Әлия Мыңбаева, Ұлаш Төлебаева, т.б.
Атап өтуге тиістіміз, ұстаздарымыз Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Әбілфайыз Ыдырысов, Файзолла Оразаев, Дандай Ысқақов, Марат Барманқұлов, Бейсембай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Қабижан Ысқақов, Рахманқұл Бердібаев, Мырзатай Серғалиев, Әбсаттар Дербісәлі, Райхан Ғабитқызы Мүсірепова, Сағымбай Қозыбаев, т.б. біздің білімді, мәдениетті, зейінді жас болып қалыптасуымызға көп еңбек сіңірді.
Әлбетте сол кездегі кураторымыз Намазалы ағамыздың біздің үнемі бірлікте, ұйымшылдықта болып, келешекте мемлекетіміздің дамуына атсалысатын азамат болуымызға қосқан үлесі орасан. Ол бізді жақсылап тәрбиеледі, түзу жолға салды, сабырлық танытып, ақыл-кеңестерін құлағымызға құйып отырып, бойымызда сенім күшінің нығаюына ерекше әсер етті деп ойлаймын.Арада қырық жылдай уақыт өтсе де біздің аяулы кураторымыз сол баяғы қалпында. Күлімдеп қарсы алады. Нақ бір жақсы көретін туысыңдай жағдайыңды тәптіштеп сұрайды. Жан-жақтағы шәкірттерінің қол жеткізген табыстарына қуанып отырады. Сәлем жолдайды. Жылы қабақ танытып, арасында әдемі күлкісін қосқанда, баяғы куратор-ұстазыңды сол қалпында көріп отырғандай тәтті сезімге бөленесің.
Сірә, Намазалы ағамыз бізге алдымен тәрбие беріп, сонсоң білім нәрін бойымызға сіңіруді мақсат еткен тәрізді. Алла Тағалла да сол кездегі жас ғалымның адал пиғылына назар аударған шығар, шүкір, шәкірттері ешқашанда ұятқа қалдырған емес! Керісінше, факультеттегі үздік топ болып шықты.
Мысалыға, бір ғана шәкірті – Мұқтар Құл-Мұхамедтің өзі неге тұрады десеңізші?! Мемлекет және қоғам қайраткері! Шын мәніндегі халық
қалаулысы. Әйгілі ғалым. Қазақтың болашағы үшін шырылдап жүрген меценат. Патриот. Айтулы шешен. Іскер басшы.
Басқа қыз-жігіттеріміз де осал емес. Шетінен мықты. Бірақ, олардың лауазымын атап жатуды жөн көрмедім. Бәрін тізіп шығу қиын. Бірін атап, екіншісін қалдырсам, кей көңіл шіркін бұзылуы мүмкін.
Ұстазымыз Намазалы Омашев бізді қанаттандырып, ұядан ұшырған соң өзі де тынымсыз ізденісінің арқасында ғылымның биік шыңдарын бағындырды. Ғылым докторы, профессор атанды, оны айтасыз, ЮНЕСКО-ның профессоры атанды, Нью-Йорк академиясының академигі боп сайланды, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің проректоры қызметін абыроймен атқарды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы шақыруымен Алматыдан Астанаға қызмет ауыстырды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика институтының директоры ретінде болашақ журналистерді даярлауға өлшеусіз еңбек сіңірді.
Соңғы қырық жыл ішіндегі қазақ журналистикасындағы айтулы ұстаз, белгілі ғалым, тәжірибелі маман, озық ойлы азамат Намазалы Омашевті бір кездегі кураторымыз болғаны үшін ғана мақтамаймыз, біз тағдырымыз жолықтырған - осындай ғажап адаммен, кемеңгер ұстазбен мақтанамыз!
Аса қадірменді Намазалы аға! Сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Сізге мықты денсаулық, отбасылық бақыт, дүниедегі барлық жақсылықты және ұзақ ғұмыр тілейміз!
Айтбай Сәулебек,
Қазақстан Республикасы тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты.
Abai.kz