«Арандатушыны» қазақтың ғана арасынан іздеу - қателік!
Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысы қоғамның қоясын ақтарып, қордаланып жатқан біраз мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. Ол – мемлекеттік тіл мәселесі. Ол – Мемлекеттік қорғаныс мәселесі. Ол – білім берудегі керексіз кеңқолтық саясат. Ол – «көпұлттылық» деген жасанды идеологияның – ұлттық, мемлекеттік идеологиядан үстем болып келуі. Ол – елдің иесі, мемлекетті құрушы қазақ ұлтының қандай да бір конституциялық имунитетке ие болмай келуі...
130 ұлт - ол қандай ұлт?
Барды – бар, жоқты – жоқ деп айту керек. Әлемде 250-ден аса ұлт болса, (2009 жылғы санақ бойынша) екі-үш эскимос пен төрт-бес нагансандарды іздеп жүріп тауып, қырық жамау көрпедей қылып 130 ұлттың тізімін түздік. Сөйттік те, сынық саясатқа сылтау тауып, «көпұлттылық» дейтін күйлі қатынның тәбетіндей қырық құбылмалы, жасанды идеологияны қолдан жасап, көбіне көп демагогиялық жалаң ұрандарды негізге ала отырып, интернационализм идеясын мемлекеттік идеологиядан артық насихаттап келдік. Отыз жыл билік бізге «бірлігіміз жарасқан ел» екенімізді ертегідей дәріптеп келді.
Өзгелерге «бірлігіміз жарасқанын» білдіру үшін мемлекет құраушы ұлттың мүддесін аяққа таптай беруге болмайды, әсте. Қазақ ұлтының ар-намысына тиіссе елдегі өзге диаспора өкілдері де қатаң жазаға тартылуы керек! Бірақ заң бәріне ортақ.
Хош. Мемлекеттің және оның заңды иесі қазақ ұлтының мүддесі үшін, шекараның бүтіндігі үшін, ит пен құсқа жем болмай Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін – нәсіліне, жынысына, ұлтына, туған тегіне, діни ұстанымына т.б. қарамай оның әрбір азаматты мүдделі болуы керек-ақ. Сөзсіз, елішілік тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін тәртіп керек! Бірақ, ол қазақтың есебінен жасалуы керек деген сөз бе? Жоқ! Керек десеңіз, осыған дейінгі «ұлтаралық сипаттағы» үлкенді-кішігі қақтығыстардың хронологиясына көз жүгіртелік. Сарап қылайық. Тұрақтылықты бұзып, төбелес шығарған кімдер? Арты ұлтаралық қақтығыстарға әкеліп соқтырған жанжалдарды кімдер бастады? Кез келген қылмыстың мотиві деген болады. Міне, сол мотивтер:
1992 жыл. Өскемен. Қазақ-шешен қақтығысы.
Арматура зауытының жатақжайында төрт қазақ жігітінің өлі денесі табылды. Кейін қылмысты шешен ұлтының өкілдері жасағаны туралы айтылды. Дәл осы ақпарат халықтың көтерілуіне себеп болды. Наразы жұрт шешендер тұратын «Овечий Ключ» ауылына бармақ болды. Құзырлы органдар ашынған халықтың алдын тосты.
Мотив: 4 қазақ жігітінің шешен ұлты өкілдерінің қолынан қаза табуы болды.
2006 жыл. Шелек. Қазақ-ұйғыр жанжалы.
«Старый замок» кафесінде қазақ және ұйғыр жастарының арасында қақтығыс болды. Арты жанжалға ұласты. 18 қарашадағы жанжал кезінде бірнеше ұйғыр жастары жалғыз қазақ жігітін ұрып-соққан. Жанжал кезінде ұйғыр ұлтының өкілдері: «Мемлекет сендердікі, жер біздікі!» деген ауандағы провокациялық ұрандар айтқан.
Мотив: Бір топ ұйғыр ұлтының өкілдері жалғыз қазақ жігітін ұрып-соққаны. «Мемлекет сендердікі, жер біздікі!» деген провокациялық ұран айтуы болды.
2006 жыл. Атырау. Қазақ-түрік қақтығысы.
Атырау облысы, Жылыой ауданы, Теңіз мұнай кен орнында қазақ және түрік жұмысшыларының арасында жаппай төбелес болды. Оқиға былай болған. Түскі ас кезінде қазақ пен түрік жұмысшысы кезекке таласып қалады. Наразы болған Түркия азаматы жатақханаға өзімен бірге 400-дей адамды ертіп барып, дау шығарған. Арты қарулы қақтығысқа ұласты. Соңында жарақат алған жүздеген түрік (еңбек миргранттары) елдеріне қайтарылды.
Мотив: Түркі мигрантының жаппай төбелесті бастауы болды.
2007 жыл. Маловодное (Қазіргі Бәйдібек би). Қазақ-шешен қақтығысы.
Жұрт арасында бұл қақтығыс «Махмахановтар оқиғасы» деген атпен белгілі. «Ботагөз» бильярд клубында болған екі ұлт өкілінің төбелесі ұлтаралық дауға ұласты. Бекжан Сәлімбаев пен Магомед Махмахановтың төбелесінен кейін Магомедтің інісі Тахир Махмаханов Бекжан Сәлімбаевты көлігімен қағып, аяғын травматикалық тапаншамен жаралайды. Кейін наразы халық ағайындылардың есігінің алдына келеді. Ал Махмахановтар жиналған жұртқа (50-100 шақты адам) оқ атып, екі адам қаза тапқан. Ашуланған ауыл тұрғындары ағайындылардың үйін өртеп, Махмахановтардың үш бауырын сабап тастаған. Үшеуі де есін жимастан көз жұмды. Ал Тахир Махмаханов елден қашып кеткен. Кейін 2011 жылы ұсталды деген ақпарат тарады.
Сол жолы қақтығыстан 9 адам қаза тапқан. 7 шешен, 2 қазақ. 7 ай жүргізілген тергеуден соң, үш адам түрмеге тоғытылды. Олар: Қайрат Батырханов, Бақыт Сәрсенбаев, Азамат Садықов. Тағы екі адам шартты түрде сотталды. Олар: Нұрлан Ахметов пен Болатбек Байсалбаев.
Мотив: Ағайынды Махмахановтар жанжалды бастап, халыққа оқ атуы себеп болды.
2007 жыл. ОҚО. Маятас ауылы. Қазақ-күрд жанжалы.
16 жастағы, ұлты күрд жасөспірім жігіт 4 жасар қазақ баласын зорлаған. Ашуланған Маятас пен көрші ауылдардың халқы күрдтердің үйлерін өртеп, өздерін таяқтаған. Қақтығыс 3 күнге созылды. Аталған ауылда күрдтер көп болған. Шамамен 90 пайыз. Барлығы ауылды, үй-жайларын тастап, қалаға қашқан. ОҚО-дағы Сайрам, Бәйдібек аудандарының халқы да наразылық танытқан. Ақырында 500-ге жуық полиция ашынған халықты әзер тыныштандырған.
Мотив: 4 жасар қазақ баланың зорлануы болды.
2008 жыл. Алматы облысы. Малыбай ауылы.
Тағы да қазақ пен ұйғыр арасында жанжал ушықты. Тағы да қазақ көтерілді. Тағы да оқып жеген де, ажал құшқан да қазақ.
2015 жыл. Бостандық, Ынтымақ ауылдары. Қазақ-тәжік қақтығысы.
Бұл шетін оқиға жұрт аузында «Сарағаштағы қақтығыс» деген атпен белгілі. ОҚО, Сарағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Бақытжан Артықбаев тәжік азаматының қолынан қаза тапты. Халық көтерілді. Бірнеше тұрғын үй мен көлік өртенді.
Мотив: Қазақ азаматының өзге ұлт азаматының қолынан қаза табуы себеп болды.
2016 жыл. Бурыл. Қазақ-түрік қақтығысы.
17 жастағы ұлты түрік жасөспірім жігіт үй тонау мақсатында ұрлыққа түсіп, 5 жасар баланы пышақтап өлтірген. Халық көтеріліп, арты ұлтаралық жанжалға ұласты.
Мотив: 5 жасар баланың өлімі болды.
2017 жыл. Астана. Қазақ-үндіс төбелесі.
«Абау-Даби Плаза» көпқабатты ғимаратының аумағында жұмыс істейтін үндістер мен қазақтар арасында жаппай төбелес болды. Ресми ақпарат бойынша, төбелеске екі тараптан 30-ға жуық адам қатысқан. Жанжал алкогольдік ішімдікке масайған үндіс мигрантының ұлты қазақ күзетшіге дау шығаруынан басталған.
Мотив: Мас үндістің лаңынан болды.
2018-2019 жыл. Қарағанды. Қазақ-армян жанжалы.
2018 жылдың 31 желтоқсаннан 2019 жылдың 1 қаңтарына қараған түні «Древний Рим» мейрамханасындағы екі ұлт жастарының арасындағы төбелес соңы кісі өлімімен аяқталды. 23 жасар қазақ баласы кісі қолынан қаза тапты. Арты ұлтаралық дауға ұласты. Жүздеген, тіпті мыңға жуық адам наразылыққа шықты. Алаңға жиылған халыққа сол кездегі облыс әкімі Ерлан Қошанов шығып басу айтты. Қазақстандағы армян диаспорасының өкілдері де үндеу жасап, кешірім сұраған еді. Мәселеге, тіпті, Армения премьері Никол Пашинян да араласып, пікір білдірген.
Мотив: Қазақ жігітінің армяндар қолынан қаза табуы болды.
Тұрақтылықты бұзып, төбелес шығарған кімдер?
Біз осыған дейінгі елішілік «ұлтаралық сипаттағы» қақтығыстар мен жанжалдарды шолып шықтық. Есімізге түскенін жаздық. Жоғарыдағы шетін оқиғалардың қай-қайсысын айтсаңыз да, әуелі жанжал шығарушы қазақ емес, диаспора өкілі немесе шетелдік еңбек мигранттары екеніне көз жеткізесіз.
Кешегі Қордайдағы шетін оқиға да сауда қуған сарт-сауанның салғыласуы немесе көрші-қолаңның қоршау ішіндегі қоқиласуы емес. Бұл отыз жылғы биліктің интернационалистік саясатының сынған силуеті. Бұл жылдар бойы жиналған қыжылдың қаны. Бұл ескі билік саясатының қате болғанының дәлелі. Ардагер журналист Марат Тоқашбаев «Бұл мемлекетті құрушы ұлт пен диаспораны теңестіген саясаттың «жемісі» депті. Бұл да диагноз.
Құзырлы органдар кикілжіңнің басталуына себеп болған екі оқиғаны атады. Бірі – жолға таласқандар арасындағы жанжал. Екіншісі – құжатсыз көлік иесі мен полиция қызметкерлерінің арасындағы дау. Екі оқиғада да жанжалды бастаған – дүнген диаспорасының өкілдері деп көрсетілген. Екі оқиғада да есірік қылған «есалаңдардың» әрекетіне ашуланған халық көтерілді. 10 адам қаза тапты. 40-тан аса адам түрлі дене жарақаттарын алды. Аяғында дүнгендер Алатау асып, қырғыз барып паналады.
Елішілік егесте есік жағалай қашқандар ел басына күн туағанда қайтпек?
Қырғызстанға қашып кеткендердің нақты саны әзірге белгісіз. Кейбір деректерде 4-5 мың деп айтылады. Бір анығы қырғыздан сауға сұрап кетіп жатқандары рас! Бұл ақпаратты Қырғызстанның шекара қызметі де растап отыр. Ал Үкімет құрған комиссияның жетекшісі, вице-премьер Бердібек Сапарбаев шекарадан өтейін деп тұрғандарға тоқтау айтып, үйлеріне қайтуды сұрағаны бүгін белгілі болды.
Олар (дүнгендер) Қазақстанның заңды азаматтары болса, неге шекара асып, қырғыз барады? Қорыққаннан қос көрінсе, қазақтың ішінде бас сауғалап баратын қала құрып қалып па? Бұл да өз кезегінде қатын-баласын қолтықтай қашқандардың қаншылық мемлекетшіл екендіктерін көрсетті. Әсілі, бейбіт кезде қашқындардың пайда болуы – жақсылықтың белгісі емес! Елішілік егесте есік жағалай қашқандар, құдай бетін ары қылсын, ел басына күн туа қалғанда қайтпек?
Біз жоғарыда мемлекеттік тіл, мемлекеттік қауіпсіздік, ұлттық идеология мәселесін тектен-тек айтып отырған жоқпыз. Қазірдің өзінде ел ішінде әртүрлі әңгіме айтылуда. «Дүнгендер әскери борыштарын өтемейді екен», «дүнгендер өз балаларын шет елде оқытады екен», «дүнгендер балаларын қазақ мектептеріне бермейді екен» т.б. гу-гу әңгіме. Бұл қаншалықты рас ақпарат? Нұрлан Ермекбаев басқаратын Қорғаныс министрлігі, Асхат Аймағамбетов басқаратын Білім министрлігі ел көңілін екіұдай еткен бұл сауалдарға жауап беруі тиіс! Заң бойынша Қазақстанның әскерге жарамды әрбір азаматы – әскери борышын өтеуге міндетті! Ендеше «дүнгендер әскерге бармайды екен» деген әңгіме қайдан шықты?
Қан төгіліп, жұртты дүрліктірген дүрбелеңге қатысты сыңаржақ сөз айтудан аулақпыз. Десе де, кешелі бергі Қордайда қазақша сөйлеген дүнген көрдіңіз бе? Жоқ! Демек, ең құрығанда бір дүнгеннің қазақша сөйлемеуі арқылы - қазақ тілін, қазақ ұлтын, қазақ мемлекетін менсінбейтінін көрсетті. Ендеше, қазақтың мемлекеті мен мемлекеттік тілін менсінбейтіндерге қарап, «дүнгендер балаларын қазақша оқытпайды екен» деген оймен келіспеуге лаж жоқ.
Сөз соңы.
«Қазақстан - қазақ халқының мемлекеті. Шындағы - сол. Бұл «Қазақстанда тек қазақтар тұрсын» деген сөз емес. Керісінше, халықаралық тәжірибеге сәйкес, Қазақстанда өзге ұлттар да тұруы тиіс. Бірақ қазақтар да, қазақ еместер де «біз қазақтардың мемлекетінде тұрып жатырмыз» деген сезіммен тәрбиеленуі керек. Сонда ұлтаралық түсіністік, ұлтаралық қатынастың тұрақтылығы дұрыс негізге келеді. Ал қазір қарасақ, Қазақстан - көп ұлтты, көп дінді, көп тілді мемлекет деп уағыздаушылар көп. Олай деуге еш себеп жоқ, еш негіз жоқ. Өйткені әлемнің жүз тоқсаннан аса мемлекеті - көп ұлтты, көп тілді, көп дінді. Бірақ олардың ешқайсысы өздерін басқалардан дара құрылған мемлекет деп санамайды. Біз болсақ, әрдайым өзімізді бөлек тұрған, өзге мемлекеттерге ұқсастығы жоқ мемлекет көреміз, орыстар уағыздап, миымызға құйған «халықтар достығының лабораториясы» деген ұғымнан арыла алмай келеміз. Бізде өзге ұлттар «біз - қазақстандықтармыз, Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» деп сайрайды. Неге ортақ үй? Бұл - қазақтардың үйі. Мұнда басқалардың да тұруға құқығы, мүмкіндігі бар. Біз осыны ашық айтып үйренуіміз керек» дейді Болатхан Тайжан.
Алып-қосары жоқ. Дөп сөз. Қордайдағы қақтығыстың себебін анықтап, салдарын жою үшін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұсында қолданылған тактика – эффективті болмайтынын ескерген жөн. Болған жайттың барысын сарап қылып, тергеп-тексеру де, сот пен құзырлы органдардың шешімі де өзгеше болуы керек!
Қазірдің өзінде кейбір сарапшысымақ спикерлер - арандату болғанын, төбелеске қатысқан қазақ ұлты өкілдерінің кейбірі мас күйінде болғанын айтып, ақпарат таратуда. Мұндай өз әуелі Үкіметтік комиссияның өкілінің аузынан да айтыл. Сондықтан, «Арандатушыны» қазақтың ғана арасынан іздеу - қателік екенін және бір мәрте ескертеміз. Тергеу де, құзырлы органның шешімі де обьективті һәм әділетті болуы керек!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz