Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4676 0 пікір 20 Қыркүйек, 2009 сағат 19:35

Болатхан ТАЙЖАН. ҚАЗАҚСТАНДА БІР ҒАНА ХАЛЫҚ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ТҰРАДЫ

 

Ұлттық идеяны әркім әр түрлі сипаттай алады. Ал мен қысқа айтатын болсам, ұлттық идея дегеніміз - ұлттың еңсесін көтеріңкі ұстап дамуы. Қазіргі тарихи кезенде қазақ халқының еңсесін көтеру, өзіне деген құрметін, «мен - қазақпын» деген мақтаныш сезімін қалыптастыру - өте қажет нәрсе.

 

Ұлттық идеяны әркім әр түрлі сипаттай алады. Ал мен қысқа айтатын болсам, ұлттық идея дегеніміз - ұлттың еңсесін көтеріңкі ұстап дамуы. Қазіргі тарихи кезенде қазақ халқының еңсесін көтеру, өзіне деген құрметін, «мен - қазақпын» деген мақтаныш сезімін қалыптастыру - өте қажет нәрсе.

Орыс империясының отарында болған екі ғасырда қазақ халқының мәдениетін, әдебиетін, әдет-ғұрпын, тарихын, ана тілін кемітіп, қаралауға күш салынды. Тіпті қазақтар өзін сыйлаудан қала жаздады. Осы уақытқа дейін бізді езіп, өткенімізді қаралап, болашағымызды мүшкіл етіп көрсетіп келді. Әлі сондай сезіммен келе жатқан сияқтымыз. Мысалы, тіліміздің тағдыры. Ресей империясының отарында болып, бізбен бірге бостандық алған республикалар ана тілін, сол мемлекетті құрып отырған халықтың тілін оқып-үйренуге барлық азаматтарды мәжбүрлеп, мемлекеттік тілде сөйлеуге көндіре алды. Қайсысын алсаңыз да. Украина болсын, Әзірбайжан болсын, Өзбекстан болсын, Балтық бойы республикалары болсын. Қазақстан бұл мәселені көп айтқанымен, іске татитын нәтижеге әлі жете алмай отыр. Бұл қазақтардың өзінің жасқаншақтығынан. Осында тұратын басқа ұлттар қазақ тілін білуі тиіс деп талап қоюдан қорқатын жалтақтығынан. Одан да өкініштісі, осы халықтың ата-бабалары көне заманнан бері мекендеген жерге соңғы жылдары келген келімсектер мен босқындар да «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» дейтін болды. Ал «қазақ жері», «қазақ елі» деген ұғымдарды жоюға жол берілді. Қазір қазақстандық жер, қазақстандық әдебиет, мәдениет деген тәрізді клишелерді кең таратуға Үкімет те ат салысып жүр.

Ұлттық идея жөнінде Қазақстандағы қазақтарға қатысты айтсам, Қазақстан - қазақ халқының мемлекетті деп мен батыл, ашық айтар едім. Шындағы - сол. Бұл «Қазақстанда тек қазақтар тұрсын, басқаларды Қазақстанның азаматы деп санамаймын» деген сөзім емес. Керісінше, халықаралық тәжірибеге сәйкес, Қазақстанда өзге ұлттар да тұруы тиіс. Бірақ қазақтар да, қазақ еместер де «біз қазақтардың мемлекетінде тұрып жатырмыз» деген сезіммен тәрбиеленуі керек. Сонда ұлтаралық түсіністік, ұлтаралық қатынастың тұрақтылығы дұрыс негізге келеді. Ал қазір қарасақ, Қазақстан - көп ұлтты, көп дінді, көп тілді мемлекет деп уағыздаушылар көп. Олай деуге еш себеп жоқ, еш негіз жоқ. Өйткені әлемнің жүз тоқсаннан аса мемлекеті - көп ұлтты, көп тілді, көп дінді. Бірақ олардың ешқайсысы өздерін басқалардан дара құрылған мемлекет деп санамайды. Біз болсақ, әрдайым өзімізді бөлек тұрған, өзге мемлекеттерге ұқсастығы жоқ мемлекет көреміз, орыстар уағыздап, миымызға құйған «халықтар достығының лабораториясы» деген ұғымнан арыла алмай келеміз. Біз де өзгелер сияқты көп ұлтты мемлекетпіз. Бірақ басқа көп ұлтты мемлекеттерге  мейлі Украина болсын, Әзірбайжан болсын, Франция болсын, Италия болсын, өзге ұлттар «біз сол мемлекетті құрып отырған халықтың үйінде, жерінде тұрып жатырмыз» деген ұғыммен өмір сүреді. Ал бізде өзге ұлттар «біз - қазақстандықтармыз, Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» деп сайрайды. Неге ортақ үй? Бұл - қазақтардың үйі. Мұнда басқалардың да тұруға құқығы, мүмкіндігі бар. Біз осыны ашық айтып үйренуіміз керек.

Еңсені биік ұстап даму экономикаға да байланысты. Экономика саласына келсек, бізде бір жағынан шетелдік инвестиция тарту арқылы, екінші жағынан шикізатты неғұрлым көп өндіру арқылы бай боламыз деген түсінік бар. Бұл - аса қате экономикалық ұғым. Тек шикізатқа негізделген экономика арта қалады. Әсіресе, әлеуметтік жағынан. Өйткені осы салада істейтін жұмысшылардың мамандығы сапасы жағынан төмен болып қала береді. Біз экономикамызды неғұрлым жан-жақты қылуға ұмтылуымыз керек. Өзіміз тұтынатын тауарды өзіміз шығаруды үйренуіміз керек. Қазір қаншама мұнай өндіреміз, соның барлығы дерлік шетелге кетіп жатыр. Ал жанармай, мазутты сатып аламыз. Өзімізге қажетті заттардың бәрін сырттан ала беруге біздің экономикамыз қашанғы шыдайды?

Біз қазір жақсы бағыт алып отырмыз. Парламенттің өкілеттігін кеңейту, азаматтық қоғамның және мемлекетпен өзара іс-қимыл механизмдерін дамыту, құқық қорғау жүйесін реформалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, билікті орталықсыздандыру,  аудандық, ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайланбалы ету -  халықтық билікті қамтамасыз етудің шарты болып табылады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев қазір нақ осы жолды ұстанып отыр. БАҚ-ты одан әрі демонополизациялау және жеке азаматтардың ар-намысын, абыройын, іскерлік беделін қорғайтын заң тетіктерін күшейту жөнінде ұсыныстар айтты. Осыларды іске асыруға бәріміз ұмтылуымыз керек. Үкіметті Мәжіліс сайлауында жеңіске жеткен партия құруы тиіс. Мұны және тезірек іске асыру қажет. Сонда ғана қай партияның бағдарламасы дұрыс, қай партия сол бағдарламаны үкімет арқылы орындай алады - осыны бақылап отыруға халықтың мүмкіндігі болады.

Мәжілісте оппозицияның өкілдері көп болуы тиіс. Мұның бізге зияны жоқ. Біз - бір елдің, бір қоғамның азаматымыз. Сондықтан басқарып отырған партия мен үкіметті бақылайтын, оған сын көзбен қарайтын, жұмысын сараптайтын оппозициялық күш Мәжіліске керек. Біз осыны түсінуге тиіспіз. Оппозицияны Мәжіліске жеткізбей сойып салуға тырыспау керек. Керісінше, солардың ішінен еліміздің дамуына үлес қоса алатын, күрделі ұсыныстар айта алатын адамдардың өткеніне қуану керек.

Өзім білетін елдерде көргенім - мемлекет басқарып отырған азаматтар халқына арнаған сөзін «Уа, менің халқым!» деп бастайды. АҚШ президенті болсын, Йеменнің президенті болсын, Малайзияның королі болсын. Біз де соны үлгі етпеске? Неге «Уа, ұлы қазағым!» демеске? Онда тұрғын ешқандай сөкеттік жоқ. Бұл халықтың еңсесін көтереді.

Соңғы кезде Әзірбайжанда ұлттық ортаның қатты күшейгені байқалды. Әзірбайжандар әліпбиін латыншаға ауыстырды. Онда да тек техникалық немесе электронды құралдармен жұмыс істейтін салаларды ғана ауыстырып қойған жоқ.

Әзірбайжандар халқының тарихын жоққа шығарған, мәдениетіне тіл тигізген кириллица қарпіндегі материалдарды жылдар бойы оқып өсті. Зерттеушілер болмаса, әзірбайжандардың кирилицаны танымайтын жас ұрпағы енді мұндай сөздерді оқымайтын болады. Демек халық зиянды, теріс ұғымнан арылады. Арылып та келеді. Олар рухани деколонизация, яғни рухани бодандықтан арылу процесін жақсы өткізіп жатыр. Дәл осындай жағдайды Украинадан байқауға болады. Дәл осындай жағдай Қазақстанда 2001 жылға дейін сезілді. Бірақ одан кейін халқымызды орыстандыру процесінен құтқару ісінен тағы да кері кеттік. Өйткені біз өз тілімізді, мәдениетімізді осында тұратын ұлты бөлек халықтардың санасына сіңіре алмай отырмыз.

 

Біз шет елдегі бес миллиондай қазақты елімізге тезірек қайтаруымыз керек. Бұл да ұлттық идея болуы тиіс. Олар біздің тілімізге, мәдениетімізге үлкен тірек болады. Біз орыс мәдениетіне жақын өсіп, көзіміз сонымен ашылды. Ал біздің шеттегі қандастарымыз қытай мәдениетін, моңғол мәдениетін, иран мәдениетін, түрік мәдениетін білді, бойына сіңірді. Егер солар үлесін қосса, қазақ мәдениеті жан-жақты дамитын еді. Қытайдан, Ираннан, Моңғолиядан келген қазақтардың ішінен ана тілін білмейтін қазақты көргеніміз жоқ. Олар қытай, парсы, моңғол тілдерін білумен қатар ана тілін де ұмытқан жоқ. Ал біз елімізде, өз топырағымызда тұрып орыстанып кеттік. Ана тілімізден айырылып қала жаздадық. Біз тезірек орыстандыру процесінің ізін жойып, ықпалын жоқ етуге тырысуымыз керек. Бұл арада мен орыстаға қарсы іс-әрекет жасап, оларға ала көзбен қарауға шақырып отырғаным жоқ. Қазақ халқын өз мәдениетіне, тіліне бұру керектігін айтып отырмын. Президенттен бастап еліміздің басшылары жиындарда Парламенттің отырыстарында қазақша сөйлесе, халқымыздың қазақ тіліне ден қоюына бұл үлкен себеп болар еді. Көп нәрсе елдің басшыларына байланысты. Елдің басшылары өздерінің жауапкершілігін жақсы түсініп, халқының алдындағы борышын жақсы орындап отырса, халқының болашағы алдында үлкен қызмет атқарған болып есептеледі. Сол борыштың үлкені - олар қазақ тілінде сөйлеуі керек. Қазір жолдаулар, үндеулер, заңдар, бағдарламалардың барлығы әуелі орыс тілінде жазылады, сосын қазақшаға аударылады. Ол тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Біз ол құжаттарды ең алдымен қазақша жазуды әдетке айналдыруымыз керек. Бұлар - ұлттық идеяның бөліктері болатын нәрселер.

«Ұлтшыл», «ұлтшыл-патриотизм» деген түсініктерге деген көзқарастың кейінгі кезде өзгергенін байқап жүрміз. Біз «елінің патриоты» деген сөзден еш үркіп, алшақтамауымыз керек. Бодан кезімізде ұлттық құндылықтарымызды сүйіп, қадірлеген азаматтарды «ұлтшыл» дейтін. Қазір «ұлтшыл-патриот» деген айдар тағады. Қаралау үшін. Бұл - бұрынғы стереотиптер. Біз қазір басқа дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Біз ұлтын, мәдениетін, тілін сүйетін адамдарды тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық құндылықтарын сүйетін адамды «ұлтшыл-патриот» атандырсақ, жас ұрпақ қандай сезімде болады? Олар да мәдениетінен, тарихынан, тілінен жеруі керек пе? Ол заман өтті. Біз қазақ болсын, болмасын, өз азаматтарымызды қазақтың ұлттық құндылықтарын үйреніп, сыйлауға тәрбиелеуіміз қажет.

Егер ұлттық идея ретінде еліміздің тұтастығын, бірлігін ойлайтын болсақ, біз мынаны түсінуге тиіспіз. Әлемнің 190 мемлекетінде тұрып жатқан халықтар сол мемлекетті құрған титулды ұлттың мәдениетін, тілін игеруге тырысады. Мұны «интеграция», «интегрирование» деп те атайды. Яғни тек мемлекетті құрған ұлттың мәдениетін тілін, біліп қана бірігуге болады. Ал сол елде тұрып жатқан, негізгі ұлтқа жатпайтын ұлттардың барлығының мәдениетін, тілін игеру - ақылға сымайтын нәрсе. Біз осыны Қазақстандағы күллі ұлттарға түсіндіре білуіміз керек. Тек қазақ мәдениетін, тек қазақ тарихын, тек қазақ тілін біліп өссе, сонда ғана Қазақстанда мызғымайтын бірлік болады. Мұнымен қатар қазақ  емес азаматтарымыздың өз тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын білуіне біз жағдай жасауымыз керек.

«Қазақстанда көп этностар тұрады» деген сөз қазақ тілді баспасөзде де, орыс тілді баспасөзде де жиі айтылып жүр.  «Этнос» сөзі грек тілінен аударғанда «халық» деген мағына береді. Яғни біз Қазақстанда 130 этнос, 130 халық тұрады дегенді уағыздап жүрміз. Бұл мүлдем дұрыс емес. Қазақстанда бір ғана халық тұрады. Ол -  қазақ халқы. Қалғандары - басқа ұлттың азаматтары. Өйткені олардың өзінің этнотерриториясында, Қазақстаннан тыс жерде мемлекеттері бар. Егер Қазақстанда тұратын орыстарды «халық» десек, онда жер бетінде бірнеше «орыс халқы» пайда болады. Қазақстандағы «орыс халқы», Ресейдегі «орыс халқы». Австралиядағы «орыс халқы», бұрынғы кеңестік республикалардағы «орыс халықтары» деген сияқты. Шындығында орыс халқы біреу-ақ қой. Ресейде тұратын орыстар ғана «орыс халқы» болып саналады. Ресейден өзге мемлекеттегілер - орыстардың диаспорасы. Сол мемлекеттің орыс тілді азаматтары. Бүкіл дүние жүзіндегі тәжірибе осындай. Ал біз Қазақстандағы басқа ұлт азаматтарының бәріне «халық» деген ат қойып жібердік. Бізде саны бір мыңнан аспайтын ұлттар тұрады. Сонда олар да «халық» болып санала ма? Кезінде Грекиядан Қазақстанға өтуге мәжбүр болған гректер бар. Сонда «Қазақстанда грек халқы тұрып жатыр» деп қалай айтамыз? Бұл - ақылға қонбайтын нәрсе. Сондықтан «Қазақстанда бір ғана халық тұрады, ол - қазақ халқы» деген ұғымды біз ешбір жасқанбай, ұялмай айтып, тарата беруіміз керек. Мұның мемлекетіміздегі қазақтарға да, қазақ еместерге де пайдасы үлкен.

ФОТО: http://www.boketaizhan.kz/

Марқұм Болатхан Тайжан ағаның бұл мақаласы "Қазақ альманағынан" (№1, маусым-мамыр. 2009 жыл) алынды.


0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5382