Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3802 0 пікір 20 Қыркүйек, 2011 сағат 08:27

Батырбек Мырзабеков. Ақын атын аспандатқан бұл тойдың тәлім-тағылымы мол

d0bad0b0d181d18bd0bc-d182d0bed0b9-2

Қасымның тойы - халықтың тойы болып дүрілдеді. Қасым ақын жайлы айтылар әңгіме де, шертер сыр да аз болмаса керек. Өмірі жалынды болып өткен отты ақын жайлы айтылып жүрген аңыз бен ақиқаттың бір-біріне мидай араласып кеткеніне не дерсіз. Өмірден жастай өткен Қасым жайлы айтылған сан естеліктер бүгінге келіп жетті. Оның кешегі 80-90 жылдығындағы айтылған жақсы әңгімелердің соңы бүгінгі ғасыр тойына келіп жалғасты.

d0bad0b0d181d18bd0bc-d182d0bed0b9-2

Қасымның тойы - халықтың тойы болып дүрілдеді. Қасым ақын жайлы айтылар әңгіме де, шертер сыр да аз болмаса керек. Өмірі жалынды болып өткен отты ақын жайлы айтылып жүрген аңыз бен ақиқаттың бір-біріне мидай араласып кеткеніне не дерсіз. Өмірден жастай өткен Қасым жайлы айтылған сан естеліктер бүгінге келіп жетті. Оның кешегі 80-90 жылдығындағы айтылған жақсы әңгімелердің соңы бүгінгі ғасыр тойына келіп жалғасты.

Тойды республика көлемінде лайықты түрде атап өтудің жан-жақты шаралары Қарағанды облысы әкімінің жеке бастамасымен көтеріліп, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесе қолға алуы арқылы діттеген ойды жүзеге асырды. «Тойдың болғанынан да боладысы қызық» дегендей, Қарқаралыда Қасым тойы өтеді дегенге алыс-жақында елең етпеген жан жоқ шығар.
Арқадағы Қарқаралыны бетке алып ағылған жұртта шек болсайшы. Қыркүйектің 9-10-ы күндері қабырғалы Қарқаралының тұтас бір сілемін сірестіріп жатқан Кент тауының кең қойнауына аталған айдың 6-шы жұлдызынан бастап кереге керіліп, шаңырақ көтеріліп, айшылық жерден көрінетін ақшаңқан қалашық орнады. Ал енді тура осы негізі той басталар алдында Қарағанды қаласында Қасым Аманжоловтың ескерткішінің ашылуы елдің еңсесін бір көтеріп тастады. Ескерткіштің ашылуында облыс әкімі С.Ахметов, қоғам қайраткерлері О.Әбдікәрімов, Қ.Сұлтанов, қаламгерлер У.Қалижан, С.Досанов, С.Сматаев, М.Шаханов сөз сөйледі. Ескерткіштен кейінгі іс-шаралардың ішіндегі ауқымдысы облыс орталығында өткен жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысы дер едік.
Қазақтың қазақтығын білдіретін ақындар айтысы кім-кімнің болса да делебесін қоздырып, қиялын қалықтатып, ойын өсіре түскендей. От ауызды, орақ тілді ақындар Қасым ақынның жырдан бейнесін сом­дап, кешегі мен бүгінгіні көптің көз алдына келтіргендей әдемі жырдың өрмегін өрді.
Облыс басшысы С.Ахметов зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әнгіменің ортаға салынуы­на ұйытқы болды. Оған қатысқан әде­биет, өнер қайраткерлері Қасым поэзиясы жөнінде кеңінен сөз қозғады.
«Қасым Аманжолов және жаңа дәуір поэзиясы» атты тақырыпта өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда Қасым әлеміне терең талдау жасалды. Конференцияны Қарағанды облысы әкімінің орынбасары А.Қырықбаев кіріспе сөз сөйлеп ашты. Осында сөз сөйлеген ғалымдар Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, ақын-жазушылар Н.Оразалин, А.Бақтыгереева, Ф.Оңғарсынова, М.Айтқожина, Ж.Шаш­тайұлы және басқалар Қасым мұраларының құндылығына тоқтала келіп, ақынның шығармаларын кеңінен насихаттауға байланысты атқарылар шараларды тізіп өтті.
Қыркүйектің 10 жұлдызында Кент тауының кең жазығында той басталды. Жалпы, осы тойға Қарағанды облысындағы аудан-қалалар мен кәсіпорын мекемелерден бас-аяғы 262 киіз үй тігілген екен.
Той басталды дегеннен кейінгі алғашқы сөзді Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед алып, «Қасымның тойы - ғасырдың тойы» де­геннің мән-мағынасына маңыз беріп, осынау игі шараға қатысушылар алдында ел Президентінің арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Облыс әкімі Серік Ахметов мерейтоймен құттықтап, ақын тойына арналған жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысының бас жүлдегерлеріне тігілген арнайы жүлдені өз қолымен табыс етті. Жыр мүшәйрасында өзгелерден оқ бойы озып шыққан Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ұлықбек Есдәулетұлына жыр мүшәйрасындағы бас бәйгеге тігілген «Джип» автокөлігі табысталды. Ақындар Темірхан Медетбектің, Серік Тұрғынбековтің жырлары да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ақындар айтысындағы додада өрнекті жыр, өрелі ой айтқан белгілі айтыскер ақын қызымыз Айнұр Тұрсынбаеваға шетелдік автокөлік тарту етілді. Бір айта кетерлігі облыс әкімінің жеке ұйғарымымен жүз жасқа толып отырған Қасым ақынның айтулы тойында өршіл ақынның отын өшірмей отырған оның ұрпағының да елеусіз қалмауы дер едік. Ақынның қыздары Дариға мен Жаннаға облыс орталығынан пәтер, автокөлік сыйға берілді. Осы қуанышты хабарға жұртшылық дүркірете қол соғып, бір сілкініп қуанып қалды. Шынында да Қасымның тойы оның отбасына осылай бір игі ықпал етуі керек-ақ қой. Бұл да болса той өткізуді ұйымдастыру алқасының ойластырған игі шара­лары­ның бірі.
Қасым тойының дәл осы деңгей­де дү­ріл­дей өтуіне облыс әкімдігі негізінен ұйытқы болды десек те, бұл шараға Мәдениет министрлігі мен Жазушылар одағының да атап айтарлықтай атсалысқанын аңғару қиын емес. Ақын өмірі мен шығармашылығы­ның қадау-қадау кезеңдерін өрелі оймен өрнектеп, кестелі тілмен көмкере жеткізген белгілі ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері, Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайдың Қасым жайлы жасаған баяндамасы жұртшылықты риза етті.
Ақын жайлы ақыннан артық кім айта алар. Ақұштап Бақтыгереева Қасым ақын жайлы әсерлі айтты. Қасым ақынның Қарқаралыда туып, Оралда өмір сүрген кездері жайлы және одан кейінгі от жалынды жылдары жігі ажырамай Ақұштап айтқан әдемі қалпында айшықты сөздермен өрнектелді.
Торқалы тойда сөз алып, кесек-кесек ой тастаған азаматтар аз болмады. Қай-қайсысы болса да қазақтың Қасымын қастерлеу арқылы қазақ өлеңінің құдіретін танытқандай.
Облыс орталығындағы Сәкен Сейфуллин атындағы драма театры­ның ұжымы белгілі режиссер Сламбек Жұмағалидің қойылымы бойынша Қасым өміріне арналған театр­ландырылған көрініс жасады. Жаңа туған балаға Қасым деп ат қойылып, оның алғаш жазған жырлары оқылып, өміріндегі қадау-қадау кезеңдер көз алдыңнан бір-бірлеп өтіп жатыр. Бейне бір Қасым ақынмен осы қазір кездесіп тұрғандай күй кешесіз.
Қазақы ұғымда қай той болса да ат жарысынсыз, палуан күресінсіз ойға орала қоймайды. Қасым тойында да алысқа ат шауып, білекті палуандар белдесіп, күміс көмей әншілер әуелете ән шырқады. Тойға арналған іс-шараның екінші бөлігіндегі ат жарыс көпшіліктің көз алдында өтті. Қазақстанның әр өңірінен және сонау Омбы мен Орынбордан әдейі арнап аттарын үкілеп келгендер бас бәйгеден үміт күтті. 30 шақырымдық аламан бәйгеге 30 ат қосылды. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей аламан бәйгенің бас жүлдесі Қостанай облысынан келген «Ажар» атты сәйгүліктің қанжығасына байланды. Палуандар күресінде белдескендерінің бәрін жығып, түйе палуан атанған қарағандылық Ержан Шынкеевтің мерейі үстем болды. Ақын Қасымның, сазгер Қасымның әндерін орындаудың жеңімпазы анықталып, бұл марапатқа белгілі әнші Сержан Мұсайынов ие болды. Тойға Қарқаралы мен қанаттас жатқан Астанадан «Сарыарқа» цирк орталығының арнайы тобы келіп, ұлттық ат спорты ойындарын көпшілікке ұсынды. Тойлы ауылдың сыртындағы той төбенің үстінен етектегі жарысқа көз салған едік. Қыз қуу мен теңге алудың шеберлеріне сүйсіндік.
Ақын тойының шоқтығын көтер­ген гала концерт десек қателеспеспіз. Танымал әншілердің талайы келіпті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мақпал Жүнісова ән салды. Мұның сыртында аудан, қалалардан келген белгілі әнші-күйшілер өнерлерін бірінен бірі асырды. Тойдың сәні әсем ән мен тәтті күй жүректерді тербеп, көңілді көтеріп, Қасым ақынның:
Мен саған қызығамын келер ұрпақ,
Қараймын келбетіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жыр сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап,
- деген жырының шындыққа ұласқанын жалпақ жұртқа жария етіп жатқандай.

Батырбек Мырзабеков

Қарағанды облысы

http://anatili.kz/?p=7402#more-7402

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502