Жәрдемақыға күн көретіндер кімдер және мемлекеттен не күтуге болады?
Бұл бейне бәріне таныс: әр бұрыштан «сәттілікке жету» туралы айтылып жатқанда, жұмыс істеуге қауқарлы бола тұра мемлекеттік қаражатқа өмір сүріп жатқан дені сау ересек адам.
Бұл бейне әділеттілік туралы сөз қозғауға ыңғайлы болғанымен, сандармен нашар дәлелденеді. Егер оны деректермен және әлеуметтік бағдарламалардың әсері туралы белгілі мәліметтермен салыстырсақ, сурет әлдеқайда шынайы әрі назар аударарлық болып шығады.
Олардың саны нақты қанша?
2026 жылдың 1 сәуіріне қарай Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 31,1 мың отбасынан 167,4 мың адам алды. Оларға 7,9 млрд теңге тағайындалған, ал бүкіл жылға бюджетте 62,7 млрд теңге қарастырылған. Халық саны шамамен 20 миллион болатын ел үшін бұл 1 пайыздан да аз. Бөлек түрде балаларға арналған көмек төленеді: әр балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, 1 наурызға қарай оны 50,1 мың бала алған. Ал пікірталастың негізгі арқауы болып отырған еңбекке қабілетті ересектердің үлесі қанша екені жарияланған жиынтық деректерден көрінбейді.
Мәселе мұнымен жойылып кетпейді, бірақ оның ауқымы ұлттық деңгейден гөрі локальды (жергілікті) сипатқа ие. Асыраушысы бар бүтін бір ұрпақ туралы сөз бұл сандармен қиыспайды, десе де ескеру керек: басқа қолдау түрлері мен бейресми жұмыспен қамту бұл деректерге кірмейді.
Қамшы логикасы
Көмекті еңбекпен байланыстыру идеясы жаңа да, таңсық та емес. 2017 жылы Қазақстан Үкіметі атаулы көмектің жаңа тәртібі туралы заңды енгізген кезде Вице-министр Светлана Жақыпова оның мақсаты масылдықты жою екенін ашық айтқан еді. Көмекке үміткер отбасы әлеуметтік келісімшартқа қол қоюы тиіс болды. Егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыс істеуден бас тартса жеке міндеттемелерін орындамаса, оның төлемі жартылай кесіледі, ал қайталап бұзған жағдайда отбасындағы барлық еңбекке қабілетті жандар үшін тоқтатылады. Санкциялар балалар мен еңбекке қабілетсіздерге әсер етпеді. Мұндағы есеп жартылай психологиялық сипатта болды: жақындарының қысымы жұмыс істегісі келмейтін адамға ықпал етуі тиіс еді.
Бұның астарында түсінікті уәж жатыр. Қайтарым ретінде ештеңе талап етпейтін жәрдемақы уақыт өте келе еңбек ету әдетін, сонымен бірге еңбек нарығына қайта оралу мүмкіндігін төмендетеді. Көмек алушыларды жұмыс іздеуге міндеттеген 1990 жылдардағы Америка реформасын жақтаушылар бұл реформаның жәрдемақыға тәуелділікті азайтып, жалғызбасты аналардың жұмыспен қамтылуын арттырғанын, әрі балаларға зиян тигізбегенін еске салады. Сонымен қатар, салық төлеуші де көмек алатын адамның аяққа тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауын талап етуге құқылы.
Тексеріс нені көрсетті?
Іс жүзінде «қамшы» теориядағыдай нәтиже бермейді. Екі тарап та сүйенетін америкалық бағалаулар ұқсас суретті көрсетеді: міндетті талаптар қойылған топтарда жұмыспен қамту деңгейі басында өсті, бірақ бұл өсім шамалы болды және уақыт өте келе төмендеді. Бесінші жылға қарай бұл талаптар тимеген адамдар көптеген бағдарламаларда бұрынғы алушыларды куып жетті немесе тіпті озып кетті. Мұндай бағдарламаларды ұзақ жылдар бойы зерттеген MDRC зерттеу ұйымы көптеген жағдайда жұмыспен қамту мен табыстың өсуі уақытша болғанын, ал отбасылардың байып кетпегенін жазады: жұмыс келгенде, жәрдемақы тоқтаған. Басқалардан қарағанда адамдарға қызметтер жиынтығын, соның ішінде қысқа мерзімді оқытуды ұсынған бағдарлама ерекшеленді.
Азық-түлік және медициналық көмек туралы кейінгі жұмыстардың нәтижесі одан да қарапайым. АҚШ Конгресінің Бюджеттік басқармасы 2022 жылы азық-түлік талондары жағдайында жұмыспен қамту 1990 жылдардағы реформалардан кейін азырақ өсті, ал медициналық көмек бағдарламаларында нәтиже нөлге жақын деген қорытындыға келді. Экономист Тимоти Харрис Апджон институтына арналған еңбегінде бұл талаптар алушылар санын айтарлықтай азайтқанын, бірақ жұмыспен қамтуды сәл ғана арттырғанын көрсетті. Мұндай бағдарламалар табысының бір бөлігі статистикалық болып шығады: адам алушылар тізімінен ғайып болды, бірақ жұмыс істейтіндер тізімінде пайда болуы міндетті емес. Сойлесе келе, пікірталас тек сандар төңірегінде емес, нәтиже деп нені санау керектігінде болып отыр: алушылардың аз болуы ма, әлде отбасылардың тұрмысының жақсаруы ма?
Мұнда бір ескертпе бар. Деректердің басым бөлігі АҚШ-та жасалған, ал MDRC бұл нәтиже жәрдемақы көлеміне байланысты болуы мүмкін екенін ескертеді: 200 доллар төлем кезінде жұмыс істейтін ереже 700 долларда өзін басқаша ұстауы мүмкін. Ашық дереккөздерден қазақстандық әлеуметтік келісімшарттарға берілген тәуелсіз бағалауды табу мүмкін болмады, бұл бүкіл даудың басты олқылығы болар.
Ұтымды таңдау
Жауапкершіліктің жоқтығы туралы айтатындарға арифметикаға мұқият қараған жөн. Егер адам алғашқы ресми жалақыны рәсімдеген бойда көмектен толықтай айырылса, жұмысқа шығу кейде табыстың азаюын білдіреді. Экономистер мұны «жәрдемақы тұзағы» деп атайды және бұл жағдайдағы мінез-құлықты еріншектік деп айту қиын: адам өзіне қойылған ережелерге сәйкес әрекет етеді. Бұған мотивацияға байланысты емес кедергілерді қосыңыз: балабақша жоқ, жұмысқа қатынау қиын, денсаулық сыр береді, ал шағын қалада немесе ауылда бос жұмыс орындары мүлдем жоқ. Мұның үстіне төлемнен айырылып қалмау үшін ұсталатын бейресми қосымша жұмыстарды қосыңыз.
Бұдан кейін «жауапкершіліктің жоқтығы» көрінгендей көп нәрсені түсіндіре алмайды.
«Сәттілікке жету» туралы дегбірсіз ұрандар бұған ештеңе қоспайды: ол жұмыс орындарын құрмайды және мәселесі ынтада емес адамдардың сұрағына жауап бермейді. Мұның бәрі мотивация мүлдем жоқ дегенді білдірмейді. Кейбір адамдарда ол шынымен де әлсіз болуы мүмкін және жүйе мұны ескеруге міндетті. Бұл жердегі сұрақ — жүйе адамға оның орнына не ұсынады.
Мемлекеттен не күтуге болады?
Осы айтылғандардың бәрінен айғайлаған ұрандарсыз-ақ біршама қарапайым бағдарлама пайда болады. Жұмыс істеу әрқашан жәрдемақыдан тиімдірек болуы үшін, көмек шекті түрде бірден үзіліп қалмай, табыстың өсуіне қарай біртіндеп азаюы тиіс. Егер адамды жұмыс іздеуге міндеттесе, оған оқыту, делдалдар және бос орындар жоқ жерде субсидияланатын жұмыс орындары қажет: орындау мүмкіндігінсіз қойылған талап жазаға айналады. Аурып жүргендерге немесе бала күтімімен отырғандарға жұмыс істеуге дайын, бірақ орын таппағандарға қарағанда өзгеше шаралар қажет. Сонымен қатар ережелер қарапайым болуы тиіс, өйткені шарттардың орындалуын растау неғұрлым күрделі болса, мұқтаж жандар, соның ішінде жұмыс істейтіндер де көмектен соғұрлым жиі айырылады.
Ең бастысы, бәлкім, басқада. Мемлекет талапты тек алушылардан ғана емес, жүйенің өзінен де сұрауы керек: келісімшартқа қол қойылғаннан кейін екі-үш жыл өткен соң қанша адам ресми түрде жұмыс істейді және қанша табыс табады? Анықталғандай, Қазақстанда мұндай бұқаралық бағалау жоқ. Ол жоқ кезде «қысым жасау ма, әлде көмектесу ме» деген айтыс нәтижелердің емес, тек ішкі сенімдердің дауы болып қала береді.
Abai.kz