Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2680 0 пікір 21 Қыркүйек, 2011 сағат 06:18

Амангелді Кеңшілікұлы. Тағдырмен бетпе-бет (Жалғасы)

Кіреуке күз. Сұрғылт аспандағы солғын күн дүниені қуанта алмай, шаршағандай болып таудың арғы жағындағы күркесіне кіріп барады. Ымырт үйіріліп, айналаға қараңғылықтың қою тұманы  жайыла бастаса да саябақтан кете алмай, удай мұңның уызы жүрегімді шаншып Мұқағали ескерткішінің алдында ойға шомып, әлі тұрмын. Суықтың көрігіндей болып теріскейден ызғарлы жел соғып, денем тоңғанмен, баяғыдан таныс ескі мұң мені осы жерге әкеліп жіпсіз көгендеп тастағандай,  тіпті, орнымнан қозғала алар емеспін.

Қайта-қайта ескерткішке қарап Мұқағалидың ұлы рухын түсінгім келіп, сезімдерімді қопарып, ойларымды ақтарып, жалқын сәуленің жұмбағын таппақ боламын. Назарымды оның алып кеудесіне аударғанымда ғана адамдардың мейірімін сағынып, дәуірдің тайғақ өткелінде талай-талай қиналған ақынның тағдырын түсінгендей болып, ой мұңына жаным қажалып, көзімнен мөлдір моншақтар үзіліп-үзіліп түсті. Неге жылағанымды өзім де білмеймін. Түннің бір уағында айта алмай жүрген сырымның бәрін саябақта отырған Мұқағалиға ақтарып, бейнебір Құдай мені тағдырмен бетпе-бет жүздестіргендей, ақынның өлеңдерін ішімнен күбірлеп оқып, жүрегімдегі шемен болып қатып қалған шерімді тарқаттым.

 

Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда

Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?

Талай рет мойныма арқан салып,

Талай рет шақ қалдым жындануға.

Кіреуке күз. Сұрғылт аспандағы солғын күн дүниені қуанта алмай, шаршағандай болып таудың арғы жағындағы күркесіне кіріп барады. Ымырт үйіріліп, айналаға қараңғылықтың қою тұманы  жайыла бастаса да саябақтан кете алмай, удай мұңның уызы жүрегімді шаншып Мұқағали ескерткішінің алдында ойға шомып, әлі тұрмын. Суықтың көрігіндей болып теріскейден ызғарлы жел соғып, денем тоңғанмен, баяғыдан таныс ескі мұң мені осы жерге әкеліп жіпсіз көгендеп тастағандай,  тіпті, орнымнан қозғала алар емеспін.

Қайта-қайта ескерткішке қарап Мұқағалидың ұлы рухын түсінгім келіп, сезімдерімді қопарып, ойларымды ақтарып, жалқын сәуленің жұмбағын таппақ боламын. Назарымды оның алып кеудесіне аударғанымда ғана адамдардың мейірімін сағынып, дәуірдің тайғақ өткелінде талай-талай қиналған ақынның тағдырын түсінгендей болып, ой мұңына жаным қажалып, көзімнен мөлдір моншақтар үзіліп-үзіліп түсті. Неге жылағанымды өзім де білмеймін. Түннің бір уағында айта алмай жүрген сырымның бәрін саябақта отырған Мұқағалиға ақтарып, бейнебір Құдай мені тағдырмен бетпе-бет жүздестіргендей, ақынның өлеңдерін ішімнен күбірлеп оқып, жүрегімдегі шемен болып қатып қалған шерімді тарқаттым.

 

Құрып кетпей, жер басып тұрғаныңда

Қалай ғана жағарсың бұл қауымға?

Талай рет мойныма арқан салып,

Талай рет шақ қалдым жындануға.

Біле тұра бірісі білмегендей,

Теріс қарап кетеді, тілге келмей.

Жабыла кеп жармасып олжалайды,

Жаудан түскен түйені жүндегендей.

 

Ал, Мұқағали... Жоқ, ол мен түгіл, емешегі үзіліп, еміреніп сүйген мына өмірге де мүлде назар аудармай, сол баяғы мұңайған қалпында маған беймәлім басқа әлемнің мұнарына батып барады. Оның рухы тынышталды ма? Білмеймін. Әлде, сағым бақытты қуып, үміт-шоққа көбелектей күйгенде қайта-қайта оны бұралаңға салған өмірге, анасындай жұбата алмаған тағдырына әлі өкпелі ме? Білмеймін... Жыландай жиырылып, жақсылықтың қалдығын да қимаған тажал тағдырмен өмірдің бұрқасынында бетпе-бет кездескенде де ақын оған бағынбай, ноқтасын басына салғызбай сүйреген жоқ па еді!

 

Хабар жоқ саған кеткен елшілерден,

Ей, тағдыр!

Сөйлесейік, келші бермен.

Қаншама соқпақтарға бастасаң да,

Сенімен сөйлесуді ерсі көрмен.

Білесің бе?

Мен саған бағынбаймын!

Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!

Көлденеңдеп жолымда тау боп тұрсаң,

Мен -мұнартқан басыңда сағымдаймын!

Сондықтан да жібер деп жалынбаймын.

 

Көзімнен тағы да ыстық-ыстық жас тамды.  Не болды саған?  Неге қайта-қайта әлденені ойлап, қамығып, жылауық аспандай көз жасыңды сыға бересің, жанарым? Өміріңде бір рет те көрмеген адамың үшін неге соншама егіліп, күйзелесің жаным?

О, ғаламат! Дәл осы сәтте ғана ұзақ жылдар бойы кілті табылмай жүрген ойымның құлпы ашылып, бала күнімнен бері менімен бір бесікте тербеліп келе жатқан ақын поэзиясын неге соншалықты қатты сүйетінімнің сырын түсінгендей болдым.

О, Мұқағали! Мен сенің отты жырларыңды оқығанымда болмыспен бетпе-бет жолығып, өзімнің тағдырыммен  сөйлескендей қапаланады екенмін. Гетенің Фаустындағы Жер рухының «Сен өзің танымақшы рухпен теңесесің» деп айтатынындай, шындығында мен саған құрмет көрсету үшін ғана емес, өзімнің рухымды тану үшін ескерткішіңнің алдына келіп тұр екенмін. Мен сенің тағдырыңа қарап, өзімнің қайғымды көреді екенмін. Мен әкемнің алақанындай мейірімді сағынғанда көңілім жабырқап, көзім жасаурап сенің жырларыңдағы адамгершіліктің сәулесін іздейді екенмін.

 

Жаның ашып,

Жарылқама,

Жарылқама, қымбаттым.

Жан ауырып баратқасын

Жасыра алмай тіл қаттым.

Барса келмес сапарында түсім қашып, түн қаттым

Бір нәрсемді жоғалттым да,

Бір нәрсемді ұрлаттым.

Сан соқпақты сапарымда

Мықтымын ғой деуші едім.

Биіктіктің барлығын да бойымменен өлшедім.

Жарылқама!

Берме маған жауыздықтың семсерін,

Мейірім бер, мұңайғанда жасың сүртем мен сенің

Ойпырмай! Көзі тірісінде осы алып кеуденің астындағы лүпілдеген жұдырықтай ғана  жүрек  Арқаның ақтүтек боранында адасқан сәбидей жаурап, адамдардың мейірімін,  жан  жылуын сағынып қаншама рет маңдайы тасқа соғылып жылады десеңізші. Қақаған қыстың саршұнақ аязында да, қардың суы көлдерге құйып дүркіреген көктемде де, жер жіпсіп, жауқазын гүл қырларды құлпыртқан жазда да, жапырағы сарғайып,  кілемдері тозған күзде де қапыда қан құсқан ақын жүрегі сол мейірімді анасының құшағын аңсаған сәбидей сағынды емес пе.

 

Мейірім бер,

Мейірім бер, жүрегімді тас қылма,

Үйдегі Ана мейірін бер түзде жортқан қасқырға.

..Сенесің бе, сезесің бе?..

Сенің үшін бас құрбан,

Естілмеген әніңмін мен алты қырдың астынан.

Бір нәрсемді жоғалттым мен,

Бір нәрсемді ұрлаттым...

Соны іздедім,

Айдын көлдің аққуларын шулаттым,

Барса келмес сапарында түсім қашып, түн қаттым.

Мейірім бер, Мейірім бер...

Саған келдім, қымбаттым.

Қаншама рет осы алып кеуденің астындағы алтын жүрек дүрсілдеп, қайтқан қаздай қоңыр төбесіне қонып, Мағжандардан соң өмір көсеп тастаған кәусардай сезімді іздеп, тыныштық таппай аласұрды. Дүниеден түңіліп, дәтке қуат таба алмай, қаншама рет ғазиз жүрек жанын аямаған жауларына тістеніп, өлеңінің дауысын, долы үніне қайрады. Емхананың керуетіне таңылып жатқанда да жүрегі жараланған таудың жабайы тағысы, жаны жылап адамдардың мейірімін зарыға күтті.

 

ХХХ

 

Дүние түн құшағында маужыраған сайын күн суытып, жел тербеген ағаштың басындағы сарғайып, мезгіл тоздырған жапырақтар, көбелектей ұшып, сонау биіктен жерге құлап барады. Көшенің шамдары әлі сөнген жоқ.  Бәрі баяғыдай болғанымен, күн батысымен саябырсып, сабасына түсетін бұрынғы тыныштық ізім-қайым жоғалған. Арлы-берлі зырылдаған көліктер толастар емес. Көңілімде басылмайтын алаң бар. Ненің алаңы? Түсінбеймін. Көңіліме қонақтаған беймаза алаңнан құтылу үшін, жаныма ұялап алған әдемі мұңнан айырылғым келмей, Мұқағали ескерткішінің алдында әлі отырмын.

 

Жырласам ба екен, жыласам ба екен, білмеймін,

Алдымда тұрған адамды мынау кім деймін?!

Алдымда менің адасып кеткен арман тұр,

Жылытсам ба екен, жұбатсам ба екен, білмеймін?!

Алдымда менің адасып кеткен тұр арман,

Айыру қиын бейнесін сұрғылт мұнардан,

Жетілмей жатып жемісін мұның кім алған?

Алдымда менің ағаш тұр көктей қуарған.

Осыдан он шақты жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде сыншы Әмірхан Меңдекенің «Жалғыздық, сені қайтейін?» деп аталатын бір әдемі эссесінің жарық көргені есіме түсті. Тереңнен толғанып жазған сыншының мақаласында  жалғыздықтың зарын тартқан Абай, Мұхтарлармен қатар адамдардың мейіріміне зәру болып өткен Мұқағалидың аянышты тағдыры туралы да әңгіме қозғалған-тұғын.

Расымды айтсам, шын көңілмен жазылған сыншының мақаласынан соң замандастары тарапынан Мұқағалидың рухын тануға талпыныс жасалатынын асыға күткенмін. Бірақ өкінішке қарай сыншыға қарсы дау айтушылардың сөзі  Мұқағали ақын қоғамнан да, замандастарынан еш қиянат көрген жоқ, көзі тірісінде жыр жинақтары үзілмей жарық көріп жатты, қаражат жағынан да таршылық көргені шамалы... деген сыңайдағы мүлде басқа әңгімеге ауып кетті.

Бір сөзбен айтқанда көзі тірісінде Мұқағалидың жағасы жайлауда болып, еш қиындық көрмепті. Тағдырынан таяқ жеген ақынның замандастарының мейіріміне зәру болғаны да, жалғыздықтың зарын тартқаны да ойдан шығарылған өтірік екен.

Құдайым-ау! Қалайша біз Мұқағалидың аруағынан ұялмай мұндай сөздердің саумалын сапырамыз. Ұлы ақынды коммунистік партияның да, Жазушылар одағының қатарынан да шығарып, бала-шағасымен тентіретіп жібергеніміз күні кеше емес пе еді. Осыдан артық ақынға қандай қиянат жасауға болады? Айтыңызшы, қандай?

Алайда ұзақ жылдан бері мені «неге ақынды коммунистік партияның, ал содан соң  Жазушылар одағының қатарынан шығарып тастады?» деген сұрақтан гөрі, «неге кезінде өлімге басын тігіп, Мағжанның ақындығын жүрегімен арашалаған  Жүсіпбек Аймауытов сынды Мұқағалиды қорғайтын бір замандасы табылмады?» деген сауал көбірек, әрі жиі мазалайды. Неге?

Ақын шығармашылығын сөз қылғанымызда біздің бәріміз де Мұқағали өмірінің осы бір жанды жарасына тиіп кетуден жүрексініп, ол туралы әңгіме айтудан қашқалақтаймыз. Ал, шындығында бұл тек Мұқағалидың ғана емес, әлі күнге дейін жазылмай келе жатқан қоғамның жарасы екенін айтпай кетуге болмайды. Міне сондықтан да ғасырдың басындағы Мағжандар мен ғасырдың бел ортасындағы Мұқағалилардың кімдерден қиянат көргені туралы ащы ақиқат айтылмайынша, қоғамдағы осы қылмыс әлі де, алдағы уақытта да жалғаса береді.

Сосын, ит басына іркіт төгілген кеңқолтық совет заманының қаламгерлерді арқасынан қағып, еркелетіп жасаған шарапатының ақынға да тиіп кеткеніне бола Мұқағалиды бақытты ғұмыр кешкен адамдардың санатына қосуға бола ма?   Жоқ, болмайды.

Рас, ақынның жыр жинақтарының биттің қабығындай болып, баспалардан бірнеше рет жарық көргені ақиқат. Алайда қатырма қағазбен шыққан Мұқағалидың таңдамалы жыр жинағының ақын өмірден өткен соң ғана халықтың қолына тигенін қалай ұмытамыз? Мұқағалидың талай замандастары советтік заманның игілігін артығымен пайдаланып, том-том кітаптарын үсті-үстіне шығарып жатқан мезгілдің әдемі өліарасында ұлы ақынның жұртқа мақтанып, ұялмай көрсетуге болатын бір қалың  жинағын шығара алмағаны, оның жанына батпады деп ойлайсыз ба?  Бала шағасын асырай алмай бірнеше жыл бойы күйзелген қазақтың ұлы ақынына  жұмыс тауып беру де аса қиын шаруа емес еді ғой, адам түгіл итіне дейін тойынған советтік заманда.

Бақытымызға орай мұндай әңгімелердің бәрінің де басына су құятын Мұқағали Мақатаевтың ұзақ жылдар бойы жанын жегідей жеген мұңын шағып Димаш Ахметұлы Қонаевқа жазғанымен, жолданылмай қалған хаты табылды. Дүние саларынан екі жыл бұрын жазылған осы хатты оқи отырып ұлы ақынның өзегін өртеген мұңын, жұмыссыздықтан күйзеліп, табанынан тозып таусылып, төрт баласын асырай алмай қайғырған абзал әкенің жан қиналысын көріп, жүрегің қан жылайды. Мұқағалидың қаншалықты ауыр азап шеккенін, тағдырының қаншалықты аянышты болғанын оқырман көзіне елестету үшін қайғылы хаттың кей жерлерінен үзінді келтіре кеткенді артық санамадық:

«...Қымбатты Димаш аға! Жоғарыда айтқандарымның бәрі мүлде із-түзсіз кеткен емес. Нақтылай айтсам, менің ауданым мен ұжымшар жойылып, «Социалистік Қазақстаннан» шығарылып, қызым қайтыс болып, оған қоса бірнеше ет жақын туған-туысқандарымның қазасынан кейін күйініп, бәрінен баз кештім... Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Қасақана ма, жоқ па, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын Ол тап болған жағдайда шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім. Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылыққа шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім.....

Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған. Кейде туған әдебиетке қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім? Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді...

Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты нәжіс. Ол адамға, әсіресе мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиықсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда имансыздыққа бой ұрып, көп қателікке бой ұрыппын. Ешкімді күстаналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын. Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратында да, «Жұлдыз» журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасынан сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат ұдайы қаныма сіңгендей.

Құрметті Димаш аға! Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? «Сырым саған, Отаным» атты жаңа кітаптың қолжазбасын дайындадым. Егер «Жазушы» баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса тағдырым қалай болады? Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр.

Таяу арада менің «Аққулар ұйықтағанда» атты жаңа жинағым жарық көрді. Чилидің ұлы ақыны Пабло Нерудаға арнаған поэмам жарияланды. Сөйтсе де мен ертеңнен күдерімді үзбей жазуды жалғастырып жатырмын. Жақында ғана «Халқыма хат» деген өлеңімді тәмамдадым.

Ардақты Димаш аға! Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмды жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады.

Ізгі ілтипатпен М.Мақатаев. 17.V.1974 ж. («Мұқағали шығармалары, көп томдық толық жинағы, V том, 228 ші бет).

Аянышты хат! «Қазір мен бәрінен де түңілдім.. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі?... Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр...  Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз! Сіз қалай шешсеңіз, солай болады». Сияға емес, қаламын жүрек қасіретінің  қанына малып жазған қандай ауыр сөздер.

Хат жазылды. Бірақ сезімнің  дауылы соғып өткен соң «жүрегімен қан жылап тұрып айтқан» иесінің қолына тисе Мұқағалидың өмірін өзгертуі де әбден ықтимал, тағдырының ең қиын өткелінде жазылған, ақынның бүкіл қасіреті баяндалған  мұңлы хат жолданылмай қалды. Неліктен?

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5469