Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3376 0 пікір 22 Қыркүйек, 2011 сағат 04:16

Амангелді Кеңшілікұлы. Тағдырмен бетпе-бет (Жалғасы)

Мұқағалиға хатты жазған соң, оны жібере салу да оңай іс болып көрінді. Алайда барлық мұңын қопарып, жан сырын ақтарып осы ұзақ хатты жаза салысымен ақын бойындағы бүкіл тәуекелін сарқып алды. Жо, жоқ, тіпті олай де емес. Ақиқатында оның бойында басқа бір долы сезімдер буырқанып оянып кетіп, тағдырына бағынғысы   келмеген сотқар ақынды онымен ерегістіріп, қайта төбелестіріп қойды.

Егер хат жіберілсе арыстан Мұқағали қандай жақсы адам болса да биліктің  аяғына жығылған, тағдырына көнген пенде болып шықпай ма. Содан соң  ақынның, уақыттың ауыр сынына төтеп бере алмай морт сынатын, пендешіліктің таңбасы басылған  қарапайым тіршілік иелерінен қандай айырмашылығы болмақ?

Егер адуын Мұқағали өмір-күресте тағдырынан оңбай жеңілсе жаулары, әдебиеттегі күндестері  мәз болып мазақтап, сықылықтап, артын ашып күлмей ме, сосын ол жүрегіндегі бар қазынасынан айырылып, шөл далаға айналмай ма. Бұл Мұқағали үшін өлімнен де ауыр қасірет болар еді.

Мұқағалиға хатты жазған соң, оны жібере салу да оңай іс болып көрінді. Алайда барлық мұңын қопарып, жан сырын ақтарып осы ұзақ хатты жаза салысымен ақын бойындағы бүкіл тәуекелін сарқып алды. Жо, жоқ, тіпті олай де емес. Ақиқатында оның бойында басқа бір долы сезімдер буырқанып оянып кетіп, тағдырына бағынғысы   келмеген сотқар ақынды онымен ерегістіріп, қайта төбелестіріп қойды.

Егер хат жіберілсе арыстан Мұқағали қандай жақсы адам болса да биліктің  аяғына жығылған, тағдырына көнген пенде болып шықпай ма. Содан соң  ақынның, уақыттың ауыр сынына төтеп бере алмай морт сынатын, пендешіліктің таңбасы басылған  қарапайым тіршілік иелерінен қандай айырмашылығы болмақ?

Егер адуын Мұқағали өмір-күресте тағдырынан оңбай жеңілсе жаулары, әдебиеттегі күндестері  мәз болып мазақтап, сықылықтап, артын ашып күлмей ме, сосын ол жүрегіндегі бар қазынасынан айырылып, шөл далаға айналмай ма. Бұл Мұқағали үшін өлімнен де ауыр қасірет болар еді.

Ал, содан соң «Сөредегі кермені кесіп өтсем, Маған әлі жетпейді құдайдың да» деп Тәңіріне шабаланған немесе көнудің орнынан қайта айбат шегіп «Білесің бе? Мен саған бағынбаймын! Бар ма тағы беретін зарың, қайғың?!»  деп тағдырына арыстандай атылған  Мұқағали ақынның өжет мінезінің болғанына келер ұрпақ қалай сенеді? Басқасын айтпағанда атағы төрткіл дүниеге дүрілдеп тұрған Расул Ғамзатовты да аса мойындамай, құрдасындай қалжыңдасып:

 

Бір өлеңі - бір елдің мұрасындай,

Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.

Расулдай...

Бағым да жүр ашылмай,

Құсбегінің қолындағы лашындай

-деп оны әзіл аралас шындығымен қағытқан Мұқағали емес пе, бұл? Ендеше неге ол Құдай сыйлаған талантына лайық құрметті, көшедегі қайыршыдай халықтан сұрап алуға тиіс? Өлеңдерінің рухы қазақ поэзиясының биігіне көтерілген уақытта, өнерді әйелінен, тіпті, бала-шағасынан да артық сүйген Мұқағали отбасының қамы үшін де мұндай қадамға барғысы келмеді. Осылайша ақын  мұңайып, жүрегін ауыртып, көзінің жасы сорғалап отырып жазған аянышты хатты тартпасының суырмасына салып қойды.

Тау халқы жыр алыбы Расул Ғамзатовты алақанына салып аялап,  көкке көтеріп, атағын аспандатқан уақытта, одан таланты бір мысқалдай да кем емес, өлеңдерінің рухы Шекспир, Байрон, Лермонтовтардың жұлдыздарының қатарында жарқырауға лайық, қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев бала-шағасын асырай алмай, жұмыссыздықтан күйзеліп, көшеде қаңғырып қалды. Ішіндегі алай-дүлей болып соққан боранды қалай басарын білмей, ішкілікке салынды. Ешкімге керегі болмаған Мұқағалидан замандастары да безіп, ат-тонын ала қашты. Дүниеден түңіліп, көкірегі қайғыға, көзі жасқа толған байғұс ақынның әуреге салып қойған нәлет тағдырына өкпелеп, ащы суды сіміріп, сүйегі баяғыда қурап қалған Омар Һәйамның аруағын күңірентіп, мұңын шаққаннан басқа амалы қалмады:

 

Бәрібір,

Бізді ішкіш деп жүр ғой

Аяулым,

Ішіп қайталық,

Басына барып Һәйәмның.

Көземіз майға,

Көзіміз жасқа кенеліп,

Азан салайық

-Оянғын, баба оянғын.

Хан менен бектен,

Молда мен шонжар күштіден,

Дейді ғой Сізді қиянат көріп ішті деп.

Оянғын, баба,

Отырайық бір кәйіп қып.

Біздің шараптар Сіздің майлардан күштірек

 

Темірдей төзімді болсаң да тажал тағдырмен тайталассаң ол сені қамырдай илеп, табанының астына салып, таптап тастайды.  Ал, бетпе-бет келгенде тағдырына бағынғысы келмей, азуын көрсетіп онымен тірескен, жаны қауызын жаңа ашқан гүлдей нәзік Мұқағалидай ақынға жүз есе қиын. Өмірде алдына ұлы мақсат қойып, соған жету үшін мойымай, барлық қиындықтарға төзіп, кездесетін кедергілерді сабырлықпен жеңіп, соңына дейін күресетін адамдар бар. Бірақ амал қанша?  Мұқағали ондай адамдардың санатынан емес-тін.  Ол күрескер болған жоқ.  Дүрдиіп, тағдырына, кейде тіпті Құдайға құр босқа кіжінгені болмаса, шындығында ол сол тағдыр мен Құдайдың бір тамшы мейіріміне зәру қорғансыз адам еді.

Алайда тағдыр оны ботадай боздатып, зар жылатқанымен, Құдай ақынды  ешқашан тастап кеткен емес. Мұқағали зарлағанда оның жүрегінде өмір сүрген Құдай да оған қосылып, ақынмен бірге жылады. Сүйікті құлының тілегін орындап, оны ақын етіп жаратып қана қоймай, оған нағыз ақындық тағдырды сыйлаған да Құдай болатын.  Өмірінің қиын сәттерінде ақын адамдардан емес,  аспанға қарап Алладан қолдау сұрап, жалбарынды.

 

Я, Аллам!

Жаратушы жалғыз ием.

Медет бер, жапандағы жалғыз үй ем!

Хал сұрар, жәй түсінер бір пенде жоқ.

Жүрек жүн, ойым опат, жанды жүйем.

Әрине ақын пролетариаттың көсемдері туралы да поэма жазды. Бірақ ол поэмалары оқушы көкірегіне тереңдеп дари алмады. Арагідік ақын шығармашылығы әңгіме болғанда, осы бір дерек мысалға келтіріліп,  Мұқағали поэзиясының кейіннен қалыптасқандығы хақында қате пікір айтылып жүр. Шындығында бұл мүлде олай емес. Ақиқатында Мұқағалидың жүрегінде поэзиямен бірге имандылықтың нұрына шомылған Алланың сұлу сәулесі өмір сүрді.   Сол ғажайып сәуленің қалауынан басқа дүниені  жырлау ақын табиғатына жат құбылыс еді. Міне сондықтан да пролетариат көсемдері туралы тақырып Мұқағалидың стихиясы емес-тін.

Ал, енді сол жылдардағы сұм ажал сүйікті қызынан айырып, ақынды тағдыр зар еңіреткен мезгілдегі Мұқағалидың жүрегін жарып шыққан жырларын оқып көріңізші, Бетховеннің ұлы музыкасы «Көз жасы мелодиясын» тыңдағандай елжіреп, еріксізден көзіңізге мөлдір моншақтар үйіріледі. Және сүйікті қызына арналған бес өлеңнің әр қайсысы қандай үлбіреген нәзік сезіммен, таңғы шықтай мөлдір махаббатпен жазылған десеңізші. Әр өлеңнен  Мұқағалидың боранды жылдарындағы сүйікті қызын сағынған шақтағы әр түрлі жағдайдағы көңіл-күйінің қайғылы музыкасын тыңдағандай боласың.

Байқайсың ба, көңіліңді ерекше толқытатын Мұқағалидың бұл тағдырлы  бес өлеңі мен  ұлы композитор Бетховеннің «Көз жасы мелодиясының» арасында көзге көрінбейтін жібек сәуледей байланысқан бір әдемі үндестік бар. Уақыт тауып сен  де бір мезгіл осы бес бәйітті Бетховеннің ғажайып мелодиясын тыңдап отырып, оқып көрші.

«Көз жасы мелодиясы» көңіліңде пайда болған өксікті ойға салатын музыкадан басталады. Сосын кенеттен көзден тамған жасты еске түсіретін мұңлы әуен жүрегіңді шымшып қоя береді. Ғайыптан пайда болған қайғылы әуеннің ырғағынан, жанардан сырғанап түскен ол мөлдір моншақтың қасіреттің жасы екенін түсінгендей боласың.  Бірақ сәбидің кіршіксіз жүрегендей таза жаста, кенеттен басына орнай қалған қайғыға әлі аса иланбайтын сенімсіздік бар сияқты.

Бірте-бірте Бетховеннің музыкасы шарықтап, жанардан үзілген гауһар тамшылардың үдей түскенін байқатады. Ия, көзден сыртылдап түскен гауһар тамшылар, жүректегі қайғының отын онан сайын қоздырып, үдеп барады. Енді әуеннің тылсым құдіреті басыңды сағымдаған қайғы мұнарының сенікі екеніне анық көзіңді жеткізгендей болады. Сол сәтте әуен шарықтап, тоқтай алмай жылаған көңіл-күйдің көрінісі көз алдыңа елестейді.

Содан соң музыканың сиқырлы әуені енді ол мөлдір моншақтардың көзіңнен емес, жүрегіңнен тамшылап тұрғанын сездірткендей әсердің бесігіне  бөлейді. Бір уақытта көз жасы төгіліп қана қоймай, өзін жылатқан қасіретпен сырласа бастайды. Ақыр соңында  қасіретке малшынған сенің бүкіл жаның көз жасына айналып кеткендей күйге түседі.

Енді Мұқағалиға келейік. Оқып көріңіз. Қызы қаза таба салысымен оған арнап жазылған Мұқағалидың алғашқы бәйітінде,  әлі сол қайғының растығына иланғысы келмейтін ақын жүрегінің сенімсіздігі анық байқалады. Мұқағалиға қызы әлі өлмегендей, өкпелеп уақытша бір жаққа кетіп қалғандай болып көрінеді. Расында да жер гүлін, көк нұрын төккен арайлы көктемде келген сүйікті қызыңнан бір күнде айырылып қалғаныңа қалай сенуге болады? Бұл ақын жанарының  қарашығынан сырғанап түскен алғашқы тамшысы, жүрегінің алғашқы күрсінісі

 

Сол өмірге несіне өкпеледі?!

Ал өмір оны сыртқа теппеп еді.

Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған.

Күрсінткені болмаса текке мені

 

Өлең 1962 жылдың 14 қарашасында жазылыпты. Енді бір күн өте салысымен, яғни, сол жылдың 15 қарашасында ақын жүрегінен туған жырды оқығанда, қас-қағым сәттің ішінде сол қайғының орнының тым тереңдеп кеткенін көресің. Тарқаудың орнына қайғының бұлты одан бетер қоюланып, жараның орны онан сайын сыздай түсіп, жүректі кеміріп, жанды ауыртып барады. Не істеген ләзім?

Қызы түсіне енген соң байғұс ақын жүрегінің бақшасындағы балбырап пісіп тұрған жүзімін тажал тағдырдың жұлып әкеткеніне көзі жетті. Мойнына асылып ойнаған тәтті қылықтарын есіне алған Мұқағали енді сүйікті қызының рухын сәбилік сөздермен әлдилеп, жұбатпақшы. Жаңа ғана тілі шыға бастаған бейкүнә сәбидің уіліндей әлидеде, абайсызда өртеніп кетіп, қайғының қара орманына айналып, жараланған ақынның  жанын сыздатқан қаншама қасіреті жатыр.

 

...Түсімде қызым мені шақырады,

Өзеннің ар жағында отыр, әні..

Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын,

Мен деген - жер бетінің «ақымағы»

Мен деген -жер бетінің «ақымағы»,

Алдымда асқар асу жатыр әлі.

Сабыр балам, қай жаққа қашар дейсің

Сені жапқан қара жер топырағы

Қасіретпен уланған ақын жүрегін қайғының дерті шоқтай күйдіріп барады. Жылжып жылдар өтті. Мұқағалидың қайғысы жазылған жоқ. Қараңызшы, күні-түні еңірей берген соң ақынның көз жасы да таусылып, енді оның ғазиз жүрегі жылай бастады.

 

Бұлданба, жүрек, бұлданба!

Жиылып досың тұрғанда,

Жиырып сені  жентектер,

Жымысқы қайғы-мұң бар ма,

Бұлданба, жүрек, бұлданба!

Қызығы тайып, қызы өлген,

Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!

Қыс қайтып, жасыл көктемде,-

Қызғалдақ өсер қырларда

Өзін-өзі жұбатқысы келгенімен, өлеңнің рухы басына түскен ауыр қайғыдан ақын жүрегінің қарс айырылып, онан сайын күңіреніп, күрсініп жылап жатқанын аңғартады. Не амал істеуге болады удай мұңның уызы улаған, сезімтал жүрекке? Қызын сағынып, қайта-қайта кеудесін соққан жүректің дүрсілін қалай тоқтатасың?  Тоқтату мүмкін бе, оны?

 

Қызым менің,

Гүлім менің,

Аяулым!

Жатыр молаң жотасындай қоянның

Құлпытастың құны маған бес тиын,

Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын

Жоқ, мүмкін емес екен. Қайта жылдар өткен сайын қызының сүйегі жатқан зират жақтан ескен сағыныштың самалы бұрынғыдан бетер күшейе түсіпті. Жанын ауыртқаны аз болғандай, енді ол дауыл аласұрып, бұрқасындатып ақынның ішінде соғып, көңіл бұлты сөгіліп, жүректің жасы нөсерге айналды.  Жүректегі нөсердің  алапат екпіні байғұс ақынды өлтіріп тынбаса игі.

 

Қойман, ботам

Керегі не көк тастың.

Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын.

Өзің келген май айында ақ нөсер,

Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын.

Керегі не көк тастың

Бұлқынып, жүрекке мықтап байланған қайғыдан босана алмаған ақын жаны тұншығып барады. Қайғы теңізіндегі үміттің қайығы қирағанымен, төгілген көздің жасы тоқтамай о дүниедегі қызының рухын оятып, елесін тірілтті. Удай қасіреттің мұңын емген дариға-жүрек те шаршады. Жан тыныштығын іздеген Мұқағали енді алдамшы елестен құтылғысы келіп, көр азабына түскендей қиналды.

 

Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!

Отырасың қасыма келесің де.

Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін.

Мен тірімін,

Тірімін!

Көресің бе!!!

 

Көңіліне ұялап алған қайғы, бүкіл болмысын билеп, ақынның әппақ жүрегі уайымның аязынан шытынап кетті.  Уайым мен қайғыдан тозған ақынның, ішіндегі монтаны күйініштің сөзін сыртқа шығарғаннан басқа қолынан не қайран келеді? Соңғы өлеңнен тіпті Мұқағалидың өлімге мойынұсынып, өмір шырағының сөнуге айналағаны байқалай ма, қалай?

 

Көнген жаным жазаға, қазаға да,

Өкпелеме,

Сен енді жазалама.

Шын болса, табысармыз ахиретте,

Әзірше, жаным мені мазалама!..

Қайтесің, «өкінішсіз өмір, қайғысыз қаза жоқ». Өмір жылжып өте берді. Аяудың орнына, тышқан ұстап алған мысықтай оның өмірімен ойнаған жалмауыз тағдыр ақынды одан бетер жылатты. Алда, әлі  ақынды талай рет ботадай боздататын тағдырдың  сыбағасы дайын тұр.

ХХХ

«Қаныңмен жаз, сонда сен Рухтың не екенін түсінесің» дейді Фридрих  Ницше. Тағдырдың ноқтасын басына салғызбай сүйреген Мұқағали ғажайып жырларының бәрін қаламын қанына малып отырып жазды. Және жанын сыздатқан әр өлеңінің толғағы да  ауыр болды.

Тағдыры онсыз да қиын болып жүрген Мұқағалиды ақындық мінез бұрынғыдан да күрделі сергелдеңге салды. Атағына, лауазымына, кім екеніне де қарамай бәріміздің де тамағымызда жыбырлап тұратын шындықты айтқан ақынды мына қоғам құбыжықтай көріп, шеттетуге тырысты.

Қаншама күндер мен түндер бойы көз шырымын алмай жазылған жауһар жырлардың лайықты бағасы берілмеді. Заманға  бейімделіп алған пысықайлардың шығармашылығы мақталып, кітаптары жарқырап шығып жатты. Ал, кең дүниеге сыймай, өмірдің биік аспанын іздеген Мұқағали түзелудің орнына, тағдырмен бетпе-бет келгенде қайта-қайта ерегісіп, тіршіліктен бір рахат көре алмаған ғұмырын тығырыққа әкеп тірей берді. Бірақ, ол үшін қоғамды да, заманды да, ақынның замандастарын да кінәлауға болмайтын шығар.

Лев Толстойдың шығармашылығын талдаған философ-сыншы Лев Шестов («Дүниені күйретуші, әрі жаңартушы құдірет») орыстың ұлы жазушысының не себептен өзін қайта-қайта тығырыққа әкеп тірей беруінің себебін, ұлы дүниелер туғызу үшін оған сол ұлы азаптардың да ауадай қажет болғанымен түсіндіреді. Ендеше босанатын әйелге толғақ  қалай керек болса, өлеңді жазбай, оның бәрін жүрегінен туғызған Мұқағалиға да толғағы ауыр азаптар соншалықты керек болды.  Сол үшін ол нағыз ақындық тағдырды таңдап, өзін-өзі аямады. Қиналды. Қайғырды. Жылады.  Қорқудың, тіпті қашудың орнына, қасіреттің ауылына барып жатып алды. Қайғы-қасірет пен толғағы ауыр азапты ізденістерде ғана ұлы өнер туатындықтан, ақын тағдырының басқаша болуы мүмкін де емес еді. Жылдар өткен сайын ол толғақтың, жанын қинаған азабы да күшейе түсті. Дүние-жалғаннан түңіліп, өмірінің соңындағы Фаризаға арнап жазған өлеңі - Мұқағали ақынның ең толғағы ауыр жыры.

Ақынның бұл зарлы толғауын тебіренбей, жанарыңды жасқа шыламай оқу мүмкін емес. Бұл аяғына кісенін салғызбай,  нәлет тағдырына қарсы атылған қыран ақынның өмірінің дауылындағы - ең соңғы, әрі ең азапты шайқасы. Ақынның бұрынғы өлеңдерінде өмір мен өлім бір-бірін жеңе алмай арпалысып келсе,  Фаризаға арнаған жыр бәйітінде ажал шеңгеліне ақынның оңбай түсіп қалғаны анық байқалады.  Мұнда күйікті ойдың салмағынан шаршап, бөлекше бір ауруға шалдыққан ақын, енді тіпті ажалдың құшағынан босанып шығуға талпынбайды да.  Ақынның өмір шырағы да майы таусылып сөнуге айналған шамдай әлсіреп барады.

Мұқағалидың жасы қырықтың қырқасынан асты. Дариға-жүрегін аямай, нағыз ақындық ғұмыр кешіп, ұлы дүниелер туғызса да, уақыт өте келе ұлтымыздың  асыл қазынасына  айналатын жауһар шығармалардың бағасын білетін халықты ақын көріп тұрған жоқ. Жұмыссыздықтан да, көңіліндегі қайғының тұманын сейілту  үшін қайта-қайта улы сусынды жұта бергеннен де ақын шаршады. Үміттің соңғы арқаны  үзіліп, тірегі  сынды. Келешегі белгісіздік тұманымен қоршалған. Қайтпек керек?  Әлде тағдырына көніп, сабасына түсіп, жұрт қатарлы өмір сүрсе ме екен?

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445