Сәрсенбі, 20 Мамыр 2026
Әдебиет 330 0 пікір 20 Мамыр, 2026 сағат 18:27

Тайуандық жазушы Яң Шуаңзы Букер сыйлығын жеңіп алды

Сурет: Википедиядан алынды.

Халықаралық Букер сыйлығының биылғы жеңімпазы ресми түрде жарияланды. Жүлде Тайуандық жазушы Yang Shuangzi-дың «Taiwan Travelogue» атты романына бұйырды. Шығарма соңғы шешуші кезеңге өткен алты туындының арасынан озып шығып, әлем әдебиетіндегі ең беделді марапаттардың бірін иеленді. Букер сыйлығының ресми сайты жеңімпаз қаламгерді құттықтап, бас бетінде жазушының үлкен суретін жариялады.

Ағылшын тіліндегі атауы «Taiwan Travelogue» болған бұл шығарманы қазақша «Тайуанды аралау» деп аударуға болады.

Роман авторы Тайуандық жазушы Яң Росы. Ол егіз әпкесімен бірге «Яң Шуаңзы» деген ортақ әдеби бүркеншік атты қолданады. Шығарма алғаш жапон тілінде жазылып, Жапонияда жарық көргенімен, бастапқыда көпшілік назарын аудара қоймаған. Алайда бірнеше жылдан кейін Тайуанда қытай тіліндегі нұсқасы жарияланған соң, әдеби ортада зор серпіліс туғызды.
Кітап Тайуанның ең беделді әдеби марапаттарының бірі «Алтын тұлпар» сыйлығын иеленді. Сонымен қатар, 2024 жылы АҚШ-тың Ұлттық әдеби аударма сыйлығы мен Азия қауымдастығы тағайындайтын «Байфаң Шиер кітап сыйлығына» да ие болған.

Роман екі әйел арасындағы күрделі сезім хикаясын баяндай отырып, тіл, тарих және билік арасындағы қарым-қатынасты терең зерделейді.
Оқиға 1938 жылдың мамыр айында өрбиді. Бұл Тайуанның Жапония отарындағы кезеңі. Жас жапон жазушысы Аояма Чизуру Нагасакиден кемемен Тайуанға келеді. Оны Жапония үкіметі арнайы шақырғанымен, Чизуру ресми қабылдаулар мен империялық насихатқа қызықпайды. Керісінше, ол аралдың шынайы тұрмысын көріп, жергілікті мәдениетпен танысуды қалайды.

Көп ұзамай оған өзімен аттас тайуандық жас қыз тілмаш болып бекітіледі. Әдемілігі мен білімділігі қатар жарасқан бойжеткен Чизурудың Тайуанның оңтүстігіне сапарын ұйымдастырып, жергілікті тағамдармен таныстырады. Пойызбен сапар шеккен Чизуру көркем табиғатқа сүйсініп, түрлі ұлттық ас-ауқаттан дәм тата жүріп, тілмаш қызға біртіндеп ғашық бола бастайды.

Алайда бойжеткен оған жақындай түскен сайын алыстай береді. Осы түсініксіз қашқақтау Чизуруды мазалай түседі. Тек кейін ғана ол олардың арасына түскен көзге көрінбейтін кедергінің отарлық саясат пен тарихи қайшылықтардың салдары екенін түсіне бастайды.

Романның басты ерекшелігі Тайуанның жапон отарлығындағы кезеңін нәзік әрі батыл суреттеуінде. Шығарманың алғаш жапон тілінде жазылуы да кездейсоқ емес. Кей әдебиеттанушылардың пікірінше, автор осылайша Тайуандағы мәдени-саяси шектеулерден айналып өтуді көздеген болуы мүмкін.

Кітапта отарлық биліктің жеке адамдар тағдырына қалай әсер ететіні айқын көрсетіледі. Автор махаббат та, адамның арманы мен қайғысы да саяси билік алдында дәрменсіз болып қалатынын шебер бейнелейді.

Шығарма оқырманды тарихқа тура қарауға шақырады. Өткенді жасыру немесе ұмыттыру қоғамды алға бастырмайтынын аңғартады. Романдағы оқиғалар көркем қиялдан туғанымен, ол Тайуанның бір кезеңде Жапония отарында болған тарихи шындық екенін еске салады.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2959
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2067