Жанболат Мамай мен "Демпартия" белсенділері қамалды
21 ақпан күні «Демократиялық партия» құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамай мен белсенді Жанбол Раматулла халықты заңсыз митингке шақырды деген айыппен қамауға алынды.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғарыда аталған екі азаматты Алматы облысы Қарасай ауданының ПБ қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін ұстаған.
Мамайдың жақтастары 22 ақпан күнгі таңғы сағат 5:00-ге дейін оның қайда екенін таба алмаған.
Осы түні Алматы облысы Қаскелең қаласы Қарасай ауданы полиция басқармасына барған бір топ адам «Демократиялық партия» құру жөніндегі бастамашыл топтың жетекшісі Жанболат Мамайды қамаудан босатуды талап етті.
Оның жақтаушылары «Бостандық» деп айғайлап, талаптары орындалмаған жағдайда аштық жариялайтындарын айтты.
Айта кетейік, өткен жылы Жанболат Мамай жақтастарымен бірге «Демократиялық партия» құратындарын жариялап, Әділет министрі оны жылдың соңында тіркеген.
Осыдан кейін Ж.Мамай 22 ақпанда Алматы қаласында «Демократиялық партияның» құрылтайын өткізетінін хабарлаған болатын.
Артынша жоспары өзгеріп, бұл күні түрлі қысымдарға байланысты митингке шығатындарын мәлімдеген. Дәл осы күні Қазақстанда үкіметке қарсы екі митинг жоспарланған.
Оның алғашқысын шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов пен ол жетекшілік ететін «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы жоспарласа, екіншісі Ж.Мамай бастаған топтың ұйымдастыруы еді.
Сонымен, Қарасай аудандық сотының қаулысымен Жанболат Мамай 3 тәулікке, Рахматулла 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Ал бүгін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбе қалаларында митингке келгендерді құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұстағаны туралы ақпарат тарады.
Дәлірек айтқанда, Алматыда ҚДТ митингісіне келген 100-ге жуық адамның ұсталғаны, сондай-ақ, Шымкент пен Ақтөбе қалаларында да полиция ондаған адамды ұстағаны хабарланды.
Сонымен қатар, бүгін Жанболат Мамай мен Жанбол Рахматуллаға бостандық сұрап, алаңға жиылған "Демпартия" өкілдерінің де тұтқындалғаны туралы ақпарат тарады.
Олардың арасында саясаткер Төлеген Жүкеев, қоғам белсендісі Ырысбек Тоқтасын, "Жас Алаш" гәзетінің бас редакторы, Жанболат Мамайдың әйелі Инга Иманбай да бар.
Ал ҚР ІІМ-нің ұсталғандар туралы ресми ақпараты әзірге тараған жоқ.
Abai.kz