Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3156 0 пікір 26 Қыркүйек, 2011 сағат 04:28

Амангелді Кеңшілікұлы. Тағдырмен бетпе-бет (Жалғасы)

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

...Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...

Салыстырмалы түрде өнердегі адамдарды үшке бөлуге болады. Алғашқылары мағыналы ештеңе жасамаса да, қыбырлап-жыбырлап, төменде жүріп-ақ барлық тірлігін бітіретін бауырмен жорғалаушылар. Өмірдің бүкіл рахатын солар көреді. Ар-ұятын сатып, тіршіліктің қамы үшін пендешілікке салынып, әр кімге бір жалтақтап өтірік өмір сүреді. Мағыналы ештеңе тындыра алмаса да, мансапқа жетіп, атақ-даңққа бөленеді. Бәрі шетінен пысық келеді. Том-том қылып, жарқыратып кітаптарын шығарады. Мақталады. Дұрысы - битін салып жүріп, өздерін мақтатқызады. Өнерде жүргендердің басым бөлігін, салмағы жоқ, өлген күні шығармашылығы да өздерімен бірге суық көрге көмілетін, қанаты жоқ осындай адамдар құрайды. Олар - дарынсыздар.

Өнерде белгілі бір биіктікке дейін ғана ұша алатын үркердің шоғырындай ғана топ бар. Олар көп оқып, көп ізденеді. Өнерге мейлінше адал болуға тырысады.  Жағымпаздыққа, екіжүзділікке, көрсеқызарлыққа салынбай, ондайдан бойын аулақ ұстайды. Өмірдегі де, өнердегі де ұстанымынан таймайды. Олар - таланттар.

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

...Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын,

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім...

Салыстырмалы түрде өнердегі адамдарды үшке бөлуге болады. Алғашқылары мағыналы ештеңе жасамаса да, қыбырлап-жыбырлап, төменде жүріп-ақ барлық тірлігін бітіретін бауырмен жорғалаушылар. Өмірдің бүкіл рахатын солар көреді. Ар-ұятын сатып, тіршіліктің қамы үшін пендешілікке салынып, әр кімге бір жалтақтап өтірік өмір сүреді. Мағыналы ештеңе тындыра алмаса да, мансапқа жетіп, атақ-даңққа бөленеді. Бәрі шетінен пысық келеді. Том-том қылып, жарқыратып кітаптарын шығарады. Мақталады. Дұрысы - битін салып жүріп, өздерін мақтатқызады. Өнерде жүргендердің басым бөлігін, салмағы жоқ, өлген күні шығармашылығы да өздерімен бірге суық көрге көмілетін, қанаты жоқ осындай адамдар құрайды. Олар - дарынсыздар.

Өнерде белгілі бір биіктікке дейін ғана ұша алатын үркердің шоғырындай ғана топ бар. Олар көп оқып, көп ізденеді. Өнерге мейлінше адал болуға тырысады.  Жағымпаздыққа, екіжүзділікке, көрсеқызарлыққа салынбай, ондайдан бойын аулақ ұстайды. Өмірдегі де, өнердегі де ұстанымынан таймайды. Олар - таланттар.

Алып қанаты бар, әр ұшқан сайын тек биікте самғайтын, дүниеге сия алмай өтетін ерекше жаратылған адам да келеді өмірге. Ол қоғамдағы әділетсіздікке төзбей, тағдырына бағынбай, онымен күресіп өмір бойы азап шегеді. Өмірдің биік аспанын іздеп аласұрып, жаны тыныштық таппай қиналады.  Дүниенің бүкіл рухани байлығын гауһар тастай уыстап жүрегіне жинайды. Қоғамның заңдылығына бағынғысы келмей, ағысқа қарсы жүзеді. Шығармаларын сиямен емес, қанымен жазады. Ол рабайда, ғасырда бір туатын - ұлы талант.

Таудай биік Мұқағали да - Құдай алып қанатымен жаратқан сондай ұлы талант еді. Әділін айтсақ, осынау биік аспанның астында ұшу да ақынның құлашын кеңінен жаюына аздық етті. Өйткені Мұқағалидың өз ішінде өмір сүрген ұлы аспаны, дүниенің аспанынан биік-тұғын. Сондықтан да ұлы ақын, дүниенің аспанын жарып шыққысы келіп, әр ұшқан сайын қайта-қайта барып оған алып қанатымен соғылды. Әр соғылған сайын, ақын болып жаратылғанына өкініп, қанатының қауырсынын оңдырмай сындырып алып, қатты күйзелді. Бірақ қанаты жазыла салысымен биік аспанда  ала алмаған өші бардай  қыран-ақын қайтадан қанатын жазып, сол жаққа  қарай ұшты.

 

Ақын болып несіне жаратылдым,

Арасында қап қоймай қара түннің,

Қасиетін сезем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Қу тірлікке құл болып, аяң басып,

Құлашымды жая алмай баратырмын

Жауһар жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін жаулаған   ақынның да дәл осындай қасіретті өкініші болады екен-ау! Кәусардай мөлдіреуге жаратылған Мұқағалидың жанарын неге кіреуке мұңның кірбіңі басты? Ой қабырғасы сөгіліп, шабыттың дария толқыны тасып, бойына сыймағанда  дауылдарға да, жауындарға да қарамай, ағындарға қарсы жүзіп, дамылдамай, қара нөсердің қағынғанын да елемей аспанға қарай самғайтын қыран-ақынның шынымен де күннің қара суығы тоңдырған торғайдай шырылдап, гүлдей нәзік әйелдің жанынан пана іздегені ме?

Бұл не сонда? Кірпігіне үміт ілдіре алмай өткен Мұқағалидың бәрінен де түңіліп, мезі еткен ойларынан шаршап, ақыр соңында тағдырынан жеңілгені ме? Жоқ, олай болмаса керек?

Ақын жеңілген жоқ.  Тағдырымен болатын ақырғы шайқасқа шығу үшін, өмір майданында қанатындағы қауырсынының бәрі сынған жаралы қыран соңғы  күшін жинап жатыр. Өмірлік базынасын айтып болған соң, ол қайтадан биікке самғап, бұзып шыққысы келіп, жаралы қанатымен тағы да дүниенің аспанына барып соғылады. Тағдырымен шайқасып өлуге тәуекел етіп, қанаты майырылып, көзі қанталаған қыран-ақынды енді ешкім тоқтата алмайды.

 

Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,

Аттап өттім олардың қия белін.

Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды.

Жия бергім келеді, жия бергім.

Маңдайымнан сипайтын бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

 

Заманның қоңырауындай кеудесі бар ақынға тағдырдың құлпы бәрібір кісенін сала алмады. Мұқағалидың «бүлікшіл-бунтарлық» бұзақылығының себебін түсіне алмағандар оны тіпті ақыл-есінен айырылған жындылардың қатарына да қосып қояды. Шындығында оның бәрі «бұзақылық» та, «жындылық», «сотқарлық» та емес, Мұқағалидың ақындық мінезі болатын.

Тағдырмен бетпе-бет келгенде ақынды талай рет тура жолдан тайдырып жіберген де, сонымен қатар оны өнердің биік шыңына көтерген де сол мінез еді. (Жүрек пен мидың қатпарында жасырынып жатқан ойдың кенішін іздеген Мұқағалидың өлеңдерін өміршең етіп тұрған да сол мінез емес пе. Тереңірек үңілсеңіз, Мұқағалидың ақындық мінезінде тек ашу мен ыза ғана емес, жүректегі мұзды майдай ерітіп жіберетін күннің шуағындай жылы лиризм мол. Ақиқатын айтсақ, жиырмасыншы ғасырда туған басқа еш ақынның өлеңінде де табиғат пен өмір соншалықты нәзік лиризммен жырланған емес.)

Өнердегі мінезінің арқасында тек аспанмен таласқан биікте ғана ұшқан    Мұқағалидың, жүрегін жарып шыққан ақберен жырлары ылғи да қайшылықта туып, ақынның жанына бір сәт тыныштық бермей, оны үстін-үстін қинады. Ақын өлеңдерінің рухынан Мұқағалидың жүрегінен туған әр жырының толғағының ауыр, әрі қатерлі болғанын аңғарасың. Фаризаға арнаған өлеңінде осы ерекшелік тым айрықша сезіледі.

 

Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?!

Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.

Енді қалған өмірдің құрдымында,

Өлтірсең де көмбеймін жырды құмға!

Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,

Көбейтсең де қаншама мыңды мыңға..

 

Дария тілдің ағынымен, ақын аузымен айтылған сөздің бәрінің де ақиқат екенін мойындамасқа лажымыз жоқ. Өңкей нөлдерге күйінген ақынды шегіп жатқан азабынан құтқаратын бір-ақ құдірет бар - Өлім.  Амал қанша, егер жүрегінің есігін  қағып тұрған ажал болса, Мұқағали ақын одан да шошымай, Құдай айдап әкелген қонағындай қарсы алуға әзір.

Көкірегінде өмірге айтылмаған талай ғашық әні кетіп бара жатқаны болмаса, итке тастайтын сүйегін де ақынға қимаған қу тіршілікте не қызық қалды?  Құдай аузына салғанда, көріпкелдікпен өзінің есебінде жазғандай қырықтың бесеуінде, өмірден түңіліп ішкілікке салынып кеткен, отты жырлары миллиондаған адамдардың жүрегін нұрландырған Мұқағали ақынды ажал жердің азабынан құтқарып, мәңгілікке құшағына алды.

 

Өзімнің есебімде

Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.

Кім біледі..

Ендігі қалған өмір

Неше жылға жетерін,

Неше күнге?

Ұмыт болып есебің, есегің де,

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде

Қырықтың бесеуінде.

Адал едім,

Артынша «арам» болдым,

Адам едім,

Ақыры «надан» болдым.

Жиылып бұл жалғанның жамандығы

Ақыры маған қонды.

Жаман болды.

Айтыңдар,

Қайсысың бар ардақтаған.

Таразыға тең қойып, салмақтаған?

Басылған маңдайыма қарғыс таңба,

Қарауға жан батпаған,

Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,

Қыранмын екі көзін қан қаптаған.

Ақыры, байғұс ақын өліп тынды. Оны өлтірген кім? Заман ба, қоғам ба, әлде адам ба?  Жоқ, олардың ешқайсысы да емес. Ақынды өлтірген оның жүрегінен туған өлеңдерінің ұшқыны. Уақыт өте келе сол ұшқын жалынға айналып, отты жырлармен қауышқан ақынның жан әлемін өртеді. Қатты қиналған күндерде ақын ішінде жанған оттың жалынын сөндіре алмай, талай рет азапқа түсіп, арпалысқан жоқ па еді.

 

Айтатын саған сырым бұл,

Ертеңім менің бұлыңғыр.

Әлсіреп дымым құрып жүр.

Адасып менен кеткен бе?

Айналайын құлын-жыр.

Айтатын саған сырым бұл,

Бастаудың мұздай суымен

Мерт болып кетсем жуындыр.

Өртенген жанды суындыр

Біз ылғи да дүниеге келетін ұлы ақындардың қасіретке белшесінен батып, азап шегіп, жарық дүниеден жақсылық көре алмай өтетінінің себебін өмірдің заңдылығымен түсіндіруге тырысамыз. Шындығында мұның басқа да себептері бар.

Ұлы ақындардың мына біз сияқты қарапайым пенделерден бір үлкен айырмашылығы табиғат та, тіршілік олардан тыс жерде емес, ішінде өмір сүреді. Табиғаттың дүлей дауылдары олардың кеудесінде соғып, үскірік аяздары жүрегін тоңдырып, аптап ыстықтары жанын күйдіріп жатады.  Тіршіліктегі әділетсіздіктер, қайғы-қасіреттер олардың ішіне түсіп кетіп, оны оттай жандырады.

Қазақ поэзиясының жарқыраған күні Мұқағали Мақатаев ағат басқан қадамдары үшін халқынан кешірім сұраған бір өлеңінде, төсіндегі тыным бермейтін заттың жүрек емес, от екенін жырлаған-тұғын. Ақынға ғажайып жырларды жаздырған да, тағдырына бағындырмай қойған да, қайта-қайта азапқа салған да сол лаулаған оттың құдіреті болатын.

Ақыр соңында жанғанға да көңілі көншімей, мына дүниені, Жарық күнді бар жан-тәнімен еміреніп сүйген Мұқағали жүрегіндегі оттың жалынына өртеніп өлді.

 

Meн сені сүйгем

Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің аймалап мені,

Жарық Күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағын,

Сезгемін білгем,

Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені,

Тастама мені, Шырағым!

Шуағың түссін,

Шөп болып, мейлі шығамын.

Қомағай көңіл құмартып өткен әрнеге,

Тірлікте, сонау түскемін талай әуреге.

Кешкен өмір де,

Көрген бақыт та - барлығы,

Жетпейді екен ғой,

Бір күндік сенің сәулеңе.

Бір күндік сәуле..

Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек - қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім...

Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға,

Өмір дегеннің не екенін.

Өмір дегенге,

Тірлікте, сірә, жетер ме ой.

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі,

Бекер ғой бәрі -бөтен ғой.

Өмір дегенің - бір күндік Сәуле екен ғой!..

 

Аянышты өлім! Аққу жырдың қанатына жазылған ақынның қаншама арманы орындалмай, ішінде кетті. Міне сол үшін өмірден түк қызық көре алмай өткен Мұқағалидың опасыз тағдырына қалай өкпелеуге де қақысы бар.

Ақын да - адам баласы. Көнгісі келмегенімен, бәрібір ол да барлық адамдар сияқты тағдырдың жазуымен басына бақыт құсының қонғанын армандады. Бірақ ылғи да тағдыр Мұқағалидың айналасын қалың тұманмен қоршап, оның басына бақыт құсын қонғызбай қойды. Алайда мына біздер, оның жырлары  жүрегімізде ізгіліктің шырағын жаққан қарапайым оқырмандары, ақын поэзиясының миллиондаған табынушылары Мұқағалиды зар жылатқан тағдырды, сол үшін жазғыра аламыз ба? Жоқ.

Есіңізде ме, Гетенің Фаустында ақын өзінің әзәзіл тағдырынан оның кім екенін сұрағанда ол «мен өмір-бақи зұлымдық жасағысы келгенімен, өмір-бақи тек игілік туғыза беретін құдіретпін» деп жауап бермеуші ме еді. Мұқағалидың тағдыры оның жеке өмірі үшін ғана - трагедия, ал қарапайым халық, яғни мына біздер үшін - игілік. Егер тағдыр ақынды қинамаса, ауыр азаптарға салмаса, зар еңіретпесе  біздің бәрімізді де ерекше елжіретіп, оқығанда есімізден тандырып жібере жаздайтын  ғажайып жырлар Мұқағалидың жүрегін жарып шығар ма еді. Жарық дүниеге Мұқағалиды әкелген құдай ол туғанда ақындық тағдырын да онымен бірге жаратты. Ұмытпасаңыз, Мұқағалидың «Бесік балағындағы жылан» поэмасында бұл көрініс жыланның символдық белгісімен  әдемі суреттеледі.

Қызылшақа сәби Мұқағалиды шешесі ұйықтатып, бесікке бөлеп, керегеге сүйеп, жылғадан су алуға кетіп қалады.  Әжесі де тезек теруге кеткен. Күлуге де, қуануға да мұршасы жоқ әкесі шөп шауып жүр. Әлдебір уақытта шешесінің құлағына нәрестесінің шырылдаған үні естілгендей болып,  жүрегі су етіп, бәрін тастап үйіне қарай жүгіреді. Жүрегін ұстап үйіне жетсе, затын бөтен шошырлықтай дәнеңе жоқ. Сәбиі томпиып, қаннен-қаперсіз бесікте тәтті ұйқыда жатыр. Бір уақытта ине-мұрты танауына шаншылған ала мысық үдірейіп, бесікке қарап бырылдап, қоя береді. Сол кезде ғана анасы тал бесіктің балағында оралып  жатқан қарашұбар жыланды көреді. Қапелімде не істерін білмей, зәре-құты қалмаған анасының сәбиін бесіктен шешіп алуға да дәрмені болмай қалады. Дәл осы сәтте үйге әжесі кіріп келіп, ақынның анасы оған ымдап бесіктегі әбжыланды нұсқап көрсетеді. Әжесі болса немересінің тірі қалғанына көзі жеткен соң, жыланды қысқашпен ұстап алып, дұшпанының аузына сүт тамызып, өлтірмей жөніне қоя береді.

Дастандағы бесік балағындағы жылан ақынға тұңғыш рет  жолыққан тағдырдың символдық көрінісі. Ең алғаш ол тағдыр ақынға жылан кейпінде жорғалап келді.

 

Мен жатыппын есен-сау бесігімде,

Алда болып ажалым, несібем де.

Титтей-титтей қырық күн сығалапты.

Қырық жамау құрым үй тесігінде.

Әлде сақтап, періштем қақты ма екен?!

Әлде қорғап мысығым жатты ма екен?

Әлде менің дұшпаным өзі қорқып,

Менен келіп қорғаныш тапты ма екен?!

Неге менің үйіме төте кірді?!

Бесігіме неліктен көтерілді?!

Неге мені шақпады?!

Сезді ме әлде?!

Мен өзіне жау емес екенімді.

 

Қарашұбар жылан қалпындағы тағдыр кейін Мұқағалиға адам кейпінде жолығып,  кездескен кезде талай рет ақынды аямай шақты. Шындығында тағдыр дегеніміз көзге көрінбейтін құбыжық емес - дәл өзіміз сияқты адамдар ғана. Ақынның қиналған сәтінде көмектеспеген, өміріне қарайласпаған - замандастары, жүрегін жаралаған -сыншылары, маңдайынан сипамаған -достары, талантын бағаламаған, құрметтемеген, қадірін кеш білген - жұрты, алақанына салып, аялай алмаған - қазақтар.

Әр ақынның өз тағдыры бар. Махамбеттің басын кескен -жауыздар, Абайды сабаған - қасиетсіздер, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Әлихандардың басын жұтқан - жалмауыздар, күні кеше ғана Алтынбекті өлтірген - опасыздар... Бұл да тағдырлар.

Бетпе-бет келгенде сол тағдыр Мұқағалиды зар жылатты. Дегенмен ақынның көзінің жасын жауын қылып, қайта-қайта ботадай боздатқанымен еш уақытта да Мұқағали ұлы өлеңді тағдырынан өш алудың құралына айналдырған жоқ.  Өмірінің соңына дейін ол замандасы Фаризаға арнаған өлеңіндегі «өлтірсең де көмбеймін жырды құмға» деген уәдесін бұзбаған Мұқағали болып қалды. Сөзімізге сенбесеңіз, Мұқағалидың жырларын оқып  көріңіз. Ақынның шалқар поэзиясынан замандастарын қарғап-сілеп жазған бір шумақ таба алмайсың.

Қайта керісінше, әр кездескенде ақын тағдырын аяп, таңдайына ақ құйып, жолға  салып жіберіп отырды. Басқаша сөзбен айтқанда тағдыр ақынды қыспаққа салған сайын Мұқағалидың жүрегінен бұрынғыдан да сұлу, бұрынғыдан да керемет, адамгершіліктің әдемі сәулесіндей жарқыраған ғажайып жырлар туа берді. Ақыр соңында ақын өлгенде тағдырдың өзі оны жоқтап жылады.

Мына дүние зұлымдық пен мейірімділіктің бітіспейтін майданы. Екі аяқты пендесін Алланың түзу жолына салғысы келетін Құдайға қашан да қиын. Өйткені ол зұлымдыққа қарсы алаяқтық, екіжүзділік, опасыздық, сатқындық сияқты оның қаруымен күресе алмайды. Ондай қаруды қолына алса Құдайдың өзі зұлымдыққа айналады. Ұлы Жаратушының зұлымдықпен күресетін жалғыз ақ қаруы бар - жүректің сәулесі. Ол жүрегінде сәулесі бар - кемеңгер. Ол жүрегінен имандылықтың нұры шашыраған - ғалым. Ол жүрегі от болып жанған - ақын.

Қазақтың ұлы ақыны Мұқағали Мақатаев жүрегі от болып жанып, миллиондаған оқырмандарының жанына адамгершіліктің шуағын шашқан, Құдайдың халыққа сыйлаған сұлу сәулесі еді. Ендеше дәл осындай Жердің ғажайып сәулесінің мәңгілікке сөнуі қалайша мүмкін болмақ? Сене алмаймын, оған.

Мұқағали өлген жоқ.  Ақиқатында  Алла-Тағала - көзі тірісінде халық қадірін білмеген, адамдар бағалай алмаған, тағдыр аямаған  Жердің әдемі сәулесін, баршамыздың көзімізді қызықтырып, жарық күндей жарқыратып, аспанға апарып жағып қойды.

Соңы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5408