Мұхтар Шаханов: «Тіл, ұлт мүддесіне немқұрайлы қарайтын азаматтарды қазақ деп есептемеймін!»
- Қадырлы Мұха! Сұхбатымызды 22 жылдан бері «жыры» таусылмай келе жатқан Тіл мәселесіне қатысты соңғы жайттардан бастасақ па деп отырмыз. Барша халыққа белгілі болған Ашық хат қазір еліміздің әр түкпірінен қолдау табуда. Бұл Ашық хат бұрынғы соңғылардан асып түсіп, ел ішіне қозғау сала бастаған сияқты. Әдетте ұлт зиялылары көтерген мәселеге мән беріп, қаперіне ала қоймайтын биліктің өзі де Ашық хаттағы негізгі мәселеге назар аудару қажеттігін қапысыз ұққандай. Бұл нені білдіреді? Сіз бастамашы тұлға ретінде Ашық хаттың мазмұны біздің қоғамда осыншалықты дүбір туғызады деп күттіңіз бе? осыдан 22 жыл бұрын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе иеленуіне белгілі деңгейде сіз себепкер болып едіңіз. Сол күнді еске ала кетудің де артықтығы болмас.
- Қадырлы Мұха! Сұхбатымызды 22 жылдан бері «жыры» таусылмай келе жатқан Тіл мәселесіне қатысты соңғы жайттардан бастасақ па деп отырмыз. Барша халыққа белгілі болған Ашық хат қазір еліміздің әр түкпірінен қолдау табуда. Бұл Ашық хат бұрынғы соңғылардан асып түсіп, ел ішіне қозғау сала бастаған сияқты. Әдетте ұлт зиялылары көтерген мәселеге мән беріп, қаперіне ала қоймайтын биліктің өзі де Ашық хаттағы негізгі мәселеге назар аудару қажеттігін қапысыз ұққандай. Бұл нені білдіреді? Сіз бастамашы тұлға ретінде Ашық хаттың мазмұны біздің қоғамда осыншалықты дүбір туғызады деп күттіңіз бе? осыдан 22 жыл бұрын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе иеленуіне белгілі деңгейде сіз себепкер болып едіңіз. Сол күнді еске ала кетудің де артықтығы болмас.
- 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде екі тіл - орыс және қазақ тілі бірдей мемлекеттік мәртебе иеленіп кетіп еді. Ол кезде де «Орыс тілі мемлекеттік тіл болса екен» деп армандаған шалақазақ депутаттар жеткілікті болатын. Солардың бәрінің арманы орындалып, бір-бірімен сүйісіп, құшақтасып жатты. Алдында ғана жиынды басқарып отырған Қилыбай Үсенов ағамыз: «Бірінші кезекте екі тілге бірдей мемлекеттік мәртебе беру мәселесін қоямын. Егер ол өтпесе ғана қазақ тілін жеке-дара мемлекеттік тіл жасау туралы Шахановтың ұсынысын дауысқа саламыз» деген болатын. Себебі, бір күн бұрын биліктегілердің өзара өткен жиынында мемлекеттік мәртебеге екі тілді бірдей өткізу мәселесі алдын-ала келісілген екен. Сол кезде мен өзімді-өзім мүлде ұстай алмай қалдым. Қаным басыма шапшыды. Орнымнан атып тұрып: «Бүкіл Кеңестер Одағындағы бізден басқа республикалардың бәрі өздерінің ана тілдеріне мемлекеттік мәртебе берді. Жалғыз біз тоқалдан тудық па? Бұл не масқара? Енді халық арасына барамыз, бүкіл елді көтереміз. Мұның соңы сөз жоқ екінші Желтоқсан оқиғасына ұласуы мүмкін» дегенімде депутаттар да, кейбір басшылар да тіксініп қалды. Осы сәтте Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаев: «Шахановтың ұсынысын қайта дауысқа салайық» деді. Қайта дауысқа салу мүлде заңсыз болатын. Бірақ бастық не айтса соны орындауға бейім халық емеспіз бе? Дауысқа салынған сәтте бірінші хатшы бірінші боп қол көтеріп еді депутаттардың бәрі біз жаққа ойысты... Кейде «үмітсіз жындылықтың» да ойламаған жерден пайдасы тиеді екен. Сол тұста мен үндемей қалғанымда орыс тілі де мемлекеттік мәртебе иеленіп, бүгінгі таңда ұлтымыздың 75-80 пайызға жуығы орыстанып кетер ме еді, кім білсін? Міне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіндегі сол отырыстың теледидарлық түсірілімін де, тіпті оның міндетті түрде сақталуға тиісті қаттамасын да жойып жіберген. Өзге жиындардың бәрі дерлік бар, тек тіл мүддесі төңірегіндегі сол жолғы тартыс және желтоқсан көтерілісі туралы бет жыртысулар ғана жоқ.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 22 жыл толса да, сөздің ашығы, 22 жөнді қадам жасалған жоқ. Өйткені билік 1994 жылдың өзінде-ақ елімізді Қазақстандық ұлтқа ендіру мүддесін ашық қойған еді. Сондықтан да үлкен билік басындағылардың бір де біреуі баласын, қызын, тым құрыса немересін қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне берген жоқ. Қазір ол перзенттері орыс, ағылшын тілдерінде сайрағанда жұртты таң қалдырады, ал ана тілінде «сәлеметсіз бе» деген сөзді айтуға намыстанады. Осыдан үш жыл бұрын билік «Қазақстандық ұлтты» қайта ендірмек болды. Бәріміз үдере қарсы тұрдық. Бізбен бірге төрт мыңнан астам адам аштық жариялауға тілек білдірді. Билік тағы да аяғын тартты. Өткенде олар «Қазақстандық ұлтқа» қайта апаратынын тағы да ескертті. Сол үшін де біз бүкіл қазақ халқына және өзге ұлт өкілдеріне арнаған ашық хатымызда «Қазақстандық ұлтқа» түбегейлі қарсылығымызды қайта сездіріп отырмыз.
Құдайға шүкір, нақ осы жылы халық оянды. Топ-топ болып облыстардан келіп жатқан адамдарда есеп жоқ. Жасыратын не бар, бұл ашық хатты жұртқа осыншалық деңгейде әсер етеді деп күтпеп едім. Бейшара күйге түскен тіл мүддесін өзінің заңды, тиісті орнына қондыру кезеңі енді келген сияқты.
- Ашық хатқа қол қоюға келісімін бере тұрып, артынан айнып кеткен 5-6 адам туралы не айтасыз? Әсіресе, қазақ ән өнерінің бұлбұлы Бибүгүл Төлегенованың орыстілді газеттерге беріп жүрген сұхбаты туралы ойыңызды білдіре кетсеңіз жөн болар еді. Ол кісі Сізге «саясатпен айналыспа, орыстілділер де қызығып оқитындай өлең жаз» деген сыңайда кеңес беріп жүр ғой. Апаңыздың тілін алып қара өлеңінің аулына қайтасыз ба, әлде Тіл мәселесін қаузай бересіз бе?
- Бибігүл апамнан мен бұрын бір-екі рет аяғымды тартып қалған жайым бар еді. Осы жолы жігіттерге ол кісіге қол қойдырмай-ақ қойыңдар деп тапсырма бергенмін. Сол тұста Нұржан Ошанбек деген ұлтжанды азаматымыздың маған берген мәліметі мынау: «Апаймен өзім сөйлестім. Ашық хат туралы баяндап едім: «Кімдер қол қойды?» деп сұрады. Нұрпейісовтен бастап біраз адамдардың атын айтып едім, «Жарайды, мен де толық қолдаймын, есімімді ендіре беріңдер!» депті. Мейлі, бәрін кешіруге болады. Бірақ, апамыздың «Интерфакс-Қазақстан» деген ақпараттық агенттікке арнайы барып, орыс тілді телеарналарды, баспасөз өкілдерін жинап алып, қазақ тіліне және оны қолдаушыларға қарсы дау көтергенін, анасының татар, өзінің толыққанды қазақ емес екенін, немерелерінің қазақ тілін менсінбейтінін мақтанышпен айтуын өз басым түсіне алмадым. Қазақ тіліне, ұлтына ықласы онша емес болса, онда неге төлқұжатында қазақ боп жазылып келді? Ұзақ жылдар бойына нағыз қазақ әншісі атанып келген апамыздың рухани парасаты мен жүрегінің орнына тамағы ғана жұмыс істеп келген бе? Және апамыздың пікірінше, саясатпен саясаткерлер ғана шұғылданып, мен сияқты ақындар тек өлеңін ғана жазып жүрсе 1986 жылғы Желтоқсан қасіретін кім көтерер еді? Оған саясаткерлердің шамасы жетер ме еді? Билікпен жанжандаспау кез келген адамға тиімді. Бірақ ұлтты қайтеміз?
Тіл, ұлт мүддесі төңірегіндегі мәселелерге немқұрайды қарайтын, оны өз жағдайына орай қажет кезде сатып кете беретін әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлерінің бәрін, өз басым, азамат деп те, қазақ деп те есептемеймін.
-Әңгімеңізге рахмет!
«Абай-ақпарат»