АҚШ мемлекеттік департаменті: Белсенді Ағаділдің өлімі мұқият зерттеледі деп үміттенеміз
АҚШ мемлекеттік департаменті 25 ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділдің өліміне "қатты алаңдап отырғанын" мәлімдеді.
"Біз [Ағаділдің өлімі] толық әрі мұқият зерттеледі деп ойлаймыз және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бостандықты кеңіту бойынша берген уәдесін толық жүзеге асыруға шақырамыз" деді АҚШ мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісінің орынбасары Элис Уэллс Twitter-де.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Дулат Ағаділдің отбасы мен туыстарына көңіл айтты.
Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады. Олар оқиғаға ішкі істер министрлігі мен Қазақстан билігін кінәлады.
Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті. Олар сонымен бірге саяси тұтқындар мен жақында митингіге байланысты қамалған белсенділерді босатуды талап етті.
Дулат Ағаділ 2019 жылы ақпанда Қазақстан астанасында уақытша баспанада шыққан өрт салдарынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасының кәмелетке толмаған бес баласы мерт болған соң Қазақстанның әр аймағында үкіметтен әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға жәрдем жасауды талап еткен наразылықтар көбейген тұста белсенділігімен көзге түскен еді. Ол биліктен саяси тұтқындарды босатуды, азаптауды тоқтатуды, азаматтардың бейбіт шеру өткізу бостандығын қамтамасыз етуді және әділ сайлауды талап етіп, наразылық акцияларына қатысты.
Ел өңірлерін аралап, өзі қатысқан түрлі наразылық шараларынан Facebook әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфир жүргізген Дулат Ағаділ болған жайтты бұрмаламай әрі жедел жеткізетін белсенді блогер ретінде де танылды дейді жақтастары.
Ол бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, 2019 жылдың тамыз айынан бері 60 күн әкімшілік қамауда болған. Оған "полиция қызметкеріне бағынбады", "сотқа құрметсіздік көрсетті", "заңсыз митингіге қатысты" деген айыптар тағылды. Ол тағылған айыптарды жоққа шығарды.
Түпнұсқа: Azattyq.org
Abai.kz