Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2248 0 пікір 24 Қыркүйек, 2011 сағат 08:01

Ораз ЖАНДОСОВ: ҚОРЖЫНДА ҚОРЫҢ БОЛСЫН

Соңғы екi жылда "ақырзаманды" болжаушы экономистердiң саны күрт артты. Базбiр сарапшылар Америка дефолтқа ұшыраған жағдайда, ғаламдық экономиканың қандай жағдайға ұшырайтынын елестету мүмкiн емес дейдi. Ғаламдастырудың жағымсыз салдарының бiрi сол, АҚШ доллары құны жоқ құр қағазға айналған күнi халықаралық сауда-саттықта, әлемдiк қор нарығында не болатынын болжау қиын.

Соңғы екi жылда "ақырзаманды" болжаушы экономистердiң саны күрт артты. Базбiр сарапшылар Америка дефолтқа ұшыраған жағдайда, ғаламдық экономиканың қандай жағдайға ұшырайтынын елестету мүмкiн емес дейдi. Ғаламдастырудың жағымсыз салдарының бiрi сол, АҚШ доллары құны жоқ құр қағазға айналған күнi халықаралық сауда-саттықта, әлемдiк қор нарығында не болатынын болжау қиын.

Оның үстiне, осы аптада Американың Федералды резервтiк жүйесi доллардың хал-жағдайын анықтау үшiн екi күндiк жиналыс өткiздi. Осы орайда, белгiлi экономист Ораз Жандосовқа бiрнеше сұрақ қойып, бүгiнгi ғаламдық экономикадағы жағдай туралы, оның қарапайым қазақстандықтарға тигiзетiн әсерi туралы пiкiрiн сұрадық. Мемлекеттiк билiктiң де, демократиялы оппозициялық саяси партияның құрамында да бiраз жыл жұмыс iстеген экономист бүгiнгi жағдайға сабырлы қарайды.
- Американың Федералды резервтiк жүйесi жиналысының нәтижесiн көптеген елдер бақылап отыр. Осы отырыста қабылданған шешiмдерге көп нәрсе байланысты: ең әуелi америкалық экономиканың тұрақталу мүмкiндiгi, доллардың келешегi... Ал доллардың жағдайына қазiр бүкiл әлем алаңдап отыр десек, артық емес. Сiздiңше, бұл жиынның қорытындысы қандай болмақ? АҚШ мемлекетi жақын болашақта доллардан бас тартып, алтын қорымен қамтамасыз етiлген басқа валютаға ауысуы мүмкiн деген сыбыстар айтылып жүр. Мәселен "амеро" деген сияқты...
- Бiр нәрсенi анық айтуға болады: америкалықтар "амеро" болсын немесе басқа валютаның пайдасына бола өз валютасынан бас тартпайды. Осы аптадағы Федералды резервтiк жүйе отырысының басты мақсаты - экономикадағы жалпы жағдайды жақсарту үшiн Американың Орталық банкiнiң монетарлық саясатына қосымша өзгертулер керек пе, жоқ па деген мәселенi шешу. Соңғы бiр-бiр жарым айда Америкада экономикалық өсiм саябырсып қалды, тiптi нөлге тең деуге болады. Әрине, бiр-екi ай бұрынғы жағдайға қарағанда дефолттың болу мүмкiндiгi қазiр аздау, өйткенi Конгресте бюджет дефицитiн қысқарту бойынша белгiлi бiр қадамдарға байланысты келiсiм жасалды ғой. Жалпы, қазiргi жағдай экономикалық өсiм қарқынына тiкелей байланысты.
- Доллар ғана емес, еуроның да басына бұлт төнiп тұр ғой. Жалпы, қазiргi таңда әлдеқалай халықаралық резервтiк валюталардың бiрi құлдыраса, шетелдегi есепшоттарда жатқан Ұлттық қордың жағдайы не болмақ?
- Егер әлемдiк валюталардың бiрi құнсызданатын болса, онда Ұлттық қордағы алтын-валюта қорын былай қойып, экономикадағы жалпы жағдай жақсы болмайды. Себебi мұндай жағдайда 2008 жыл мен 2009 жылдың басындағыдай ғаламдық экономикалық өсiм саябырлайды немесе әлемдiк ЖIӨ төмендейдi. Бұл шикiзаттың әлемдiк бағаларына тiкелей әсер етедi. Олардың бағасы түссе, бiздiң экономикамызға жағымды әсерi болмасы анық.
Ал Ұлттық қордың белгiлi бiр валютадағы бiр бөлiгi, яғни оның қарыздық мiндеттемелерi, сол валюта құлдыраған жағдайда, олар да құнсызданады. Ал акцияларға салынған бөлiгiнiң (олардың үлесi аз ғана екенiн айтуға тиiспiз), жағдайы не болатынын дәл қазiр айту мүмкiн емес, себебi девальвация болған мемлекетте кейбiр компаниялардың акцияларының құны, керiсiнше, өсуi де мүмкiн.
- Доллардан басқа әлемдiк резервтiк валюта туралы әңгiме айтылғалы бiраз болды. Америка экономикасы қиындықтарға ұшыраған жағдайда, қандай резервтiк валюта оның орнын басуы мүмкiн?
- Қазiр доллар ғана емес, еуро да, жапондық йена да, британдық фунт стерлинг те резервтiк валюта болып саналады. Бұл валюталарға тағы қандай валюталар қосылуы мүмкiн дегенге келсек, бiр жағынан, Қытайдың экономикасының қауқары, елдiң сыртқы қаржылық активтерi, сауда көлемi жағынан юань да бәсекелес бола алады, екiншi жағынан, юаньды резервтiк валютаға айналдыру үшiн Қытайдың үкiметi әлi де болса көп iшкi реформалар жасауы керек. Олар белгiлi бiр реформаларды бастап та кеттi. Бiрақ қарқыны шамалы, бұл реформаларды толықтай жүзеге асыру үшiн әлi ондаған жылдар керек. Ал оған дейiн басқа мемлекеттiң валютасы резервтiк валютаға айналмаса да, сол деңгейге жақындап қалуы мүмкiн. Мұндай қабiлетi бар елдер ретiнде Үндiстанды, Бразилияны, Ресейдi, Түркияны атауға болар.
- Бүгiнгi жағдайда қарапайым азаматтарға азын-аулақ қорын қандай валютада сақтауға кеңес бересiз?
- Қаржыны қай валютада сақтау керектiгi көптеген мәселеге байланысты. Ең әуелi, мұнай бағасына қарау керек. БАҚ өкiлдерi менен осы сұраққа жауап сұрағанда, мен мұны үнемi айтып жүремiн. Сондықтан қазiргi таңдағы мұнайдың бағасына қарағанда, теңгемен сақтаған сенiмдiрек болар. Ал егер мұнайдың 1 баррелi 70-80 доллардан төмен түсетiн болса, онда қазақстандықтарға Үкiмет пен Ұлттық банктiң қандай саясат жүргiзiп отырғанын бағуға кеңес берер едiм. Барлық кезеңдерге жарайтын нақты шешiм жоқ, осы екi факторға қарау керек. Дегенмен қазiргi таңда ақшаны теңгемен сақтаған дұрысырақ болар.
- Осы айдың басында Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко "Теңге бүгiнде тұрақты", - деп мәлiмдедi. Әдетте, Ұлттық банк төрағасы әлдеқандай мәлiмдеме жасағанда, жағдай керiсiнше өзгерiп кетуi мүмкiн. Мысалы 2009 жылғы девальвацияның кезiндегiдей...
- Бұл сұраққа мен алдыңғы жауабымда iшiнара жауап берiп кеттiм ғой деймiн. Ал Ұлттық банк төрағасының мәлiмдемелерiне келсек, өкiнiшке қарай, бiздiң елде Ұлттық банк өз саясатын жүргiзуде тәуелсiз емес. Астана, анығын айтқанда, Ақорда не айтса, соны iстейдi. Менiңше, 2009 жылы Ұлттық банк экономикалық жағдайды жақсы бiлiп-түсiнiп отырды, өйткенi сол жылдың басында мұнайдың әлемдiк бағасы 1 баррельге 40 долларға дейiн түсiп кеттi ғой. Бiрақ Астанада шешiм қабылданғанға дейiн "бәрi жақсы" деп айту керек деген тапсырма түскен болуы керек деп ойлаймын. Ал ол шешiм неге соншалықты ұзақ уақыт бойы - яғни әлемдiк қаржы-экономикалық дағдарыстың уытты кезеңi, 2008 жылдың қыркүйек айынан 2009 жылдың ақпан айына дейiн созылды - ол жағы маған беймәлiм.
- Мемлекетiмiздiң сыртқы қарыздары жөнiндегi ресми деректер шынайы деп ойлайсыз ба? Осы бағыттағы Үкiметтiң iс-әрекетiн қолдайсыз ба?
- Бiздiң сыртқы қарызымыздың көлемi туралы мемлекеттiк органдар жариялаған мәлiмет шынайы деп ойлаймын. Яғни 31 наурыздағы мәлiмет бойынша мемлекеттiң жалпы сыртқы қарызы 124 млрд. доллар, ал Үкiметтiң қарызы 7,6 млрд. долларды құрайды. Бұл бағыттағы Үкiметтiң iс-әрекетiне келсек... Үкiмет бұл салада әлi талай жұмыс iстеуi керек, өйткенi, менiң ойымша, елдiң сыртқы қарызы ЖIӨ мен бүгiнгi экспорт көлемiне қарағанда өте үлкен. Сондықтан сыртқы қарыз саясатын қатаңдату керек деп есептеймiн. Бұл бiрiншiден ұлттық компанияларға да тiкелей қатысты.
- Егер АҚШ пен Қазақстанның сыртқы қарыздарын салыстырар болсақ, қай ел бiрiншi дабыл қағуы керек?
- Бұл жерде мәселе мемлекеттiк қарыз туралы екенiн ескеру қажет. Ал мемлекеттiк қарыз деп ең әуелi Үкiметтiң және егер бар болса Ұлттық банктiң қарызы айтылады. Бүгiнгi таңда АҚШ-тың мемлекеттiк қарызымен салыстырғанда, әрине, Қазақстанның қарызының көлемi өте аз. Егер екi елдiң мемлекеттiк қарызын салыстырсақ, дабылды әуелi АҚШ қағуы керек. Мұны бiз көрiп те отырмыз. АҚШ Конгресiндегi, елдегi экономистер арасындағы пiкiрталастар - осының айғағы.
- Қазiр әлемдiк экономикада дағдарыстың екiншi толқыны келедi деген пiкiр бар. Бiрақ кейбiр сарапшылар бүгiнгi жағдай осыдан екi жыл бұрын басталған дағдарыстың жалғасы дейдi. Дағдарыс қаупi төнiп тұрған жағдайда, оған қазақстандықтар қалай дайындалуы керек?
- Шындығын айтқанда, дамыған елдердегi дағдарыс 2008 жылы басталғалы берi әлi өтiп болған жоқ деуге болады. Көптеген дамыған мемлекеттерде дағдарыстың бетiн қайтаруға жасалған шаралар күткендегiдей нәтиже бермедi. Биылғы жылдың тамыз-қыркүйек айын алар болсақ, қазiргi жағдайдың нашарлауының себептерi 2008 жылы болған дағдарыстың түп себебiмен тамырлас.
Қазақстандықтарға экономикалық тұрақтылықтың жайын ойлап, мазасыздануға тура келедi, бiрақ бұл алдыңғы кезектегi мәселе емес. Неғұрлым экономикамыз диверсификацияланып, шикiзат пен оның әлемдiк бағасына тәуелсiз болған сайын, соғұрлым бiздiң мемлекетiмiзде экономикалық тұрақтылық болады. Ал қарапайым адамдар дағдарыс жағдайына қалай дайын болады дегенге келсек, бәлкiм циклдық құлдырауға бейiм салалардан тыс жұмыс табу керек шығар. Екiншiден, әрине, белгiлi бiр көлемде қаржылық қор жинап, оны сақтауды есте тұту керек.
- Сiз қазiр экономикалық талдау орталығын басқарасыз. Үкiметтен, мемлекеттiк органдардан қазiргi экономикалық жағдайды талдауға қатысты тапсырыс алып тұрасыздар ма?
- Иә, мен қазiр "Ракурс" экономикалық сараптау орталығының директорымын, бұл орталықтың жұмыс iстегенiне екi жарым жыл болып қалды. Осы уақыт iшiнде бiз, экономикалық блоктағы министрлiктен бiр ғана тапсырыс алдық, бiрақ оның көлемi соншалықты көп емес.

 

Сұхбаттасқан
Гүлбиғаш ОМАРОВА

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5407