Жұмамұрат Шәмші. Әскер - өмір мектебі. Ол қандай мектеп?
Әскери қызмет --әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы парызы. Бұрындары әскерге кету де, келу де той-думанға ұласатын. КСРО құрамындағы республикалар мен сол кездегі социалистік елдер - Германиядан (ГДР) бастап Венгрия, Польша, Чехославакияны көріп келгендер қазіргі халық қаһарманынан артық еді. Ағаларымыздың кеудесі медальдарға толы әскери костюмдерін, бас киімін кию біз үшін арман еді. Олардың өтірік шыны аралас әңгімелерін естігенде аузымыздан су ағып әскери қызмет етуді армандаушы едік. Ол кезде ләңгі теуіп, асық ойнап жүрген баламыз. 14 жасқа енді толғанымызда аты шулы Кеңес Одағының тас-талқаны шығып, шаңырағы ортаға түсті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, ит иесін таппай қаңғырып кетті.
Әскери қызмет --әрбір ер-азаматтың Отан алдындағы парызы. Бұрындары әскерге кету де, келу де той-думанға ұласатын. КСРО құрамындағы республикалар мен сол кездегі социалистік елдер - Германиядан (ГДР) бастап Венгрия, Польша, Чехославакияны көріп келгендер қазіргі халық қаһарманынан артық еді. Ағаларымыздың кеудесі медальдарға толы әскери костюмдерін, бас киімін кию біз үшін арман еді. Олардың өтірік шыны аралас әңгімелерін естігенде аузымыздан су ағып әскери қызмет етуді армандаушы едік. Ол кезде ләңгі теуіп, асық ойнап жүрген баламыз. 14 жасқа енді толғанымызда аты шулы Кеңес Одағының тас-талқаны шығып, шаңырағы ортаға түсті. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, ит иесін таппай қаңғырып кетті.
Бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Заман өзгерген сайын әскер -азаматтық міндеттен бұрын, қажеттілікке айналғаны жасырын емес. Әскерге шақыру науқанын өткізетін медициналық комиссия жұмысына да жұрттың барлығының бірдей көңілі тола бермейді. Осы мекемелер қабырғасынан шығатын «бай балалары орайын тауып әскерге бармайды», «отсрочка алуға болады екен», «әскерге әлжуаздарды әкетіп жатыр-мыс» деген алыпқашпа сөз халық арасында кең тараған. Мұндай жағдайда ыңғайлы, ұтқыр, жақсы жабдықталған, әзірлігі мол армия құру мүмкін бе? Сайып келгенде, Қазақстанның Қарулы Күштері кез келген жағдайда алдына қойылған тапсырмаларды орындауға қабілетті ме? Елімізді қорғауға 74 мың әскер жеткілікті ме? - деген заңды сұрақ туындайдыны анық. Халықаралық зерттеу орталықтарының мәліметінше, Орталық Азиядағы айтарлықтай тегеурінді деп саналатын Қазақ Армиясындағы әскери қызметкерлер саны ел халқының бір пайызын да құрамайды екен.
Яғни, бұл - еліміздегі 218 мың адамның біреуі ғана өз тағдырын әскери қызметке арнайды деген сөз. Еліміздің әскер саны 74 мың адам, Құрлық әскерінің саны 47000, Әуе күштерінің саны 19000, Әскери-теңіз күштерінің саны 3000, Республикалық гвардия саны 5000, Танк саны 5000, Тік ұшақ саны 130-ға жуық, Әскери көлік саны 4000 (Деректер ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды), Еліміздің қорғаныс кешенінде бұған қоса 25 бомбылаушы Су-24, 40-қа тарта жойғыш МиГ-29, 14 шабуылдаушы Су-25, 43 әскери жойғыш МиГ-31 ұшақтары мен 100 зениттік зымыран кешені бар. Қорғаныс министрлігінің таратқан ақпаратына сәйкес Қазақстан Әуе қорғанысының әскери дайындығы да жоғары деңгейде. Әуе қорғаныс күштері соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған. Алайда қорғаныс саласының бірқатар мамандары бұнымен келіспейді.
Генерал-майор Әмірбек Төгісовтың айтуынша, еліміздің әскерін сапалы техникамен жабдықтау үлкен проблемаға айналып отыр. Неге? Өйткені, қираған империядан «мұраға» қалған техникалардың басым бөлігінің тозығы жетіп, тіпті қолданудан қалыпты. Айталық, біздегі «істен шықпаған» танкілердің саны шамалап айтқанда 900-ді құраса, оның 30 пайызы-Т-62, 70 пайызы-Т-72. Осы типтегі танкілер пайдалану мерзімі өтіп бара жатқан техникалар қатарына кіреді екен.
Жаңа шығарайын десе, қомақты қаржы тапшы. Мотоатқыш бөлімдерде де осы кемшілік. Сұранысы жоғары болғанымен, БМП 1-2 маркілік атқыш техникалары Қарулы Күштерімізде 500-ге ғана жетеді. Бізде тіпті әскери техникаларды жөндеуден өткізетін базалар да жоқ. Бұдан келе, жойғыш МИГ-25, шабуылдаушы СУ-25, бомбалаушы СУ-24 сияқты мотоқорларымызды пайдалану қауіп туғызуда. Мамандардың сөзіне сенсек, бізде қару-жарақтың 50, әскери техниканың 70 пайызы ескіріпті.
Көңіл көншітерлік жағдай жыл өткен сайын Үкімет қорғаныс саласын қаржыландыруды ұлғайтып келеді. Биыл әскери бюджетіміздің көлемі 184, 358 млрд. теңгені құрады. Өткен 2010 жылмен салыстырғанда 18 пайызға артық. 2007 жылы Қазақстанның әскери бюджеті тұңғыш рет миллиард долларлық межеден асып түсіп, 1млрд 220 миллион долларды құрады. Қазақстанмен көршілес елдердің Қарулы Күштерінің әлеуеті төмендегіше, ҚХР әскер саны 2 млн, жылдық бюджеті 35млрд 500 мың (долларға шаққанда), Ресей әскер саны 1млн адам, бюджеті 25 млрд. Өзбекстан әскер саны 68 мың адам, жылдық бюджеті 302 млн. Түрікменстан әскер саны 50 мың адам, жылдық бюджеті 116 млн. Тәжікстан әскер саны 15 мың адам, жылдық бюджеті 52 млн. Қырғызстан әскер саны 11мың адам, жылдық бюджеті 40 млн.
ТМД елдерінің арасында қорғаныс саласына қомақты қаржы бөлген Украина-2,6 млрд, Әзірбайжан-2,4 млрд, Грузия-1,2 млрд. Қазақстан Қарулы Күштері қазіргі таңда, әлемдік аренада танымалы бола бастады. Шанхай ынтымақтастық ұйымының, «Бейбітшілікті сақтау» бағдарламасы бойынша НАТО-ның шетелдерде өткен бірнеше халықаралық әскери жаттығуларға қатысты. «Қазбат» сарбаздары Иракта жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Ондай үлкен масштабтағы әскери жаттығулар елімізде де өткізіліп тұрады. Екінші жағынан жауынгерлер дала ұрыстары жағдайында заманауи қару-жарақтар мен техникаларды меңгереді, басқа елдердің жауынгерлерімен бірлесіп қимылдауға төсіледі, шеберліктерін арттырады, тәжірибе алмасады.
Енді әскердегі келеңсіздіктерге оралайық.
Отан алдындағы парызын өтеу үшін барған азаматтарымыздың әскердегі тәртіптің тегеурінсіздігінен қаза табуы, өз-өзіне қол жұмсауы, әскери қызмет бөлімін тастап қашуы не болмаса мүгедек болып қалу жағдайларының орын алып жатқаны ешкімге де құпия сыр емес. Оның басты себебі--әскери қызмет әскери заңды ережемен (уставпен) емес, әскердің жазылмаған ережелерімен (дедовщинамен) реттелуінде. Айды алақанмен жауып болмайтыны секілді, бәрі жақсы деп, ауруын жасырған адамның кебін кию тілшілерге жараспайды. Бүгінгі күні әскери бөлімдерде жиі кездесетін келеңсіз жағдай Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерімен бірге, жиырма жыл бұрын туындаған жоқ. Бұл-сонау Кеңес үкіметі әскерлерінен қалған сарқыншақ.
1946 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан есегіреп қалған халық арасына өмір бақи түрмеде отырған 280 мың адамды қосылды. Соғыстан қайтпаған күйеусіз жесірлердің саны 2 миллионнан асып кетті, әкесіз, атасыз тәрбиесіз қалған жетімдердің саны 3 миллионнан асып жығылды. Кемелденген социализм дәуірі Коммунисттік жүйеде құрылған мемлекет болғандықтан, отансүйгіштіктің кеңестік-коммунистік идеяларға адалдықпен қызмет етуге шақырды. Одан қала берді, 1954 жылы Н.С. Хрущев амнистиямен 460 зекті босатып, басым көпшілігін «Целина» деген желеумен Қазақ жеріне жер аударды. Олар әр түрлі салаға тастай батып, судай сіңді. Басым көпшілігі еркектер болғандықтан, олардың сотталғанына қарамастан, Коммунистік партияны, «Күн көсемді» сүйсе, оған адал қызмет етемін деп әскери ант берсе болды, қызметке алынып әскери бөлімшелерге қабылдана бастады. Еркіндікті сезінген алдыңғы зектер тез арада офицер атанып шыға келді. Сол офицерлер кейінгі келген сарбаздарды алдыңғыларының тәрбиесіне тапсырып, түрмедегі көргенін әдетке айналдырып, өздері ішкілікпен қатын-қалашты әкеліп құмар қандырумен айналысудан қолдары босамады.
Мұндай бос белбеуді пайдаланып «дедтер» «салабондардан» өздері ойлап тапқан ережелерін мүлдіксіз орындауды талап етіп, қарсы келгендерін ұрып-соғуды әдетке айналдырған, бұндай жаман әдет КСРО-ның барлық аймағына тез тарады. «Ауру қалса да әдет қалмайды» демекші, өкініштісі сол әдет бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Біз мұндай әдеттен аулақ болғанымыз абзал. Сарбаздар арасындағы қандай қарым-қатынас болмасын заң шеңберінен шықпауы тиіс, темірдей тәртіпке, қатаң әскери ережеге бағынуы шарт. Кейбіреулер бұл өмір мектебі, енді келгенде таяқ жейсің, кейін өзіңнен кейінгілерді сабайсың, бәрі кезегімен деп уәж айтады.
Бірақ бұл өмір мектеп қатыгездікке емес, темірдей тәртіпке баулуы керек сияқты. Мұны баласы әскерде жүрген әрбір ата-ана қолдайды. Себебі ешкімнің де бауыр еті баласын қанаттыға қақтырғысы хақ. Егер орны толмас өкініш орын алып жатса, сол сәттегі ата-ананың жағдайына түсіністікпен, жанашырлықпен қарауға болар, бірақ жан дүниесін сезіну мүмкін емес. Демек, мұндай жағдайлардың орын алуына жол бермеуіміз қажет.
Өкінішке орай, жуырда қорғаныс министрлігі Солтүстік Қазақстан облысындағы №5823 бөлімшеде әскери борышын өтеп жүрген 20 жастағы Жоламан Исмағанбетовты өзіне өзі қол жұмсады деп бос жәшікті ата-анасына жіберіпті. Бұны қалай түсінуге болады? Әке-шешесінен бастап, туған-туыстары мен құрбы-құрастары Жоламан өте ақкөңіл жігіт еді, өзі военкоматқа барып, сұранып әскерге аттанған, таяуда ефрейтер шенін алып хабарласыпты, әскерден соң, келісім шартпен қызметке қаламын депті. Арада бір аптадан соң, суық хабар жетіпті. Кейін сүйегін әкелген соң туыстары мәйітті ашып қараса, денесінің бәрі көк ала қойдай болыпты. Ол өзін өзі дәретханада асып қойған адамға мүлдем ұқсамайды. Бұл жерде бір шикіліктің бар екені көзге көрініп тұр.
2006 жылы 14 ақпан күні әскери бөлімше №2018 «Даля» застава бастығы лейтенант Вячеслав Быковтың өлімін немен түсіндіруге болады? Өліктің оң қолында жартылай ішілмеген коняк шишасы, жанында автомат Калашниковы жатыпты-мыс. Мед эксперттердің сөзіне қарағанда, асқазанында ішілген коняк табылмаған, протоколда аузына атқан деп жазылғанымен, тілі мен тісі бүтін, оқ еш жерден табылмаған, әйтеуір адам айтса сенгісіз оқиға. Қарақұстан қатты соққы жегендігі, біреудің көмектескендігі анық. Барлық фактілерді ескере отырып, Ақтау гарнизонының прокуроры Сүлейменов қылмыстық істі қозғамаған. ҰҚҚ-ы Академиясын қызыл дипломға бітірген, өмірін әскери қызметке арнап, ел тыныштығын қамтамассыз етпекші болған, 23-жастағы Вячеслав өмірімен қош айтысты. Вячеславтың анасы Тамара Николаевнаның тынымсыз еңбегінің арқасында қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылды. Бірақ, анасына баласын кім қайтарады?
2007 жылы 19 қаңтарда Алматы қаласының Фурманов көшесіндегі №118 үйдің алдында тал-түсте оқ атылды. Жұрттың бәрі тез арада жиналып қалды. Сонда өзін өзі атқан сол үйдің 48-жастағы тұрғыны запастағы полиция полковнигі Марат Бисебаев екен. Сүйтсек, «Алматыжермен» екі жылдан бері соттасып, үш бөлме пәтерінен айырылған Марат намыстанып, барар жер, басар тау қалмаған соң, ақыры өмірден түңіліп үш баламен далада қалғанша, өлгенім артық деп есептепті. 25 жыл еліне қызмет еткен білдей полковникке үш бөлме пәтерді қимағанына әттеген-ай деп іштей қынжыласың. Міне, үш мысалда біздің қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттар.
Қазір бұғанасы қатпаған жастар арасында, ересектердің ішінде де өзіне өзі қол салушылар көбейді. Бұл - тағдырдың маңдайға жазғанын, күйбің тірліктің қатаң сынақтарына шыдас бере алмағандығының айғағы. Өмірде әлі жамандықтың да, жақсылықтың да дәмін татпаған, оңы мен солын айырып үлгермеген жеткіншектің өзін өлімге қиюының түп себебі неде? Қоғамның жаппай тығырыққа тірелуі ме, әлде Өмір алдындағы әлсіздік пе? Бәлкім, ұлттық тәрбиенің жетімсіздігі шығар? Дүние есігін ашқаннан мәпелеп өсірген ата-ананың еңбегін, үмітін арқалатқан елінің келешегін, өзінің жеке тұлға ретіндегі амбициясын, Алла берген бейімі мен ерік-жігерін, тағы басқа біз санап тауыса алмайтын қисапсыз көп игіліктерді қиып, о дүниеге аттанып кете бару не деген сұмдық?.. Осыдан 20 жыл бұрын дүниеге келген, Тәуелсіздікпен түйдей құрдас жастарымызға біз ең басты қасиетті - патриотизмді әлі сіңіре алмаппыз...
Қазақстандық патриотизм бала бақшадан, отбасынан басталады. Ал оны жас ұрпақтың бойына егетін - мемлекет. Қолын жүрегіне қойып, Қазақстан мемлекетінің Әнұранын айтып тұрған бүлдіршін өзін шын мәнінде тәуелсіз қазақ елінің азаматымын дегенді сезініп өсе ме? Туған тарихын ардақтап, туған тілін құрметтеп, дәстүрін мақтаныш ете ме? БҰның бәрі бүгінгі тірлігімізге, үйде, балабақшада, мектепте балаларымызға қандай тәрбие беріп жатқанымызға тікелей байланысты. «Балама қандай тәрбие беремін» деп аулада баласын ойнатып жүрген мұңға батқан келіншектің уайымы-барша ұлттың басындағы мүшкілдіктің белгісі сияқты көрінеді маған. Теледидар, интернет, сары жағал басылымдар-зорлық-зомбылық, қулық-сұмдық, ұрлық-қарлық, әпербақан ұрда жық, арамдықтың сан түрін құбылтып, «құлпыртып» күн сайын көз алдыңа көлдеңдеп тоса берсе, оның ықпал-әсері болмайды деп кім айта алар? Сондықтан, «құл тәрбилесең, құл болмақ, ұл тәрбиелесең, ұл болмақ» деген баба қазақтың сөзі айна қатесіз рас сөз деп білеміз.
«Абай-ақпарат»