Бақытжан Тобаяқов. Алаштың арда емген Ақселеуі
(Ақаңның арамыздан кеткеніне екі жыл толыпты)
Таулар ұзаған, алыстаған сайын зорайып, биіктей береді. Бұл - бұлжытпас қағида тәмсіл. Таудай алып, нардай шоқтығы биік тұлға - ол Ақаң, Ақселеу Сланұлы Сейдімбек еді...
1977 жылдың қараша айы. Сол кездегі астанамыз Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында еліміздегі жас ақын-жазушылардың республикалық кеңес-семинары өткізілді. Жас ақындардың, прозаиктердің, драматургтердің шығармалары секция-секцияларға бөлініп талқыланды. Біз - Жұмаш Кенебай, Жаркен Бөдеш, Мейірхан Ақдәулетов және мен Ғафу Қайырбеков һәм Сағи Жиенбаевтың секциясында өлең оқыдық. Үзілісте жас өскін құрбы-құрдас, біраз жазуар талапкерлермен таныстық. Солардың арасында Қарағанды облысынана келген жас талап, қазір белгілі ақын Сәбит Бексейітов та бар еді. Ол маған: «Арқадан Ақселеу Сейдімбеков келді, жүр, барып, сәлемдесейік», - деді. Құп алып, жоғарыға, Жазушылар Одағының үшінші қабатына көтерілдік. Ақаң «Жұлдыз» журналының редакциясында отыр екен. Кабинетке кіріп келгенімде бізді бойшаң, жіптіктей, ақсары сұлу жүзді, үстінде шымқай қара барқыт костюм (сол кезде ол сәнді модада еді) киген жігіт қарсы алды. Көзі өткір, адамға сынай, барлай қарайды екен. Сәлемдескеннен кейін, ол шығармашылық бағыт-бағдарымызды тәптіштеп сұрап, өзінің ақыл-кеңесін бере бастады. Ол Сәбитке:
(Ақаңның арамыздан кеткеніне екі жыл толыпты)
Таулар ұзаған, алыстаған сайын зорайып, биіктей береді. Бұл - бұлжытпас қағида тәмсіл. Таудай алып, нардай шоқтығы биік тұлға - ол Ақаң, Ақселеу Сланұлы Сейдімбек еді...
1977 жылдың қараша айы. Сол кездегі астанамыз Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында еліміздегі жас ақын-жазушылардың республикалық кеңес-семинары өткізілді. Жас ақындардың, прозаиктердің, драматургтердің шығармалары секция-секцияларға бөлініп талқыланды. Біз - Жұмаш Кенебай, Жаркен Бөдеш, Мейірхан Ақдәулетов және мен Ғафу Қайырбеков һәм Сағи Жиенбаевтың секциясында өлең оқыдық. Үзілісте жас өскін құрбы-құрдас, біраз жазуар талапкерлермен таныстық. Солардың арасында Қарағанды облысынана келген жас талап, қазір белгілі ақын Сәбит Бексейітов та бар еді. Ол маған: «Арқадан Ақселеу Сейдімбеков келді, жүр, барып, сәлемдесейік», - деді. Құп алып, жоғарыға, Жазушылар Одағының үшінші қабатына көтерілдік. Ақаң «Жұлдыз» журналының редакциясында отыр екен. Кабинетке кіріп келгенімде бізді бойшаң, жіптіктей, ақсары сұлу жүзді, үстінде шымқай қара барқыт костюм (сол кезде ол сәнді модада еді) киген жігіт қарсы алды. Көзі өткір, адамға сынай, барлай қарайды екен. Сәлемдескеннен кейін, ол шығармашылық бағыт-бағдарымызды тәптіштеп сұрап, өзінің ақыл-кеңесін бере бастады. Ол Сәбитке:
- Әй, бала-ай, шығармаларыңды бір жүйеге түсіріп, кәдеге асатындай бір кітапша шығаратындай кезің болды ғой, - деді ағалық қамқорлықпен.
Сонда Ақаң 35-ақ жаста екен. Сол тұста мен одан зерделі жанның, ақыл-ойдың тұнығындай келбетін көрдім. Шығармаларын іздеп жүріп оқуға ден қойдым. Ақаң сол мезеттерде «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне ауысқалы жүр екен. Одан бұрын ол «Лениншіл жастың» Қарағанды облысы бойынша арнаулы тілшісі болып жұмыс істепті. Редакцияға барып араласып-құраласып тұрдық. Газеттің ғылым, өнеркәсіп бөлімдерінен менің энергетика, экономика жөніндегі мақалаларым шығып тұрды да, ал Ақаң инженер-кенші ретіндегі жезқазғандық Қуаныш Ахметовтың жырларын, инженер-энергетик санатындағы менің өлеңдерімді арагідік газет бетіне жариялап тұратын.
1982 жылы Ақаңның «Күңгір-күңгір күмбездер» атты танымдық-зерделі кітабы жарық көрді. Мен сол кітапты өзіне апарып, автордың қолтаңбасын алдым. Басылымның құндылығы сондай, Сарыарқадағы, жалпы қазақ жеріндегі қадау-қадау ескерткіш мазарлар, кесенелер, күмбездер тарихи сапар іздері айшықтала суреттеліп бейнеленген. Әйгілі Алаша хан, Жошы хан мазарлары халықтың әфсанасы, тарихи жырларымен бедерлене түсіп, оқырман қауымды тәнті етті.
Келесі 1983 жылдың жаз айында Алматының таулы қыратқа жетер тұсындағы Исатай Тайманов көшесінде Қазақстан Жазушылар Одағының шығармашылық үйі ашылды. Бұл үйдің тұсаукесер рәсімінің басы-қасында айтулы сөз зергері, классик жазушы Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов болды. Өзі де біраз күн жатып шықты сол үйде. Шығармашылық үйдің жанында ірі деген ақын-жазушылардың - Әбділда Тәжібаевтың, Тахауи Ахтановтың, Ілияс Есенберлиннің және Әбілмәжін Нұрпейісовтың саяжайлары орын тепкен еді. Шығармашылық үйде сондай-ақ халық жазушылары Мұзафар Әлімбаев, Әбу Сәрсенбаев, Шерхан Мұртаза, Сәкен Жүнісов демалып, шығармаларын жазды. Біз - профессор Әбілфайыз Ыдырысов, балалар ақыны Ермек Өтетілеуов жұбымызды жазбай бірге жүретінбіз. Бізді сондағылар «үш ноян» деп атап кетті. Сол тұста шаһардан Ақаң да жолдастарымен бірге келіп, үйіміздің төменгі қабатында орналасқан бильярд (тастаяқ) үстелінде әріптестері Тахауимен, Сәкен серімен сайысқа түсетін. Ғабеңнің де асықпай баппен жүріп, кийімен көздей атып, талай шарларды луза-ұясына түсіргенінің куәсі болдық. Ақаң да бірсыдырғы жақсы ойнады. Қимылы шалт, нысананы дәл көздейді.
Сол жылдың аяқ шенінде редакцияларда бір айтулы оқиға болды. Қашанда қырағы, партияның қолшоқпары атанған комсомолдың Орталық Комитеті «Білім және еңбек» журналының бір нөмірінен «өрескел» қате тауыпты. Сөйтсек, журнал байшыл-ұлтшыл, алашордашыл ақын Мағжан Жұмабаевтың мақала ішіне бір өлеңін басып жіберіпті. Айғай-шу, аттан! Бұл не деген саяси соқырлық, партиялық санасыздық баяғы. Сөйтіп, 3-4 жыл өнімді еңбек етіп жүрген, өзі жазушы, ізгілікті жан Бейбіт Қойшыбаевты орнынан жұлып алып тастады. Редакция мүшелері мұндай қиянатқа қарсы бас көтеріп, енді партияның Орталық Комитетіне шағымданып, сол кездегі идеолог-хатшы Кәкімжан Қазыбаевтың қабылханасынан бір-ақ шығады. Кәкең сарабдал салмақты парасатымен журналистерге мән-жайды өзінше түсіндіріп, болған іс болды, ары қарай жұмыс істей беріңдер дегендей ақыл-кеңес береді.
Осы арада комсомол жетекшілері асқан білімді, танымал журналист- жазушы Ақселеу Сейдімбековты «Білім және еңбектің» бас редакторлығына үгіттеп, әйтеуір көндіріп бекітеді. Шынтуайтына келгенде, Ақаң келе журнал құлпырып шыға келді. Пішімі де мазмұны да өзгеріп, көзі қарақты оқырман қауымның көзайым басылымына айналды. Мұнда тарих та, этнография да, этнология да, философия ғылымы да қайта жаңғырып, көшіп келгендей болды. Әлбетте дәл ғылым мен техника да қалыс қалған жоқ, бірақ кейін Ақаңды техниканы аз бердің деп сынады. Журналда қандай тақырып қозғалмады десеңізші! Сәулет өнері де осында, сұңғат, көркемөнер де мұнда, ұмытыла бастаған жәдігерліктер де осынау журнал беттерінен орын алды, бір сөзбен айтқанда, бұл энциклопедиялық-танымдық, зерделік басылым еді. Осының басы-қасында қазақ журналистикасының, алаш ақақи сөз өнерінің қара нары, майталманы Ақселеу аға отырды.
Ақаң бұл журналға табаны күректей төрт жылын арнады. Қазақ энциклопедиясында, одан бұрын академик Ш.Шөкин атындағы Энергетика институтында жүріп, үзбей осы басылыммен араласып, мақала мен өлеңдерімді жариялап жүрдім. Сонда деймін-ау, не деген шыдамдылық, көнтерілік, Орталық базардың маңындағы редакциялық баспа үйінің 7-қабатындағы аядай кабинет-бөлмеде шіліңгір шыжыған ыстықта тапжылмай авторлардың қолжазбаларын үтір-нүктесіне дейін оқып отыратын. Сонда деймін-ау, қандай тектілік десеңізші, әрбір автормен теңдей сөйлесіп, тіл табысып, жөн-жосығын көрсетіп, ескертпелерін ерінбей айтып беретін. Менің де үлкен альбомға тоғытып жарияланған дүниелерімді бастан-аяқ оқып шығып, жөн сілтеген еді-ау! Мені өзі редакцияға алатын болды. Сол мезетте Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсті. Барлық жерде айғай-сүрен, жазықсыздан жазықсыз оқудан шығару, қызметтен босату. Қызыл көздердің ұзын құрығы қойсын ба, үнемі ұлттық, ұлтқа жанашырлық дүниелерді үзбей жариялап келе жатқан «Білім және еңбек» журналының бас редакторын да іліп түсті... Сөйтіп Ақаң жұмыссыз қалды. Бірақ мойымады қайран сабаз. Жазуын жаза берді, шығармаларын өндіртіп туындатып жатты. Бір жылдай бас редактордың міндетін атқарушы болып бұрын осындағы жауапты хатшы, алдында «СҚ»-дан келген ақберен журналист Жұмабек Кенжалин атанды. Мен сол 1988 жылдың көктемінде конкурстан өтіп, журналдың ғылым және техника бөлімінің меңгерушісі болып келдім. Кейін редакция алқасының мүшесі ретінде бекітілдім. Редакцияға сайдың тасындай озық ойлы журналистер Марат Тоқашбаев, Әшірбек Амангелдиев, Қайырғали Медетов, Бейбіт Сапаралин, фотожурналистиканың ардагері Жүнісбек Пайызов, хатшы келіншек Күлән істейді екен. Ал мұның алдында өзі суретші, өзі журналист, ал қазір айтулы қабырғалы қаламгер Әлібек Асқаров істеп кетіпті. Ұжым ұйысқан тату, әрі бір мақсатқа жұмылдырылған еді. Және де редакцияда Ақаңның ізі, таңбасы сайрап жатқандай болатын. Дайындайтын материалға әрбір тақырып, әрбір айдар қойыларда Ақаң үңіліп, байыптап тұрғандай, жігіттер сол кісімен кеңескендей күйде жүретін. Бір сөзбен айтқанда, басылымда Ақселеу Сейдімбековтың мектебі қалыптасқаны айдан анық болды.
Қандай кісілік десеңізші, жазғытұрым Ақаңның өзі редакцияға келіп, мені жаңа орныммен құттықтап, былай деген еді:
- Ай, Бақытжан-ай, көп бекер уақытым біреулердің қолжазбаларын оқып, редакциялауға кетіпті, ал ғылымнан кенжелеп кейін қалып қойыппын, енді қуып жетіп, еңсеруіме тура келеді.
Сөйтсек, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына 80-ақ сом айлыққа лаборант болып орналасыпты! Неткен жанкештілік, неткен ғылымға деген адалдық!
Айтқандай, 3-4 жылда кандидаттық диссертациясын қорғады, ал сол екі ортада еліміз тәуелсіздікке ие болды, туған тіліміз қайта жаңғырып, Наурыз мерекеміз оралып, ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз қайта түлегендей болды. Алайда, КСРО ыдырағаннан кейін өндіріс орындары тоқтап қалып, елді жұмыссыздық жайлап, экономикамыз құлдырап кетті. Сонда да Қазақ елі дес бермей, қиыншылыққа, ауыртпашылыққа қарамастан «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдады. Ақселеу аға осы бағдарламаның басы-қасында болды десек артық етпес. Және де қара өлең табиғатын, күй шежіресін зерттей жүріп, бірінен соң бір монографияларды тоғытып, докторлық диссертациясын қорғап, профессор атанды.
Ақаңның ғылым-білімдегі ұстанған қағидаларының бірі - евроцентризмге қарсылық еді. Шындығында, евроцентризм теориясы бойынша барлық өркениет атаулы Еуропадан басталған, жердің кіндігі - Еуропа, ал шығыс халқы - номадтар, жабайы деп түсіндіріліп уағыздалады. Мұндай тұрпайы социологиялық трактовкаға профессор А.Сейдімбек үзілді-кесілді түрде қарсы болып, керісінше, көшпенділердің Еуразия кеңістігіне өркениет дәнін сепкенін, отырақшы да болғанын, кезінде гүлзарлы бақтары жайнаған жерлері, шаһарлары бой көтерілгенін, ғылым мен білімнің шарықтай дамығанын соқталы уәждермен дәлелдейді. Ал сайын даламыздағы өркениетіміздің мәртебелі орнын тұңғыш дәлелдеген ғұлама Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати екенін ұмытпайық.
Ақаң өз еңбектерінде отаршылықтың, жаппай орыстандырудың қазақ халқына нәубет пен зобалаң әкелгенін ашына жазды. Ол қазіргі таңда да Ресейдің империялық саясатын еліміздегі халықтың санасын жаулап бара жатқанын күйінішпен қағазға түсірді. «БАҚ-тағы «31-арнаның» 20% акциясын СТС медиа-груп сатып алуы мұң екен, бұл канал ресейлік болып шыға келді. Бүгінде Қазақстандағы теледидар жүйесі өз көрермендерімен «Секайел», «Универсальный», «Алма ТВ», «Стандарт» деген секілді кабельдік ТВ компанияларының арқасында табысып отыр. Олардың әрқайсысы 50-60-тан астам телеарналарды трансляциялайды, солардың ішінде қазақстандық көрерменге жат ареалдар да кездеседі», - деді А.Сейдімбек. Ол өз пікірлерін статистикалық мәліметтермен былайша шегеледі: «Қазақстан аумағында таралатын 4115 газет-журнал мен 237 телерадиоарнаның 90% орыс тілінде, 6%-ті басқа әлемдік тілдерде, ал қалған 4%-ті ғана мемлекеттік қазақ тілінде қызмет атқарады».
Қазақ әдебиетін, оның ішінде фольклорды індете зерттеген Ақаң ауыз әдебиетінің ақтаңдақ тұстарын тереңінен байыптап, шежірелік үлгілерге ден қойды. Сөйтіп ол бір өзі қазақтың генеологиялық шежіресін бәйтерек түрінде үлгілеп, оны басып шығарды. Әрі әр шаңыраққа жететіндей оның молынан таралымына септігін тигізді. Сонымен біріне даланың ауызша тарихнамасы (ДАТ) атты термин енгізіп, оның шығу төркініне ғылыми талдау жасап берді.
Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың аяқ шенінде ойлы да, парасатты оқымысты қаламгер Ақаңа Үкімет тарапынан жаңадан құрылған Білім академиясының Президенті лауазымы ұсынылады. Бастықтық лауазымды суқаны сүймесе де Ақаң сыйлы адамдар қолқалағаннан соң осы қызметке барды және педагогика ғылымын бір жүйеге келтіруге барын салды. Салалық оқулықтардың сапасын жақсартуға жан аямай күш-жігерін жұмсады. Алайда... Өзі сол кезде зерделеп жүрген шежіренің тарам-тарамдары кабинетінде жатпай ма. Ал ілік, пәле іздеген кейбір қызметтес әпербақандар соларды тауып алып, газет бетіне жариялап: «міне, көрдіңдер ме, трайбализм қайда жатыр», - деп жар сала байбаламға басады. Ақкөңіл де аңқау Ақаң бұл пәлеқұмарлардан қатты түніліп, пәледен машайық дегендей, қызметінен босанып жүре береді...
Алтын кездік қап түбінде қалмас. Қайсар да жайсаң, ғалым-ұстаз астанамыз Ақмолаға көшірілгеннен кейін 1999 жылы сондағы Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне кафедра меңгерушілігіне шақырылады.
2002 жылы Астанаға арнайы ат басын тіреп, Сәкен Сейфуллиннің мұражайына бас сұқтым. Директоры - арқалы ақын Серік Тұрғынбекұлы. Кіріп барсам, кабинетінің сол жақ қапталындағы қабырғаға қазақтың ұлылары Сәкен, Ілияс және Бейімбеттің Бурабай көлінің жағасындағы суреті тұтастай ілінген екен. Бөлменің төрінде Ақаң, абзал да ардақты қаламгер, кейін марқұм боп кеткен Жомарт Әбдіхалықов және Серік аға отыр. Амандасып, кеу-кеулесе шүйіркелесіп қалдық. Аңқылдаған ақын Секең:
- Бақытжан Жетісуда туып-өскенімен, ата мекені - Қарқаралы, әйгілі Жанақ ақынның ұрпағы ғой, білесіздер ме, - деді.
Сол мезетте Ақаң:
- Ал, Жанақтың зираты қайда екенін білесіңдер ме, ол мына Осакаровкада (Аса қарлы), - деп Жанақ пен Түбек ақынның исі алашқа белгілі айтысынан үзінділерді жатқа айтып келтірді. Не деген зеректік!
Ақаңның домбырашылығы, дәулескер күйшілігі, бірсыпыра сазгерлігі, бесаспап ұсталығы, ісмерлігі, - жалпы жігіттің сұлтанына тән сегіз қырлылығы - жеке бір зерттеу тілейтін дүние. Ал енді арда азаматтың адамгершілігі - тұтас әлем. Оның дос-жарандарына, інілеріне деген қамқорлығын, қолынан келсе жақсылығын аямайтындығын ауызбен, сөзбен айтып тауыса алмайсыз. Сонымен бірге оның далалық демократияның соңғы өкілдерінің біріндей ұрығын еккенін, жалпақ сахарадағы қаймана қазақтың бір-біріне деген бауырмалдық-туысқаншылдығын, құда-жекжатшылдығын айта отырып, өмірде өзі үлгідей ұстанғанын көріп өстік. Алаштың соңғы ақылмандарының бірі Әлкей Марғұланмен пікірлес үндестігін, еңселей бойлы, ерен ойлы Ебіней Бөкетовпен ой-сана селбестігін қалай ұмытарсыз. Ебіней ағаны қортық ойлы жәутіктер қудалаған сәтте оның жанынан табылғанын біз білеміз. Ұлы ғалымның қайтыс болары алдында 1983 жылдың жазында Қарағанды қаласының ауруханасында жатқан Ебекеңнің қасында ғажайып дәрігер-ғылым әрі әнші Ғабдолла Құлқыбаев пен Ақаңның отырғанын өз көзіммен көрдім. Сол жерде есіл аға Ебіней Арыстанұлы:
- Мен Пушкинді аударуға жүрегім дауламайтын. Енді, міне, «Қолбасшы» деген өлеңім (1812 жылғы соғыс батыры Барклай де Толлиге арналған) тәржімалап едім, тыңдап көріңіздер, - деп оқып берді.
Үш қазақтың оқымыстысы үш хас батырдай, бойлары да, ойлары да бір-біріне сай жарасқан еді.
Демократияны Ақаң өзі қызмет істеген орындарда орната білді. Демократияның лебі еспей тұрғанның өзінде, «Білім және еңбек» журналының редакциясында ол, мәселен, бас редакторға тиесілі автокөлікті («Волга») тек ұжымның шаруасына - кітапханаға, ғылыми мекемелерге бару, кәсіподақ жұмысына жұмсаған. Осы үрдіспен біз де жүрдік. «Білім және еңбек» (кейін «Зерде») және «Балдырған» журналының біріккен кәсіподағының төрағасы ретінде менің ұжым шаруасымен жүріп-тұруыма тура келді. Соңында «Халық кеңесі» газетінің кәсіподағын басқарып, редакция қызметкері талантты ақын-сатирик Басқар Битанов (марқұм) науқастанып, ауруханаға баруға автокөлікті пайдаланғанымызда басшымыздан сөгіс естігенде жағамды ұстадым.
Ал Ақаңның тәлімгерлік, тәрбиелік маңызы бар үлгі-өнегелері ұшан-теңіз, бір хикаятқа сыймас.
Евразия университетіне Ақселеу аға өмірінің соңғы он жылын арнапты. Студент шәкірттер, ұстаздар Ақаңның педагогтық болмысын, даналық бітімі мен құнарлы ойларын әлі күнге дейін еске алады және мәңгі жадында сақтайды. Ұстаз-ғалымның осында дәріс беріп жүргендегі жазған сүбелі кітаптарының бірі-«Елтұтқа». Бұл еңбек тұтастай халқымыздың данышпан алыптарына, қаһарман батырлары мен ақылмандарына арналған. Тағы екі автормен бірге жазылған. Кітаптардағы тараулардан Ақаңның стилін айқын аңғарамыз. Ол - стилист еді. Шығармаларын бір демде жазатын. Осынау еңбектен де соны танимыз. Бір әттеген-айы, Ақтамберді жыраудың түп-төркіні - тегінен жансақтық кеткен, бірақ атақты ақын әрі батырға арналған тарауды Ақселеу аға жазбапты.
Ақаңның ең соңғы соқталы да шоқтығы биік еңбектері - «Күй шежіресі» және «Қазақтың ауызша тарихы». Бұл шығармаларға автор он жылдан артық ғұмырын сарп етті, алдыңғысы үшін мәртебелі мемлекеттік сыйлыққа ие болды. «Қазақтың ауызша тарихы» кітабының маған берген қолтаңбасында қайран жампоз данагөйім былай деп жазылып: «Ардақты азамат, қадірлі інім Бақытжанға зор ағалық ықыласпен. Астана, 05 қаңтар 2009 жыл». Осы кітаптың тұла бойы тұнған шежіре ғой, қазақтың даналық әліппесі деуге болады. Бұл шығармаға халық арасында кең тараған «Қарашорда Сенкібай, Әлтекеде Жидебай, Тобықтыда Құнанбай» сөзі кірген екен. Ал мұндағы Сеңкекең Оразғұлы (Биата) - Абылай ханның барлаушысы, мыңбасы болған, Бұланты, Шұбартеңіз шайқастарында ересен ерлік көрсеткен батыр, кейін би болған, Бұхар жыраудың атақты толғауына кірген менің нағашы бабам.
Өлімнің екі түрі болады екен. Бірі - табиғи, екіншісі - рухани. Ақаң - қазақтың руханиятын, алаштың рухын аспандата зау биікке көтерген біртуар жан. Мен кезінде ол туралы былай жазғанмын:
- Қалт жібермей жәдігерлер жияды,
Тұщымдылы ақыл-ойын зерделеп
Арнасы мол өзендерге құяды.
Адамзатты ар-білімнен қаусырған,
Байғозыдай баһадүрдің тұяғы!
2006 жылы Ақаң өзі бас-көз болып туған жері Жаңаарқада Байғозы бабасының 300 жылдығына орай ұлан-асыр ас берді. Бұған қатысқан біз тойдың тәлімдік, тәрбиелік мәніне тәнті болдық. Осы жерде Ақаңның ардакүрең достары Әбілмәжін Нұрпейісов, Асанәлі Әшімов, Әбіш Кекілбаев, Ілия Жақанов сынды қазақтың атпал азаматтары бас қосып еді. Мен өлеңімде:
Өшкенді жандырмасақ қалмас мәні,
Өскенді шалдырмасақ - жалғасқаны.
Ойраттың ордасында ойран салған,
Байғозы - батыр біткен алдаспаны.
Ақаң да артында қалдырған азбайтын, тозбайтын еңбектерімен, қайталанбас үнімен, кескін-келбетімен алаштың аспан көгінде Алдаспандай жарқылдай бермек!
Байырқап, бажайласақ бар ма кері,
Алаштың арда емген ардагері.
Едіге көңілімен, өмірімен
Ақаң ол - сахараның сардар ері.
Көзіңді таңғы шықпен жуасын кей,
Беліңді бекемдене буасың бей.
Бойына миллион білім жинап алған,
Ақаң ол - тірі тарих куәсіндей.
Көбікті, көпіршікті қалқымаған,
Шабытсыз шамырқанып шалқымаған.
Азаттық пен қазақтық болды мәні,
Ақаң ол - алдаспандай алтын адам.
Ақтангер, арымайтын айбозымдай,
Артында талай шәкірт - тай-қозындай.
Алапат аламан жүк еңбегімен
Кешегі ер бабасы - Байғозымдай.
Әзелден тартты бетер азабын көп,
Қаймана, қайран халқым қазағым-бек,
Арпалысқан аламан қайратымен,
Даланың дана сырын жазамын деп.
Могикан серісіндей заманымның,
Өзінсіз жетімдеймін, аза-мұңмын.
Жазира, жасыл жайлау аңсағаны,
Жанының жарқын жағын жазамын мың.
...Дариға, фәни жалған, өмір өтер,
Құлазып, құр таусылма көңіл бекер.
Даламның дархан біткен Геродоты,
Ұшпаққа Ақаң сынды серім жетер!
«Абай-ақпарат»