Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 4126 0 пікір 28 Қыркүйек, 2011 сағат 06:47

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ. «ЕЛДЕГІ ДІНИ АХУАЛ, ӨЗГЕРІСТЕР БІЗДІҢ БАҒЫТЫМЫЗДЫҢ ДҰРЫС ЕКЕНІН КӨРСЕТЕ БАСТАДЫ»

- Мекемтас аға, соңғы айларымыз, жалпы осы жыл тұтастай тіл мен дін жолындағы айқасқа толып тұрған сияқты. Ішінде өзіңіз де бар «138-дің хаты», кейбіреулер бағалағандай, қызбалықтан туған жоқ па? Тілді түзеудің жалғыз жолы осы талаптан шыға ма? Салиқалы саралағанда, қазақ тілінің бағын жандырудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

- Мекемтас аға, соңғы айларымыз, жалпы осы жыл тұтастай тіл мен дін жолындағы айқасқа толып тұрған сияқты. Ішінде өзіңіз де бар «138-дің хаты», кейбіреулер бағалағандай, қызбалықтан туған жоқ па? Тілді түзеудің жалғыз жолы осы талаптан шыға ма? Салиқалы саралағанда, қазақ тілінің бағын жандырудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
- Қазақтың қоғамдық ой-санасының тарихына үңілсек, небір таң қаларлық көрініске қанық боламыз. Ашық хатты не үшін жаздық? Халқы азғантай ғана Латвия, Литва, Эстония неге бірден орыс тілінің ықпалынан құтылды. Себебі, оларды Кеңес Одағы 1940 жылдары жаулады. Күшігінен таланбаған бұл елдер тіл туралы заңдарын тізеге басып қабылдап алды. Ал, бізде жағдай мүлде басқаша. Қазақ 300 жылдай езгіде болды және бізді отарлаудың сұмпайы түрі «сквоттерстволық» әдіспен жаулады. «Сквоттерстволық» әдіс - басып алған жеріне «қарашекпен» шаруаларын қаптатып орналастырып, яғни ішіне ену арқылы астыртын саясат жүргізу. Ағылшындар Үндістан сияқты елдерді жаулағанда ашық түрде отарлаған еді. Ал Ресейге қосылған түркі халықтары 300 жылда не көрді? Олардың маңдайы жарқыраған біреуі де жоқ. Саны азайды, кейбірі орыстанып, шоқынып, ассимиляцияға ұшырады. Айқасып жүріп, әрең дегенде 1989 жылы бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл деп ендірілді. Бірақ неге талабы осы уақытқа дейін жүзеге аспайды? Себебі, патшалық Ресей «водворение» деген терминді шығарған. Бұл - жергілікті қазақтардан славяндардың санын асырып жіберу деген сөз. Олар қайнаған қазақтың ішіне еніп, пісіп, тілінен, дінінен айырады. Мұндай сұм саясат Иван Грозныйдың заманынан бастап жүргізілді. Патшалық Ресей де, Кеңес Одағы да саяси өмірлерінде осы принциппен қадам басты. Өзге капиталистік мемлекеттер саясатын ашық көбіне жүргізсе, Кеңес одағы оны жасырын түрде іске асырды. Айырмашылығы осындай.
Қазақтың басына қасірет болып келген бірінші хатшы Колбиннің Мұхтар Шахановқа «ешкімге айтпа» деп, ішкі сырын ақтарып айтқаны бар. «Сендердің қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыру қам-қарекеттеріңнің орындалуы екіталай. Себебі, оған екі күш - орыс шовинизмі және билік басындағы ада, шала қазақ шенеуніктерің өз мүддесі, бала-шағасының қамы үшін қарсы шығады», - деген еді. Өмір соны көз алдымызға әкелді. Қазір байбалам салып жатқан славян өкілдерінің шашбауын біздің шала қазақтар көтеріп, оларға қосылып шулауда. Әрине, бұл жерде шала қазақтарды ғана айтып отырған жоқпыз, саясат оларды солай қалыптастырды. Бұл ықпалдан біртұтас қазақ ұлты үшке бөлініп кетті. Біріншісі - ада қазақтар. Ұлттық тамырынан ажыраған бұлардың балаларын қазақшылыққа тәрбиелеп алуға болады. Екіншісі - шала қазақтар. Бұлардың кейбірі қазақы ортада туылса да, есейе келе орысша оқып, қызметке араласып, өз отбасында қазақ тілінде сөйлеуді жоғалтып алған. Үшіншісі - таза қазақтар. Алайда таза қазақ дегеннің өзіне күмәнмен қарайтын кез болып тұр. Олардың ішінде де ата-баба дәстүрін ұстап, қазақ тілінде сөйлегенімен, дүниетанымы бұзылыңқыраған, табиғи қалпы сақталмағандары жеткілікті. Сондықтан да біз бүгін ұлттығымызды, рухымызды, тілімізді сақтау үшін шырылдап жүрміз.
Тіл жоғалса, ұлт та жоғалады. Мысалы, Ресейге қараған 49 түркі халқының 27-сі ассимиляцияланып, тілі жойылды. Оның алтауы тәуелсіздік алды, қалған 16-сы Ресей мен Қытайдың қол астында қалды. Қытай мен Ресей оларды ассимиляцияландыру саясатын қазір ашық түрде жасауға көшті. Осындайды көріп отырып, қалай шыдаймыз?! Құр қарап жатып өлгіміз келмейді. Дінмұхаммед Қонаев: «Мәскеу мен Қазақстанның орысында айырма барын байқадым. Мәскеудің орысына қарағанда Қазақстанның орысы шовинизммен қатты уланған, шектен шыққан», - деп еді. Мемлекетіміз аман тұрса, түбінде біз жеңеміз.
Осы қалыптасқан жағдайдан қалай шығамыз? Әрине, күрес арқылы және  практикалық жол арқылы. Заңдағы «орыс тілі ресми тіл» деген жазуды алып тастау қажет дегенде көпшілік қарсы болып шулап жатыр. Бірақ үкімет балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарында тілді әрі қарай жүргізуге қарсы емес. Біз де осыны пайдалануымыз керек. Қазақтың сорына біткен нәрсенің бірі - аралас мектеп. «Жалын» журналына жариялаған «Су басынан тұнады...» деген мақаламда аралас мектептің зиянды қыр-сырын ашып, ұлттығымызға қатерлі екенін тарихи дәлелмен жазғанмын. Ресей миссионерлері Ильминский, Алекторов, Остроумовтар қазақты орыстандырудың кілті - аралас мектепте деп қараған. Аралас мектепте сөйлеу тілі ретінде - орыс тілі үстем болады. Онда оқыған қазақ баласы орыс баласымен араласып-құраласып, орысша шүлдірлей бастайды. Міне, осы тәсілдің тезіне талай ұрпағымыз түсіп, орыс тілді болуда. Көрші мемлекеттерде аралас мектеп азаюда, ал бізде керісінше қарқынды түрде көбейіп жатқаны қынжылтады. Қазақстанда 8 мың мектеп болса, оның 2 мыңдайы - орыс мектеп, 2089-ы - аралас мектеп. Яғни еліміздегі мектептердегі оқушылардың жартысынан астамы орыс тілдіге айналуы әбден мүмкін. Сондықтан орыс баласын орыс мектебіне, қазақты қазақ мектебіне жіберуді бүгіннен қолға алып, 2089 мектептің 10 шақтысын қалдырса да жеткілікті. Сөйтсе, ескі жүйемен тәрбиеленген үлкендер буыны кетіп, судың басы тұнғанда таза қазақ тілді жастар келіп отырады. Сонымен қатар, қазақ тілін қолданысқа ендірудің тікелей практикалық жолы - қажеттілік тудыру. Ол үшін тек қазақтарға ғана қысым жасау керек. Билікте отырған қазақтар бір жылда қазақ тілін меңгермесе, қызметінен кету талабын қою керек. Ал жаңадан қызметке алынатын қазақтарға екі тілді білмесе, қызметке алуды доғару қажет. Сонда қазір қазақ тілге қарсы болып шуылдап жатқан қазақтар орыстілдіден қазақтілді қазаққа айналады. Жақында жарық көрген «Қазақ қалай орыстандырылды?» кітабымда бұл мәселе бүге-шігесіне дейін жазылды, орыс миссионерлерінің сұм саясаты әшкереленді.

- Парламент қабырғасында кезекті мәрте діни саланы реттейтін заңнаманы қатайту туралы пікірталас қызып тұр. Діни сенім мен діни бірлестіктер туралы жаңа заңнан не өзгеріс күтесіз? Бет бағыты қандай болуы керек деп ойлайсыз?
- Жаңа заңнамамен таныспадым. Бірақ осыдан екі-үш жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде депутаттар, діни ұйымдардың өкілдері қатысқан жиында осы мәселе турасында ащылау, қаттырақ сөйлегенмін. Елімізге қаптаған миссионерді кім шақырды? Қайдан не мақсатпен келді? Жиында алдымен осы мәселені шешетін, жөнге салатын заң керек дегенмін. Дін туралы өлі заң шығарған тиісті органдар кінәлі. «Есігіміз ашық» деп, бас қосқан бес-алты миссионердің ұйымын тіркей берді. Мемлекетімізде 48 діни конфессия пайда болды. Олардың мақсатын, пиғылын танып, зерттемеді. Бұрын біздегі жат діни ағымдарға жыл сайын астыртын 12-13 млрд доллар құйылып отырса, биыл 15 млрд долларға көтерілді. Қайдан келіп жатқан тегін ақша, ойланбай ма? Сырттан енген 48 діни конфессия қазақтардың арасынан өздерінің кадрларын мықтап, даярлап алған. Қазір істі жүргізіп жатқандар - сол дінге іш бұратындар.
Бір жаманы, қазақтың мықты деген интеллигенциясы - жазушы, ғалым, өнерпаздары сатылды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Дінін шаншып істікке, Әркім бір жем іздеп жүр», - деген заман туды. Мысалы, бүгіндегі барлық бүлікті салушы - ваххабиттердің басында кім тұр? Атын атамай-ақ қояйын, ол - өзі депутат, әрі өнердің шыңына шыққан азамат. Ол ваххабиттердің дүниетанымына қызыққан жоқ, оны ақшаның буы алып кетті. Ал Досым Омаров дегеннің Абайды кришнаиттық таным тұрғысынан зерттеген докторлығына қарсы тұрып, қорғатпай тастадық. Кришнаиттардың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ол қаншама қаракөзді бүлдіріп үлгерді. Ең сорақысы, оған ғылыми жетекшілік етіп, тақырыбын бекітіп берген - Философия институтының директоры. Одан кейін жаңа пайғамбар жасаушы ахмадия деген ағым бар. Орталығы, басшысы - Семейде. Қайдан екені белгісіз, қыруар қаржын құйылып жатыр.. Бұлар - «дінін істікке шаншып, жем іздеп жүргендер», дінді бизнеске айналдырғандар деп түсінемін.
Діни сенім мен діни бірлестіктер туралы заң ұлттық қауіпсіздігімізді, мәдениетімізді, бірлігімізді сақтайтын заң болса, дін мәселесі өз сабасына түседі. Мемлекетімізде ислам мен православие дініне заңдық басымдық беру керек. Ал шетелден ақша алып, ел арасында алауыздық тудырып жатқандарды не үшін тайраңдатамыз?!

 

- Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толып отыр. Алайда осынша жылда неге мемлекеттік идеологиямыз анықталмады? Дін, тіл, мәдениет турасындағы идеологиялық ұстанымымызда неге бірізділік пен табандылық жоқ? Сіздің ойыңыз.
- Қайбір жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Таразға іссапармен келгенде бетпе-бет сөйлесіп, екі мәселе төңірегінде пікір алыстық. Біріншісі, латын қарпіне көшу жөнінде. Оған асықпай, байыппен көшу керек деп келістік. Екінші, ұлттық идея және ұлттық идеология мәселесі. Президент ұлттық идеяны мақұлдады. Ал «ұлттық идеология керек пе?» деп қалды. «Біз коммунистік идеологияның ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс дедік», - деді. «Қазақ мәңгүрттенген, дәстүр, дінінен айрылған халық. Рухы, салт-дәстүрі тапталып тұрған халқымызға ұлттық идеология арқылы дем беріп, қазақы қалпына келтіруіміз керек», - деген пікірімді ол кісі терістемеді де, мақұлдамады да, сонымен тарастық. Қоғамға ұлттық идеология аса қажет. Мысалы, мұсылман елдерінің шешуші идеологиясы - дін. Мемлекеттік, саяси, ұлттық, миссионерлік идеология және жарнама, сырттан қысым жасайтын идеология - осы алты идеологияның қайсысын Қазақстан шешуші қылады? Зайырлы мемлекет ретінде ұлттық идеологияны алға қояды. Мен Президентке: «Мұхит айдынына шыққан Қазақстан деген үлкен кеме көздеген жеріне баруы керек, сіз сол кеменің капитанысыз. Капитанға адаспау үшін компас, яғни ұлттық идея керек. Ал дауыл соққанда бізді бағытымыздан айнытып жіберуі мүмкін. Сонда идеологиялар - желкендер желді қағып, соған жәрдем беріп, кемені мақсатты жеріне жеткізеді. Міне, шешуші идеология осындайда керек», - дегенмін. Ұлттық идеологияны қозғағанды «ұлтшылдық» деп айыптайтын ағайындар қателеседі. Ахмет Байтұрсынұлы: «Біздікі - ұлтымыздың тарихы, дәстүрі, тілі жойылып кетпесе екен деген тіленші ұлтшылдық», - деген болатын. Қазақ ұлтшыл емес. Тіл, діл, дінінен айрылып бара жатқасын айқайламағанда не істейді? Осы жағдайды, реакцияны түйсініп, дұрыс бағыттау керек. Қазір үкіметтің арасынан идеологты көрмедім. Кеңес Одағы тұсында Суслов деген коммунистік идеологиямен қоғамды уысында ұстады. Сондықтан идеологиямен ойнауға болмайды. Идеология - дүниетаным, ой-санамыз. Ой-санамыз түзу болса, түзу жолмен, теріс болса, теріс жолмен жүреміз. Америка адамының дүниетанымы - дүниені, долларды мол табатындар Құдайдың сүйген құлы деп қарайды. Біздің ұстаным қандай? Қазақ ұлты ұстанымының деңгейіне өркениетті деген Еуропаның бірде-бір елі көтеріле алмайды. «Малым - жанымның садақасы, жаным - арымның садақасы» дейтін халық едік. «Өзбек баласы теңге-тәңге, қазақ баласы іңгә-іңгә деп туылады» деген әзіл-шыны аралас сөз бар еді. Бүгінгі біздің балалар «доллар-доллар» дейтін болды. Заман талабы десе де, ешуақыт адамгершілікті жоймау керек. Тәуелсіздігіміздің тұғырын, халқымыздың бірлігін мықты қылатын ұстаным, идеология керек. Тұрақты, өзекті ұлттық идеологияның жоқтығынан қазіргі кезде небір проблеманың басы қылтиып шығып жатыр. Сондықтан да ой-санамызды мемлекеттік идеяға бағыттай отырып, өз идеологиямызды қалыптастыру керек.

 

- Жиырма жылда елдегі ресми дін қайраткерлері неге қазақтың дәстүрлі ислам жолын тәпсірлеп, түсіндіріп бере алмады немесе қазақ даласында өткен діни қайраткерлердің сөзінің сырын ашып, насихаттайтын ең құрығанда жиырма молда өсіп шықпады.? Не себепті біз Мәшһүрді, Шәкәрімді, Қашағанды, басқа да қазақ жырауларын тіліне тиек еткен имам көрмейміз?
- Бұл заңды. Шығыстыкі пәлсапа, Батыстыкі философия екенін шатыстырмау керек. Маркстік-лениндік материалистік философияның барып тірелетін жері - затшылдық. Сондықтан оны философия дейміз. Рухани негізден бастау алса, пәлсапа деп аталады. Кеңес үкіметі бізді атеист, материалист етіп тәрбиеледі. Ал дәстүрлі дүниетанымымызды жалғастырушы азшылық топ - ишан, молда, діни қайраткерлер 37-шы қуғын-сүргінге ұшыраған соң рухани сабақтастық әлсіреді. «Құдайсыздар» ұйымы құрылып, оған қаншама қазақ мүше болды. Осы ұйымның билетін алған ағаларымның үйге келіп, түнде жасырын намазын оқығаны есімде. Сөйтіп, дінімізден, ата салтымыздан ажырағаннан кейін қайдан молда шығады?!
Кеңестік идеология Абай мұрасын материалистік, атеистік дүниетаным тұрғысынан ашқаны шындыққа сәйкес келмейді. Тіпті, біздің философ ғалымдар Абайдың дүниетанымына бойлай алмады. Себебі, кеңестік кезеңде өздері де затшылдық қалыппен қалыптасты. Философтың өресі жетпей тұр, ал молда байғұстың жеткен шыңы - жаназа шығару, садақа жинау. Сырттан оқып келген жастардың біршамасы Абайға, Қашағанға, Шәкәрімге, барша қазаққа жау - ваххабиттік көзғараста. Сыни көзбен қауіптеніп қарамасаң, мешіт-медреселерде не оқытып жатқанын білмейміз.
Бодандық қамытын киген түркі жұрты діттеген мақсатына жете алмай отыр. Олардың жендеті Ресейдің өзі де бақытты емес. Себебі, ұлтаралық теңдікті ұстай алмады, шовинизмге шешуші орын берді де, шалқасынан түсіп, империясынан айрылды. Сөйтіп, түркі халықтары одан тұра қашты. Ресей бұл саясатынан бас тартпаса, 38 ұлт өкілдерінен де айрылып қалатын жағдай туып кетуі кәдік емес.
Дін атаулыны оның пайда болу, даму тарихын ғылыми және теологиялық таным тұрғысынан тануға ұмтыламын. Қазір намаз оқып, қажылық барсаң мұсылман деп қарайды. Абай басқаша айтады:
Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті
Қылғанменен татымды бермес жеміс.
Өйткені, «Абайдың бастапқы үшті» деп көрсетіп отырғаны иманигүл, яғни үш сүю - Алланы сүю, адамзатты сүю және әділет, ал «соңғы төрті» деп атап отырғаны - ораза, намаз, зекет, хаж. Осы себепті де Абай:
Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
Сыртын қанша жуса да іші оңбаған, - деген. Соңғы төртеуді атқарғанымен ішіңде не жатқанын қайдан білеміз? Абайдың толық адам ілімі - әлем қол беретін ілім. Қолымыздағы бағалы дүниеміздің қадіріне жете білсек, дін мәселесі жүйеге, ретке келер еді.
Дінсіз қоғам да, мемлекет те өмір сүре алмайтынын тарихи тәжірибе дәлелдеді. Біз де өз дінімізді, рухани жолымызды ұстануымыз керек. Ол - Алланың бұйырған діні ислам, Имам Ағзам жолы, Ясауидің хәл ілімі. Ата-бабаларымыз мың жыл бойы ұстанған осы рухани, діни дәстүрді ұстансақ, біздің шешуші идеологиямыз болады. Ол болмаса адасамыз, қазірдің өзінде адасқандай күйдеміз.

- Жыл басынан бері елімізде діни сипаттағы қақтығыс салдарынан қырықтан аса адам қаза болыпты. Тек содан кейін ғана бұл оқиғалардың діни астары ашыла бастады. Қазір жұрт салафилердің неше түрлі сұмдықтары туралы оқып-біліп жатыр. Кеш қалған жоқпыз ба?
- Әлде де кеш емес, жолын кесуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық жағдай қиындап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тұста балаларымызды Мысыр, Арабия, Сирия елдерінде тегін оқытатын «қамқоршылар» табылды. Сол жақтан оқып келген жастарымыз шолтиған балақ, қырма мұрт ваххабқа айналып шыға келді. Елге оралған соң да оларға «қамқоршылары» қаржы жіберіп отырды. Көбейіп, күшейіп үдегені сонша ашық қарсылық көрсетуге, лаңкестік жасауға көшті. Алайда, бұл мәселеге үкіметіміздің, құқық қорғау органдарының немқұрайлы көзғарасын түсіне алмай жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жұртшылық ваххабизмнің қатерін шулап айтып, жан дауысы шығуда. Енді неге тезірек қолға алмайды? Тіпті ол содырлардың кім екенін ашық айтпай, «дін жамылған террористер» деп оларды қалқалауы - нені көрсететіні белгілі ғой. Үндемей отырғанын сырттан жем алып қойған деп түсінеміз. Қазба байлығы да, рухани байлығы да мол Қазақстан державаға айналып кетуі мүмкін. Сондықтан оны қаламайтын алпауыт күштер мемлекетіміздің аяғын тұсап, іштей ірітіп, бытыратқысы келеді. Топ-топқа бөлініп, бір-бірімізбен айтысып-тартысып жатқанда тағдырымызды басқалар шешеді. Бетіңе күліп, арқаңнан тілетін жат ағымдардан қашып, мемлекет, ұлт мүддесіне қызмет етуіміз керек. Діни басқарманың «салафизмді адасқан ағым» деген пәтуасы шықса да, жалпақ жұртқа айла-шарғысымен ұлт жанашыры, патриот ретінде көрінген саясаттағы, ғылымдағы, өнердегі сатылған қайраткерлерімізді білеміз. Қазір біз, қазақ зиялылары көп нәрсені көріп, танып қоямыз. Сондықтан да жазғанымызды, айтқанымызды тыңдау керек.
Терроризммен бәйге алып тұрған ваххабиттерді кім жасырып отыр? Біздің де, халықтың да көзі соқыр, түйсігі бітеу емес. «Осы бәлені сайратпай, жайрата салайық» деп ізіңе түсетін қиын заманда шындықты айту да оңай емес. Жер-жерде дәстүрлі қазақы ортамызға ваххабиттер өз заңын тықпалап, соңы төбелес, айқай-ұйғайға ұласып жатыр. Ваххабиттер «шірік қосу» дегенге жабысып алған. Өмер Бегтің «Уаһһабиліктің басталуы және таралуы» (Алматы, 2002 ж.) деген кітабында: «Абдулуаһһаб... өзінің жалған идеяларына мұсылмандарды сендіру үшін Құран кәрімнің «Ахқап» сүресінің 5-, «Жүніс» сүресінің 106- және «Рағд» сүресінің 14-аяттарын дәлел ретінде қолданады және бұларға ұқсас басқа да аяттарды келтіреді. Бірақ бұл аяттардың барлығы бұтқа табынушы мүшріктер мен кәпірлерге ғана қатысты түскендігін тәфсір ғалымдары бірауыздан дәлелдеген», - деп жазады (сонда, 4-б). Мәселенің негізі, яғни Абдул Ваххабтың жұртшылықты адастырып жүрген лаңы Құранда Аллаға серік қосу туралы түскен аяттардың мұсылмандарға емес, бұтқа табынушыларға арналғандығын әдейі шатастыруында жатыр. Қазақ ваххабиттердің әулие-әнбиелерге, әруаққа, қазақы ұлттық құндылықтар мен ұлттық дәстүрлерге өлердей қарсы болып, «оларды айтсаң, Аллаға серік қосасың» деп жұртты үркітіп жүруінің түп тамыры осындай жалған танымнан шығып жүргенін білу керек. «Шірік қосуды» әсіресе қазаққа тыраштанып айтып керегі жоқ. Түрік халықтары әрі олардың қарашаңырақ иесі қазақтардың ата-бабалары монотеистік әһли кітапты ұстанған иудаизм, христиан, мұсылман діндерінен ондаған ғасыр бұрын монотеистік тәңірлік дінді ұстанған халық екенімен санаспай бола ма екен? «Тарихтың атасы» аталған Геродот: «Сақтар Тәңірге, бір Құдайға табынады», - деп жазып кетті емес пе? Бұның өзі қазаққа дін ислам келмей тұрғанда болған жағдай. Осы себепті біз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, олардың әрбір әрекетіне ғылыми, теологиялық таным тұрғысынан талдау арқылы жауап беруге міндеттіміз.
Қазақстан, тіпті әлем ваххабизмге тыйым салу керек. Бүкіл дүниені бүлдіріп, былғап жатыр. Ауғанстаннан тыныштық кетті. Ресми үкіметіне тәлібтер - ваххабиттер қарсы шығуда. Мұздай қаруланған олар біздің елімізге де бас салудан тайынбайды. Қазір «реакциясы қалай болар екен» деп әр жерден «проба» жасап көріп жатыр. Бұл мемлекеттің саясатынан емес, жемге құмар шенеуніктердің кінәсінен болып отыр.

 

- Қазір біз жер-жерден зиялылардың теріс діни ағымдар тарапынан қазақ мәдениетіне төнген қатерді дабыл еткен ашық хаттар легін көріп отырмыз. Одан бөлек қоғамда нағыз «шайтани» діни ағымдар тасада қалып, бейбіт, ұлттық дәстүрімізбен астасқан топтардың жаза кешіп жатқанына қапалы хаттар да жоғарыға жөнелтілуде. Жақында ғана «Masa.kz» сайтында маңғыстаулық ақсақал Елбасыдан Ясауи жолы туралы арнайы заң шығаруын өтінген хаты жария болды. Бұл үдерісті әрдайым ел тағдырына сергек зиялы қауымның ұлт діңгегіне, руханиятына төнген шынайы қатерге қарсы шыққан табиғи реакциясы деп бағалауға бола ма?
- Әлбетте. Өйткені, бабаларымыз, Тұран халқы ислам дінін суфизм арқылы қабылдады. Сопылық ілімді дамытып, гүлдендірген Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірттері. Сондықтан бабаларымыз осы рухани жолды ұстанған. Әлішер Науаи: «Түркістанның пірі - Ясауи», - дейді. 5,5 млн. шақырым жерді жайлаған түркі халқының пірі - Ясауи. Ал қазір Ясауиға кімдер қарсы? Ваххабиттер! «Қане, әулиелігің, көрсетші», - деп Ясауи кесенесінің түбін тепкілеген танымал кісілер болыпты. Ваххабиттер: «Ясауи кесенесі құрымай, біздің жолымыз болмайды», - деп қарайды. Түркістанда осындай әңгіме жүріп жатыр. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін жаруды көздеуде, өте сақ болу керек. «Әсіре діншілдер» бүліктен басқа ештеңе әкелмейді. Қазақстандағы жат діни ағымдардың ішіндегі ең қауіптісі - ваххабизм. Егер мемлекет бұлардың аяғын тұсамайтын болса, олар мемлекеттің аяғын тұсайды. Бүгінгі көз алдымызда болып жатқан оқиғалар соны дәлелдейді. Айдың-күннің аманында Ақтөбеде ваххабиттер бүлік салғанда ресми органның қызметкерлері «дін жамылған терроршылар» деп атады. Қандай дінді жамылғандар? «Ваххабиттердің тірлігі» деп неге айтпайды? Себебі, биліктегі лауазымды, құзіретті күштің тапсырмасынан, тегеурінен тайсалады және берген жемін молынан асаған. Әйтпесе, мәселені төтесінен қойып, ашық атпай ма?! Болат пышақты қапқа көрсетпей салып қойсаң, бәрібір жарып шығады. Қатерлі ағымның пиғылын қанша жасырғанымен, бәрібір көрініп қалатынын ұмытпасын. Бізге де, елге де, мемлекетке те кімнің қолымен істеліп жатқаны мәлім. Қауіпсіздік комитетінің алдына барып өз-өзін жару не деген сұмдық?! «Сендерге әлі көрсетермін» деген сөз ғой. Қазіргі таңда қоғамды дүрліктіріп, жастарды шырмауықтай шырмап жатқан ең қауіпті ағым - ваххабизм. Мен оны діндегі «жолбике» ағым деп атаймын. Ваххабизмнің отаны - Сауд Арабиясы. 1923 жылы Сауд Арабиясына ағылшындар ваххабизмнің ұрпағын алып келген. Мақсаты - мұсылман әлемін іріту, бүлдіру. Ауғанстан, Пәкістанның жайын көріп отырсың, осының бәрі шетелден тапсырмамен жасалған идеология. Осылайша, ваххабизм араб елдерінің де, Осман империясының да түбіне жетті. Алдын алмаса, қазақтың да түбіне жетуі ғажап емес.
Тасқара ақсақалдың Елбасыға жазған ұсынысы өте орынды деп есептеймін. Қазақ Ясауи ілімімен тәрбиеленген. Ясауи жолының негізгі идеясы - адамгершілікке тәрбиелеу, рухани тазару. Ал рухани тазару үшін үшін зікір практикасы, амалы орындалады. Кеңестік саясаттың салқынынан тарихи жадымыздан шығып кеткесін «зікір» десе, бүгінгі жұрттың төбе шашы тік тұратын жағдайға жетті. Мың жыл бойы ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрден «олар» айтты екен деп бас тарта алмаймыз. Мен өзім зікір салғаным жоқ, бірақ менің әкем Түркістанға барып зікір салып, рухани тазарып келіп жүрген. Кеңес Одағы біздің санамыздан зікірді мақсатты түрде өшірген. Одан қорқатын ештеңе жоқ, себебі біздің бабаларымыздың барлығы зікір салған. Қазақтың тұңғыш тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулат «Тарихи-Рашиди» кітабында зікірдің шалықты, қалыпты, қанықты деген үш түрі барын атап көрсетеді. Бабамыз салған зікірді ұмытып кетіп, енді көріп жаман деп лақтырамыз ба?! Керісінше, түсінуге ұмтылумыз керек. Бізге рухани тазару аса қажет. «Әсіре діншілдер» жабыла суфизмді, зікірді терістегенде Ж.Баласағұнидегі жәуанмәртлік ілімі мен Ясауи бабамыздың хәл ілімі (кемел адам) және Абайдың толық адам ілімін қоса терістеп отырғанын сезе ме екен? 1069 жылы Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» кітабы шығып, Шу бойында жәуанмәртлік ілімі пайда болды. Оны 12-13 ғасырда Ясауидің хәл ілімі (хәл - жүрек ілімі) дамытты. Абайдың толық адам мен Шәкәрімнің Ар ілімінің қайнар бастауы жәуанмәртлік, хәл іліміне тіреледі. Ал Еуропаның мұндай темірқазық ілімі бар ма?! Мінез-құлқы бұзылып, Шәкәрімше айтсақ, «айуандықтан шыға алмай» отырған жоқ па?! Тығырықтан шығар жол таба алмай жүр. Хәл ілімі Еуропа жұртының қолына тиер болса, жабысып айрылмас еді. Біз байлықтың үстінде отырсақ та, ұйқыда қалғандаймыз.
Тасқара көненің көзі болса керек, Ясауи туралы заң шығару туралы ұсынысы бекер емес. Бір отбасыға ие болатынды шал, ағайынның басын қосатынды қария дейміз, ақсақал бір аймаққа үкімін жүргізеді. Тасқара - ақсақал, білікті кісі. Жаны шыдамағаннан кейін президентке заң шығар деп отыр. Ал Президентіміз бұл заңды шығарды деп есептеймін. Түркістанда зиялылармен кездескенде: «Рухани жолымыз, діни танымымыз - Ясауи жолы», - деді. Сондықтан Президент дұрыс бағыт беріп, ақсақал мәселені дұрыс қойып отыр. Біз - президентті жақтайтындар осы ұстанымнан тас болып ұстап, дамытуымыз қажет. Әрине, ваххабиттер президенттің бетіне жылтырап қараса да, аяғынан шалады деп білеміз. Сол себептен президентті жақтай отырып, өзіміздің Ясауи жолымызды ашып алуымыз керек.

- Ішінде өзіңіз де бар Исматулла мақсым мен Саят Ыбырайға араша сұраған зиялылар датына жауап бар ма?
- Әзір жауап жоқ. Сот жүріп жатқанына үш айдай болды. Халыққа шынын айтайықшы, «Сенім.Білім.Өмір» бірлестігінің азаматтарының қамалуы ықпалды, лауазымды адамның «заказымен» жасалды деп ойлаймын. Байқап қарасам, таққан айыптары жалған және ол терістеліп жатыр. «Ақиқат» деген «некесіз» фильмінде мені бірлестікті, зікірді жақтайды деп айыптапты. Әрине, мен жақтаймын! Исматулланың «Жария зікірдің дәлелі» кітабына алғысөз де жаздым. Еңбекте пенденің көкірек көзін ашудың кілті - зікірге айырықша мән берген. Мен сол сөзімде тұрамын әлі. Себебі, зікір - біздің рухани тазару жолымыздағы әдісіміз. Оны терістеу - надандық.
Иә, президентке осы мәселенің анық-қанығын айтып, толық картинасын ашып берейік, бізді қабылдаңыз деп хат жолдадық. Хатымыз жетпей ме, әлде ол кісінің қолы тимей ме, білмейміз, жауап келмей жатыр. Бірақ та елдегі діни ахуал, өзгерістер біздің бағытымыздың дұрыс екенін көрсете бастады. Ал осы істі жүргізіп жатқан сот оттың ортасында тұр. Мұны сол сот естісін! Егер ертең бұл азаматтар жазықсыз сотталса, кескен жазасын тексереміз, заңға сәйкестендіреміз. Әділетті үкім шығарса, сотты төбемізге көтереміз, болмаса қоғамдық пікір қазанын қайнататын боламыз. Бұл қорқыту емес, әділетін айтып отырмын. Саят Ыбырайды «діни алауыздық тудырды» дейді. Мен оны жақсы білемін. Саят - қазақтың ең маңдайалды ғалымдарының бірі, техника ғылымдарының докторы, нағыз патриот. Біздің техника, медицинада жүрген азаматтарымыз өз саласын білгеннен басқа қоғамдық ғылымнан мақұрым. Саят - Абай, Шәкәрім әлеміне терең енген ғалым. «Ясауи» вокалды тобымен бірге ел аралап жүріп, дәстүрлі жолымызды, хикметті насихаттады. Осылай ел үшін қызмет етіп жүрген азамат неге қамалды? Қазақы дүниетанымнан туындаған салмақты ой-пікірлерімен ваххабиттердің жолын бөгеді. Бөгеген жолды алып тастау үшін қаржысын құйып, қаруын, беделін салып «заказ» берген жағдайдан туған нәрсе ғой деп ойлаймын.
Алғашқыда құқық қорғау органдарының қызметкерлері «бірлестік мүшелері адам өлтірді» дегенді шығарды. Кейін марқұм болған жігіттің әйелі баспасөз бетінде сөйледі: «Күйеуімнің сүйегін менің рұқсатымсыз қазып алып, тексеріп, орнына қайта көмбеген», - деп, жұбайының өз ажалымен өлгенін, бұл азаматтардың жазықсыз екенін айтты. Адам құқығын қорғайтындардың істеп отырған тірлігі - осындай. Әйтеуір, жанын салып айыптауға ұмтылып отыр. Неге? «Айып тауып, «заказ» берген қожайынның ризалығын алсам, пагоным да, ақшам да өседі» деп біреудің көз жасына, обалына қалып, қарқ боламын дегені еді. Бұл мырзалар заман өзгергенін сезінсін! Қазір адамдар оңайлықпен жан бермейді. Бізді ештеңе білмейді деп ойлай ма? Кімнің кім екені бізге белгілі. Білгесін айтып отырмыз. Біліп тұрып, ішке сақтап қалсаң, шайтани жолда қаласың. Мақсатымыз - мемлекетіміздің мықты, елдігіміздің берік болуы. Осы орындалса болды. Дүние үшін күресіп жүргеніміз жоқ. Бізге атақ та, даңқ та, ештеңе де керегі жоқ.

- Сіздің есіміңіз қазақ руханиятындағы өзекті тұлғалар Абай мен Момышұлы мұраларымен қоса аталады. Осыдан шығатын сұрақ осы екі алыбымыздың рухани сабақтастығының негізінде не жатыр?
- Абай - ойшыл, хакім. Хакім деп Аристотель, Сократ, әл-Фараби деңгейінде ойлайтын адамды айтады. Заманында Көкбай, Мағжан, Шәкәрім Абайды Хакім деген. Қазақтың қоғамдық ойының арғы-бергісінің синтезделген, түйінделген тұсы - Абайда. Сондықтан Абайға жүгінеміз. Ал Бауыржан Момышұлы - ұлтын сүйген нағыз патриот, атақ та, дүние де іздегемен, халқының арын ойлаған батыр. 1943 жылы қан майданда соғысып жүріп Баукең қазақ тілінің тағдырына қатысты мәселе көтерді. Сол кезде жазушы, әдебиетші, академиктер бұл мәселені көтерсе, қайда қалды? Баукеңнің айтқанына Орталық партия комитеті көніп, қаулы қабылдамақшы болған кезде сақ қарғаның бірі хабар жеткізген бе, әйтеуір аяқсыз қалдырды, орындамай тастады.
Абайтану мәселесін көтеріп, нәтижелі жаңа қырын ашу жолындамыз. Әлі де дамытып тереңдету керек. Бауыржан Момышұлының мұрасынан халыққа қолына тигені - сәбеттік цензураның сүзгісінен өткен санаулы-ақ жарық көрген кітаптары ғана. Баукеңнің 90 жылдық тойы өткесін Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетовке батырдың мұраларын толығымен шығарып, әуелі 30 томдығын шығарып 100 жылдық мерейтойында халыққа қолына берейік деп ұсыныс тастадым. Ол кісі қолдап, бес жылға 25 млн теңге бөлді. Нәтижесінде Баукеңнің 30 томдық еңбегін даярладық. Әкім ауысып, энциклопедия шығару ойымыз іске аспай қалды, ақша аударылмады. Тіпті, той өтісімен Бауыржантану орталығын жауып тастады. Болмағасын Тараз педагогикалық институтының ректоры Асқар Әбдуали бауыржантану орталығын ашу туралы ұсынысымды жүзеге асырды. Қазір онда үш-төрт адам болып жұмыс істеп жатырмыз. Баукеңнің өз мұрасы 40 томды құрады, ал батыр туралы зерттеу мақала, көркем шығарма және басқасын қосқанда 60 том шығады. Барлығы - жүз том болатын еңбек жас ұрпақтың игілігіне беріледі. Мәселе соны жүзеге асыруда жатыр.
Абай мұрасының - адамзаттың моральдық кодексіне негіз болар сырын ашу, жариялау жұмысы жүріп жатыр. Абайтану оқулығы жазылып, пән ретінде оқытылуда. Қарағанды, Астана, Семей, Өскемен, Оңтүстік Қазақстандағы жоғару оқу орындары бұл бастаманы қолдап, іске асырмақшы. Әл-Фараби атындағы университеттің ректоры да көңіл бөліп отыр. Біз Абайды меңгеріп, Баукеңнің қайрағына қайралсақ, әлемдегі ең мықты жастар бізден шығады.

- Осы сұрақтан шығатын сұрақ. Бауыржан және ислам тақырыбы өзекті ме, осы? Батырдың діни көзқарастарын сипаттайтын жеткілікті дерек бар ма?
- Бар. Әжесі Баукеңді қазақтың діни, ұлттық дәстүрімен мықты тәрбиелеген. Өзінің айтуынша, есейе келе Баукең Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлының асыл мұрасымен сусындап, оқып жетілген. Әкесі молда болған. Және де әкесінің жазған шежіресін өзі дамытқан, толықтырған. Құранды да оқитын. Әскери тәртіпте жүрсе де, халқымыздың діни салтына бас иетін. Бірде Баукең маған: «Адамның баратын жері белгілі. Ерте ме, кеш пе бәрібір оған барамыз. Мен қайтыс болғанда денемді табытқа жауып көмбеңдер, бетімді ашып жұртқа көрсетіп қоймаңдар. Мұсылман дінінде адамның жаны шыққаннан кейін бетін жауып қояды. Ағайын-жақын мені өмірде көрді, сондықтан оларда мен туралы жақсы әсер қалғаны дұрыс. Ең соңында менің «безобразия» түрімді көрсе, сол әсер естерінде қалып кетеді. Бізде бетін ашып қойып, қарап, сүйіп қоштасып жатады. Ол христаин дінінен келген. Бұл дұрыс емес», - деді.
Батырдың дін туралы пікірі, ойы еркін, сыни болатын. «Христиан дініндегі қасиетті кітап Інжіл Алланың сөзімен бірге, там есть слова правителя мира», - деді. «Неге?» деп сұрадым. «Олар жер-жерді жаулап, билеушілері өздерінің ойын салып жіберген тұстары бар. Сондықтан бұл кітаптарда қайшылық көп. Ал Құранда бір грамм қайшылық жоқ. Өзің салыстырып қара», - деді. Мұсылман дініне тақ тұратын. Әкесі молда болса, Баукең қайда барады? Сондай дерек баршылық. Еңбектерінен сол ұшқын ойларды ала білу керек. Зерттеуші болса, осы тақырыпта монография жазып шығуға да болады.

- Қазір қандай бағытта еңбектеніп жатырсыз?
- Мен көпсалалы болып кеттім. Өз замандастарымның ішінде қоныс аударып, ең көп көшкен мен екем. Дүние іздеп көшпедім. Сол тұрған ортамда сия алмадым. Бұзықтығым жоқ, бірақ пікірімді бет-жүзі демей тіке айтамын. Сосын менен құтылуға асығады. Бұрынғы бастықтарым естісе, ести берсін. Олар мені үндемей, ың-шыңсыз қуалап, шығарып жіберген. Әуеліде Алматыда болдым, одан Түркістан, сосын Таразға, қайтып Түркістан бардым, қайтадан Таразға оралып, ақырында осында Алматыға келіп отырмын. Мен кез келген жерде дау тудырып жүрмеймін, жан шығатын жерде ғана көзғарасымды білдіріп, позициямда тұрамын.
- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

http://baq.kz/kaz/news/cat/4/6137

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052