Жексенбі, 24 Қараша 2024
Өз салтың 4641 34 пікір 5 Наурыз, 2020 сағат 14:43

Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет!

Наурыз мерекесі жақындап қалды. Бірақ айналамызда күн мен түн теңелетін айтулы мейрамның елесі де сезілмейді. Билік те, халық та тып-тыныш. Салыстыру үшін айтсақ, жаңа жылға бүкіл ел екі ай бұрын дайындала бастайды. Осыдан-ақ, Наурыздың жалпыхалықтық мерекеге айнала алмағанын аңғаруға болады. Тіпті бұл мереке 21-22 наурыз күндері халық жиналып тамашалайтын сахналық қойылым деңгейінде ғана қалып отыр.

Мәңгілік ел болып, ұлттық идеологиямызды нығайтамыз десек, Наурыз мерекесін жалпыхалықтық сипатқа жеткізу керек. Тек Наурызды ғана емес, барлық ұлттық құндылықтарымызды барша қазақстандықтың бойына сіңірген жөн. Сонда ғана халқы бір ниет, бір тілекке жүгінген мәңгілік елге айналамыз.

Наурыз мерекесін қатардағы мереке емес, жалпы бұқаралық мейрамға айналдыру үшін жасалып жатқан құлшыныстар аз емес. Жақында сарапшылар Наурыз мейрамын тоғыз күн бойы атап өтуді ұсынды. Бұл туралы «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты жанындағы «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова түсіндіріп берді.

«Бұл тек қазақстандық емес, халықаралық ерекше мейрам. Наурызды тойлауда терең тарихи, тарихи-мәдени мән жатыр, бұл рухани құндылықтарды жаңғырту. Сонымен қатар, ол қоғамдық маңызды рөл атқарады», - дейді ол.

Маман отбасы құндылықтары мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған «Наурыз Шапағаты» атты тойлау тұжырымдамасын ұсынды. Сарапшылар 14-22 наурыз аралығында 9 күндік іс-шаралар циклін өткізуді ұсынып отыр.

14 наурыз - Көрісу (Амал) күні;

15 наурыз - Шежіре күні;

16 наурыз - Жайлау күні;

17 наурыз - Еріктілердің қатысуымен игі істер күні/дархандық күні;

18 наурыз - Шымырлық пен шеберлік күні;

19 наурыз - Зияткерлік күні;

20 наурыз - Жоралғы күні;

21 наурыз - Ұлттық тағамдар күні;

22 наурыз - Бұқара күні.

 

Сарапшылардың бұл ұсынысы қолдауға тұрарлық. Алайда, Наурыз мерекесін бұқаралық, жалпыхалықтық мейрамға (жаңа жыл секілді) айналдырудың жақсы жолын өткен жылы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсынған болатын.

Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өту қажеттілігін ескертіп, өз ұсынысын айтқанда Ұлыстың Ұлы күнін халықтың ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстан халқы түгел тойлайтындай мазмұн беру керектігін алға тартқан еді. Ол үшін бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың  атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартқан болатын.

Біз Арыстанбек мырзаның орынды ұсыныстарына қолдау білдіріп, мақаласын порталымызда жариялаған да едік. Енді экс-министрдің аталған ұсыныстарын халық назарына қайталай ұсынғалы отырмыз.

Арыстанбек Мұхамедиұлының ойынша, заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни көзқарасына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек.

Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы.

Экс-министр Наурыз мерекесіндегі басты құндылық балалар болуы керек деп есептейді.

«Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге  сыйлық  беруі, отбасы  мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек.

Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ,  кілегей,  құрт,  сүзбе,  уыз, ірімшік және тағы басқаларын әдемі де шақты етіп әзірлеу процесін жолға қоятын мезгіл жетті.

НАУРЫЗ КАНИКУЛЫ

Мысалы, күнтізбелік Жаңа жыл – 1 қаңтар өзінің мықты идеологиясымен, сан алуан белгілерімен отбасылық мерекеге  айналғаны мәлім. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында (10 КҮН) наурыз каникулы белгіленуі тиіс.

Бұл жерде мектеп оқушыларының бұрынғы 24 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы ІІІ-тоқсан каникулы он күнге жылжып, олар осы Наурыз мейрамын отбасымен, ағайын-тумаларымен қарсы алуға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ, тоқсан аралық каникулдардың арасында жиілік тепе-теңдігінің  сақталуына мүмкіндік туады».

Арыстанбек Мұхамедиұлы сонымен қатар, жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітілкуі қажет екенін айтқан. Ал Наурыздың символикасы ретінде күн мен түннің теңелу сәтін (21-нен 22-не қараған түні) атайды. Дәл осы күні түн ортасы ауғанда жаппай жаңа күнді қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз жөн деп есептейді ол.

Экс-министр сондай-ақ, Наурыз мерекесі кезінде жаппай тал егіп, тазалық жүргізіп, көшет отырғызу жұмыстарын дәстүрге айналдыруды ұсынған. Бұдан бөлек, татулық пен бірлікке бастайтын ағайынмен көрісу дәстүрін жандандырып, мереке күні бір киіп шығатын шапан мен камзолдың орнына қазіргі заманға сай ұлттық киім үлгілерін киюді ұсынады.

Арыстанбек Мұхамедиұлының мақаласында айтылған Қыдыр атаның бата берумен ғана шектелмей, бүлдіршіндерге сыйлық жасап, ұрпақ санасына ұлттық идея сіңірсе деген ойын да әбден қолдауға болады. Біз сөз етіп отырған мақалада Наурыз мерекесін барша БАҚ насихаттап, халыққа барынша жақындата түссе, Наурыздың ел арасындағы сыйы мен сыны арта түсер еді.

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572