Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 16411 74 пікір 1 Наурыз, 2019 сағат 15:30

Министр: Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту керек

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өту қажеттілігі туралы өз ойын қоғам талқысына ұсынып отыр. Министр қазақтың ұлттық мейрамына халықтың ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстан халқы түгел тойлайтындай мазмұн беру керектігін алға тартады. Ол үшін бұл мерекені балалардың көз қуанышына айналдырып, оқушылардың үшінші тоқсандық демалысын наурыз мерекесіне үйлестіру, Наурыздың  атрибуттық белгісі, эмблемасы һәм символикасын бекіту, осы мейрам аясында тал егу, көрісу, т.б құндылықтарды дәріптеу, мерекені заманауи ұлттық киімдермен қарсы алу, т.б керектігін алға тартып отыр. 

Біз Abai.kz ақпараттық порталы оқырмандарының назарына Арыстанбек Мұхамедиұлының мақаласын толық ұсынып отырмыз. Айтар ой-пікірлеріңіз болса, мархаббат! 

Abai.kz ақпараттық порталы

 

Наурыз мейрамын жаңа үлгіде атап өтейік

Наурыз - әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. "Наурыз" жаңа күн деген мағынаны береді.   Халық арасында ерекше қолдауға ие бұл мереке 18 ғасырға дейін Ежелгі Грекияда, Ежелгі Римде, Ұлыбританияда, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте де тойланып келген.

Наурыз мерекесі 1991 жылы, 15 наурызда Қазақстан Президенті Жарлығының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болып, 2009 жылдың 24 сәуірінде наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне "Наурыз мейрамы" деген атақ берілді.

Нақ, осы күннен бастап, республикамызда Наурыз мейрамы кеңінен атап өтіле бастады.

 

НАУРЫЗ – ЖАҢА ФОРМАТТА

Елбасы Н. Ә. Назарбаев   «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан» деп, Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп берді.

Енді заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие,   қадір-қасиет беретін  түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек.

Ел арасында  «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген  пікір қалыптасты. Сондықтан мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы.

Наурыз мерекесінің негізгі мағынасы:

Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту

Сондықтан да Наурызға іргелі ізденістер мен  тарихи, әрі заманауи шаралар керек. Мұның бірнеше жолы бар. Атап айтқанда:

 

БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ - БҮЛДІРШІНДЕР

Жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта-Клаустың сәбилерге  сыйлық  беруі, отбасы  мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатқаны мәлім. Жаңа жылдан әрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн.

Демек, Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек.

Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында әзірленетін жент, талқан, балқаймақ,  кілегей,  құрт,  сүзбе,  уыз, ірімшік және тағы басқаларын әдемі де шақты етіп әзірлеу процесін жолға қоятын мезгіл жетті.

 

НАУРЫЗ КАНИКУЛЫ

Мысалы, күнтізбелік Жаңа жыл – 1 қаңтар өзінің мықты идеологиясымен, сан алуан белгілерімен отбасылық мерекеге  айналғаны мәлім. Бұл орайда, студенттер мен оқушылардың ұлттық мейрамды отбасында, жақындарының жанында қарсы алуға мүмкіндік туғызу мақсатында 14-23 наурыз аралығында (10 КҮН) наурыз каникулы белгіленуі тиіс.

Бұл жерде мектеп оқушыларының бұрынғы 24 наурыз бен 1 сәуір аралығындағы ІІІ-тоқсан каникулы он күнге жылжып, олар осы Наурыз мейрамын отбасымен, ағайын-тумаларымен қарсы алуға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ, тоқсан аралық каникулдардың арасында жиілік тепе-теңдігінің  сақталуына мүмкіндік туады.

 

Каникулдар арасындағы жиілік

Бұрынғы кесте
ІІІ тоқсан ІV тоқсан
10 қаңтар мен 24 наурыз 1 сәуір мен 24 мамыр
2 ай 14 күн 2 ай 14 күн
74 күн 54 күн

 

Жаңа нұсқа
ІІІ тоқсан ІV тоқсан
10 қаңтар мен 14 наурыз 24 наурыз бен 24 мамыр
2 АЙ 4 КҮН 2 АЙ 1 КҮН
64 КҮН 61 КҮН

 

 

НАУРЫЗ НЫШАНЫ

Жауқазын, бәйшешек немесе қызғалдақ Наурыздың  атрибуттық белгісі, эмблемасы ретінде бекітуді қажет етеді. Гүлдің адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден ерекше сұлулықпен бірге адам нәр алады. Гүл тұрған жерде биік сезім пайда болады. Мереке күні аналарға, қыз-келіншектерге  гүл сыйлау көңілдерге құштарлық сыйлайды. Бұған қоса мекемелер, көшелер, саябақтар жауқазын гүлімен көмкеріліп, абаттандырылса нұр үстіне нұр. Сол арқылы біз Еуропаға ерекше қастерленетін  қызғалдақтың, жауқазын мен бәйшешектің түпкі отаны қазақ даласы екенін де ұрпақ санасына сіңіре түсер едік.

 

НАУРЫЗ СИМВОЛИКАСЫ

Күн мен түннің теңелуі - астрономиялық көктемнің тууы. Астрономдардың тілімен айтар болсақ, бұл кезде Күннің орталығы өз қозғалысы барысында Жер экваторын кесіп өтеді. Ғылымда көктем туатын мезгілді түрліше шамалау әдісі қалыптасқан. Күн қозғалысына негізделген есеп бойынша нағыз көктем осы - КҮН мен ТҮННІҢ (21-нен 22-не қараған түні) теңелу сәті. Түн ортасы ауғанда жаппай  ЖАҢА КҮНДІ қарсы алу дәстүрін түлеткеніміз абзал. Елбасы өз сөзінде «Халқымыз қашанда  жаңа жылдан жақсылық күтіп,  келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстыратын бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан тіршілік жаңаратын наурызда әр адам жақсылыққа  ниет етуі тиіс» деген. Ендеше  жарықтың ұзаратын,  күн нұрының молығатын ЖАҢА КҮННЕН үлкен де, кіші де жақсылық тілейтін.

БАСҚА ХАЛЫҚТАРҒА ҚАРАҒАНДА, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҢА ЖЫЛ – НАУРЫЗДЫ ҚАРСЫ АЛУЫ ОСЫ ҚАСИЕТІМЕН БАСЫМ.

 

ТАЛ ЕГУ

Наурыз мейрамы тек той тойлау ғана емес, сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей, көшет отырғызу науқаншылдық емес, дәстүрге айналғаны абзал және сол егілген талдарға айырықша күтім болса.

 

АҒАЙЫНМЕН КӨРІСУ

Ұлыс күні Ұлт Көшбасшысы  ел дамуының  кепілі ретінде белгілеп берген бірлік, татулық, отбасыны қастерлеу сияқты адамзаттық  құндылықтарға  құрылған.

Осыған орай, Наурыз мейрамының рухани-мәдени тәрбиелік мәнін іс жүзінде өмірге енгізуді ұсынамыз. Бұл мақсатта Наурыздың сипатын ашатындай әрі  ұлттық  таным мен дәстүр  салтты  жаңғыртатындай  көрісу күні, қайырымдылық жасау күні, ата-бабаны еске  алу күні, ақ дастархан күні деп мазмұн бере отырып, рухани іс-шараларды қалыптастыру қажет.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ШАРАЛАР

Дәл осы «Наурыз мейрамы» күндері аясында еліміздің іскер азаматтары, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер  балалар үйлеріне,   тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына  жәрдем жасап, қайырымдылық шараларына көңіл бөлгені жөн. Бұл игі істе Қазақстанның белсенді жастарының  басын біріктіріп, волонтерлар корпусын Наурыздың жаңа тұрпатта тойлануына  жұмылдыру керек.

Наурыздың рухани мәртебесі арта түсуі үшін, жыл сайын қыс айларында дәстүрлі берілетін әдебиет пен өнер саласы қайраткерлеріне арналған стипендияларды табыс ету мерзімін Наурыз мейрамына ауыстырған абзал.

ҰЛТТЫҚ КИІМ

Сондай-ақ, Наурызға  әбден жаттанды болған шапан мен камзолдың орнына, осындай қасиетті де ерекше   күндері әркім өзіне жарасатындай, сән-салтанатымен, мақтанышпен киетіндей қазіргі заманғы ұлттық киім үлгілерін тіктіргені абзал және Наурыз мерекесін барша қазақстандық сол ұлттық киіммен қарсы алса, нұр үстіне нұр болар еді!

Сонымен, гүл сыйлау үрдісі, ұлттық тағамның ықшамдалған үлгісін әзірлеу, креативті киім үлгілеріне сұраныс туғызу, наурыз белгілерін айшықтайтын кәдесыйлар, сувенирлер жасау – бәрі айналып келгенде, ысырапқа емес, керісінше экономикамыздың да қозғаушы күштерінің біріне айналады.

 

ҚЫРЫҚТЫҢ БІРІ – ҚЫДЫР

Қыдыр баба (Қызыр) бар жақсылықтың, молшылық пен берекенің иесі, үміттің шырағын жағатын кие. “Қырықтың бірі - Қыдыр” сөзінің астарынан осындай түсініктен туындаған моральдық факторды көреміз. Әдетте, біз Қыдыр бабаны көбінесе көпшіліктің алдына шығарып, ақ тілек айтқызып, ақ бата бергіземіз де, одан әрі оның қиялды ұштай түсетін мүмкіндігін ескермейміз. Ендеше, Қыдыр бабаны  Наурыз мейрамын өткізу барысында ұтымды пайдаланған абзал. Айталық, ол жұртқа бата берумен ғана шектелмей, сыйлықтар да үлестіретін болса. Әсіресе, Қыдыр атаның мейірімі бүлдіршіндер көңілімен ұштасса, мерекенің мәні мен сәні арта түседі.

Еліміздің батыс өңірлерінде Наурыз мейрамына алдын ала үлкен  дайындықтар жасалады.14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап  жұрттың бәрі үй-үйді  жағалап   көріседі. «Кім ерте тұрып, 40 үйге кіріп, көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді» деген де сөз бар. Сол несібені алып қалу үшін кішкентай бүлдіршіндер таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп,  ата-әжелерге  барып көрісетін. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, үйінің айналасын, ішін тазалап, жаңа киімдер киіп, күтіп отырады.

Наурыз мейрамы тек той тойлау ғана емес, сонымен қатар жаппай тазалық шараларын өткізу керек. «Бір тал кессең, он тал ек!» дегендей көшет отырғызуды  дәстүрге  айналдыру қажет.

 

СПОРТТЫҚ ШАРАЛАР

Наурыз мейрамы аясында мемлекеттік деңгейдегі дәстүрлі мәдени және спорттық  іс-шаралар ұйымдастыруды жандандыру керек. Сондай-ақ, бұқаралық спортты және халықтық дәстүрлерді насихаттау мақсатында, велошеру, марафон секілді  бүкіл халықтық сипаты бар спорт сайыстарымен қатар   ұлттық ойындардан  жыл  сайынғы  республикалық  «Наурыз» спартакиадасын ұйымдастыруды ұсынамыз.

 

НАУРЫЗДЫ НАСИХАТТАУ

БАҚ мүмкіндіктерін пайдалануға айрықша назар аударғанымыз абзал. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары Наурыз мейрамын тойлау барысында өткізіліп жатқан шаралардың танымдық және мазмұндық жағына мән берсе.

Наурыз идеясын насихаттау барысында аймақтар арасында телекөпірлер өткізу, телемарафондар мен тақырыптық бағдарламалар, ақпараттың басқа да формаларын ұйымдастырудың маңызы зор.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, ежелгі Наурыз мейрамы қазіргі заманға бейімделіп, қоғамда саяси тұрақтылықты, достық пен келісімді нығайтудың, жалпы қазақстандық, отбасылық мерекенің тетігіне айнала түседі деген қорытынды жасауға болады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы,

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі

Abai.kz

74 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5445