Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3299 0 пікір 29 Қыркүйек, 2011 сағат 05:16

Азамат Базарбаев. «Қара Джиптің» хикаясы

Жуырда Атырау облысы Исатай ауданында қызық оқиға болды. Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның хикаясы мынадай:

Жуырда Атырау облысы Исатай ауданында қызық оқиға болды. Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оның хикаясы мынадай:

...Селолық жанармай стансасының менеджері жұмыс орнына келіп, төбесіне жай түскендей, аңтарылып қалады. Сөйтсе, есігі шалқасынан ашылған ғимараттың асты-үстіне шыққан екен. Біреу бірдеңені тінткілеп іздегендей, заттар жан-жаққа шашылған. Кассада соқыр тиын қалмапты. Стансадағы кезекші оператор орнында жоқ. Хабарласайын десе, телефоны өшірулі. Мынау масқара көрініске куә бола сала ол дереу полицейлерге шағымданады. Исатай аудандық ІІБ-інің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіпті. Бұл топқа одан соң облыстық ІІД –нің криминалдық полиция басқармасының жедел-тергеу тобының қосылған жайы бар. Содан тергеу мен тексеру жұмыстары басталады. Ақ тер, көк тер болып, төңіректі шолып жүрген кездерінде, анығында, Атырау – Астрахан тас жолы бойынан 5 шақырым жерден жанармай бекетінің операторы табылады. Оның үсті-басы қан екен. Әртүрлі жарақат алған. «Ухылеп» отырып айтқаны, жұмаға қараған түні стансаға қара «джип» келген. Одан сау етіп, төрт адам түскен. «Оның екеуі бетперде киген болса, біреуі қауға сақалды» дейді жәбірленуші. Баяндауынша, суыт жүргендердің бірі оның бетіне газ шашып жіберіп, есінен тандыра құлатқан. Онымен қоймай, саутамдығын қалдырмай сабапты. Бекет кассасындағы барлық ақшаны қалталарына басқан. Одан соң әлгіні ит-құсқа жем болсын деген шығар, далаға лақтырып кетіпті.

Жәбірленуші 40 жастағы әйел оқиғаны осылайша тізбелеп беріпті. Алайда, талай қуларды құрықтап жүрген тергеушілер оның әңгімесінің шикілігін алғашқы сәттен-ақ байқағанға ұқсайды. Ол күмәндері бекер емес екен. Келесі күні оператор тілі жеткенше айтып шыққан «қара джиптің хикаясының» жалған екендігін мойындауға мәжбүр болды. Байқаса, кассадағы 300 мың теңгені үйіне жасырған. Қалған 400 мың теңге мен ұялы телефонды сөмкеге салып, далаға көмген. Қызығы бұл да емес, күдікті күректі алып, басын соққылап, өз-өзіне жарақат салған көрінеді. Дегенмен, оның бәрі бекерге шықты. Амалы таусылып, ағынан жарылған ол барлық қаражатты «қоймасынан» шығарып, тауып берді.

Қазір осы жағдайға байланысты қылмыстық іс көтеріліп, тергеу басталды.


«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282