Жексенбі, 24 Қараша 2024
3150 2 пікір 5 Наурыз, 2020 сағат 18:01

Елжан Біртанов: Карантинге жатқызылғандар – ауру адамдар емес

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзге елдерден келетін жолаушыларды Қазақстанға кіргізуді шектеу шараларына байланысты пікір білдірді.

«Шектеу болуы тиіс. Көптеген ел шектеуді енгізеді. 4 наурызда бірінші санаттағы елдерден келген шетел азаматтары үшін шектеулер енгізілді. Жолаушылар ағынын қысқарту үшін осындай нормалар күшіне енді. Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз ескерту мен қауіп-қатерге қарамай, басқа елдерге, әсіресе бірінші санаттағы елдерге шығуларын қояр емес. Әсіресе, біздің азаматтар көп баратын Оңтүстік Кореяны ерекше атап өткім келеді. Ауру кең таралып келе жатқандықтан біртіндеп шектеу шараларын енгізудеміз. Сондықтан біз алғашқы күндерден бастап азаматтарымызды бұл елдерге бармауға шақырдық. Бізді бизнеске кедергі келтірді деген сыңайда сынға алды. Бірақ бұл ұсыныстар азаматтарымызды қорғауға бағытталған», - деді Елжан Біртанов ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында.

Министрдің айтуынша, ескертуге қарамастан кетіп қалған азаматтар елге келген кезде шектеу шараларына дайын болуы тиіс.

«Бұл денсаулық сақтау кодексіне сәйкес заңды қадам. Осы стандарттарды бұзғаны үшін жауапкершілік те қарастырылған. Шектеулер енгізілгенімен біз әрдайым басқа елдердің әуе компанияларына ықпал ете алмаймыз. Сондықтан халықты қорғау мақсатында бізге келіп жатқан азаматтарды депортациялауға дейінгі әрекетті жасауға, жер аударуды жүзеге асыруға құқығымыз бар. Атап айтқанда, 4-і күні БАӘ-ден борт келді. Онда ҚХР-дың екі азаматы бар болып шықты. Біз оларды оқшаулап, бақылап, Қытайға жібердік. Басқа елдер де осындай шараларды қабылдауда. Бұл үйлесімді саясат», - деді министр.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қосымша шараларды қабылдамақ.

«Жапониядан келген жолаушылардың жағдайы туралы білесіздер. Олардың жағдайы тұрақты, жақын арада емханадан шығарылады. Сонымен қатар бүгін Оңтүстік Кореядан борт келеді. Біз оларды да карантинге орналастырамыз. Біздің клиникалардың дайындығы жақсы. Орналастырамыз, тексереміз. Егер науқастар болса, оларды мамандандырылған ауруханаларға жатқызамыз. Бізде азаматтар үшін тамақпен қамтамасыз ететін және санитарлық нормаларға сай келетін орындар жеткілікті. Карантинге жатқызған азаматтар ауру адамдар емес. Олар дені сау адамдар», - деп сендірді Елжан Біртанов.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572