Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3715 0 пікір 30 Қыркүйек, 2011 сағат 06:38

Бақытбек СМАҒҰЛ. Патриоттықтың діңгегі – иман, тамыры – ұлттық сана-сезім!

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Елбасымыздың: «Менің халқым өзге ұлттың түсіне кірсе шошып оянатындай, ауыр тағдырларды басынан кешті. Тіпті тұқым-теберігімен жойылып та кететін кездері болды, бірақ азаттыққа деген арпалыс, Тәуелсіздікке деген талпыныс бүгінгі таңға жеткізді», - деп сипатталған 20 жылдық Тәуелсіздікке жету жолында тарихи шешімдер қабыл­данып, мемлекеттіліктің негізі қалыптасты. Ұрпақ санасы өзгеріп, білім мен тұлғалық дамудың арқасында бәсекеге қабілетті болу қабілетіне үйрене бастағандаймыз. Бәсекеге қабілеттілік дегені­міз­де тар сананың көзімен экономикалық өрлеу мен әлеуметтік өркендеуді, зама­науи білім мен озық техноло­гияларды пайдалану арқылы алдыға жылжуды көп айтып жүрміз. Кең мағынасындағы бәсекенің көшбасшысы болу­дың сыртқы әсемдігі білім мен ғылымға ынтықтық болса, ішкі тірегі - хақ дініміздің асыл рухы мен ата-бабалардан мирас қалған мәдени мұра болмақ.

Осы мақаламда ішкі тіректің бір маңызды бөлшегі болып табылатын дін мәселесіне сөзімді арнағалы отырмын. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған тұсынан бастап, өркениетті елдер бастаған демокра­тиялық даму құндылықтарын қабылдады, оның ішінде діни бостандық та бар. Сол кездегі діни бостандық бүгінгі күні қоғамымызды дүрліктіреді деп кім ойлады? Ішкі тұрақтылық пен қоғамдық бірлікті «Қазақстан-2030 Даму стратегиясы» мем­ле­кеттік бағдарламасында айтылған бірінші басымдыққа ұстанған еліміз үшін әлемнің кей мемлекеттерінің тыныштығын бұзған діни экстремизм қауіп тудырады деп ойлаған адам бар ма? Ол діни экстре­мизм­ді бейбітшілік сөзінің түбірінен шық­қан хақ ата дініміз исламмен байланысты­рудың өзі мәселенің қаншалықты кереғар екендігін аңғартып тұрғандай.

Қазақ топырағынан шыққан дарқандар: «Тарихты айнаңдай пайдалан» деген на­қыл қалдырған. Халқымыздың өткен тарихына көз салсақ, Тәуке, Әз Жәнібек пен Керей, Хақназар мен Әбілқайыр, Абы­лай мен Кенесары билеген кезеңдердегі қазақ қоғамының тұрмысына мән берсек, ғылыми-зерттеу жасап, көзқарасымызды тереңдетсек, қарияларымыздың да, әже­ле­ріміздің де, ерлердің де, арулардың да өмір салтында ислам дінінің қағидаларын басшылыққа алғанын байқайсың. Тарих­тағы қаншама зұлмат жылдарды бастан кешіп, жоғалып кетудің табаналды қада­мын­да тұрған халқымызды ата-бабалардан қалған рух пен Ата дініміз берген қуат пен сенім сақтап қалғанына дау жоқ. Тек бүгін тәуелсіз ел атанып, елдігіміз қолымызда атанған тұста қоғамды жікке бөліп, даму­дың маңызды кезеңінде сан тарапқа тар­туымыз - адами тұстан да, ата-бабалар алдындағы, ең бастысы, ұрпақ алдындағы борышымыздың өтелмеуі деп бағалауға жарайды.

«Жаннат анаңның табанының астында» деп Құраннан басқа қай кітапта жазылған десек те, жастарымыз ана сүтін ақтауды қалай бағалауда? Салтымызда, ана тіліміз­де «қызға қырық үйден тыю», «қыздың жолы жіңішке», «қыз - елдің көркі, гүл - жер­дің көркі» деген ұлағатты сөздер қаншама? Жастарымыз жарасса, бастарына құс жастық деп құдаларымен құптасқан, қадамдарын құт басқан, өздері жұптасқан жас жұбайлар тойында қызына сәукелесін кигізген аналарымыздан (сәукеле - қызым сау келе жатыр, ары таза, бұзылмаған деген ұғымды білдіреді) бүгінде бет-жүзін қара матамен тұмшалап, өзінің догматика­лық көзқарастарының негізінде адамды бағалайтын бауырларымыздың қоғамында сол аналардың зарын естіп жатасың. Се­бебі балалары үшін олар «кәпір», кейбі­реулеріне қарындасы, апасы, әжесі, тіптеп келгенде, бүкіл қоғам сондай санаттағы категорияға жатса, оның өзі Тәуелсіздігіміз үшін сын емес пе? Қорқыныш емес пе? Аталмыш «тұлғалардың» іс-әрекеті хақ ислам дінінің мерей-кірпішін қаласу емес, бұзу екендігін сезінетін уақытты белгілі бір оқиғалардан кейін сезу - бұл біздің тарап­тан кеткен ағаттық. Осы орайда Парламент Мәжілісінде қайтадан қаралып, толықты­рулар мен өзгертулер енгізілгелі жатқан заңнаманы күшейту мен оның орындалуын дербес бақылау жұмысының кілтті кездерін тиімді қадағалаған жөн. Себебі бұл сұрақ - ұлттық қауіпсіздіктің қорғалуы.

Алайда хақ ислам дінінің нәзік те сырлы келбетін өзінің адамшылықтан тыс мақсат-мұраттарымен ұштастырған топ өкілдеріне жастарымызды құрбандыққа шалмай, алып шығу - қоғамымыздың әрбір азамат­тың ар борышына айналғаны ақиқат.

Ұлтымыздың патшасы Нұрсұлтан Әбішұ­лының сарабдал саясатының негізін­де жастарымыз шетелде білім алуға мүм­кін­дік алса, еліміздің ұлттық идеологиясын құрастыру мен ұрпақты тәрбиелеу ісі ха­лық­тың ұяты атанған - зиялы қауым өкіл­дері мен ғалымдары, ұлы дала қайраткер­леріне мен көпті көрген тұлғаларымызға жүктеліп отыр. Осы жолда, ағайын, бірлік керек. Бұл - бірлік ой мен ниеттің бірлігі, бұл бірлік мықты қоғам құрып, сапалы даму жо­лы­на түсуге деген ұмтылыстың бірлігі.

Жаһанданған әлем, бір-бірімен қабат­тасып жатқанда, ұлтарақтай халқы бар, әлем қызығар ет-жапырақтай жері бар қазақ үшін Тәуелсіздіктің әр сәті, әр жетістігі маңызды. Жылдар бойы жеткізілген нәти­же адамдардың жауапкершілікті сезінбеуі мен имансыздыққа ұшырауының негізінде бір-екі күнде киелілігін жоғалтқанын та­рих­та көруге болады. Тек біз бүгінгі ұрпақ­тың, келер ұрпақтың сол құбылыстың куә­гер­лері атануларынан қорғап қалуымыз үшін ерік-жігерімізді қашап, бірлік туының астында қолымыздағы бағымызды қадір тұтқанымыз абзал.

Әр кезең адамға, қоғамға, мемлекетке таңдау құқығын ұсынады. Ардақты ағайын, «еркегі жігерсіз елдің әйелі шідерсіз келеді» дегендей алақанға салып аялап өсірген аяулы қарындастарымыздың ата-бабамыз­дың «Қыз - өмірдің сәні» деген қазақ қыз­дарының мұрны моржа, аузы ошақ болып, бұрымын кесіп, мұрнын тесіп, ұлттық рухы өшіп, мықыны түсіп жүрсе, оны қытайдың резеңкесінің әлсіздігінен емес, өзіміздің тәрбиеміздің, иманымыздың әлсіздігінен көргеніміз шындыққа ұялайды. Бәрі тәрбиеден бастау алмақ.

Ендігі бір ойымды қоғамымызда орын алған діни ахуалға арнамақпын. Қазақ жеріне ислам дінінің келгенін тарихшы­ларымыз 714 жылдан бастап жүр. Сонда биыл ислам дінінің салтанат құрғанына - 1297 жыл. Біздің халқымыз 100 пайыз осы дінде болды. Моңғол шапқыншы­лығында бірде-бір түркі тайпасы дінінен безген жоқ. Жаугершілік заманда қалмаққа қараған қазақ жерлеріндегі ауылдар да пұтқа табынбады. Керісінше, қалмақтар қазақтың дінін алып, тілін игеріп, қазаққа сіңіп кетті. Ресей патшалығының қазақ жерінде жүргізген миссионерлік қызметі де еш нәтиже бермеді. Кешегі атеистік қоғамда да халқымыз арақішкіштікке ұрын­ғанымен ислами дәстүрден айныма­ды. Қандай сұрапыл нәубет келсе де өз дінінен қайтпады, өзге тілді айтпады. Ал енді Тәуелсіздік алып, ел боламыз дегенде сол төл дініміз неге бізге түрпідей көрінуде. Себеп көп.

Орта Азия қашан да көп ұлтты аймақ болған. Сол үшін осы аймаққа имам Ағзам мазһабы ыңғайлы. Қатып қалған қағидасы бар, өзін ғана мойындап, өзгемен еш санаспайтын соңғы кезде кірген радикалды ағымдар (мазһаб деп айтуға негіз жоқ) біздің қоғамға келмейтіндігі айдан анық. Оған соңғы оқиғалар айғақ.

1) Сол әсірешіл ағымдар тек ислам әле­мінен келіп отырған жоқ. Олардың ар­тында мүдделі дамыған елдердің арнайы барлау-зерттеу орталықтары бар. Мақсат - өз дінімізді өз халқымызға үрейлі етіп, қорқынышты қылып, керек болса мазақ етіп көрсету. Сол арқылы халқымызды дінге жақындатпау, санын өсірмеу, санасын улау т.с.с.

2) Орал, Ақтау, Атырау, Ақтөбе аймақ­тарында дәстүрлі емес ағымдардың жайы­луының басты себебі - сол аймақтардың орталыққа (Алматы мен Астанаға) алшақ­ты­ғы. Ол аймақтарға Кавказдың жақын­дығы. Кавказдағы әскери бүліктің шығу себебіне келсек, ол әрине, араб елдерінің ықпалымен емес, керісінше, Ресеймен тай­таласушы дамыған елдердің қолдауы­мен жасалған саяси шаралар. Сол бүліктен кейін Кавказдан ағылған қашқындар қазір сол батыс қалаларында өріп жүр. Һәм бизнесте үлгірген адамдар. Бұл жерде біздің әкімдердің де олқылығы бар. Ал ақшасы бар «кавказдықтардың» біздің әлеуметтік жағдайы мәз емес батыс жаста­рына беріп жатқан ықпалы зор.

3) Батыс - мұнайлы аймақ. Жемқор­лық­тың қаншалықты ушыққандығын ескерсек, батыстағы шенеуніктердің жем­қорлық былығы ашықтан-ашық болуы әбден мүмкін. Сол жасандылықтан жиір­кенген жастар таза бір жол іздеп осы әсіре­шіл ағымға қуана-қуана кіреді. Дамыған елдерге керегі де осы.

4) Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­масының қауқарсыздығы. Жаратқанға жалбарынып, Тәңірге табынумен қатар, өзгеге жағынушыларды көру, аз болғандай Дінбасын әсіре мақтау арқылы әсірешіл ағымдарда жүрген жастардың «төл маз­һабынан» қашуына себеп туғызу. Олар­дың басты ұстанымы: «Мақтау тек Аллаға лайық».

Қалыптасқан жағдайды айта бермей, оның шығар жолын ұсынуды жөн көріп отырмыз:

1) Қазірге таңда қолға алынып жат­қан Батыстың әлеуметтік жағдайын жақсарту, халықтың қамын ойлау;

2) Жемқорлықпен, парақорлықпен бұл аймақта барынша қатаң күресу. Сөйтіп, ел­дің, жастардың алдында биліктің, Үкіметтің беделін көтеру.

3) Әсірешіл саналатын уаһһаби, таблиғ жамағаты сияқты ислами ағымдарға про­куратура тарапынан заңды түрде тыйым салу керек. Ол ағымдарға кірген жастарды жаппай соттау тиімді жол бола алмайды.

4) Қазір мектепте діни сауатты оқыт­ты­руды, мұсылмандық ағартушылықты қолға алу қажет. Және ол сауаттылық, ағарту­шы­лық тек қана мемлекетімізбен белгіленген дәстүрлі имам Ағзам мазһабы бойынша өтуі тиіс. Діни сауаттылық жастарымыздың өзге мазһабқа, өзге дінге өтуінің алдын алады.

5) Жоғарыда аталған батыс қалала­ры­ның барлығындағы жағдайы толық жасал­ған, Әбу Ханифа бағытындағы медреселер ашылуы керек.

6) Қазақстан Республикасының 97 па­йы­зы Ислам мұсылман, Православие христиан екені белгілі. Ол - 97 пайыз халықтың басын біріктіріп отырмыз деген сөз. Өзге дінге құрметпен қарай отыра, алайда, бұрын соңды аты да, заты да болмаған ағымдардың елді біріктіру емес, іріткі қылу үшін келгенін мойындап, оларға заң жүзінде толық тосқауыл қоюымыз қажет. Оларға төмендегі мысалдар өте үлкен себеп те, әсер де болар: ата-баба­ларымыз сан ғасырлар аңсаған Тәуелсіз­дікке жеткен кезімізде Тәуелсіз еліміздің төл перзенттері қолына қару алып, Отаны­мызды қорғайды десек, «бізге қолымызға қару ұстауға болмайды, Иса өзі қорғайды» деген Иегово куәгерлерінің әскерден бас тартуларының нақты деректері бар. Яки болмаса, «Мына сиыр - менің құдайым» деп сиырға табынып отырған перзент­теріміздің Үндістанның өзінде заңсыз са­нал­ған кришнаиттардың елімізде салтанат құрғаны жүректі ауыртады.

Аталмыш ұйымдардың құқығын қор­ғап, олардың қызметінің жүзеге асырылуын қорғап жүрген Фокина ханымның шырыл­дап елімізді іштей ірітіп жатқан «келімсек» дінге жақын емес, адамның философия­сынан туындайтын күштердің мүддесін қор­ғағанынан, ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтіруге қатаң талап қоятын заң­намаларымызды орындап, идеоло­гия­лық қорғанысымызды күшейтсек қана шынайы дамуға жол ашамыз.

Айтылған ұсыныстардың болашақта қабылданып, жүзеге асырылуы - ұлттық қауіпсіздіктің мызғымастығы, қоғамның тұрақтылығының негізгі кепілі болмақ.

Автор: Бақытбек СМАҒҰЛ, Қазақстан ауған соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары, «Сауап» қоғамдық қорының төрағасы

http://www.alashainasy.kz/culture/27775/

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5273