Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ел іші... 5003 27 пікір 13 Наурыз, 2020 сағат 18:14

Дүкендегі дүрбелең - билікке деген сенімсіздік

Фото: instagram.com/denski_blog

Коронавирус дерті тұтас дүниені табанынан тік тұрғызды. Әлемді алаңдатқан аты жаман ауыру өкіншке орай бүгін біздің елге де жетті. Айтып келер ауырудың алдын алу үшін жалпы халықтық дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. 

Жақында ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус Қазақстанда жақын күндері пайда болуы мүмкін екенін айтқан еді.

«Біздің болжамымыз бойынша, 11-16 наурыз аралығында бізде коронавирус болуы мүмкін. Плюс немесе минус бір апта. Біз жағдайды сараптап, болжам жасаймыз. Болжам - бұл нақтылық емес, ол сәйкес келмеуі де мүмкін, - деген Жандарбек Бекшин.

Ал 12 наурызда билік елде сақтық шараларының күшейтілгенін мәлімдеді. Ол бойынша, барлық мерекелік-спорттық шаралар уақытша тоқтатылды. Оқушылар демалысқа жіберіліп, студенттер қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті.

Аталған мәлімдемелер арқаны кеңге салып жүрген қазақстандықтарды әбігерге салғаны рас. Франция, Германия, Жапония секілді медицинасы мың жыл ілгері дамыған елдер ие бола алмаған дерт Қазақстанға келсе қайтеміз деген қауіп оянды.

Ресми мәлімдемелерден бөлек, түрлі әлеуметтік желілер мен байланыс құралдарындағы шын-өтірігі белгісіз хабарламалардан жан шошиды. Осындай оңды-солды таралған жел сөздердің әсерінен болар, қазақстандықтар өз бетінше дайындық жұмыстарына кірісті. Тұрғындар дүкендерде, супермаркеттерде жаппай азық-түлік сатып алып, сауда орындарында ұзын-сонар кезек пайда болды.

Қазақстандықтардың жаппай сауда орындарын жағалап кетуіне коронавируспен қатар, теңгенің тым тез құнсызданып бара жатқаны да себеп болды дейді мамандар. Бұлай деуге негіз жоқ емес, 13 наурызда елдегі ақша айырбастау пунктерінде доллар 407-409 теңге аралығында сатылып жатыр. Теңге құнсызданса зат бағасы да қымбаттайды. Демек, тұрғындар вирустан ғана емес, қымбат бағалардан да мүмкіндігінше сақтанғысы келеді.

Біздің ойымызша, халықтық бұлай дүрлігуіне көбінесе расталмаған ақпараттар себеп болған секілді. Өйткені ресми ақпараттар уақытында жарияланбай отыр. Оның үстіне, халық биліктің сөзіне сенуден қалған. Тіпті ресми БАҚ-та жарияланған ақпараттан гөрі әлеуметтік желідегі жазбаларға сенім артатын ағайын көп. Бұның бәріне жауырды жаба тоқып үйренген биліктің өзі кінәлі. «Өтірікшінің шын сөзі зая» дейді бұны қазақ.

Мұнай бағасының күрт құлдырауы коронавирус дерті дендеп тұрған кезеңде «жығылған үстіне жұдырық» болып тиді. Доллардың десі басып, теңгенің тынысы тарылған осындай кезде, зат бағасы да жүген-құрықсыз шу асаудай шарықтап кететіні бар. «Арық атқа қамшы ауыр» дегендей, айлығы шайлығына жетпей қоңырқалта күн кешетін қазақстандықтарға зат бағасының өсуі өте ауыр тиеді. Ертеңі не болатынын білмесе де, көз алдындағы қиыншылықты шешкісі келген халық бір апталық азығын толықтап жатқаны да сондықтан...

Бірақ жалпы жұртшылықтың жаппай базарға жүгіруі - зат бағасын өсіретін тағы бір фактор. Базар нарығы сұраныс бар заттың бағасын еселей түседі. Сол үшін халық күнделікті керек-жарағын ғана қамдағаны абзал дейді мамандар.

Бүгін ел алдына шыққан Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елде азық-түлік тапшылығы жоқ екенін айтып, қазақстандықтарды сабырға шақырды.

«Бізде дүрбелең бар деген сөз шықса, ол ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Әлеуметтік желілерде супермаркеттен түсірілген суреттің тарап жатқанын көрдіңіздер. Кез келген супермаркетте әрқашан әртүрлі суретті түсіріп, тарата беруге болатынын білесіздер. Өнімдер туралы айтар болсам, ешқандай жетіспеушіліктің жоқтығын атап өткім келеді. Ақпараттың аздығы сезілуі мүмкін, бірақ біз тауарлардың жетіспеушілігіне жол бермейміз. Бұл бәрімізге байланысты. Дүрбелең туғызудың қажеті жоқ», - деді Бақыт Сұлтанов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, министр коронавирустың таралуына қарсы өнімді шаралар жүріп жатқандықтан Қазақстандағы карантин ұзаққа созылмайды деп сендірді. Ал бүгін Қазақстанда үш адамнан коронавирус анықталғаны ресми айтылды.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052